КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тілдің керуені ілгері жылжуға құлықсыз тасбақадай тасбауырлап жатып алғаны рас. Тіпті ақжемденген тақырыпқа айналды десе де болғандай. Әсіресе бұл аударма мәселесіне қатысты. Бүгінде өндірген өнімнің өтімділігін өкіртетін жарнама екені белгілі. Жарымжан жарнама мәтіндерін оқымас бұрын қазақ тіліне сиам егіздері сияқты қосақтасып жүретін орыс тіліндегісін оқып алу керек әуелі. Сонда ғана мағынасын түсінесіз. Әйтпесе қазақ тілінің жаңарған заманауи үлгісі пайда болған ба деп ойлап қалуыңыз кәдік. 

Расында бүгінгі жарнама мәтіндерінің аудармасы орыс тілінен тікелей аударылған қойыртпақ тілге айналып тұр. Осылайша мүгедек мәтіндер тіліміздің төрдегі басын есікке сүйреп әлек салуда. Тіпті қазақтың тілінде «нан сұрап жей алмайтын» қойыртпақ, не айтқысы келгені түсініксіз, қаныңды басыңа шаптыратын небір мәтіндер жыртылып айырылады. Осылайша мәтін мәселесінде Мәдише тәмсілдесек, басынан «бұлт арылмай-ақ қойды». Майып болған мәтіндердің шұба¬тылған шеруі тынбақ емес. Тіпті бұрын екі тілде еді, енді үш тілді қосақтап «три в одном» бола бастады. Бір қызығы ағылшынша ағызатындар қазақшаға келгенде қақалып қалатынына таң қаласың. Шетелшесінде шаруамыз жоқ, қазақшасын қарық қылса деген тілек қой біздікі. Өзгетілділер ана тілімізді үйренсін деген шақта мынадай оспадарсыздықтың кесірінен олар жиренбесе, үйрене ме? Жарнама мәтіндерінің аудармаларының ақсап тұрғанының сойылдай мықты себебінің бірі – немқұрайдылық десек те болар. Бір сөзінің өзі бірнеше мағына беретін шұрайлы тіліміздің жілігін шағып, майын ішетін майталман мамандар жетіп артылады. Жарнама берушілер сондай мықты маман жалдауға артық шығын шығарғысы келмейтін болар. Сол себептен тікелей аударма жасап күлкіге қалып жатқаны. Сонда абыройдан бұрын ақшаның алға шыққаны десек жағамызға жармаса қоймас ешкім. Жуырда Қордай ауданының тұрғындары қолдарына тілдей қағаз алып, таңданғаннан талып қала жаздаудың кебін киді. Газетпен бірге келген жарнама қағазында «Қордай ауданның абадан халыктары! Сізді «ORION» жаңа супермаркетінің ашылымы шамекенжайға шақырамыз. с Қордай көшінің қоспасының Пионерская-Зеленая (Домалақ ана – Шынтасова) ғана ашылымдар-шашулар бірінші алушыларға, ақысызбалмұздақ бала-шағаларға күнде» деп жазылыпты. Сауын айтып жаһанға жар салғандағы жарнамаларының түрі осы. Қатеге тұнған нешетүрлі жарнамаларды көріп ек, бірақ мұндай сорақылықты алғаш көруіміз. Расы осы. Сонда үлкен супермаркетті ашуға ақша тапқан адам, сауатты аударма жасайтын адам таппай қалғаны ма? Әлде қол астында қазақша білетін бір адамның болмағаны ма? Қазағы қалың аймақта осындай оспадарлық орын алып жатса, басқа аймақтар туралы не айтуға болады?...

«Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айтқымыз-ақ" келеді. Алайда жарнама бергіш жеке кәсіпкерлер тілді қорлауын қоймай-ақ келеді. Қашанға дейін бұлай жалғаса берері де белгісіз. Қатесі тұнып тұрған жарнаманы ілген қожайынға айтып көріңізші: заңмен алдыңнан заңғар тау тұрғызып айдап шығады. Жанашырлық сөзіңмен осылайша жау болып шығасың. Өз тілін қорлап жүргендер өзгелер емес, өз ішімізден шыққан «жаулар» ғой. Ар, ұят кемшін соғып тұрған кезеңде оларға ақшадан бұрын өзінің абыройын ойласа екен дейсің...Сөз қолдағы сақа секілді емес пе, шиырған сайын шымырлана түсетін. Бір сөзді мың құбылтып әртүрлі мағынада беруге болады. Ал біздегі оразасын орысшамен ашатын өз ағайындарымыз ойланбастан тікелей аудармаға жүгіреді. Содан келіп, тілді мазақ қылып бір, өзін масқаралап екі ... абыройын төгеді. Осыдан кейін орысшасын қайдам, қазақшасы қыстан әрең шыққан көтерем мәтінге айналады. Мұның бәрі де айналып келгенде тіл туралы заңның сақталмауынан десек болар. Қолында құзыры бар мекемелерді өз қолымызбен байлап матап тастағанбыз. Олар қандай да бір мекемені тексеру үшін, «қатеңді түзе, күзе» деп айту үшін құзырлы орыннан қолында рұқсат қағазы болуы керек. Онсыз бірде бір нысан есігінен де сығалатпайды. Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының онамастика және терминология, көрнекі ақпараттармен жұмыс бөлімінің маманы Әлия Әзбергенова: «Өткен жылы «Нұротан» партиясымен бірлесе отырып тіл заңдылықтарының сақталуын және көрнекі ақпараттардағы қателерді жою жөнінде жұмыс істедік. Қателерді түзету жөнінде мекемелерге хат жіберілді. Жеке кәсіпкерлерге біз әдістемелік көмек қана көрсете аламыз. Өз тарапымыздан қандай да бір тексеру жүргізіп, хат толтыру құзырымызға жатпайды. Тек қана оған прокуратураның рұқсаты қажет. Біз тексеруді партиямен бірлесе отырып қана жүргізе алдық» дейді. 

Деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде ҚР тіл туралы заңнамасын сақтауына жеке кәсіпкерлік аясындағы тәуекелдер дәрежесін бағалау өлшемдерін және тексеру парағының нысанын бекіту туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 29 наурыздағы № 70 және ҚР Өңірлік даму министрінің № 01-04-03/27НҚ бірлескен бұйрығы шыққан болатын. Құжат ҚР Әділет министрлігінде 2013 жылы 29 сәуірде № 8440 тіркелген. Әлі күшіне ене қойған жоқ. Тілдің дамуын қадағалайтын, қолында құрығы болса да, құзыры жоқ облыстағы мекемелер осы заңның күшіне енуін күтіп отырған болар. Олар тексеру жүргізіп, қателермен күресті күшейтіп осы мәселеге нүкте қоя алса жақсы. Әрі нәтиже шықса жақсы. Тек күркіреп басталып, аяғы күмілжіп аяқталмаса екен дейсің... 

Күншуақта ғана жүруді қолай көрмей, қоғамның көмекейіне көлденең кептелген сүйекті алып тастау үшін қалам тербеуді қарыз санаймыз. Жөнделсе екен, жөнге келсе екен дейсің. Көздеген мақсатымыз орындалса жақсы. Жазу, көзге шұқып көрсету бізге парыз, оны орындау мәтіннің авторларына, жарнама берушінің мойнына қарыз...

Халық сөзі


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика