THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тіл үшін күресіп жүргендер қаншама.
Олардың ішінде айқайлап әрекет ететінінен бөлек іс жүзінде үн-түнсіз атсалысып
жатқандары да бар. Сондай білікті лексикограф һәм этнограф ғалымның бірі –
Сейдін Бизақов бүгінге дейін қазақ тілінің заңдылық ережелеріне қатысты 20-дан
астам еңбек жазған. Өзі зейнет жасына әлдеқашан шықса да, әлі күнге
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында шәкірттерге білген-түйгенін
үйретумен келеді. Біз ғалым ағамызбен тілдесіп, қазақ тілін үйретудегі басты
ескеретін жайттар мен кемшіліктерді сұраған едік.
– Сейдін аға, тіл саласының қыр-сырына
зерттеу жасап жүрген ғалымсыз. Қазір сізді тіл мәселесінде не алаңдатады?
– Тақырыбым тіл мәдениетіне қатысты.
Мені қазақ тілін көркейту жолы алаңдатады. Орыстілділердің қазақ тілінің
байлығын, көркемдігін сезінбеу жағы, мұрын шүйіре қарау жағы ойлантады. Әрине
оларды кінәлап жату артық. Өзім сегіз жыл мектепте мұғалім, он жыл жоғары оқу
орнында оқытушы болдым. Одан кейін арнайы курста сабақ бердім. Сонда бір
байқағаным, кейбір қазақтілділердің өзі қазақ тілі кедей, сөзге жұтаң тіл деген
пікірде екен. Олардың көзін шындыққа жеткізу үшін оқулық жазуға кірістім. Қазақ
тілінің бай, мол жағына, орыс тіліндегі баламасы жоқ тұстарына тоқталдым. Қазақ
тілінің тұрмыс-салтқа байланысты сөз қолданымдары, көңіл-күй лебіздеріне
арналған сөз орамдары, осының бәрін жаздым. Мысалы, туыс атауына келсем, әпке
сөзінің орыс тілінде үш-ақ түрі болса, қазақ тілінде он бес түрі бар. «Қазақ»
дегеннің де төрт атауы болса, біздің тілде 70 түрі бар. Еркелету атауының өзін
сегіз топқа бөлгем. Бұлар басқа тілде аз. Айта берсем, осындай мысалдар көп.
«Қазақ тілі қандай тіл?» деген кітабымда осы жағына көбірек мән бердім. Өмір
бойы сөздік құрастырумен келемін. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты
директорының рұқсатымен «Орфорграфиялық сөздіктің қосымшасы» деген кітапты
шығаруға кірісіп кеттім. Тағы бір ескеретін жайт, орыстілділер қазақ тілін
үйренсін десек, оған құрметпен қарау сын десек, тіл үйренуге ыңғайсыздық
тудыратын жайттарды ескеру керек. Мысалы, «келе жатыр» деген тіркестің төрт
нұсқасы бар. Олар: келе жатырған, келе жатқан, келатқан, келе атқан. Осының
қайсысын әдеби тілдің нормасы етіп таңдаймыз? Біз морфологиялық құрылымы
жағынан дамыған нұсқасын алайық. Көптеген тіл үйренушілер: «Ұйқтап жатыр»
дегенді түсінемін, ал неге «келе жатыр» деп айтады?» деген сұрақ қояды. Бұл сөз
тіркестері тілге деген құрметті азайтады. Осы кезде міндетті түрде кіріккен
нұсқасын таңдау керек. Бүгін – бұл күн, қарлығаш – қара ала құс деген сияқты.
Бұлар әдеби тілдің нормасына еніп кеткен. Біріккен сөзге келсек, көз жанарына
қатысты «жақсы көрем» деген тіркес бар, ал сезімге байланысты «жақсыгөрем» деп
айту керек. Бірақ әншілер, дикторлар бұған мән бермейді. Олар сөзді сірестіріп
айтады.
– Бұл туралы пікірімді жақында
телеарнадағы бір бағдарламада айттым. Көшедегі қатені түзеу оңай. Әйтеуір оны
кеңсенің басшысына айтып, алдыртып немесе қатесін дұрыстауға болады. Ал ел
алдына шығып, телеарна мен радиодан ақпарат тарататын тілшілер өте сақ болуы
қажет. Оларды тыңдайтын, көретін миллиондаған көрерменді сыйлау керек. Көбінесе
орфоэпиялық норманы сақтамайды. Қазақ радиосының Астанада дауысы жағымды, сөзі
мәнерлі бір дикторы бар. Бірақ ол орфоэпиялық қатені көп жібереді. Олар тіпті
бұған мән бермейтін сияқты. Әлде, соны қадағалап отыратын мамандар жоқ па
деймін. Бір-екі рет ескертіп қойса, келесі жолы абай болар еді ғой.
– Бәлкім, дикторларға аракідік сіз
сияқты ғалымнан дәріс тыңдау керек шығар...
– Мұны да айтып жүрмін. Маған ешқандай
ақша керек емес. Бір күнді белгілеп шақырса, біраз тілшілердің сөйлеу мәнерін,
сөзді дұрыс айтудың заңдылықтарын шама-шарқымша айтатын едім ғой. Қазақ тілінің
қадірін білетін, ана тілінің табиғатын сезінетін тілшілер бұл қателіктерін
тез-ақ жөндейді. Тағы бір қынжылтарлығы, әншілерге қарным ашады. Олар сөз
тіркестерін, кіріккен сөздерді мүлдем дұрыс айтпайды. «Айналайын, әншілер, ән
жазарда білетіндерге тыңдатып алсаңдар, қайтеді дейсің» еріксіз. Сонда ғана
жұртты тәрбиелей аламыз. Сосын кейбір тілшілер қысаң дауыстылардан
орфографиялық қателер көп жібереді. Түбірге қосымша жалғанғанда, дауысты дыбыс
түсіп қалады. «Халық-халқы, ауыл-аулы, қорыт-қортынды» деген сияқты. Осыны да
кейде олай, кейде былай жазамыз. Бірыңғайлылық жоқ. Түптің түбінде, бұл
орфоэпиялық нормаға айналып кете ме деймін. Қалай жазады, солай сөйлейтіндер
көп. Екі нәрсені ескеру тиіс. Бірінші – үндестік заңы, екінші – артық әріпті
үстемелеп жазбау керек. Менің ұсынысым – орфоэпиялық сөздікті қайта шығару.
Онда сөздік құрамын көбірек қамтып, қазақ тілін үйренуге ыңғайсыз келтіретін
тұстарын ескеру қажет.
– Бүгінде мемлекеттік тілді дамытуға
арналған түрлі жоба бар. Оның үстіне бәзбіреулер қазақ тілін арнайы курсқа
барып үйренетін жағдайға жетті. Сіздіңше, олар қазақ тілін тіл ұстартатын
оқулықпен оқуы керек пе? Тілді үйренудің қандай оңай жолы бар?
– Тәуелсіз ел болғанымызға 20 жылдан
асса да, қазақ тілінің әлі де мемлекеттік басқару жүйесінде өзіне тиісті рөлін
атқара алмай, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айнала алмай, өз елімізде мешел
күйден арыла алмай келетіні баспасөз бетінде ұдайы жазылып келеді. Ана
тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие бола тұра қолдану аясының өз мәнінде
болмауы, қызмет ету қауқарының төмендігі күйіндіреді. Тілді үйретудің екі
тәсілі бар. Біріншісі – мұқтаж етіп үйрету, екіншісі – тілді құрмет тұтып
үйрету. Алдыңғысы нәтиже бере қоймады. 20 жыл бойы қазақ тілінің қажеттігін
айтудай-ақ айтып, мұқтаж етіп келеміз. Ал тілді құрмет тұтып үйретсек,
анағұрлым жылдам болар еді. Мысалы, кейбіреулер ағылшын тілін бір-ақ жылда
меңгеріп алады ғой. Содан ба, ешкім мәжбүрлі түрде оқымайды орыс тілін.
Сондықтан да біз қазақ тілінің бай, көркем тұстарын айтып отыруымыз керек. Ана
тіліміздің қамын ойлап, қадір-қасиетін жас ұрпақ алдында, өзге ұлттар алдында
төмендетпей, кемшін тұстарын түзетіп, ұтымды түр-тұлғаларды ескеріп, емлені
ретке келтіру – мемлекеттік тілді үйретуде ұтымды болмақ.
– Әлі күнге мемлекеттік тілдің «жырын»
айтып келеміз. Біздің тіліміз қашан өз тұғырына қонады деп ойлайсыз?
– Бұрын тотолитарлық жүйеге кінә артып
келдік. Бірақ сол кездің өзінде де өзбектер, тәжіктер, Балтық жағалауы, Кавказ
елдері біз сияқты ыңғайсыз жағдайға ұшыраған жоқ. Ал біздің өз құқымыз, өз
еркіміз өзімізде. Алайда нәтиже жоқтың қасы. Демек тоталитарлық жүйеге кінә
артудың да қажеті жоқ. Бар кінә өзімізден. Әлемдік тәжірибеге үңілсек,
көпұлттылығымен, көп конфессиялығымен Қазақстанға ұқсас малайзиялықтардың
егемендікке қолы жеткеннен кейін өз ана тілінің келелі мәселесінің оң шешімін
табуы арқасында бас-аяғы он жыл ішінде қолданылуы тым шектеулі малай тілін
аяғынан тік тұрғызып, шын мәніндегі мемлекеттік әрі ұлтаралық тіл дәрежесіне
көтере алуы үлгі тұтарлық жайт. Өз республикасында малайлықтар халықтың 48
пайызын ғана құрайды. Ал біздің елімізде қазақтар 70 пайызға жетсе де, мұндай
жетістікке жете алмауда. Бірде қаланың орыс мектебіне барсам, қазақ балалары жүгіріп
жүр. «Әй, бала, бұл қазақ мектебі ме?» деп сұрасам, орысша тықылдап тұр. Біз
әлі де дұрыс ұлттық тәрбие бере алмай жүрміз. Тіпті ата-ана қорықса, 1-2
сыныпта орысша оқытып, неге әрі қарай қазақша оқытпайды? Он жыл бойы тапжылмай
орысша оқыту деген не сұмдық? Мұндай бала қазақылықтан жұрдай болмай ма?
– Соңғы кездері қоғамда латын әліпбиіне
көшу туралы әр түрлі пікір бар. Сіздіңше көшу керек пе, жоқ па?
– Әрине, көшуіміз керек. Түркі халықтары
көшіп жатыр. Бірақ олардың кемшіліктерін қайталамайық. Біз неге латынға көше
алмай жүрміз? Оның бір-ақ себебі бар. Кейбір ғалымдар «әріп санын азайтайық»
дейді. Жеті, он, он үш әріпті алып тастасақ, қазіргі жетілген жазуымызды зая
жібергеніміз болмай ма? Әріп санын қысқартудың қажеті жоқ. Солтүстік Кавказдағы
кабардин-балқар ұлтында 54 әріп бар. Мейлінше әріп көп болса, шет тілін өте
жылдам үйренеді екен.
– «Жас мамандарға қолдау білдіріп,
жұмысына көмектесіп, ақыл-кеңес беріңіз» дейді. Әйтпесе, «демалыңыз, жастар
жұмыс таба алмай жүр» десе не дейсің? Бір кезде синонимдер сөздігін үш адам
болып бастаған едік. Екеуі марқұм болып кетті. Қалғанын өзім жазып, толықтырып
баспадан шығардым. Бірақ шағындау ғана болды. Одан кейін маған «Осы синонимдер
сөздігін толықтырып жазыңыз» деген тапсырма берді. Академиялық 300 бетті 700
бетке жеткізіп, 50 мың данамен үшінші рет шығардық.
– Өзім аяғыш, жаным ашығыш адаммын. Мал
сойылып жатқан жерден қашып кетем. Етін жесек те, оған қарап тұра алмаймын. Бір
күні көрші орыс әйел келіпті. Қолтығында әтеш. Күйеуі мұсылман екен. Бауыздап
берсін деп маған жіберіпті. «Қойыңыз, бауыздамаймын» деп тұра қаштым. Өйткені,
аяймын.
Қазақта «Көңілді адам көп жасайды,
қайырымды адам мезгілінен бұрын қартаймайды» деген сөз бар. Кезінде өзім мұқтаж
бола жүріп, біреуге көмектесе қалсам қуанып қалатынмын. Осы аман-сау
жүргенімнің өзі осындай игі істерімнің арқасы шығар. Мынандай жағдай болды. Бір
орыс әйелі үш жасар баласын бесінші қабаттан лақтырмақшы болады. Төменде тұрған
екі полиция қызметкері «талабыңды орындаймыз, баланы лақтырмашы» деп жалынады
ғой. Сонда да, әлгі әйел бой бермейді. Полицейдің біреуі жоғары көтерілген
кезде, әйел де баласын төменге лақтырып жібереді. Ал оны төменде тұрған полиция
қызметкері қағып алады. Міне, ерлік! Осы маған қатты әсер етті. Әуезов
ауданының әкімдігіне бардым. Екі жігітке бүкіл полиция қызметкерлерінің алдында
алғысымды айтып, бір айлық зейнетақым мен кітаптарымды бердім. Бұл қалғандарына
үлгі болсын дегенім ғой. Одан соң он балалы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға
да бір айлық жалақымды бергенім бар. Міне, осы секілді он шақты отбасыға көмек
қолын создым.
– Әңгімеңізге рахмет!
ТҮРКІСТАН газеті
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ