THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Мемлекеттік тілді дамыту институтында жетілдірілген бағдарламаның жобасы талқыланды
Авторы: MTDI
03/10/2025 15:14 0 184 0
2025 жылдың 23 қыркүйегінде Мемлекеттік тілді дамыту институтында жетілдірілген бағдарламаның жобасы талқыланды. Жиынның басты мақсаты – жетілдірілген бағдарлама жобасының артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап, тиімді тұстарын айқындау. Басқосуға әдіскер ғалымдар, мектеп мұғалімдері мен Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкерлері қатысты.
Жиынның басында ф.ғ.к. Бижомарт Қапалбек қазақ тілі
пәнінің басты мақсаттарын атап өтті. Оның айтуынша, пәннің мақсаты – ең
алдымен, дұрыс әрі шешен сөйлеуге баулу, екіншіден, сауатты жазуға үйрету.
Үшінші мақсат – қазақ тіл білімінің метатілін орта мектеп деңгейінде меңгерту,
яғни тіл бірліктерін танып-білу, талдау, мәтіннің мазмұны мен құрылымын, стилі
мен жанрын ажыратуға машықтандыру. Ал төртінші мақсат – ұлттық құндылықтарды
дарыту, қазақ дүниетанымы мен аялық білімін қалыптастыру.
Сондай-ақ жиын барысында Қазақ ұлттық қыздар
педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
Тыныштық Ермекова қолданыстағы бағдарламаға қарағанда жетілдірілген бағдарлама
жобасының жүйеленгенін атап өтті. Сондай-ақ ол 5–9 сыныптарда қазақ тілін
оқытуда шиыршық (спираль) әдісін қолданудың тиімділігіне тоқталды. Бұл пікірді
қостаған ф.ғ.к. Жәмила Отарбекова да шиыршық әдісін енгізудің маңыздылығын
айтып: «Бұл әдістің артықшылығы – оқушыға ақпаратты кезең-кезеңмен меңгертуді
қамтамасыз етуінде. Әр кезеңде өткен білім қайталанып қана қоймайды, жаңа
деңгейге көтеріліп, ойлау дағдылары дамиды», – деді.
Жиынға қатысқан қазақ тілін оқытушы мұғалімдер де
жетілдірілген бағдарламаның жобасы бойынша пікір білдірді. Қазақ тілі пәнінің
оқытушысы Жантасова Салтанат қазақ тілі оқулығының мазмұнындағы пунктуация
тақырыбына интонация, кідіріс секілді тақырыптарды қосу керектігін айтты.
Сондай-ақ талқылауға қатысқан Мемлекеттік тілді
дамыту институтының ғылыми қызметкерлері де ой тастап, оқулық мазмұнындағы
оқушы деңгейін көтеру үшін кейбір күрделі тақырыптарды алу керектігін айтты.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі – тарихи жағынан
қалыптасып дамыған, теориялық негізі бар және белгілі бір ғылыми жүйеге келген
педагогика ғылымының саласы. Қазақ тілін оқыту әдістемесі мына мәселелерді
зерттейді: 1) мақсаттары (не үшін оқыту керек?); 2) мазмұны (нені оқыту
керек?); 3) ұйымдастырылуы (қалай оқыту керек?); 4) құралдары (ненің көмегімен
оқыту керек?), 5) оқыту кезінде оқушылардың білімді меңгеру деңгейі,
ақыл-ойының дамуы мен тәрбиеленуі арасындағы ұштастық мәселелері.
Бұл міндеттерді жүзеге асыруда қазіргі білім беру
жүйесінде кеңінен қолданылып жүрген шиыршық әдісі ерекше рөл атқарады. Қазақ
тілін оқытуда шиыршық әдісінің басты ұстанымы «оңайдан қиынға, жеңілден
күрделіге» қағидасына негізделеді. Яғни оқушы әр сыныпта бір тақырыппен
қайтадан кездесіп отырады, бірақ ол әр деңгейде жаңа мазмұнмен толықтырылып,
күрделене түседі.
Жиын соңында жетілдірілген бағдарлама бойынша
шиыршық әдісін үйлестіре қолданудың маңыздылығы айқындалды. Бұл әдіс білімді
жүйелі түрде меңгертуге, оқушылардың ойлау қабілетін жетілдіруге және ұлттық
құндылықтарды бойына сіңіруге ықпал етеді. Жетілдірілген жоба әрі қарай онлайн
форматта талқыланып, қарары тиісті орындарға жолданатын болады.
ПІКІР АЛМАСУ
03/10/2025 15:14
Мемлекеттік тілді дамыту институтында жетілдірілген бағдарламаның жобасы талқыланды
|
09/09/2025 16:02
Ұлт ұстазының туған күніне орай А. Байтұрсынұлы музей-үйінде дөңгелек үстел өтті
|
19/08/2025 18:30
AlmatyTil.kz – тілді үйренушілерге де, үйретушілерге де арналған ортақ мекен.
|