КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Қашаннан бері қалыптасқанын кім білсін? Әйтеуір, санамызға сақталғаны – мынау дүниенің көктемде гүлдеп, түлеп, жазда жайнап, жарқырап, күзде күрең тартып, сөне бастайтын өзгермес заңы. Мәңгілік дүниенің жоқтығы, әр нәрсенің қоштасар сәті келері барша жанға аян. Бірақ, біздікі сәл өзгеше. Біздің қызығы мен шыжығы мол студенттік шағымыздың қоштасар мезгілі көктемнің соңы мен жаздың басында келеді. Сондықтан да болар өмірдің ағысына жаттау, беймезгіл шақта жеткен студенттік өмірдің күрең күзі, соңғы сәті көңілді көктемде құлазытады. Өткен күндерді сағынасың, қимайсың да, амалың да жоқ, мойындайсың. Енді күтіп тұрғаны соңғы парыз – диплом. 60 бет. Естігенде тіксініп қаласың, әрине шегінерге жол жоқ. Тақырып дайын «Қазақтың ғашықтық төл дастандары». Бағыт та анық – ұлттық кітапхана, қалғаны еңбектену.

Екі білекті сыбанып, тау қопарардай тасыған көңіл кітапхананың баяғы сол ұзыннан-ұзақ кезегін, сарыла күткен тапсырысын, іздегеніңді таппаған дағдарысын көргенде абдырап та қалдық. Халық ауыз әдебиетінің мол қорынан ғашықтық жырлардың лиро-эпос, балладалық эпос, дастандық эпос сияқты түр-түрін саралай алмай сарпалдаңға да түстік. Бар білетін ғашықтық жырларымыз «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебектен» әрі аспайтынын көріп қынжылдық та. Әйтеуір іздегенді тауып, бағдарды түзеп енді оқуға бас қойғанда «Байын-Жүрек» атты дастан кез болды.

Дастанның мазмұны мынадай: ұзақ уақытқа созылған қазақ пен қалмақ арасындағы соғыстардың бірінде қырылған қазақ ауылының жұртынан бір кішкентай Баян атты қыз баланы қалмақ отбасы асырап алады. Арада біраз жылдар өтіп Баян есейгенде асырап алған ата-анасы оған бар сырды айтады. Осыдан кейін ол туған жеріне, қазақ еліне баруды армандайды. Қазақ пен қалмақ арасындағы тағы бір шайқаста қазақтың Жүрек атты батыры ауыр жараланып, қалмақтарға тұтқын болады. Баян түрмеде жатқан Жүректің жарасын емдеп, тамақ апарып беріп жүреді. Бір-біріне сырын айтып, мұңын шаққан екеуі ғашық болады. Ақыры бір күні қос мұңлық ешкімге білдіртпей сытылып шығып, туған еліне бет алады. Мұны білген жоңғарлар арттарынан қуады. Аңдыған жау алмай қоя ма? Ақыры қалмақтар қос ғашықты қапыда өлтіреді. Содан бастап ғашықтардың жан тапсырған осы тауы «Баянжүрек» атаныпты. Бұл қай Баянжүрек дейсіз ғой? Кезінде мезгілсіз жүрегіне қайғы түсіп, еріксіз мойнына құрық ілінген Тастанбектің қызы ақын Сараның:

Түн іші. Күзетте жоқ, Сара қайда?

Еш жерде көрінбейді бұл маңайда.

«Жүректің» үстінде ол жүресінен,

Отырған арыз айтып аспан айға – деп тас боп қатып, жансыз жатқан өзіндей қос мұңлыққа мұңын шағып, солардың сырын жыр қылатын тауы.

Осылайша мен білетін Баянжүректің, мен білмейтін ғашықтық әуенімен бұл таудан 500 км шалғайдағы Алматының кітапханасында таныстым. Қызығы бұл дастанды осы таудан 5000 км алыс Күнестегі Күлән Әжібекқызы деген автор жазған екен. Ал мен болсам осы тауға небәрі 50 км аралықтағы ауылда тұратын едім. «Шамның жарығы түбіне түспейді» деп қысыла-қызарып ақталып қоямын ішімнен. Осы таудан жүз рет өтіп, мың рет атын естісем де мұндай сырын естімеппін. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды» деген ұлы сөз бар еді ғой. Қайдам, адамның көзі емес көкірегі соқыр болса, сол асылың қап түбінде жатпақ түгілі көз алдыңда көлбеңдеп жүрсе де көрмейді екен.

... ауылға қайтар жол. Бар мақсат сол бір тауды көру. Көрдік те. Бұрын көрмеген адамдай-ақ аңтарыла қарадық. Мынау жансыз жота бейне бір орнынан қозғалып бар әңгімесін баяндайтындай дәмелене қарадық. Бірақ ештеме де болған жоқ. Қатпарлы жоталар сөйлемек түгілі қозғалған да жоқ. Бар мұңын, бар сырын ішіне бүгіп баяғыша жата берді...

Ертеде Арқаның саф алтын сал-серілік өнерінің саңлағы Мәди Бәпиұлы туған жерінен жырақта ақпанның сары аязында аң аулап жүріп қапыда қаза болады да, сол жерге уақытша жерленеді. Көктемде ақынның сүйегін еліне алып қайтуға келген әйелі қабір басында тұрып «тіріңде қазаққа сыймаған кеудең мына тар көрге қалай сыйып жатыр» деп өксіп жылаған екен. Мен де таңмын. Кезінде қазақ түгілі қалмақты шулатқан қос ғашықтықтың шағын ғана тау болып елеусіз жатқанына. Бәлкім, барын бағалайтын саналы ұрпақ болмаса әлі талай елеусіз жатар, үнсіз тұрар кітапхананың бір бұрышында. Таңды-таңға жалғап қисса, жыр айтатын жыршы, құйма құлақ таланттардың ұрпағымыз деп сарнағанда сондаймыз. Қайдам, ғашықтық дастандардың қазақта қырқы тұрса да білетініміз Шығыстың «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиха», «Хұсрау-Шырын» сияқты жеті ғашығы, Батыстың «Ромэо мен Джульеттасы» ғой. Әттең! Бүгінгінің ғашықтық дастаны шетелдің сериялдары болып тұр ғой. Кәріс пен түріктің бір-бірінен аумай қалған, не бітіп болмайтын жылауық сериалдарына телмірген жанарлар қазақтың осындай ғашықтық дастандарын оқып таусылса ғой... Өзгенің актерлерінің атын жаттап, соларға еліктеген қаракөздер қазақтың бір дастанын санасына сақтап, бір батырын өзіне үлгі тұтса ғой, ата-әжелердің сөзімен айтсақ «тура аузынан түскен» қазақтың ұрпағы болар едік.

Махаббаттың ғажап жырларын кестелеген сол ғашықтық дастандар әлемін шарлаған көзге:

Пердесін қараңғылық түсірмекке,

Барады ай да еңкейіп белден асып.

Бетіне ақ бұлттардан перде тартып,

Жұлдыздар тасаланды бетін басып.

Ағаштар сықырласты шамырқанып,

Шырғай тұр шыдай алмай етін қасып.

Бұлардың тамашасын көреміз деп,

Көк шалғын о да кетті сыбырласып.

Жүгіріп өрлі-қырлы жүйрік самал,

Шауып жүр қуаныштан жанталасып – деген жолдар ілігері хақ. Ендеше қазақтың кең даласындағы әрбір тау мен тасы, орман-тоғай, өзен-көл, бастау-бұлақ, емен-қарағай, тіпті көк шалғын мен салқын самалы да осындай тарихтың куәгерлері емес пе? Бәлкім, бұларда да осындай ғажап жырлар жасырынып жатқан болар.

Кезінде ақын Мұқағали Мақатаев:

Аягөз деген,

Аягөз ару деседі.

Жұрттарда қалған,

Жұмбақты кімдер шешеді,- деп бекер айтпаған-ау. Қырағы көз, қазақы көңіл сезген ғой сары даланың сағымдай тұнған сырларын. Ал болашақтың қырағы көздері дархан даланың жұмбағын қалай шешер екен?

Сурет: almatyregion-tour.kz сайтынан алынды


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 925 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2121 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2859 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2624 0




18/04/2017 14:25

Шетелдегі қазақ тілі
0 10193 1

24/04/2017 14:47

Баянжүректің сыры
0 6332 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика