THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Одан қала берді, биыл ғана бастау алған «Балауса» бәйгесінің де негізгі мақсаты – балалар әдебиетін дамыту. Заманауи шығармалар неге туылмайды? Бұл балалар әдебиетінің екінші қыры. Біздің бүгінгі айтқымыз келгені, «Балауса» бәйгесінде де, «Дарабозда» да көбіне белгілі бір есімдер жүлде алып жатады. Мәселе, олардың жүлде алғандығында емес, балалар әдебиетінде жаңа есімдердің шықпауы. Әлде, бала шығармашылығында көркем дүние жазу – соншалықты қиын ба?
Өзіңіз де ойлап қараңызшы, балалар жазушысы дегенде көз алдыңызға елестейтін санаулы ғана есімдер. Олар – Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Бердібек Соқпақбаев, Сәкен Иманасов, Арасанбай Естенов, Сұлтан Қалиұлы, Шәкен Күмісбайұлы сияқты есімдері үлкенге де, кішіге де таныс қабырғалы қаламгерлеріміз ғана. Бұлардың бәрі балалар әдебиетінің майдангерлері, әрі осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» сөз зергерлері. Бүгінгі балалар әдебиетінің нар жүгін көтеріп тұрған да осылар. Олардың біразы марқұм боп кетті. Ал қалған үш-төртеуі қашанғы балалар әдебиетінің «жыртығын жамай» бермек. Бұл топқа тыңнан келіп, түрен салатын шығармашылық күш-жігері бар жас қалам иелері жоқтың қасы. Сонда балалар әдебиетінің келешегі жоқ па? Тәуелсіз балалар әдебиетінің жаңа формасы қандай болмақ?!
Өткенде «Балауса» бәйгесінде белгілі ақын Ғалым Жайлыбай «бәйгеге 150-ден астам шығарма түсті» деген еді. Ал жүлде алғандар тағы сол баяғы таныс есімдер. Балалар әдебиетінің байырғы майдангерлері. Жеті шығарма мәре сызығына жетті. Демек, қалған 130-дан астам шығарманың сапалық деңгейі жоғары болмаған деген сөз.
Сол себепті де біз балалар әдебиеті десе, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасын, Қадыр Мырза Әлінің, Тұманбай Молдағалиевтің бала санасына ұғынықты, жатық, жеңіл тақпақтарын тілге тиек ете береміз. Белгілі журналист Есей Жеңісұлы: «Шындығына келгенде біздің бүгінгі қоғам мен билік балалар әлемінен алыстап кетті. Қазір балабақша мен мектептерде балалармен тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмейді. Олар әдебиеттен жырақтап қалғандай. Біз, керісінше, технократ ұрпақ тәрбиелеп келеміз. Рас, қазір түрлі кітаптар басылуда. Бірақ олар бәріне жетпейді, әрі қымбат. Амалсыз орыстың полиграфиялық сапасы мықты әрі арзан кітаптарына қол созамыз. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын әдеби, танымдық еңбектердің ішінен қазақ балалар әдебиетіне арнайы қаржы бөліп, жағдай туғызу жағы ескерілмеген. Меніңше, мықты мемлекет құрғысы келген кез келген ұлт бірінші кезекте өз ұрпағының саналы, білімді болып қалыптасуына мүдделі болуға тиіс», – деген пікір айтқан еді. Шын мәнінде де біздің қоғам, біздің билік балалар әдебиетінен мүлдем алыстап кеткен сияқты. Балалар әдебиетінің қарқындап, құлаштап дамыған кезі Кеңестер Одағымен құрдымға кеткен сыңайлы. Жаңа туынды, жаңа төл дүние жазатын жас таланттарды бүгінгі қоғамнан кездестіру мүмкін емес. Балалар әдебиетін дамыту қажет! Олай болмаса, балалабақшадан бастап, бастауыш сыныптағы балалардың көбі балалар әдебиетінен жырақтап қалады. Сол баяғы классикалық дүниелерге қайтадан орала беретініміз де сондықтан. Өкінішке қарай, бүгінгі жастардың арасында балалар тақырыбына қалам тербеп жүргендер аз. Әлде, біз қателесеміз бе? Бұл сауалды балалар әдебиетінің «жілігін шағып, майын ішкен» қабырғалы қаламгерлерімізге тастадық.
Сұлтан Қалиев, жазушы:
– Балалар әдебиетінің басында жүргеннен кейін, Шәкен екеуміз «Дарабоз» бәйгесін ұйымдастырдық. Шәкен оған демеушілер тапты. Содан бері сегізінші рет өтіп жатыр. 1 маусым, яғни балаларды қорғау күніне арналып, соның қарсаңында жеңімпаздарға бәйге дайындалады. Мұның тәртібі мынадай...
– Бұл жерде мәселе, бәйгенің қалай ұйымдастырылып, қалай өтетінінде емес. Біздің білгіміз келетіні, балалар әдебиетінде жаңа есімдердің неге кездеспейтіні?! Шын мәнінде, балалар әдебиетіне қалам тарту қиын деп ойлайсыз ба?
– Менің айтып отырғаным да осы. Бәйгеге қатысатын шығармаларды әділқазылар алқасы оқып, өз бағасын береді. Бағалардың бәрі тізіліп, жалпы қорытындысы шығарылады. Оған дейін ол шығарманың кімдікі екені белгісіз. Конвертті ашқаннан кейін біз оның кәрі ме, жас па екенін сол кезде байқаймыз. Төмендеу баға алғандар сол күйінше ашылмай қалады да, аты-жөні кім екені белгісіз болып қалады. Бұл жерде жүлде авторға емес, шығармаға беріледі. Талай рет өткізіліп жүр. Жаңа есімдер шығып жатса, сол кезде белгілі болар еді. Жалпы, балалар әдебиетін жасау – үлкен еңбекпен келетін дүние. Балаларға арнап, шығарма жазып жүргендердің дүниелері жаман деп айтуға келмейді. Бізде бір жаман үрдіс бар, тек бәйге жарияланған уақытта ғана шығарма жазуға отырады. Егер ол жиі шығарма жазып жүрсе, оның тәжірибесі қалыптасар еді. Бірақ мұның бір ұшы қаламақының аздығына келіп тіреледі. Бәйгенің кезінде жазады да, одан кейін «әумин» жоқ. Егер бар ынта-шынтасымен, сол жолға түсер болса, жақсы шығармалар туылар еді.
– Балалар әдебиетінің дамуы үшін жасалып жатқан шаралар деп қабылдағанымызбен, құр бәйгемен балалар әдебиетін қалыптастыра алмайтынымыз ақиқат. Балалар әдебиетінің дамуы үшін не істегеніміз абзал?
– Дамытудың басты мәселесі – қаламақыны жоғарылату қажет. Мәселе, қаржыға келіп, тіреледі. Қазір кітаптар екі мың данамен шығарады. Кітапханаларға тегін таратылғанымен, ол толығымен барлық кітапханаға жетпейді. Сол үшін таралымның саны арту қажет. Ата-аналар, мұғалімдер құлықты болуы керек. Кітап дүкендері де әбден қуланып алған. Қазір елу пайызға дейін өздері қосып сатады. Ресейден келген кітаптарды көрдіңіз бе? Сіресіп тұр. Және ол кітаптар бздің кітаптардан сәл арзандау. Ал Ресейде таралым жөнінде ешқандай мәселе жоқ. Өйткені, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдердің көбісі орысша оқи алады. Қазірге дейін балаларын орысшаға береді. Олар орысша кітап алып оқиды. Әрі кітаптың арзан болатыны, қағаз өздерінен. Бояу өзінен. Бізде қағаз, бояу сатып аламыз. Сонымен, балалар кітабының шыққанынан бастап, таралымына дейін бірнеше сатыдан өтеді.
Шәкен Күмісбаев, балалар жазушысы:
– Балалар әдебиетіне арналған бәйгелердің көбінде санаулы есімдер ғана жүлде алады. Балалар шығармашылығына қалам тартатын шығармашылық адамдары неге аз?
– Қарап отырсаңыз, қазір балалар әдебиетіне «Дарабоз» бәйгесінен кейін ептеп бет бұрғандар бар. Бірақ жаза алмайды. Жақсы ойларын айтқанымен, кілтін таба алмайды. Керемет сюжеттерді береді. Бірақ толыққанды шығарма емес. Өткенде Қастек Баянбай бас жүлдені алды. Ол кісінің әңгімесі «Ұлан» газетінде жарық көрді. Әңгімесі өте жақсы.
– Мәселе, әңгіменің жақсы-жаманында емес. Балалар жазушыларының қатарында жаңа есімдер неге жоқ? Бізді мазалайтыны да осы.
– «Балауса» бәйгесін білмеймін. «Дарабоз» жүлдесінде жаңа есімдер қосылуда.
– Өткенде «Балауса» бәйгесіне 150-ге жуық шығармалар түсті деп айтты. Сол 150-дің арасында іліп аларлық шығарма болмағаны ма? Болмаса, «Дарабозға» ұсынылатын шығармалардың арасында ше?
– Балаларға арнап мықты шығарманы жазатын адамдар осылар. Жазушылар одағының айналдырған отыз шақты мүшесі. Одаққа мүше бар-жоғы отыз бір адам. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша.
– Балалар жанрына қалам тарту қиын ба?
– Өте қиын. «Дарабоз» бәйгесіне шығармалар түсіп жатады. Кімнің шығармасы екенін авторын білмей-ақ аңғаруға болады. Өйткені стилі белгілі. Тұрдақын Жексенбайды алайықшы. Міндетті түрде, құс, аю туралы жазады. Ертай Ашықбаев деген өте талантты балалар жазушысы бар. Оның да стилін бірден тануға болады. Балалар шығармашылығында қызықты мынадай жайттар бар. Мұнда қайталаулар өте көп. Көктем туралы, мектеп, біреулер анасы туралы жаза береді. Сюжетті дүниеге көбірек мән бермейді. Мәселен, ақындар болса, жыл мезгілдері болса, төрт-бес өлеңмен береді. Өткен жылы Сәкен Иманасов. «Қасым, Қасым, Қасымдар» деген шығармасымен «Дарабоздан» бас бәйгені алды. «Қасым салған қасқа жолдан» соң, Қасым Аманжолов келеді. Одан кейін Қасым Қайсенов келеді. Содан кейін немересі Қасыммен аяқталады. Сюжеті әдемі жазылған өлеңдер жинағы.
– 60-70 жылдары әдебиетке келген ақын-жазушылардың балалар туралы жазылған шығармаларының тілі жатық, баланың ұғымына сай келетін дүниелер еді. Қазіргі бастауыш мектептердегі оқулықтардағы өлеңдерді қарасаңыз, балалар түгілі, үлкендердің қабылдауына қиын тиіп жатады. Философиялық тұрғыда жазамыз деп, тым күрделендіріп алған жоқпыз ба?
– Оқулықтарға жазушылардың ешқандай қатысы жоқ. Ол кітап құрастыратын авторлардың қателігі. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтің шығармаларынан әкеп қояды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі әдебиеттен ештеңені енгізбейді. Балабақшада да солай. Күрделі өлеңді жаттауға баланың ынтасы жетпейді. Жалпы, бізде қайталау басым.
– Осыдан шығатын жол қайсы?
– «Дарабоздың» апталықтары жиі өтіп жүр. Сол апталықтарға дарынды балалар атсалысады. Ойларын жақсы жеткізетін балаларымыз бар. Бірақ шығарманы жазғанда кілтін таба алмайды. Еуропаға еліктейтіндер де бар. Жүлденің шартын айтып отырсақ та, шетелдік мультфильмдердің есімдерін кейіпкер етіп алатындар да бар. Бұл да жазылмайтын ауру.
– «Гарри Поттердің» әлемді жаулағанын жоққа шығара алмаймыз. Бізде оны он орап алатын кейіпкерлер жасай алатын таланттар жоқ емес. Бірақ ондай шығарма туған жоқ. Неге?
– Ондай шығарма тумай жатыр ғой. Уақыт өте келе, жазылар. Бейбіт Сарыбай деген жас жазушы бар. Екі шығармасы «Дарабоздан» сыйлық алды. «Қараторғай» повесі бойынша оқушылар қойылым жасады. Тіптен, керемет. Мұндай шығармалар бар. Жазылады да. Алтынай Амангелді деген жетінші сыныптың оқушысы бар. Ертегілер жазады. Әуелде Еуропаға еліктеп, еуропалық кейіпкерлер туралы жазатын еді. Қазір ақырындап-ақырындап, қазақы кейіпкерлерге ауысып келеді.
– Балалар әдебиетінің дамуына не кедергі? Тығырықтан шығудың жолы бар ма?
– Балалар әдебиетін дамытуымыз қажет. Ең бастысы, балалар баспасы болу қажет. Балалар баспасында жұмыс істейтін техникалық қызметкерге дейін баланың жан-дүниесін білетін мамандар болуы қажет. Жан-жағымызда қаптап жатқан баспалар бар. Өткен жолы кітап жәрмеңкесіне қатысқанымызда, балалар кітаптарын шығаратын бір баспа бізбен көрші тұрды. Жәрмеңкеге келгендердің бәрі жабылып, әлгі баспаның кітаптарын сатып алуда. «Не деген керемет?» деп ойлап қоям. Кітабын алып, парақтап қарасам, жазған дүниелерінің бәрі шатпақ бір нәрсе.
– Бірақ сол кітаптар сатылуда дейсіз ғой.
– Сатып алып жатыр. Әлгі кітаптардың безендіруі тіптен керемет. Баспаның қызметкерлерінен «Мына автор кім? Ол қайда жүр?» десем, айтпайды. Демек, өздері жазады, өздері шығарады. Оқырманның талғамына осындай жеңіл дүниелер де ұсынып жүрміз. Ал Үкіметтің бір кітап баспасына шамасы келмей ме? Жекеменшік баспаларда қаптап кітаптар шығарылуда. Бірақ кітаптарының сапасы нашар. Балаларға көп дүниесі келмейді. Қазір «Балдырған» журналы түзеліп келеді. Журналдың кеңесшісі болған соң, нөмір сайын маған көрсетіп отырады. «Балдырғанға» шығып жатқан әңгімелер өте жақсы. Бірақ жазатындар тағы сол баяғы есімдер. Қайталана береді. Баланың ойлары өте керемет, қорытынды жоқ. Күлдіретін шоу-бағдарламалар көбейіп кетті ғой. Қазір балалар да қойылым әзірлеуге дайын тұрады. Балаларымызға көңіл бөлмесек болмайды. Ертеңгі әдебиеттің жалғасы осылар ғой. Былтыр «Дарабозға» екі жүзден астам шығарма түсті. Биыл одан да көп. Үш жүзге жуық.
– Солардың арасындағы іліп алары қанша?
– Былтырғы жылы повестер көп болған. Биыл әңгіме, ертегі көп. Қияли әңгімелер көбірек жазылады. Бұрынғымен салыстырғанда, ілгерілеушілік бар. Тағы қайталап айтатыным, балалар әдебиетіне, балалар шығармасына Үкіметтен көңіл бөлінбей, балалар әдебиеті дамымайды. Көңіл бөлінсе ғана, балалар шығармасы жанданатын болады.
Түркістан
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ