КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Бүгінгі ұлттық ойдың, идеологияның ішінде қазаққа сілкініс әкелетін ойшыл бастама мен бағдарлама, яғни ендігінің тілімен айтқанда, жоба бар ма? Ұлт мәселесін өлеңмен өрнектеп жеткізетін айтыс өнерін тамашалауға келген жұрттың шетін жағдайларды айтқанның өзінде қуанышпен қол соғып, риза болып отыратынын көресің. Қазақтың қазіргі жиыны, қаптаған телебағдарламалар мен шоу идеология құралы бола алмай отырғанын мойындай алдық па? Есесіне барлығын дүниемен өлшеп, жемқорлық пен жершілдікке, дүниеқоңыздық пен тоғышарлыққа шіміркенбейтінімізді ой сарабына салып көрдік пе? Біз бұл күйімізбен қайда барамыз? Соңғы кездері қазақтың шын талант иесін бағалау, кәсібилік, шыншылдық, жалпы адамгершілік деңгейі жетілуде ме, әлде керісінше төмендеп бара ма? Ұлттың кісілікті болуы үшін қандай идеология қажет? Философия ғылымдарының докторы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің оқытушысы Берік АТАШПЕН өткен сұхбатымызды осы сауалдар төңірегінде өрбіткен едік.
    – Дәл қазіргі қалпымызда үлкен сындарға қаншалықты дайынбыз? Өнеркәсіптік, өндірістік, жалпы кәсіптік білім игеруде адамгершіліктің ролі қандай? Үлкен табысқа жету үшін үлкен адамгершілік иесі болу керек. Десек те, халық ретінде кез келген адам алаңдауға тиіс бұндай мәселелер неліктен Елбасы айтқаннан кейін ғана талқылана бастайды? Жалпы, қиын жағдайда ұлттың ұстынын қалпында сақтау үшін бізге не қажет?
    – Жалпы, «адамзаттың руханияты мен адамгершілік деңгейі эволюцияда жетіліп келе ме, әлде құлдырай түсуде ме» деген сауал оның өн бойына сіңірілген десе де болады. Рухани құлдыраушылық, әсіресе, моральдік деңгейдің кері кетуі туралы пікірлер сонау Сократ заманынан бері жалғасып келе жатқан үдеріс. Егер де сол заманнан бері құлдырау жалғасып келе жатқан болса, онда бүгінгі күні біз қандай деңгейде отырмыз, онда адамгершіліктің өзі түбегейлі жойылып кетер еді ғой деген ойсаларлық сұрақтар өздігінен-ақ туындайды. Осындай қағылған дабылдар біздің қазақ қоғамында да бар. Ол адамзаттың немесе ұлттың өзін-өзі сақтауының қорғаныш тетігі десе де болады. Яғни үнемі үздіксіз айтылуы тиіс нәрсе деген сөз. Осыдан шындығында да, моральдік құлдыраулар бар ма, әлде бұл алдамшы миф қана ма, ұрпақтар ауысуының арасындағы жай ғана келіспеушіліктер ме деген сияқты түйткілдер туындайды. Ол үшін статистикалық мәліметтерге жүгінсек, біздің қазақ қоғамында да кері кетулер мен құндылықтардың жағымсыз жақтарына қарай ауысуы жоқ деп айта алмаймыз. Бір қарағанда, ешқандай құлдыраулар жоқ сияқты болып көрінеді. Бұл иллюзияның осы тұста мынадай белгілерін анық байқауымызға да болады: этиканы этикет деп ұғынушылық және екеуінің алмасып кетуі, бастапқы жалған қарым-қатынастарға ғана маңыз беру, моральдік дағдарыстарды заманға жаба салу, т.б. адамгершілік құндылықтардың құлдырағандарын бүркемелеп көрсететін белгілер.
    Қазіргі еліміз және туыс халықтарымыз бүгін тың жаңа бір саяси бастама көтеріп келе жатыр. Ол – түркі халықтарының әлеуметтік бірлігі тұжырымдамасын ұсыну және олардың рухани құндылықтарын қайта жаңғырту идеясы. Меніңше, мәселе осы жерден туындайды: түркілік мораль мен адамгершілік қағидалары әлемде барынша озық деп танылған үлгілер болып саналатын болса, оларды қайта жаңғырту мен өркендету тек түркі халықтарының ғана емес, болашақта тұтас адамзаттың рухани-адамгершілік дағдарыстарын құтқарып қалатын өзіндік бір жобаны жасап бере алады деп айта аламыз. Себебі, тарихқа көз жіберсек, түркілердің әлемдік өркениетке, моральдік деңгейге қосқан үлесі де айтарлықтай екендігіне көз жеткізе аламыз, демек, бұл үлгі де жүзеге асуы ықтимал эволюцияның талабы. Олай болса, түркі және қазақ халқынан бастау алуы тиіс рухани-моральдік төңкерістің заманы келіп жетті және ол барша адамзатты мойындататындай негізде құрылуы қажет. Ендеше, түркілік рухани құндылықтарды қайта жаңғыртуымыздағы түпкі және маңызды мақсаттарымыздың бірі осы болуы тиіс.
    – Күнделікті телеарналардағы ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларды көргенде, қазақтілді баспасөзді шолғанда, біздің тұсымыздағы отандық, әлемдік процесте ешқандай ой жаңашылдығы жоқтай баяғы бір ескі мәселелерді сөз қылып отырғанын жиі ұшыратамыз. Бұның ар жағында ойшылдыққа деген бойкүйездік қылаң беретіндей. Десек те, өткен жылға қорытынды жасайтын болсақ, білу, сезіну, жалпы, ой жаңалығы деп нені айтар едіңіз?
    – Елбасының интеллектуалды ұлт қалыптастыру саясаты орнықты және аталған мәселелерді ыңғайымен бірте-бірте шешуге жағдай жасауы тиіс. Бірақ интеллектуалдық деген терминнің өзі батыстық академиялық ғылыми ұғым. Оның қазақша мағынасын «парасатты ұлт» деп аударып алсақ, бұл ұғымға тек қана ақыл мен жаңашылдық ой емес, рухани адамгершілік талаптар мен халқымыздың даналығы да еніп кетер еді. Елбасы ұсынған осы идеяның нақты тұжырымдамасын жасау, іске асыру жолдарын көрсету, келесі кезекте, теоретик ғалымдардың еншісінде деп айта аламыз. Себебі, парасаттылық пен интеллектуалдылық алдымен, қазіргі кезде жиі айтылып жүрген креативті, продуктивті, стандартты емес ойлау сияқты түсініктерді жинақтайтын шығармашылық ойлауға келіп тіреледі. Демек, жаңа, тың, бұрын-соңды ешкім айтпаған игілікті идеяларды туғызу дегенді білдіреді. Бірақ ол ойлар тағы да астын сызып айтқым келеді, тек игілікті дұрыс бағытта құрылуы қажет. Шындығында, телеарналардың барлығы болмаса да, кейбірі қайталаулар мен құндылықтық деңгейі төмен болып құрылады. Қазіргі кезде төртінші билік деп тегіннен-тегін айтылмағандығы белгілі болғандай, БАҚ-тар, оның ішінде, телевидение қоғамдық пікірді қалыптастыруға, оған оңды ықпал етуге мол мүмкіндігі бар иедологиялық құрал екендігі белгілі. Бұл оларға үлкен жауапкершіліктерді жүктейді. Ал жаңадан шығарылған бағдарламалар кей кездерде халықтың талқылауына, сұраулар салу арқылы зерттелуіне, көпшіліктің сындарына құлақ асуға асықпайды және постмодернистік мәдениеттегі шоулар мен театрландырылған өмірге бейімделуді мақсат етіп кеткен.
    – Немістерде «дәулеттілік төмен болса, қонақжайлылық пен ақжүректік, бауырмалдық пен ауызбіршілік жоғары болады» деген сөз бар. Барлығын ақша шешетін қазіргі заманда адамды да кісілігіне емес, ауқаттылығына қарап құрметтейтін болғанбыз. Қазіргі таңда білімі болмаса да танысы бар адамның айы оңынан туып, ал нағыз білімді жанның салы суға кетіп жүргені үйреншікті жағдайға айналған. Есесіне шындықтың тілі байланып, өтіріктің дәурені жүріп тұр. Біз бұл күйімізбен қайда барамыз? Ұлттың кісілікті болуы үшін не істеу қажет? Өткенге қарап нені түсіндік, нені қорыттық?
    – Иә, адамның дәулетіне қарап бағалау Қожанасырдың «Же шапаным, же» деген оқиғаларында үлгі алу үшін баяғыда-ақ айтылып кеткен мәселелер. Тамыр-таныстық халқымыздың мінез бейнелеріндегі: өзгелер үшін – жағымсыз, іске асырған адамдар үшін – жағымды болып саналатын құбылыс. «Мәке-Сәке» түрінде көрініс табатын ділімізде ол бұрындары, керісінше, әлеуметтік қорғау, кедейлерге көмек, туысқандарына деген жанашырлық кейпінде өте жағымды мәнге ие болған, сол құрылымға қазір капиталдың билігі келіп араласып, ол жағымсыз мағынаға айналып кеткен. Қоғамдағы жемқорлық пен тоғышарлық сияқты мәселелерге етіміз үйреніп бара жатқаны да рас, тіпті, құндылықтар жүйесі де өзгерістерге түскен. Дұрыс пен бұрыс бұл салада кейде ауысып кетіп жатады. Мысалы, үлкен билік иесі, шенеунік болған адам ол адал емес жолмен ақша тапса да, әйтеуір міндетті түрде аса дәулетті өмір кешуі тиіс, егер олай болмаған жағдайда, оны мадақтауға халық құштар да емес, кейбіреулер «өзінің жағдайын өзі ойламайтын бұл не адам» деген сияқты күдікпен де қарай бастайды. Бұл жерде «ұсталмаған ұры емес» деген қағида үстемдік етеді. Бұл, әрине, жақсы нәрсе емес. 
    Бірақ 1991 жылдардан бастап он шақты жылға созылған экономикалық дағдарыстар, кедейшілдік пен жоқшылық халықтың психологиясына қатты әсер етті, күйзелістер туғызды. Бұл жоқшылық қазір жойылды, бірақ зардаптарын қалдырып кетті, ол – тойымсыздық, демек, қандай жолмен болса да ақша табудың қамы деген сөз. Себебі, сол бір кездердегі қиын тұрмыстық жағдай адамдардың бейсанасында сақталып қалды. Нарықтық қоғам дәулеттілікті қолдайды, бірақ адал жолмен ақша табуды ғана құптайды. Қазір бірнеше жылдар бойы жоқшылық көрген тойымсыздық сана бірте-бірте бәсеңдеп келе жатқандай болып көрінеді. Сол кезде рухани құндылықтар өзінің сахнасына қайтадан көтеріле бастайды деп ойлаймын.
– Әдетте білімсіздікті – оқымаған сауатсыз, оқыған сауатсыз деп екіге бөлсек, білімділікті – оқығанын көңілге түйе алмайтын, өзіндік пікірі жоқ білгіштік және талғап, талдап оқитын, үздіксіз ізденісте жүретін шынайы білімдарлық деп ажыратамыз. Дәл осылай бөліп қарастырып, пайызға шағар болсақ, қазақ халқының үлес салмағы қайсысына басымдық берер еді? Жоғарыда айтылған шала­сауаттылықтың кесірі қандай? Таланттыны, ғалымды емес, лауазымды құрметтеудің ақыры қайда апарады? Біз шын мәнінде кімді сыйлауымыз қажет, қазір кімді сыйлап жүрміз?
    – Негізінен, білімділік пен білімсіздік мәселелері де нарықтық қоғамның реттелмелі тетігімен өздігінен-ақ реттелуі тиіс жүйе. Нарықтық қоғамның қыспағы халықты сол кездерде де күн көріске, өмірдің қамын ойлауға жетелеттірді. Сондықтан да қазіргі біліммен сусындауға бет бұрғандардың жалған бөлігі нарықтық қатынастарға, кәсіп жасауға бейімделе алмағандардың тобын құрайды. Олар да белгілі бір деңгейде өмір заңдылығымен, өмір тасқынымен жүріп келеді, бірақ бұл зұлымдық болып табылмайды десе де болады. Ал шынайы білімдарларды болашақ ұрпақтар анықтайды. Жалпы алғанда, қазіргі постмодернизм ағымында «автордың өлімі» деген ұғым бар, онда идеяның өзі сақталады да, оны ұсынған автор елеусіз қала береді, тіпті ұмыт болатындығы туралы айтылады. Себебі, адамзат қоғамында да, ашылған жаңалықтардың шын иесі ұмыт болғандығы рас, тек жалғастырушылар ғана бізге белгілі болып қалған. Мысалы, дүниенің атомдардан тұратындығын ашқан Көне Грек ойшылы Демокрит емес, ол байырғы Үндідегі вайшешика ілімінде одан бірнеше ғасыр бұрын айтылып кеткен екен. Ал Үнді жеріне барған Демокрит оны өзінің идеясы қылып меншіктеп алған, сондықтан бүгінгі ғылыми кеңістік те солай ойлайды, бұл да еуропацентристік сананың әсері.
    – Қазақ тарихындағы көсемдер мен шешендер, батырлар мен даналар, тектілер мен кемеңгерлерге теңейтін тұлға деген ұғымды бүгінгі таңда жербауырлатып алған жоқпыз ба? Бұрындары Ұлы деп Жаратушыны айтса, қазіргі қоғамда ұлылар көп. Тіпті, мақтауын асырып, жалпақтап, жағымпазданудан да арланбайтын халге жеттік. Басшыға жағу үшін өтірік сөйлеуден, жалған мадақ пен құр даңғойлықтан арылудың жолы бар ма? Ал сол басшы тағынан түссе жандай­шаптарының өзгеше сөйлеп, «мен кезінде айтып едім» демесіне кім кепіл? Жалпы, шындықты дер кезінде айта алмаудың соңы қайда апарады?
    – Бізге отарлау әсерінен болған құлдық сана бірнеше кемшіліктер тастап кетті, содан әлі де арыла алмай келеміз. Басшыға шексіз бас шұлғи сөйлеу екі тарапқа да қатысты: қабылдаушы мен айтушы. Егер де психолог А.Адлердің іліміне сүйенсек, құлдық психология мен үнемі екінші сортты адам ретінде өзін сезініп жүру кейіннен кемістік кешендерін (комплекс неполноценности) туғызған сыңайлы, бұл генетикалық кодтар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа келіп жалғасты. Яғни мақтау естуге деген құштарлықтар оянды, адам өзінің кемшіліктерін осындай мадақтаулар арқылы реттеп отырғысы келеді, ал оны айтушы да жоғарыдағылардан үнемі үрейлену мен қорқу сәттерін бастан кешіреді де, осы кемшіліктерін адамгершілік қатынастар деп сезініп, бүркемелей түседі. Сондықтан басты мәселе осы құлдық санадан арылуда болып отыр.
    – Сіз қазақ әдебиетін, оның ішінде, поэзияның бұрнағы мен бүгінгі әлеуетін қалай бағалайсыз? Жалпы, қазір білім емес, диплом алуды мақсат тұтқан жастарға қарап, әр саладағы кәсібиліктің ауылы алыста ма деп қаламыз. Қалай ойлайсыз?
    – Ақын қазақ қоғамында бұрын жай ғана ұйқастырып сөйлеуші емес, іргелі әлеуметтік мәселелерді қозғаушы, қазақ қоғамының сыншысы болған. Бірақ оны поэзиямен жеткізу ойдың әсерлілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тәсіл, демек, тыңдаушыны селт еткізудің өзіндік психотехникалық жүйесі десе де болады және айтушы сөздің эмоционалды-экспрессивтік сипатын жете меңгерумен де байланысты болып келеді. Нақтырақ айтқанда, сөздің магиялық-гипноздық құдіретін сезінгендер, оны дұрыс қолдана алатындар, өмірдің шындығын көре білетіндер, оған қайғыра алатындар ғана ақын болды. Жазба ақындық кейіннен қалыптасқан дәстүр. Бұрынғы қазақ ақындарының бәрі де суырыпсалмалар еді: ол – хан басын аларда, жекпе-жекке, ұрысқа аттанып бара жатқанда, халқы «осы мәселені толғашы» деп қолқа салып келгенде, т.б. сәттерде аяқ астынан шығарылған және екінші бір қырынан алғанда, олар эпостарды бүгінгі күнге тасымалдаушы мәдениетті қолдаушылар қызметін атқарған. Бірақ ұйқастар мен айтылатын ойлар да мүлтіксіз кемелденген болуы тиіс, себебі, ақындардың, күйшілердің, жыраулардың, серілердің көпшілігі «арқасы бар» деп бағаланатын, ата-баба рухтарымен байланыса алатын ерекше жаратылған тұлғалар еді. 
    Ал жастардың дипломды ғана мақсат етуі, кәсібиліктен алшақтауы бұл да қоғамның дипломды ғана талап етуі немесе білімді талап етпеуінен қалыптасқан үдеріс. Егер біздің қоғам мен жұмыс берушілер шынайы маманды талап ететін болса, бұл үдеріс өздігінен-ақ жойылып кетеді. 
    – Жылдың соңында жылмен бірге үлкен бір дәуір аяқталуға жақындағаны байқалады. Белгілі бір кезең жеке адамның дәуірімен ұқсас десек, дәурені жүріп тұрған адам оның бір күні аяқталатынын ойламайтыны сияқты ұлт та бұл мәселеге бас қатырмайтын секілді. Осыны дер кезінде сезініп, түсініп жүрміз бе?
    – Бізге бұл тұста ең сенімді тірек – ұлттық рух. Ол жеке адамдарға, белгілі бір қысқа уақытқа, басқа да сыртқы жағдайларға барынша тәуелсіз. Қазақ халқының ұлттық рухы әрісі көне түркі дәуірінен бастау алады. Сондықтан да біздің халқымыз бүгінгі күнге дейін өзінің өміршеңдігін сақтап келеді және ұлттық рухының айбарлы екендігін де дәлелдеуде. Қазақ халқының ұлттық рухы да бір кездерде, бір сәттерде бәсеңдеуі, тіпті «демалып» жатуы да ықтимал, бірақ із-түзсіз жоғалып кетпейді деп ойлаймын. Себебі, тарихқа көз жүгіртсек, әлемде бірнеше рет империялар құрған түркі халқы Рухын сенімді түрде орнатып алған десе де болады. Сондықтан халқымыздың ұлттық рухы биік болсын! Бірақ бұл рух бүгінгі Сіз бен Біздің – намысымыз бен жігерімізден, өмірлік шабытымыз бен белсенділігімізден, ата-бабамыздың өткен жолы мен тарихымызды құрметтейтіндігімізден, т.б. құралатындығын да назардан тыс қалдырмауға тиістіміз.

Дайындаған Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ:

    – Қазіргі қазақ қоғамында әлдебір сынға дайындалып жүрген біреулер бар дегенге сену қиын. Ауа жайылған бейғам халық, марғау үкімет пен тоқмырза әкімдер. Кешегі кеңес заманында кеңестік адамдар болуы мүмкін капиталистік елдердің шабуылына қарсы үнемі іштей психологиялық дайындықта жүретін. Мұндай даярлық бүгінде жоқ. Болуы мүмкін кез келген қатер туралы айтыла қалса, «Құдай өзі сақтасын!» дегеннен әрі аса алмаймыз. Шынында да, Құдай халқымызды сыннан сақтасын! Шындығы сол – біздің халқымыз үлкен сындарға даяр емес. Қарапайым мысал, біздің қазақ халқында азық-түлік қорын жинау мәдениеті нашар дамыған. Жоқ десек те болады. Ал еңбекқор өзбек, ұйғыр, түрік және т.б. ұлт өкілдерінің әрбірінің үйінде азық-түлік қамбасы бар және онда кем дегенде 1-2 жылға жетерлік азық-түлік қоры жиналады. Олар сол қорды жинау үшін жаз бойы бел жазбай еңбек етіп, күздің күні оларды тұздап, консервілеп дегендей тірлік қылады. Ауылдағы қазақтың басым көпшілігінің 25 соттық жерінде негізінен, қой тікен мен сора өседі. Ал жаңағы айтқан ағайындар сол жерден өзін қамтамасыз етерлік азық-түлікпен қатар, сатуға да өнім өндіріп отыр. Айтуға ұят, айтпасақ тағы болмайды. Біздің қазақ жігіттерінің басым көпшілігі үйкүшік болып, шал-кемпірдің зейнетақысына қарап отырғаны ащы шындық. Осы психологиядан арылмай, ұлт ретінде әлдебір сындарға төтеп берудің өзі қиын. 
    Жалпы, кез келген білім адамгершілікпен ұштаспаса, одан қайыр күту қиын. Адамгершілік қасиеті бойына дарымаған білімдіден қорқу керек. Оның білімі елге емес, өзіне ғана қызмет етеді. Елбасының бұл туралы айтуы кездейсоқтық емес. Ел тамырын басып отырған ҚР Президентінің әкімшілігі жасаған сараптамадан кейін ғана осындай мәселенің күн тәртібіне көтерілгендігіне күмән жоқ. Бойкүйездікке бой алдырған қазақстандықтардың маңдайы сипалып, өз пікірі барлары оппозиционер саналатын қоғамда халық арасынан тың бастама күтудің өзі қиынға айналып бара жатыр.
    Ұлтымыздың ұстынын сақтап қалу үшін білім беру жүйесін ұлттық идеяға негіздеу керек. Мемлекеттік идеологияның негізі – ұлтымызды сақтап қалу жолындағы қорғаныстық стратегияға құрылуы тиіс. Балаларды «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», – деген қазақы дала демократиясына балабақшадан бастап баулып, мектептен бастап қитұрқы дебаттан аулақ ұстауымыз қажет. Қазақы дүниетаным – ертегілер мен жыр-дастандар арқылы берілетінін ескере бермейтініміз өкінішті. «Айфон» мен «айпатқа» санасы құл болғандардың қоғамына қарай кетіп бара жатқанымыз өте қорқынышты...

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика