КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Меруерт ШӘКЕНОВА

Аннотация: Жаңартылған білім беру стандартында мемлекеттік тілді оқытуда тыңдалым мен айтылым дағдылары біріктіріліп берілген. Бірақ тыңдалым – мәтінтануға, айтылым – мәтінтудыруға қатысты әрекет. Тақырып аясында жаңа ақпаратты оқушы тыңдалым не оқылым дағдылары арқылы таниды. Тыңдалған не оқылған мәтін аясында негізгі ойды анықтап, мәтіннің стилі, жазылу түрі, авторлық көзқарасы сияқты жанама сұрақтарға жауап береді. Алынған ақпаратты қолдану үшін айтылым мен жазылым дағдылары қосылады. Айтылым мен жазылым тақырып аясында жаңа ақпаратты қабылдамай, іске қосылмайды. Өйткені оқушы репродуктивті дағдының негізін құрайтын оқылым мен тыңдалым әрекеттерінсіз дағдыландыру, сынау деңгейлеріне көше алмайды. Мақалада тыңдалым мен айтылым дағдыларының бірікпеу қажеттілігі фактілермен, нақты себептермен дәлелденген. Сондай-ақ, әлем халықтарының да білім берудегі тәжірибесі де салыстырмалы түрде беріліп, төрт коммуникативтік дағдының қажеттілігі мен оның жүйелілігі ғылыми тұжырымдалған.

Кілт сөздер: айтылым, тыңдалым, мәтінтану, мәтінтудыру, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын жаңартылып, 2025 жылдың 24 қаңтарында өзгертілді. Стандартта «Тіл және әдебиет» білім беру саласының мазмұнына қатысты келесідей мақсат қойылған: «Тіл және әдебиет» білім беру саласының мазмұны Қазақстанның ұлттық мәдениетінің бірлігі мен әртүрлілігі, ұлттық сана-сезімнің негізі, белсенді коммуникация құралы ретінде сөйлеу қызметінің төрт түрі бойынша дағдыларды дамыту арқылы мемлекеттік тіл туралы түсініктерін қалыптастырады; тілдік пәндердің мазмұны ақпарат алмасу үшін бастапқы коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға, тілдік материал ретінде мәтінмен жұмыс істей білуін дамытуға, фразалар мен сөз оралымдарын нақты қарым-қатынас жағдайларында қолдануға бағытталған.

Бекітілген стандарт мақсаты ашық та айқын. Білімгер оқып жатқан тіліне қарамастан, мемлекеттік тілде ойын еркін жеткізіп, сауатты жаза әрі сөйлей алуы керек. Бұл мақсат орындауда тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым сияқты төрт дағды басшылыққа алынған. Бірақ бұл дағдылардың реттілігі қаншалықты деңгейде сақталып, дұрыс жүйеленген деген сұрақ туындайды.

Біріншіден, бастауыш білім беруде де, негізгі орта, жалпы орта білім беруде де айтылым мен тыңдалым дағдылары бірігіп берілген: «Бастауыш білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы: тыңдалым мен айтылым: әңгімелесудің, оқылған немесе тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсінеді және жеткізе алады; сөйлеушінің көзқарасын жеткізу жолдарын айқындайды, қорытынды шығарады; пікірталастың тақырыбын түсінеді және сөйлеу нормаларын сақтай отырып, оны талқылауға қатысады» (Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, 2025). Яғни оқушы тыңдалған мәтіннің ойы мен негізгі түйінін, тілдік ерекшеліктерін ауызша форматта ғана айтып үйренуі талап етіледі. Біздіңше, бұл толық бастауыш сынып деңгейінде емес, тек бірінші сыныпта орындалатын процесс болуы керек. Өйткені әріп танымайтын, оқи алмайтын оқушыға мәтінді ауызша оқып беріп, ауызша талдатудан басқа амал жоқ. Бірақ толық бастауыш білім беруде бұл екі дағдыны бірігіп қолдану дұрыс емес.  Бұл орайда Қ.Кемеңгерұлының келесідей пікірін келтіреміз: «Кітап оқу реті: әуелі оқытушы өзі оқиды, содан кейін шәкірттерге оқытады. Шәкірттер оқып болған соң, оқытушы әр сөйлем туралы жеңіл сұрау қояды, шәкірттер әуелі кітапты ашып отырып жауап қайтарады, екінші ретте кітапты жауып қойып, жауап қайтарады». 

Осындай реттіліктің мәнін ғалым келесідей түсіндірген: «Алғашқы жылы сабақтың негізі сөйлесу болады. Алғашқы жетілер оқушылардың тілін жаттықтыру мен құлағын үйретумен өткізіледі, содан кейін ғана тақтаға сөйлем жазып, оқыту жағына кірісіледі» (Қ.Кемеңгерұлы, 1928). Бұл мысалдан көріп отырғанымыздай, оқушы әріп танымағанға дейін тыңдалым мен айтылым дағдылары қатар жүреді. Оқушы әуелі тыңдалым мәтінімен танысады. Қазіргі таңда бұл тек мұғалімнің оқып беруі ғана емес, әртүрлі платформалар негізінде құрастырылған аудиомәтіндерді де қамтиды. Содан кейін тыңдалған мәтін бойынша ауызша жұмыс жасауға дағдыланады. Бірақ бұл процесс оқушының мәтінді өзі оқи алған уақытынан бастап тоқтап, бірігіп қолданған екі әрекет түрі (айтылым мен тыңдалым) ажырауы маңызды.

Өкінішке орай, бұл дағды тек бастауыш білім беруде ғана емес, негізгі беру стандартында да бірігіп берілген: «Негізгі орта білім беруді аяқтағаннан кейін білім алушы: тыңдалым мен айтылым: қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, оқу-кәсіптік салаларындағы мәтіндерін түсінеді; әртүрлі өмірлік жағдаяттарда ауызша тілдік қарым-қатынасты жүзеге асырады; қарым-қатынас мәдениетін біледі және ұстанады; тілдік қарым-қатынастың әртүрлі мақсаттары мен тактикаларын іске асыру үшін түрлі тілдік құралдарды қолданады; ортақ тақырыптағы әңгімені бастайды және диалогке түседі; проблемалық сипаттағы ақпаратты жинақтай отырып, монолог дайындайды; пікір білдіреді, ойын дәлелдейді; әңгіме нысанасына қатысты сөйлеушінің көзқарасын бағалайды; бірлескен шешім қабылдауға дайын болады, тақырыбы-басы-соңы бойынша мәтін мазмұнын болжайды; өз сөздерін ресімдеу кезінде грамматикалық, стилистикалық нормаларды сақтайды» (Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, 2025).

Айтылым мен жазылым әрекеттерінің бастауыш деңгейде де, негізгі білім беру деңгейінде де бірігіп берілуі дұрыс емес. Өйткені айтылым мен тыңдалым – екі түрлі әрекет түріне жататын процестер. Оны неге бөліп оқытуымыз қажет деген сұрақ туындайды. Мәселен, дәл осы стандартта «Қазақ тілі» пәнін оқыту орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік тілдерінде оқытатын сыныптардың өзінде тыңдалым мен айтылымды біріктірмеген, керісінші екі бөлек қолданған: «Тыңдалым: қарым-қатынас жасаудың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени салалары үшін өзекті аудиовизуалды материалдардың мазмұнын түсінеді; мәтіннің тақырыбын, негізгі идеясын, мәтіндегі басты және қосалқы ақпараттың мағынасын барынша толыққанды, терең және дәл түсіне алады; қарым-қатынас жасау жағдаяттарына, орнына және қарым-қатынасқа қатысушыларға қарай сөйлеу стильдерінің қалай өзгеретінін түсінеді; түрлі пікірлерді ескере отырып, оқиғаның/ әңгіменің мазмұнын болжайды. Айтылым: алдын ала дайындалған жазбалар мен жоспарларды пайдалана отырып, әңгіменің, оқиғаның мазмұнын жеткізеді; оқығаны, естіген бойынша сұрақ қояды және көзқарасын білдіреді; ұсынылған тақырып пен белгіленген коммуникативтік тапсырма бойынша өзара байланысқан, логикалық жүйеге құрылған хабарламаны құрастырады; әлеуметтік-тұрмыстық қарым-қатынаста түрлі тілдік жағдаяттарға сай өзінің коммуникативтік ниетін білдіре отырып, диалогқа қатысады» (Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, 2025).  Қазақ тілі T2 ретінде оқитын оқушылардың өзі бұл екі дағдыны екі түрлі оқығанда, қазақ мектептеріндегі оқушылар неліктен біріктіріп оқуы қажет?

Тіпті, стандартта «Шет тілі» пәнінде төрт дағды жеке-жеке берілген. Бірақ тілі қазақша шыққан, мектепке бармай тұрып та, ана тілінде сөйлей алатын, ойын жеткізе алатын оқушы тыңдалым мен айтылым деңгейлерін бірігіп оқуы дұрыс па?

Бұл әрекет түрлерінің әлем халықтарындағы көрінісіне келер болсақ, ешқайсысы біріктіріп қолданбайды. Мәселен, жапон мектептеріндегі ана тілі сабағы (kukugo) ұлттық бағдарламаға (学習指導要領) сәйкес жүргізіледі. Тыңдалым дағдысында оқушы сөйлеушінің айтқысы келген ойын жіберіп алмас үшін мұқият тыңдап, мазмұнын ұғынуы талап етілсе, айтылым дағдыларында оқушылар өз ойларын анық және жүйелі түрде жеткізу, сұрақтарға жауап беру, пікір білдіру және әңгімелесу дағдыларын дамытады. Бірақ бұл екі дағды қаншалықты маңызды болып, жұмсалым кезінде бірінен кейін бірі орын алып жатса да, оқыту бағдарламасында бөліп берілген.

Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) білім беру жүйесінде ана тілі пәнін (English Language Arts – ELA) оқыту үдерісінде тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары қанша интеграцияланса да, яғни сабақ процесінде бір-бірімен байланысып жатса да, бағдарламада әрқайсысы жеке қарастырылған. АҚШ мектептерінің көбі оқытудың бірыңғай Common Core State Standards (CCSS) білім стандарттарын басшылыққа алады. Бұл стандарттар тілдік дағдыларды дамытуда нақты мақсаттар мен нәтижелерге негізделген. CCSS стандарттары бойынша тілдік төрт дағды – оқылым, жазылым, тыңдалым және айтылым – өзара байланысты жүйе ретінде қарастырылады.

1 Оқылым дағдысы көркем әдебиет пен ғылыми мәтіндерді түсіну, негізгі ойды, дәлелдерді анықтау, мәтінді сыни тұрғыда қабылдау сияқты қабілеттерді дамытады. Оқушылар әртүрлі жанрлармен жұмыс істей отырып, мәтін құрылымын талдайды және мазмұнын интерпретациялауға машықтанады.

2 Жазылым дағдысы жазбаша сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Оқушылар аргументті эссе, түсіндірмелі және баяндау мәтіндерін жазады. Жазылым процесінде жоспарлау, құрылымдау, редакциялау және қайта жазу әрекеттері жүзеге асады.

3 Айтылым дағдысы пікірталас, презентация, сыныптық талқылау формаларында іске асырылады. Оқушылар өз ойын сенімді әрі дәлелмен жеткізуге, тыңдаушыларды ескере отырып сөйлеуге машықтанады. Бұл компонент CCSS-те "Speaking and Listening Standards" бөлімінде көрсетілген.

4 Тыңдалым дағдысы оқушылардың ауызша ақпаратты түсіну, сараптау және жауап беру қабілеттерін дамытады. Тыңдаған мәтін бойынша сұрақтарға жауап беру, ой қорыту, пікір білдіру сияқты әрекеттер орындалады.

CCSS стандартында да төрт коммуникативтік дағды бірігіп берілмеген. Әрқайсысының өзінің нормасы, талабы және құрылымы бар.

Тағы бір мысал – Түркия елінің білім беру стандарты. Түркия Республикасы Ұлттық білім министрлігі (MEB) әзірлеген оқу бағдарламасы мектеп оқушыларының тілдік және коммуникативтік құзыреттілігін дамытуға бағытталған.

Түркия Республикасының жалпы орта білім беру жүйесінде ана тілін оқытуда тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым әрекеттері жеке дағдылар ретінде жүйеленіп, бір-бірімен өзара байланыста қарастырылады. Бұл – функционалдық сауаттылық пен коммуникативтік құзыреттілікті дамытуды көздейтін интеграцияланған әдіснамалық ұстанымға негізделген.

1 Тыңдалым дағдысы оқу бағдарламасында жеке мақсаттар арқылы сипатталады. Оқушыларға түрлі жанрдағы және мазмұндағы мәтіндерді тыңдатып, олардан негізгі ойды, қосымша ақпаратты, эмоциялық реңкті анықтау дағдылары дамытылады. Бұл әрекет барысында аудиовизуалды материалдар кеңінен пайдаланылады.

2 Айтылым әрекеті де оқу үдерісінде жеке компонент ретінде қарастырылады. Мұнда оқушылардың өз ойын еркін әрі нақты жеткізе білуі, сөз саптау мәдениеті, тілдік норма мен сөйлеу әдебі ескеріледі. Айтылым дағдысы ауызша баяндау, пікір білдіру, диалогтік және монологтік сөйлеу арқылы қалыптасады. Оқушыларға рөлдік ойындар, пікірталас, сұхбат құру тапсырмалары ұсынылады.

3 Оқылым әрекеті тілдік түсінудің негізгі түрі ретінде жеке оқыту бағытында жүргізіледі. Бағдарламада әртүрлі мәтіндермен жұмыс жасай отырып, мәтін құрылымын талдау, мазмұнды түсіну, негізгі және жанама ойларды саралау, мәтінге сыни көзқарас таныту дағдылары дамытылады.

4 Жазылым әрекетінде оқушылардың жазбаша тілдік өнім құрастыру дағдысы жетілдіріледі. Мұнда мазмұнды жоспарлау, мәтін құрылымын сақтау, грамматикалық сауаттылық пен стильдік дәлдікке мән беру міндеттеледі. Эссе, әңгіме, пікір, сипаттама, күнделік сынды жанрларда жазылым жұмыстары жүргізіледі.

Осылайша, біз талдаған елдердің барлығында да төрт әрекет түрі басшылыққа алынған. Бірақ бұл мемлекеттердің оқыту стандартында төрт әрекет түрі бірігіп, қосарланып кетпеген. Әрине, сабақ кезінде олар міндетті түрде бір-бірімен байланыс тауып, жалғасып, бірігіп жатады.

Тыңдалым мен айтылым дағдыларын интеграциялау – оқушылардың ауызша тілдік қатысымға белсенді араласуын қамтамасыз ететін тиімді педагогикалық тәсілдердің бірі. Тыңдалым мен айтылым, айтылым мен жазылым, оқылым мен айтылым, оқылым мен жазылым әрекеттерін интеграциялау – мұғалім шешімі. Сабақ процесін тиімді, қызықты әрі ұтымды өткізу мақсатында мәтінтану мен мәтінтудыру процестерін алма-кезек алмастырып, жүйесін сақтай отырып, байланыстыра беруі мүмкін. Бұл тұрғыдан ешқандай шектеу жоқ. Мұғалім өзінің сабағында уақытты да үнемдеу әрі тиімділікті арттыру үшін тыңдалым мен айтылым әрекеттерін сабақтастырып қолданылуы мүмкін.

Бірақ айтылым мен тыңдалым әрекеттері қаншалықты деңгейде бір-бірімен байланыс, интеграцияланып жатса да, мемлекетік стандартта, білім беру құжатында оларды бірге беру қате. Мәселе – олардың сабақ кезінде бір-бірімен байланысуында емес, олардың әртүрлі мақсатты қамтығандықтан, мемлекеттік құжатта жеке берілу қажеттілігінде. Әрине, төрт дағды сабақ кезінде бірігіп жататыны рас. Бірақ олардың міндеті, мақсаты да әртүрлі. Әрі сол мақсатты соңына дейін сақтауы міндет деп білеміз.

Біздің ұсыныс – төрт түрлі әрекет түрін екі үлкен топқа жіктеу: тыңдалым мен оқылым – мәтінтану, ал айтылым мен жазылым – мәтінтудыру процестеріне жататын әрекеттер. Бұлай бөлуіміздің себебі – оқушы, ең алдымен тыңдау я оқу арқылы ақпарат көзімен танысады. Яғни мәліметті оқып я тыңдап танысады. Бұл – мәтінді тану процесі. Мәтінді тану процесінде жаңа білім алынады, ақпарат қоры беріледі.

Екінші кезең – мәтінді тудыру. Бұл кезеңде оқушы мәтінмен тікелей жұмыс жасайды. Яғни мәтін бойынша сұраққа жауап береді, диалог құрастырады, мәтіннің негізгі және жанама ойын ауызша я жазба формада береді. Лингвистикалық білімді мәтін нгізінде тануды үйренеді. Мәтінді тану айтылым мен жазылым әрекет түрлеріне қатысты. Алынған білім мен ақпараттық қорды білімгер ауызша я жазбаша тудыруға үйренеді. Осылайша, тыңдалым мен оқылым әрекеттерінде ақпарат көзімен танысып, толықтай игерсе, айтылым мен жазылымда бұл ақпаратты өңдеуге, жаңа өнім тудыруға дағдыланады. Әрі бұл әрекет түрі бірінен кейін бірі жүйелі түрде жасалғанда ғана оң нәтижесін көрсетеді.

Мәтінмен таныспай, ақпарат көзін алмай, кез келген оқушы ешқандай жаңа өнім тудыра алмасы анық. Сол үшін, ең алдымен тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым әрекеттері ұлттық білімге сай икемделіп, пайдаға асуы үшін мемлекеттік құжатта жүйелі түрде берілуі қажет!

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


















ТЕКСТ

Яндекс.Метрика