THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Таспиыхтың тасындай тізілген Алаш арыстарының бірі Жүсіпбек Аймауытұлының «Молда Ирамидың кітап жазуға қалай кіріскені» атты аудармасы табылып, сүйінші сұрай Астанаға да келіп жеттік.
П.Дудоров* «Сказки Муллы Ирамэ» деген атпен 1910 жылы Румидың «Маснауиа» еңбегінің қысқарған нұсқасын аударып, П.Орловец деген псевдониммен шығарған екен. Аймауытұлы аударған орыс тіліндегі нұсқасы 1926 жылғы «Мир приключений» журналының 8 санында жарияланған П.Дудоровтың тәржімасы. Құрандай қасиетті саналған бұл кітапты жазуға кіріспес бұрын, әулие Шәмстің батасын алған атақты Румидың «Маснауиа» атты еңбегі әлем мойындатқан шедевр саналатыны баршамызға мәлім. Діннің консервативті-догмалық пәлсапасына қарсы шыққан, жұмақтың төрін емес, Құдайдың нұрын аңсаған сопылық ілімнің ізбасары Румидың рубаяттары, ертегі-жырлары Қ.А.Яссауидың хикметтері арқылы қазақ даласына да тараған. Руханияттың жауһары Румидың «Маснауиа» еңбегін жазуға кіріспес бұрын ұстазы Шәмстің берген тәлімі жөнінде жазған қысқаша кіріспесін Ж.Аймауытұлы аударып, қосымша ретінде Ирами (Руми – Қ.Ә.) туралы қысқаша мәлімет береді. Назарларыңызға Жүсіпбек Аймауытұлының осы уақытқа дейін жарияланбаған «Молда Ирамидің кітап жазуға қалай кіріскені» атты аудармасын ұсынамыз.
Аударманы әзірлеген: Әубәкіртегі Қарлығаш
PS. Жүсіпбек Аймауытұлының басқа да аудармалары мен төл туындылары табылған. Қазіргі таңда баспаға дайындық үстінде.
Молда Ирамидің кітап жазуға қалай кіріскені
Сүйемін сені жаншылған, нашар жұртым! Сенің қайғы-жапаңды көріп жүрегім пара-пара болды. Саған мен тура сөз айтқым келеді, көр көзіңді ашқым, үйреткім келеді. Мейірімді, жылы, әділ сөзбен сенің азабыңды азайтқым келеді.
Бірақ шаһар біткенді, ауыл біткенді кезуге аяғымның әлі жоқ, зұлымдық ұялаған барлық өзек-өлкеге, жапан түзге, қиыр шетке мені жеткізерлік аяғымда мұрша жоқ, естірлік адамдарға естіртуге дауысым әлсіз. Сондықтан мен кітап жазуға, шындықты жасырмай айтатын, әділ, таза, жақсы кітап жазуға бел байладым, қорғансыз, күйсіз сорлыларға пайда бергендей, жәбіршілердің жәбірін бетіне басқандай, жарлыларға білім, алданыш болғандай, не істерін үйреткендей кітап жазуға бел будым.
Менің әлсіз аяғым, нәзік дауысым жетпес жерге кітабым жетер. Таулардан, теңіздерден, өзімнен де кітабым тез өтер, қайдағы қиыр елге, қиядағы жарлылардың құжырасына дейін кітабым кетер, ол кітабымнан жұрт білім алып, жабыққан көңіліне жұбаныш етер.
Мен шаһар шетіндегі қақ ортасынан бұлақ ағып жатқан, ескі мұжа мешітті мекен қып, кітабымды жазуға тірі жан алаңдатпасын деп, бес жылдай күн сайын сол жайға барып жүрдім.
Ұзақ істеген жұмысым бітуге таянып келе жатқанын сезгенде, жағам жайлау, төбем қыстау болды. Бір күні кітабымның соңғы бетін жазып, бұлақ басында отырғанымда, оқыста ту сыртымнан бір еркек адамның дауысы:
– Молда, не істеп отырсың? – деп саңқ етті.
Кейіп жалт қарадым.
Қарасам алдымда ұзын бойлы, ақ сақалды, ақ таяқты шопанша киінген бір адам тұр, көзінде бір өзгеше от жарқылдайды, мені өзіне тартып, бойымды билеп барады.
- Е, шайқым, мен кітап жазып отырмын, әділ, жақсы кітап – дедім. Маған бөгет қылмаңыз, бес жылдай сарылып істеген ісімді бітіргелі отырмын – дедім.
- Кітабыңды көрсетші маған – деді.
- Көр де өзіме тез қайтарып бер – деп, кітабымды ұсындым.
Зәрем одан бетер ұшпас, әлгі қарт кітабыма көзін салар салмаста алды да суға тастап кеп жіберді.
- Қырсықты қойшы, не істедің?
Бес жыл бойы сарылып бітірген ісімді қолыңның бір сермеуімен неге жітірдің? – деп, сақалымды жұлып, айғай салдым.
Қарт дауысын әрең шығарып:
- Сен оны аяйсың ба? – деді. Жақсы, аясаң, өзіңе қайта алып берейін, бірақ сен шынымен тура, жақсы кітап жазғың келсе, кітабыңды өзің-ақ суға тастап, менің соңымнан ересің, шын, тура кітапты қалай жазуды мен саған үйретемін – деді.
Деді де, таяғын суға тығып жіберіп, кітапты іліп алып, маған берді. Әрі қорқып, әрі таңырқағанымнан қалшиып қаппын. Кітабым дым тимегендей, құп-құрғақ. Қарттың бетіне қарадым. Көз қарасы жарқырап, ар жақ, бер жағымнан өтіп барады. Өзімді ерітіп, елітіп бірдеңе берем дегендей, тартып барады. Әл еркімнен айрылып, құл боп, бас ұрыппын да қаппын.
- Жүр, - деді.
Селк еттім. Бақ тәуекел деп атып тұрдым. Түріне тағы бір қарадым, кітабымды суға неге лақтырғанын біле алмай. Айран-асыр қалдым.
- Ия, шайқым, ердім соңыңнан – дедім. Бас иіп.
Ердім де кеттім.
Шаһардан әрі шықтық, егіннен өтіп, бір үлкен дарияның шетіне келдік. Ол дарияда қайық та, бұрам да жоқ.
Қартым қақаңдай басып, жиекке жетіп барды да, тоқтамастан, суды құрдай басып, дарияға аяғы бір батпастан аяңдай берді.
- Ия, ұстазым, мен қайттім? – деп дауыстадым.
- Жүр артымнан! – деген даусы саңқ етті.
Аяғымды суға батыл басып, батпай жүре бердім. Миым оттай заулады.
- Осынша құдіреті бар бұл кім? – деп ойладым дарияның ортасына жете беріп. Алла атын аузымда жад еткен мен нағып су жүзімен жүре алмаймын. Оның артынан нағып жүріп келемін? Бұл әлде ібіліс пе екен?
Сүйдеген күдік пайда болуы-ақ мұң екен, ойыққа кіргендей төмен жылжып, суға бата бастадым.
Жан дәрмен:
- Ұстазым, ұстазым, құтқар мені! – деп айғайды салдым.
- Түрегел де жүре бер! – деген жауап қайтты.
Лезде аяғымды су бетіне құрыдай басып шыға келдім.
- Ұстазым, ау, жөніңді айтшы, кімсің? Неліктен саған ерсем суға батпаймын, Аллаға жан-тәніммен иман келтірсем де бүйтіп көрген жоқ едім – деп, дауыстадым.
Ол артына бұрылып:
- Мен Шамси (ескі парсыша күн, жарық, шындық). Мені танығанда сенің де құдіретіңде шек болмайды, сен су жүзімен жүре аласың, бұлттан жоғары ұша аласың, теңіз түбіне түсе аласың – деді.
Қуанғанымнан:
- Ия, Шамси! – дедім сыбырлап.
Дариядан өттік, жазықты аралап, бір адырдың басына шықтық, алдымыз шаһар екен. Өзімнің талай барған таныс шаһарым.
- Мынау екі күмісті ал да, қаладан маған бір бөтелке шарап сатып әкел! – деп бұйырды Шамси.
- Алла! – дедім сасқанымнан. Шамси ау, пайғамбарымыз мұсылманға шарап ішпек тұрсын, шарап сатқан көшенің маңынан жүрсең тозаққа кетесің! дегенін білмейсің бе? - дедім.
- Бар да әкел – деді.
Сүй дегенде көзі тағы жарқ етіп, от боп жайнап, бұйырды, үйірді. Мен ақшаны алдым да жүре бердім. Шаһардың шетінде бір малайға жолығып, бір күмісті оған беріп, енді біріне шарап сатып әкеп бере ғой – деп сұрадым.
Ол барып алып келді. Мен шишаны шекпенімнің ішіне тығып, Шамсиге әкеп бердім.
Ол маған түсін суытып, ызғарлана қарады да:
- Сен мені алдадың. Сендей кісі алдағыш, қорқақ адам шындық кітабын жаза алмайды. Мына екі күмісті ал да, шарапты өзің әкел! – деді.
Мен аз қипаңдасам да, көз қарасы мені тағы бағындырды. Шаһарға таяна беріп, түстен кейінгі қадірлі адамдардың үйді-үйінде дамылдайтын, көшенің толастайтын уағын күттім де, жалма-жан шарапханаға жүгіріп барып, бір шиша шарапты ала сала, шекпеніме тығып, қайта қайттым.
Жолда келе жатқанымда бір танысым ұшырай кетіп, шишаның мойнын көріп қап:
- Молда, не әкеле жатсың? – деп сұрады.
- Сірке әкеле жатырмын – деп өтірік айттым.
Бірақ Шамсидің түсі манағыдан да суық боп көрінді.
- Сен бұл жолы бір емес, екі алдадың. Шарапты жасырып сатып алам деп мені бір алдадың, сірке әкеле жатырмын деп жақыныңды және алдадың. Сен бар да жұрттың көзінше дүкеннен шарап ал, шишаның өзін ашып, қызыл арақты ақ сәлдеге оратып, билеген бойыңмен маған алып кел, болмаса манағы суда қалған жалған кітабыңды қайтып ал. Одан жақсы кітапты сен жаза алмайсың – деді.
Састым, дағдардым. Шамсидің тілін алсам, өткеніме қош айтсам, бұрынғы иманымнан, бұрынғы қадірімнен жұрдай боп, Аллаға қарсылық қылған болам.
Әйтсе де Шамсидің түріне қарадым да тағы кеттім. Жұрттың қауырт кезін әдейі аңдып тұрып дүкенге кірдім де, бір шиша қызыл шарапты сатып алып, сәлдеме қыстырып, тысқа шыға билеген бойыммен көшемен тарттым. Шарап шайқалып, ақ сәлдемді қып-қызыл қып құйылып келеді. Шарап әкеле жатқанымды жұрттың бәрі көріп тұр. Жұрт мені әжуалап, боқтап, сөгіп, кейбіреуі таспен атып жатыр. Әйтсе де ренішті де, ауырсынуды да сезгем жоқ. Қайта не құрым қорлаған сайын, ұрған сайын, жаным рақат тауып келеді.
Шамси тау басында тұр екен, жүзі күндей жарқырайды. Ернінде белгісіз жымың бар, өзі бір түрлі шындай, әлдебір мәлімсіз ғажап жіптен тоқылғандай мөп-мөлдір боп көрінді.
Дауысы бұлақ суындай суылдап:
- Сен енді ескі салттан тазардың. Сен мені, шындықты таныдың. Енді бар, кітабыңды жаза бер! – деді.
- Әй, Шамси, әй, Шамси! – деппін, көзіме жас алып.
Бірақ Шамси қардай ери бастады. Ол бұрынғыдан жарығырақ, мөлдірірек болып барып, ақырында күннің шуағына мүлде еріп, езіліп, араласып кетті.
ҚОСЫМША: Молда Ирами 13 ғасырдың бас жарымында Иранда болған ақын. Ол «Маснауиа» деген кітап жазған. Ескі әдет-ғұрыпқа, дінге, жауыздыққа қарсы болып, халықтың жарлысын, кедейін жақтаған. Күштілердің қиянатын көрсетіп, нашарларды тартысқа үндеген. Соқыр нанымды сықақтап, ақылға бағынып, өзінше дін жасамақ болған.
Оның құдайы мекенсіз, денесіз, мәлімсіз, бұлдыр құдай емес, ақтық, сәуле, шындық. Шындықты танытам деп, жаншылған жарлы жұртқа жар салған.
Заманында молда Ирамиді бас уәзір де, патша да құрмет қып, кітабын көп қып көшіртіп, халыққа таратқан. Кітабын көрген дінбасылардың төбе шашы тік тұрып, ауыздары көпіріп, таралған барлық «Маснауианы» жинап алып өртеп жіберген. Дінбасылардың бұл ісіне патша ашуланып, қайтадан 500 дана қып көшіртіп, бұл жолы әкімдеріне 10 жылға дейін оқуға сертпен таратқан. Кімде-кім кітапты жоғалтса, басын алмақшы.
Сонымен кітап жоғалмаған. Кейін «Маснауиа» құрандай қасиетті боп, ол кітапты бір үйге бір адам алып кірсе, үйдегілер тік тұрып қарсы алатын болған.
Кітап ертегі түрде, тақпақ, мақал сияқты үнді, күйлі, мәнді боп жазылған. Жұрт жаттап алған.
Аударушы Жүсіпбек
Жаңа әдебиет, №9, 1928. 10-14 беттер.
Әдебиет порталы
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ