КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар...» деп Абай атамыз жырлағандай әуезді  ән тыңдаушының жүрегіне жетіп, тұла бойын шымырлатып, тыңдар құлақтың құрышын қандырады. Ән өнері  – мәдениеттің бір бөлігі. Ал, осы мәдениетіміз арқылы ұлтымыздың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын, талантты өнерпаздарымыздың әуезді әндерін, күмбірлеген күйлері мен мың бұралған билерін көпшілікке тарту етеміз.

Соңғы 5 жылда  қазақ эстрадасында шығып жатқан әндердің әуені терең емес, жай ойнақы, ритмі қарқынды демесеңіз, сөзін түсіне қоймайсыз, быт-шыт.  Ана тілімізді қарқ қыла алмай жүргенде әншісымақтар орыс, ағылшын тілдерін қосып әндерін шұбарландырып «хит» қылдық деп жүр. Онсызда мемлекеттік тілде шала сөйлейтін өскелең ұрпақтың миын улап, қазақ өнерінің өркендеуіне балта шауып жүр десек артық айтқандық болмас. Бағасы биік ұлттық өнеріміздің бүгінгі күйі өкінішке орай, қуантарлық емес. Тыңдарман қауымның талғамының өзгергені ме, әлде сазгер мен ақынның деңгейі түскендігі ме, болмаса әншілердің  әнге қосар тақырыбы таусылған ба, әйтеуір, киелі сахнамызда мәнді, мағыналы әндердің орындалуы сиреп барады.

Мәселен, «Калифарния» лақап атымен танылып жүрген Фархат Қалиевтің «Puerto-Rico (Пуэрто-Рико)» атты үш тілде жазылған әнінің сөзіне назар аударайықшы:

Краскілеймін
Жас қыз ақырын, әтірін сепкілейді
Хош иіс
Ғарыштан, алысқа әкетеді қылығы
(I got you love my love my self)
Көздері айқын
Ырғағы жәй тым
Біледі Ай-Күн
(Come on)
Сен менің зайыбым
Мен сенің айғырыңмын
Басталды

Puerto-Rico дағы қызға бас кетеді
Неге?
Краска, make жағатын қызға бас кетеді
Неге?

One shot, one life, one more dream
Фархат, Фархат, Фархат win

Эй
Ааа осы)
Осылай менің вайбым
Осылай құртылып жүр айлығым
Эй бүгін қай күн?
Неге?
Бүйтпедім екен деп өзіңді жеме
Көрінеді light room.

 Әннің мағынасынан не түсіндіңіз? Ұйқасты былай қойғанда, әннің ішінде түсініксіз сөздер өте көп. «Қызға бас кетеді» дегеннің орнына «жүрегімді жаулады», «ерке қылығы баурады» деген сияқты сөздерді неге қолданбасқа? «Краскілеймін» деп кім, нені краскілеп жүр? Сосын айдаладағы Пуэрто-Рикодағы қызда несі бар? Тіпті, ғашық болған жағдайда да әнді әдемі жеткізуге болар еді ғой. Кезінде Шәмші атамыз сыған қызына деген махаббатын қандай керемет жеткізген. Ақын Қадыр Мырза-Әлі де композитордың сезімін ақ қағазға дөп түсірген.

Тулаған қаны бар

Тұлпар да табылар

Үміт болса

Күн туса басыңа

Мойыма, жасыма

Жігіт болсаң!

Толқысын шартарап

Тасышы, тебіренші, о, гитара!

Оу, жан серігім, төгілсін күйтереп

Жаның тарықпасын!

Ән шарықтасын!

Қайран басың

Ғаріп басың

Көзінді жұмбай қамықпасын!

90-жылдары кең тараған «Сыған серенадасы» әні күні бүгінге дейін халықтың жүрегінен жол тауып келеді. Ұйқасы үйлесімді, мағыналы әндер тыңдармандарын ешқашан жалықтырған емес.

Бүгінгі күні үлкен танымалдылыққа ие болып жүрген, жастардың ең көп тыңдайтын «91» тобының «Айыптама» әнінің сөзіне үңілсек:

 Басыма бәле болды бұның бәрі,
Дымға түсінбей құртасың мидың әлін.
Буйтпе – сөйтпе деп бұйырма!
Саған не жетпей, не бұйырмады?
Не қалайтыныңды? Қалмай тыным да
Талай қылдым бірақ, таппадым көңіліңді.
Алайда қымбат заттарға көмілдің де,
Қанағаттанбағандықтан
Тоймай, ойнай, қоймай
Шаршаттың мені!

Бұл әнде жігіттер қыздарына деген ерекше сезім, махаббаттарын емес керісінше, наз, өкпе, реніштерін әнге қосып тұр. Ән деген тыңдағанда құлаққа жағымды, жүрекке мейірім, керемет көңіл күй сыйламаушы ма еді?

Жас әнші Руслан Сәтеновтың:

Қызыңызды алам апа, апа

Күйеу бала болам сізге апа

Қызыңызды сүйем апа, апа

Жасы өтті үйде жата, жата – деп шырқап жүрген осы бір әнінің соңғы жолы қыз баласының намысына тимей ме?  Ол аз десеңіз, қазақтың бай лексикалық қоры орнымен қолданылмаған.

                Енді Кәмшат Жолдыбаеваның «Карамель» атты әніне зер салсақ:

Талғамына таңдауын сай келмей кінәлама мені,

Мысырлық миықтарға ерме

Тарғы мысығың мияулап келіп, тырмалайды сені

Тезірек кел мені терге

 

Карамель бар, әлем бара бер, тар әлем

Жаныңа беремін мен жаңа дем

Енді не боларын маған, параллель

Карамель, тілімнің ұшында карамель,

Тіліңмен ұға бер, бері кел

Түнімен түнейді берілер

 

Күй отыма сен, сүйді ерінді ерін

Біз енді таптық ненің керегін

Жабыстыр жеңін, қолыма орал белің

Түсіне алмай неге себебін.

Бұл әннің мәнін түсінбек түгел, тыңдауға ұяласың. Ұйқас қуып «карамель», «параллель» деген сөздерді ретсіз қолдана бергені былай тұрсын, әннің сөзін жазған ақынсымақтың ән арқылы не айтқысы келіп тұрғаны белгісіз.

Белгілі жазушы Ғ. Мүсірепов «Тіл жеткізбесті, ән жеткізері де бар» бар деген. Туған елге деген сағыныш, анаға деген махаббат, еліне алғыс, аға-әпкесіне деген құрмет, ғашығына сезімін сөзбен айтып жеткізе алмағанда, өлең жолдарын әуезді әнмен көркемдейтін өнерпаздарымыздың шығармашылықтары құлдырау үстінде. «Аааа» дегеннің бәрі әнші, биге қолайлы әуені бар әндердің барлығы «хит». Қазақтың мінез-құлқын, әдет-ғұрпы мен салты, мәдениеті жастардың түкке тұрмайтын әләулайына ұласты.

Сөз соңында, киелі сахнамыздың сәнін кетіріп, ән өнерінің қадірін қашырып, ана тіліміздің тұнығын лайламайық дегім келеді. Бүгін ғана бүршігін жарған мәселе ертең-ақ үлкен «дертке» айналуы мүмкін. Сол себепті, ұлт тәрбиесіне әсер етуі мүмкін кез-келген дүниеге аса көңіл бөліп, назардан тыс қалдырмайық. Талғамы биік тыңдарманы бар қазақ өнерінің дамуына сіз бен біз болып атсалысып, ессіз әндердің етек жаюына жол бермеудің жолдарын қарастырайық. 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


















ТЕКСТ

Яндекс.Метрика