THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бурабайдағы «быдық» тіл
Авторы: Байқал БАЙӘДІЛОВ, Бурабай ауданы, Ақмола облысы
08/06/2017 10:38 0 6910 0
Жер шоқтығы Бурабайдың, Абылайға қоныс болған қасиетті топырақтың бүгінде қазақ тілімен достығы шамалы. Өткен жылы қаладан үш шақырым шалғайда қазақ мектебін салып жатқаны туралы «Жас қазақ» газетіне жазып, мәселе көтерген болатынбыз. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас» күйінде қалды. Құлақ асқан, мыналарың жөн екен деген бір жан болған жоқ. Алапес ауруы жұғатындай қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін білім ошағын ен далаға ысырып тастаған аудан орталығындағы жарнаманың жайын көрсеңіз, көкірегіңіз тұз құйғандай ашыр еді. Ертеректе тамаша табиғаттың аясындағы жерұйығы саналатын әсем өңірдің тілі орысша орғып тұрғанына өкінетін едік. Бүгінгісі тіпті сорақы.
Бурабайға алыс-жақын шетелдерден, еліміздің барлық аймағынан туристер жиі келеді. Солар мұндағы, Щучинск қаласындағы жарнама атаулыда жазылған сақау, быдық тілді ұға алар ма екен?! Ұят, тіпті! Асылында, ғимараттар мен ірі сауда орындары немесе көшедегі жарнамалар кез келген қаланың бейнесі, кескін-келбеті тәрізді. Әттең, оған көңіл аударып жатқан ешкім жоқ. Мемлекеттік тілді қалай қорлағысы келсе, солай қорлап жатыр. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Динара Хамзина жарнаманы қате жазғандарға тек ескертіп хат қана жаза аламыз дейді. Ал хаттағы талапты орындау немесе орындамау жаңағы жарнаманы жазған кәсіпкердің ар-ұятына байланысты. Әттең, сол ар-ұяттың болмай тұрғаны өкінішті. Сондықтан қазір Щучье қаласының көшелерінде қате жазу мыңғырған қойдай өріп жүр. Мәселен, «Жекебатыр» дүкенінің сыртына «Түпнұсқа 3 жыл кепілдік» деп тайға таңба басқандай жазылған. Мықты екеніңізді көрейін, осы сөзді түсініп көріңізші. Қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен мамандар да мәнісін түсіндіріп бере алмайтынына кепілдік беремін. «Бір қызымнан бір қызым сорақы» демекші, «Кредиттеу қызметін көрсету» деген жазу алыстан көзге шалынады. Шамасы кредиттеуі несие беру дегені шығар. Түсінбесеңіз, Бурабайдың баурайындағы быдық тілдің білгірлерінен өзіңіз сұрап алыңыз. Ал «Тұс қағаздар», «Кошірмелер», «Ойыншыктар» деген жазулар самсап тұр. Мектептегі сабағын оқымай келген жалқау балалардың бірінен-бірі көшіргені тәрізді айна-қатесіз қате жазуларды қаптатып қойған. «Демалыс пен балық аулаулар барлық» деген жарнаманың мәнісін жарты күн іздеп әзер таптық. Сөйтсек оның орысша атауы «Все для отдыха и рыбалки» екен. Мұның барлығы жекеменшік нысандардағы сорақылықтар. Құдай біледі, сіз мемлекеттік мекемелердегі жазу дұп-дұрыс деп ойлап отырсыз ғой. Тіпті де олай емес. Мысалы, аудандық сот ғимаратының маңдайшасында «...Конституциясы ме заңдарына» деп жазылыпты. Осы сөздің дұрыс жазылуын тапқан кісіге ат мінгіземін. Енді бір жерде «Сот төрағасының қабылдау бөлмес» деген жазу ілулі тұр. Бұл сөздің мәніне бәйге жарияламаймын. Оны өзім де білемін. Бөлменің соңындағы «і» әрпі түсіп қалған ғой. Тек соны түзететін, тілге жаны ашитын бір адамның болмағаны ғой. Ал «Халық банкі» ғимараты сыртындағы «Кепіл қалар қолында, Несиең де қалтанда» деген сөзді кім жазғанын мен білемін. Ол кекеш. «Н» мен «ң»-ды айыра алмайтын сауатсыз.
Бурабай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Динара Хамзинаның айтуына қарағанда, елді мекендер мен көше атауларын қазақшалау бұрынғыға қарағанда әжептәуір қиындай түскен. Ертеректе ономастика комиссиясының отырысынан кейін бірден атауды өзгерту туралы шешім шығарылса, қазір тұрғындардың келісімінсіз жүзеге асыру еш мүмкін емес. Әсіресе, өздері тұрып жатқан елді мекенге байырғы атауын беруге келгенде орыстілді азаматтар ұдайы қарсылық білдіріп жатады. Бурабай ауданы бойынша 52 елді мекен, 479 көше болса, соның 90-ы ғана қазақ тілінде. Ал идеологиялық тұрғыдан атауы мүлде ескірген 32 көше, 21 елді мекен бар. Айталық, аруақ қонып, нар шөккен хан ордасының маңындағы Сосновка, Ключевое, Вишневое, Дмитриевка, Веденовка сынды елді мекендердің осы атауларының бүгін қаншалықты қажеті бар. Олардың орнына Алаштың жоғын жоқтап, опат болған хан Кененің, Наурызбай сұлтанның, Ағыбай батырдың әзіз есімдерін қойсақ, әлдеқайда артық емес пе?!
Бір сөзбен айтқанда, Бурабайдың баурайындағы быдық тілдің беті жуыр маңда бері қарайтын емес. Бері қарату үшін де әлі талай тер төгу қажет сияқты. Абылай атам 47 жыл атқа мініп, елін қорғағанда артында қалған ұрпағы тілін қорғай алмай жатқаны ұят болды-ау!
jasqazaq.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ