КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Газеттің қазақ өміріне қандай өзгеріс алып келгенін айтпас бұрын алғашқы баспасөз құралдарын шығаруға атсалысқан қаламгерлеріміздің бұл тұрғыдағы пайымдарына көз жүгіртіп көрейік. «...Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші – баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді. Яки, қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатындығы айдай анық. Бұған еш нәрсе білмейтін надандар, соқырлар болмаса, көзі ашық көңілі тетіктер көптен иман келтірген. Сондықтан Еуропа жұрты баспасөзге «алтыншы билік» деп ат қойған». Бұл М.Дулатұлының сөзі. Бұған газеттің, ең алдымен, жұртқа білім таратушы, халықтың дауын даулайтын, мұңын мұңдайтын адал қызметшісі екенін тұңғыш түсіндірген А.Байтұрсынұлының сөзін қосыңыз. Расында да қазақ даласына баспасөздің келуі ұлт руханиятының ілгері басуына айтарлықтай үлес қосты. Патша өкіметінің заң-жарлықтарын, отаршыл саясатын уағыздай отырып, ел ішіндегі мал шаруашылығын мектептердің ахуалын, тарих, әдебиет, этнография мәселелерін сөз еткен алғашқы басылымдар жұртшылықты өнер-білімі озық елдердегі жетістіктермен де таныстырып отыруды мақсат етті. Қанша жерден қатаң бақылап, сөз бостандығын шектеп отырды дегенмен, газет шығарушылары тұспалдап болса да, отарлау саясатына қарсылық білдіруге тырысты. М.Әуезовтің: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денеге қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», – дейтіні сондықтан болса керек. Расында да үкіметтегілердің көкейіндегі мақсат басқа болғанымен, қазақ баспасөзінің дамуы ұлттың қоғамдық ой-санасының өсуіне айтарлықтай үлес қосқаны ақиқат. Сол тұстағы тарихи ахуалға қарамастан, «халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысқан» алғашқы басылымдар шынымен де сол дәуірдің үні бола білді десек, қателеспейміз. Ал бүгінгі қазақ баспасөзі өз дәуіріміздің айнасы, үні дей аламыз ба? 

 

Тоқтар ӘЛІБЕК,

филология ғылымдарының кандидаты, 

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері: 

 

– Қазақ баспасөзінің бастауы – «Түркістан уалаяты» газеті. Бұл газеттің құндылығы қазақ халқының бодандық кезеңдегі тұрмыс-тіршілігінен, бір сөзбен айтқанда тарихынан сыр шертеді. Газеттің және бір ерекшелігі – деректілігі. Басылым сол кездегі Ресейде, Қытайда, т.б. көрші елдерде болып жатқан тарихи оқиғаларды қамти білді. Әрине, ол кезде бұра тарту, империялық саясат жүргізу мәселесі белең алғаны белгілі. Сондықтан газетте айтылғанның бәрі жүз пайыз шындық деп қарауға да болмас. Ал газет қазаққа не берді дегенге келетін болсақ... Көшпенді қазақ дүниенің төрт бұрышында не болып жатқанынан, қандай ғылыми-техникалық жаңалықтар ашылғанынан бейхабар еді. Ең алдымен, басылым қалың жұрттың танымын кеңейтті. Одан кейін шыққан «Дала уалаяты» газеті тұсында қазақ журналистикасы қалыптаса бастағанын байқаймыз. Басылымда Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің, Отыншы Әлжановтың, т.б. мақалалары, танымдық материалдары шығып тұрды. Дін, тіл мәселесі көтерілді. Сол секілді ірі-ірі айтыстар, эпостық жырлар, шығыс фольклоры аударылып берілді. Ал басы-қасында Алаш қайраткерлері жүрген «Айқап» журналында ұлт мәселесі көтерілді. Бодандық проблемасы айтылды. Жалпы, сол тұстағы қазаққа қатысты мәселелердің барлығы ескерусіз қалған жоқ. 

Қазір қанша жерден тәуелсіз елміз, енді цензура жоқ дегенімізбен, бізде әлі күнге дейін еркін сөйлеу мәдениеті қалыптаспай жатыр. Ал тәуелсіз, оппозициялық ақпарат көздеріне, көбіне қаралау, кінәлау, сынау емес, мінеу тән болып тұр. Жақсыны жақсы, жаманды жаман деп нақты айту жоқтың қасы. Біздегі оппозициялық газеттер қазақтың кем тұсын мұқату арқылы рейтингісін көтеруді көздей ме деп ойлаймын. Дерексіз, мәліметі нақты емес нәрселерді сөз ету, менің ойымша, дұрыс емес. Кейде шетелге шыққанда электронды ақпарат көздерінен Қазақстан туралы көргіміз келеді. Сонда таңнан кешке дейін бір күнде еліміздің бүгінгі жетістігін көрсететін бірде-бір хабар таба алмаймыз. Елімізді әлі дұрыс танымайтын сырт көздер осыларды көрген соң біз туралы қандай ой түйеді деп ойлайсыз. Бұл біздің ұрпақ тәрбиесіне де кереғар әсер ететін нәрсе. Менің ойымша, бізге ақпарат көздерін бір ретке келтіретін уақыт келген секілді. Әрине, сөз бостандығы сақталуы қажет. Бірақ әрқашан ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға қоя отырып, еңбек етсек деймін. 

Қазір, Құдайға шүкір, газет-журналдар көп. Дегенмен, үлкен тәжірибесі бар, кезіндегі «Лениншіл жас» сияқты газеттің өз жүйесінен ауытқып, бұрынғы қалпын бұзуы өкінішті нәрсе деп есептеймін. Бүгінгі жаһандану заманында ұрпақты тәрбиелейтін бұрынғыдай салмақты басылымға деген қажеттілік басым. 

Кеңес кезеңінде, әлбетте, ақпарат көздері молайды. Бірақ 40-50 жылдарға дейін бұлардың барлығы дерлік негізінен идеологияға жұмыс істеді. Десек те, жазушылардың туындыларын, ғалымдардың еңбектерін насихаттау бұл тұста басым еді. Осы кезде қазақтың бүкіл рухани болмысын, мәдениетін, әдебиетін, тарихын, этнографиясын, т.б. мәселелерін көтерген «Қазақ әдебиеті» газеті болды. Қазақ руханиятының үлкен деңгейге көтерілуіне үлес қосқан басылым айтуға болмайтын ақиқаттарды жариялағаны үшін 1940 жылы жабылды. 1955 жылы қайта шыққанға дейін бұл газеттің орны үңірейіп бос қалды. Қайта шыққаннан кейін де, газет тарихтың ақтаңдақ беттерін ашудан қаймықпады. Осы тұста ғалымдар бұл басылым арқылы өз тұжырымдарын, ойларын еркін айтуға мүмкіндік алды. Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, Б.Кенже­баев­тардың өткір мақалалары «Қазақ әдебиетінде» жарық көрді. Сол себепті де басылым көп қудалауға ұшырады. Басшылары жазаланды. 1980-90 жылдар «Қазақ әдебиеті» үшін үлкен белесболды десек болады. Бұл кезде де көптеген ғалымдар еркін сөйлеуге, бұрын айтылмаған нәрселерді айтуға ат салысты. Желтоқсан оқиғасына байланысты материалдар, ақтаңдақтардың ақталуына орай зерттеулер, олардың шығармалары, барлығы осы басылымда жарияланып отырды. Тәуелсіздік алғаннан бері, осы күнге дейін «Қазақ әдебиеті» газеті ұлт мәселесін көтеруді қолға алып келеді. Әдебиет, мәдениет, руханият мәселесін сөз етуде бұл газеттің өзіндік сара жолы бар. Бір тілегім осы басылым әлемнің түкпір-түкпіріндегі бар қазақты қамтитын, халықаралық басылым ретінде шықса, тіпті, басқа тілдерге аударылса деймін. 

Менің ойымша, газеттің арлы болу-болмауы оның шындықты айта алуына байланысты. Болған нәрсені болғандай нақты жазатын басылымдарды шынайы газет деп есептеймін. «Қазақ әдебиеті» сол шынайы газеттің бірі десем, қателеспеймін. Ал шынайы газет нақты бола түсу үшін тағы да еңбектену керек сияқты. 

 

Асылхан МАМАШҰЛЫ,

«Азаттық радиосының» тілшісі: 

 

– ХХ ғасырдың бас кезінде қазаққа өз газеті ауадай қажет еді. Алғашқы қазақ газеттерінің ішінде ең көп таралғаны «Қазақ» газеті. Аумалы-төкпелі кезеңде өзге де басылымдар болғаны рас. «Айқап» журналы да саяси-қоғамдық мәселелермен қатар, әдеби дүниелерді жарыққа шығарды. Бірақ «Қазақтың» орны бөлек болды. Бұл басылым бүкіл қазақ даласына жаңалықтың жаршысы болып жетті. Оған қазақ оқығандары үн қосып, қазақ байлары қаржылай қолдау көрсетті. Газетке айыппұл салып, Ахмет Байтұрсынұлы айыппұл орнына өзін абақтыға қамауды сұрағанда, халық ақша жинап беріп, абақтыдан алып қалған. Елдің ықыласы содан көрінеді. Себебі, ол кезде газетке деген мұқтаждық өте күшті еді. «Қазақ» А.Байтұрсынұлы айтқандай «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деген сөздің рухына сай келді. Ол кездегі критерий мен бүгінгі критерий өзгеше ғой. Қазір талап басқа. Осы күнгі газеттер әуелі тәуелсіз басылымдар, оппозициялық басылым, содан соң биліктің қаража­тына шығып жатқан басылымдар боп бөлінеді. Тәуелсіз дегенді жұрт ә деген­де оппозициялық басылым деп түсінеді. Бірақ екеуі екі бөлек дүние. Дегенмен де, шын мәнінде тәуелсіз, бірақ бейтарап ақпарат көздері өте аз. Қазір ақпарат тасқынының заманы. Алайда, бүгінгі қазақ баспасөзінің үні билікке жетпейді. Жетсе де әсері шамалы. Бізде о бастан «газет халықты тәрбиелейді» деген пікір қалыптасып қалған. Бірақ газеттің негізгі міндеті – халықты тәрбиелеу емес, ақпаратты боямасыз, бұрмалаусыз жеткізу. Егер басылым ақпаратты дәл уақытында бұрмаламай таратып отырса, онда нағыз газеттің міндетін атқарып отыр деуге болады. Ал егер қандай да бір идеологияны насихаттап, халық сана­сына сіңіруге тырысса, онда газеттің негізгі функциясынан алшақ­тап, үгіт-насихаттаушы құралдың бірі болып қалды деген сөз. 

Қазір жұрттың көзқарасы әртүрлі. Біреулер билікті жақтайтын басылымдарды оқуы мүмкін, енді біреулері тек қана оппозицияны қолдайтын газет­терді оқиды. Сондықтан мына газет жақсы, мына газет жаман деп айту қиын. Жұрттың іздейтіні шындықты жазатын газет. Шындықты жазбаймын дейтін газет бар ма? Бірақ мәселе шындықты қалай жеткізетініне байланысты. Бізде көбінесе ақпаратты біржақты беру басым. Оқиғаға бейтарап қарап, бір жаққа қарай бүйрегін бұрмай, шындықты ортадан шығарып беретін болса, сол газет халықтың сүйікті газеті болмақ. Қазір қазақ газеттеріне керегі жылдамдық, ұшқырлық, ықшамдық. 

Арлылық дегеніміз – ұят деген сөз ғой. Егер басылым алғаш шыққаннан бергі уақытында ұятқа қалатындай дүние жарияламаған болса, «өзімнің өмір тарихымда ұялатын нәрсе жасаған жоқпын» деп айтуына болатын шығар. Бірақ 70 жыл Кеңес одағы тұсында, 20 жыл тәуелсіздік кезеңінде жарық көрген бірде-бір газет «мынауың қалай?» дейтіндей жағдайға қалған жоқпын деп айта алмайды. Мәселен, 1991 жылы Ресейдегі «тамыз бүлігі» кезінде бүкіл қазақ газеттері үнсіз қалды. Тек Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрмұхан Оразбеков қана «Бұл – төңкеріс» деген мақала жазып, оқиғаға баға берді. Осындай нағыз ерлік көрсететін шақтарда үнсіз қала­тын басылымдар жетерлік. Ал бейбіт заманның батырлары көп болатыны о бастан белгілі. Жалпы, қазақ қоғамының барлық мәселесін көтеріп, қамтып отырдым дейтін газеттер аз емес. Дегенмен, айтарын шешімтал тұста, жеме-жемге келгенде айта алса, арлы газет деп соны айтуға болады. Мәселен, кешегі Жаңаөзен оқиғасында әр газет әртүрлі сөйледі. Бірақ бәрін шынайы көрсетіп, мынша адам қаза болды, оны атқандар мыналар деп ашық айтқан ешкім болған жоқ. Бұл тақырыпқа тек тәуелсіз басылымдар ғана бара алды. Осы Жаңаөзен оқиғасы тұсында көп газеттердің қаншалықты арлы екендігі байқалып қалды. 

Бүгінде 80 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған «Қазақ әдебиеті» газетінің алғаш құрылғандағы мақсаты қазақ әдебиетін насихаттау, әдебиетті жұртшылыққа таныту болды. Газет осы функциясын адал атқарып келді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ газеттің әдеби өмірмен қатар, саяси өмірге қалай араласып кеткендігі туралы әртүрлі пікірлер айтылады. 1937-38 жылдардағы саяси-құрғын сүргін кезінде бұл газет те қарап қалмай, өзінің бүкіл ресурстарын жұмылдырды. Арасында басалқылық айтқан мақа­лалар да болды. Бірақ ол кезде батырып айту мүмкін емес еді. Өйткені, саяси талаптың өзі сол жаппай халық жауларын іздеп табу болатын. 1950-ші жылдардағы Е.Бекмаханов, М.Әуезов қудаланатын дауға да бұл басылым белсене ат салысты. 1960-жылдардағы жылымық кезеңін «Қазақ әдебиеті» өте жақсы пайдаланды. Қазақ көсемсөзінің шеберлері осы тұста өсіп жетілді. 1960-1990 жылдарда қазақ әдебиетін насихаттауда «Қазақ әдебиеті» газетінің ролі өте зор болды.

 Қазақ әдебиеті


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


24/04/2017 10:53

Газет және қазақ
0 7232 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика