КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Сұхбаттасқан: Мейрамбекқызы Динара

Тіл саясаты, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл тазалығы мен мәдениетін сақтау бағытында табанды еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – филология ғылымдарының кандидаты, социолингвист-ғалым Аман Мәделханұлы Абасилов. Ғалым қазақ әдеби тілі, оның нормалары мен стильдік жүйесі, терминология, әліпби реформасы, қостілділік мәселелері секілді әлеуметтік лингвистикамен байланысты салаларда тың көзқарас, салмақты ұсыныстар білдіріп келеді. Қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар, тәжірибелі әрі жаңашыл ұстазбен тіл саясатының бүгіні мен болашағы жайлы сұхбат құруды жөн көрдік.

Қазақ тілінің қазіргі жағдайы туралы пікіріңіз қандай? (Оның қоғамдағы зерттелуі, қолданылуы, оқытылуы). Қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру үшін қандай ұсыныстарыңыз бар?

Қазақ тілінің қазіргі жағдайы кеңестік орыстандыру саясатының нақты іске асырыла бастаған 1938 жылдан бері мүшкіл хәлде. Әлі де оңала қойған жоқ. Еліміздегі қазіргі қалыптасып отырған тілдік ахаулға қарасақ, онда екі мықты тілдің: мемлекетқұрушы ұлтың ана тілі – қазақ тілінің және кеңестік заманда ұлы тіл ретінде насихатталып, билік тіліне айналған – орыс тілінің жарыса қолданылуын көруге болады. Басқаша айтқанда, тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл бойында елдегі тілдік ахуалды өз қалауынша қалыптастырып келген билік, бір жағынан, заңдылық мәртебеге ие болған қазақ тілін дамытуды тек сөз жүзінде ғана қолдап келсе, екінші жағынан, саяси элитаның ыңғайында мемлекеттендірілген (огосударствленный) орыс тілінің бұрынғы билік тілі ретіндегі үстемдігін сақтап келді.

Осындай жағдайда қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қолдануға да, оқытуға да қазіргі құқықтық базаның (ҚР Конституцияның (7-бабы, 93-бабы), ҚР Тіл саясатының тұжырымдамасы (1996), ҚР тіл туралы заңы (1997), Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары (әр жылдарға арналған) ел Президентінің Жарлықтары т.б.) шамасы жетпей келеді. Олардың нақты жүзеге асу тетігі жоқ, бола қалған күнде де оны қазіргі тілдік ахуалда орындата алу да нейғабыл. Бұған 30 жыл бойы көзіміз әбден жетті. Сондықтан бұл құқықтық база қазіргі елдің әлеуметтік-коммуникативтік сұранысына жауап беретіндей етіп әлем елдерінің тәжірибесіне және әлемдік қауымдастықтың ұстанымдарына сай қайта жасалуы керек. Әлемдік құқықтық тәжірибеде мемлекеттік (ресми) тілді білу талабы міндеттеледі.

Қазір жоғары билік аздап болса да өзгеріп жатыр. «Бірінші Призидент», «Ұлт көшбасшысы», «Елбасы» деген мәртебеге ие болған Н.Ә.Назарбаевтың басқару кезеңінің аяқталуына байланысты елдің саяси элитасының да құрамы жаңаруда. Биліктің ауысуы да елдегі саяси, әлеуметтік, мәдени құндылықтардың да өзгеруіне алып келеді. Бұл әсіресе елдегі тілдік ахуалға әсер етпей қоймайды. Саяси жүйедегі осындай ауыс-түйістермен бірге қазіргі күні елдегі демографиялық ахуалдың да мемлекетқұрушы ұлт – қазақтардың пайдасына қарай шешілуде. Қазіргі таңда 2021 жылы жүргізілген ұлттық санақтың қорытындысы бойынша қазақ ұлтының үлесі 70,4% жетті. Бұл Қазақстанның моноұлтты мемлекет ретінде қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан адам ағзасына батпандап кірген аурудың да біртіндеп шығатынын, оған жақсы ем мен уақыт керек екендігін ескерсек, қазақ тіліне де дамып, өз мәртебесіне сай  қызмет етуі мен қолданыс аясының кеңеюіне сондай жағымды фактор мен уақыт керек. Сондай жаңа қадам қазіргі күні қазақ тіліне жүргізіліп жатқан тіл реформасы – әліпби ауыстыру мәселесінде оң шешімін табуы тиіс.

Ал қазақ тілінің әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан зерттелуіне келсек, оны мәртебе беру арқылы дамыту,  корпустық дамыту, қолдану өрісін кеңейту және беделін арттыру арқылы дамыту бағыттарында ғылыми жоба аясында зерттеліп, проблемалық мақалалар жазылып, жарық көруде. Бұл салада әсіресе Бижомарт Қапалбек басшылық ететін Мемлекеттік тілді дамыту институтының орны да рөлі де орасан зор. Айталық, осы институттан соңғы жылдары мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне арналған мынадай монографиялар, зерттеулер жарық көрді.

1.Қазақстандағы мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалы. Монография./Жалпы ред. басқарған А.Абасилов/.– Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2016. – 428 бет

2.Абасилов А.М. Мемлекеттік тіл: әлеуметтік лингвистикалық проблемалары, оларды аймақтық тұрғыдан шешу жолдары. Монография. – Алматы: мемлекеттік тілді дамыту институты, 2021. – 113 бет.

3.Қапалбек Б. Қазақстандағы жастардың тілдік сәйкестілігі. Монография. / Қапалбек Б., Абасилов А.,Ишанова Л., Слямбек Қ., Қожахмет А., Кеңес А., Төлеужанова Ж., Кенжеқожаева А. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2021. – 191 бет.

4.Абасилов А. Ұлы дала ойшылдарының әлеуметтік лингвистикалық тұжырымдары. Монография. / Абасилов А., Қапалбек Б., Қалымбет Б., Оразхан Н. т.б. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2021. – 204 бет.

5.Қазақстандағы тілдік ахуал: аймақтық ерекшеліктер және өзекті мәселелер (әлеуметтік лингвистикалық зерттеу). Монография-оқулық./ Баяндина С., Абасилов А., Текжанов Қ., Асанбаева С., Бияров Б., Қапалбек Б., Қалымбет Б. т.б. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2023. – 352 бет.

6.Алматы қаласының  тілдік ахуалы (әлеуметтік лингвистикалық зерттеу және мониторинг). Монография. /Абасилов А., Қапалбек Б., Қалымбет Б., Оразхан Н. т.б. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2024. – 331 бет.

Қазақ тілін оқыту, әдістемесін жетілдіру мәселесі алдымен құқықтық тұрғыдан шешімін табуы керек. Меніңше, біздің елде «мемлекеттік тіл» деген терминді «ресми тіл» деген терминмен ауыстыру керек (әлемдік тәжірибе солай). Өйткені «мемлекеттік тіл» деген жасанды термин, ол міндетті түрде «ресми тіл» деген  терминді қажет етіп тұрады. Біз конституцияға мың рет қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп жазғанмен, ол сонша рет ресми тіл орыс тілі ме дегенді меңзеп тұрады. Сондықтан конституциядан бастап барлық құжаттарда Қазақстанның ресми тілі – қазақ тілі деп жазылуы керек. Сосын ресми тілді білу міндеттеледі. Ол міндеттелсе, оны оқыту өзінен өзі қажеттілікке айналады. Сонда Қазақстанның ресми тілі – қазақ тілін жаппай оқытуға көшу туралы қаулы қабылданып, тұжырымдамалары жасалуы керек. Осы құжаттар негізінде балабақшада, бастауыш сыныпта, орта мектепте, колледждер мен жоғары оқу орындарында және елдің ересек тұрғындарына ресми тілді оқытудың жаңа стандарттары жасалуы қажет.

Тілдің дамуының бір факторы – оның жастар арасында қолданылуы деп ойлаймын. Осы тұста, жастар арасында қазақ тілінің қолданысын арттыру үшін қандай шаралар қолдану қажет деп ойлайсыз?

Тілдің дамуын саналы түрде басқару мен реттеудің әлеуметтік лингвистикалық бағыттарының біріне тіл өрісін кеңейтуді жоспарлау жатады. Бұл тілдің жаңа сөйлеушілерін дайындау, өсіру, санын арттыру т.б. қамтиды. Ол қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалануды, яғни тілдегі ақпараттық және мәдени ресурстардың жетілдіру, тілдің мәдени, ғылыми, білім беру контенттерін жасау, көбейту т.б. қамтиды.

Қазір бізде тіл өрісін кеңейтуді жоспарлау саясатында мынадай басты  проблемалар бар:

1.Ақпараттық ресурстардың тапшылығы. Қазақ тілінде ақпараттық және мәдени ресурстардың жетіспеушілігі, бұл мемлекеттік тілдің қоғамда кең таралуына кедергі келтіреді.

2.Мемлекеттік тілдегі контенттің аздығы. Ақпараттық технологиялар мен медиа саласында мемлекеттік тілде жеткілікті контенттің болмауы.

Оларды шешу жолдары ретінде төмендегілерге назар аудару қажет:

1.Мазмұнды дамыту. Қазақ тілінде мәдени, ғылыми, білім беру контенттерін дамыту үшін шығармашылық топтар құру. Жастарды тарту арқылы тілді танымал ету.

2.Көпшілік шаралар. Тілдік, мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыру арқылы мемлекеттік тілдің қоғамдағы көрінісін арттыру.

3.Интернет ресурстарын қолдау. Қазақ тіліндегі сайттарды, блогтарды және әлеуметтік желілердегі парақшаларды қолдауды арттыру.

4.Тілдік фестивальдер: Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін тілдік фестивальдер мен байқаулар ұйымдастыру. Бұл жастар арасында мемлекеттік тілге қызығушылықты арттырады.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Бұл өзгеріс тілдің дамуына қалай әсер етеді? Неге түркі халықтары осы графикаға өтті, біз неге әлі өте алмай жатырмыз деген сұрақ туындайды. Осы туралы ойыңызбен бөліссеңіз.

Қай қоғамда, қай елде болмасын әліпби жасау немесе оны ауыстыру – бұл жалпыхалықтық, оның ішінде алдымен ұлттық мәселе. Сондықтан ол – саяси, мәдени, лингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық, әлеуметтік, экономикалық т.б. жақтан ойланып, толғанып шешетін маңызды әрі күрделі проблема. Олай дейтін себебім: біріншіден, тіл табиғатына сай әліпби жасау мен таңдау мемлекеттің тіл саясатының бағытын танытады. Екіншіден, төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, оның өзіндік бет-бейнесін көрсетеді. Үшіншіден, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сәйкес орфографиялық, орфоэпиялық ережелерін жасауға икемді әліпби жасау лингвистикалық біліктілікті көрсетеді. Төртіншіден, таңдалып алынған әлібиді қоғам санасы дұрыс қабылдап, тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алуы, тіл тұтынушылардың сол тілді еркін меңгеруіне ықпал етуі, тілдік бөгетті жеңе алуы мәселенің әлеуметтік лингвистикалық қырын танытады.  Бесіншіден, әліпби ауыстыру – бұл әрі тілдік реформа жүргізу деген сөз. Ал тілдік реформаның басқа реформалардан айырмашылығы - ол сол тілді тұтынушы халықтың әрбір мүшесіне дейін қамтитындығында. Сондықтан әліпби ауыстыру ұлттық жаңғырудың бастамасы, еліміздің лингвистикалық егемендігінің белгісі деп санаймыз. Бұл үшін алдымен халық арасында мәселенің мәнін ашып түсіндіру, ұғындыру, насихаттау т.б. жұмыстар жүргізілуі керек. Алтыншыдан, әліпби ауыстыру көп қаражатты қажет етеді. Демек, ол экономикалық жақтан нақтылы әрі тиімді шешілуі керек. Олай болса, осындай және бұдан да басқа мәселелерді жинақтап қорытындылайтын, бағыт-бағдар көрсететін үкімет тарапынан арнайы тұжырымдама қабылдануы тиіс.

Бізге неге әліпби ауыстыру қажет дегенге келсек, оның көптеген себептері бар. Біріншіден, тіліміздің табиғи заңдылықтары бұзылып барады. Өзге тілдің дыбысы, өзге тілдің сөзі, өзге тілдің ережесі өз тілімізді өгейсітіп айтқанымыз жазғанымызға сәйкес келмей,  өз сөзіміз  өзіміздікі болмай  отыр. Бұл әсіресе тіліміздің фонетикалық жүйесін  қатты әсер етті. Үндестік заңы тұншықты. Тіліміз әуезділігінен айырылды. Екіншіден, тіліміз осы заманғы ғылыми-техникалық прогеске икемді болмады, терминологиямыз жетіспейді деумен өзге тілдің  сөзін аударамыз деп өзегіміз талды. Үшіншіден, өзге тілден сөз ауысу тоқтады. Кірме сөздер қазақтың айтылуына негізделмей, сол тілдің нұсқасында енді. Тіліміз «импорттанған» сөздерге толды. Өзге тілден сөз алғанда оны басып, жаншып ұлттық дәстүрде алу керек деген  принцип далада қалды. Міне, осындай және тағы басқа да  фокторлар тілімізді дамытуға кедергі келтіріп отыр.

Жалпы әліпби – адамдар ақылдаса отырып жасайтын, тіл дамытудағы саналы әрекеттердің бірі. Қазіргі таңда елімізде әліпби таңдау, оның ішінде латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау мәселесі өткір күн тәртібіне қойылды. Мұны мен қолдаймын. Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей, орыс жазуына негізделген қазіргі қазақ-орыс жазуы ұлттық мүддеден ауытқып, басқа жаққа бет алып бара жатыр. Мұны күндлікті газет, журнал, ғылыми кітап, оқулықтардың кез келгенін алып, ондағы мәтіндердегі сөздерді орфографиясына қарай топтастырып, саралап көрсек, таразының бір басында қазақ тілінің заңдылығымен жазылған, екінші басында орыс тілінің тәртібіне түскен алабөтен сөз үйірін байқаймыз. Жыл өткен сайын мұндай «импортталған» сөздердің саны еселеп өсіп, көбейіп бара жатыр. Бұл қазақ тілінің ежелден келе жатқан дәстүрлі нормасының бұзылу қаупін туғызып, қарсы тұру иммунитетін әлсіретуге алып келді. Ал дәстүрлі нормасынан, қорғаныштық қабілетінен айырылған тіл қанатынан айырылған құстай дәрменсіз болып, қоғамдық қызметін ойдағыдай атқара алмайды. Сондықтан тіліміздің төл табиғатын бұзбай сақтап қалу үшін қазіргі қазақ орфографиясын қалай болғанда да өзгертпей, реформаламай болмайды. Ал ол үшін қазақ тілінің фонетикалық жүйесін дәл бейнелеу тұрғысынан келгенде бізге орыс графикасынан гөрі латын алфавиті қолайлы.

Қазақ тілінің терминологиясын дамытуда қандай мәселелер бар және оларды шешу үшін қандай қадамдар жасау қажет деп санайсыз?

Тәуелсіздікке қолы жетіп, дамуыдың жаңа жолына түскен әрбір халық ұлттық-сана-сезімін, бітім-болмысын ана тілінде сезінеді. Өз тілін өзге тілден айыра, ажырата біліп, оның даралығын, қадір-қасиетін арттырп, байыта түсудің шараларын белгілейді.Тіл дамытуды саналы реттеудің өзіндік арнаулы тетігін белгілейді, жасайды. Адамның саналы әрекетін қажет ететін тілдің бірден бір саласы – терминология. Басқаша айтқанда, тіл дамытуды саналы түрде қолға алудың бір түріне терминологияны жүйелеу, жетілдіру ісі жатады. Әлемдік тілдік тәжірибеде қандай да бір тілдің қоғамда қызмет етуі, әсіресе, осы заманғы ғылыми-техникалық прогресс пен саяси өмірді қамтамасыз етуге жарамды болуымен, оның өзіндік терминологиясының қалыптасқандығымен бағаланады. Демек, қазақ тілінің терминологиясын жетілдіру, жүйелеу оның мемлекеттік тіл ретінде орнығуы мен дамуының кепілі болмақ.

Терминлогия – сан-салалы, өзгерімпаз, ылғи да дамып, жетіліп отыратын сала. Сондықтан терминжасам, оны жүйелеу мен реттеу мәселесі, терминологиялық сөздіктер құрастыру жұмысы ешқашан толастамайды. Бұл саналы түрде, біліктілікпен жүргізілетін кешенді үдеріс. Ал мұның өзі, алдымен, ұйымдастыруға байланысты. Ұйымдастыру қандай болса, даму да сол деңгейде болмақ. Демек алдымен терминологиямыздың қалыптасуы мен орнығып, жүйеленуінде өзіндік орны бар факторлар назарға алынғаны жөн. Мұндай факторларға, меніңше, мыналарды атауға болады:

1.Тіларалық қатынастар нәтижесінде алдын ала даярлықсыз жүретін табиғи дағды факторы. Бұған өмірдің өзі әкелген жаңалықтарды атау қажеттігі себепкер болады. Мұндай терминдердің басым көпшілігі тілімізде интернационалдық қордан орыс тілі арқылы енген. Бұлар сан жағынан баршылық, оның үстіне олар көпшілік қауымның күнделікті өмірінде жиі қолданысқа түсіп, біршама әлеуметтенген. Мұндай терминдерді реттеу, жүйелеу жұмысы қалай жүрмек? Қазіргі күні мұндай терминдерге балама табуға тырысушылық белең алуда. Дегенмен, бұл процесте барлық жаңа қолданыстар сәтті шығып жатыр деуге болмайды. Меніңше, бұл бағытта ұлт ұстазы - А.Байтұрсынұлы ұсынған қағидатты, яғни кірме сөздерді бұрынғы қалыбында емес, тіл заңдылығына қарай «бұзып алған» түрлерін қолдану қажет сияқты. Өйткені өзіміздің және өзге тілдер тәжірибесінде тілдің жаңарып жетілуіне үлес қосатындар – осындай кірме сөздер.

2.Терминологияның қалыптасуы мен дамуына сырттан әсер ету факторы. Бұл адамның тілді нормалау, жүйелеудегі саналы әрекеті арқылы жүзеге асырылады. Бұған әлеуметтік, саяси, мәдени, рухани өміріміз әкеліп отырған жаңа құбылыс, қарым-қатынас, түсінік-танымға қатысты жасалып жатқан төл терминдерді, өзге тілден (көбінесе орыс тілінен) калька жолымен аударылған терминдерді, қазақша жатық баламаланған терминдерді, сондай-ақ арнайы қосалқы түсініктемелерімен жарыса қолданылатын сөз-терминдерді жатқызуға болады.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына байланысты оның қызмет аясын кеңейту, өзіндік ішкі мүмкіндіктері мен байлығын сарқа дұрыс пайдалану күн тәртібіне қойылды. Соның нәтижесінде 90-жылдардан бастап қазақ терминологиясы біршама жетістіктерге жетті. Бұл, ең алдымен, көптеген ұғымдарды білдіруде қазақ тілінің өз мүмкіндіктерінің бар екендігін көрсетті, дәлелдеп берді. Алайда сол кейбір сәтті жасалған терминдердің айналымға түспей, сөздіктер аясында ған қалып қоюы қынжылтады. Олардың бар-жоғын қалың көпшілік біле де бермейді. Сондықтан осындай терминдердің, жалпы қазақ терминологиясының әлеуметтенуі үшін арнайы тетік (механизм) жасалуын күн тәртібіне қою қажет, яғни оның қызметін қамтамасыз ететін белгілі көлемдегі ғылыми және қоғамдық-саяси мәтіндер, сондай-ақ оны оқып-тыңдайтын, жазып-айтатын белгілі тілдік орта жасау керек. Қазақ тілінде ғылыми және қоғамдық-саяси қызмет атқаратын, тілді еркін меңгерген арнайы кадрлар қажет. Бұларсыз еңбек еш, бейнет зая. Басқаша айтқанда, қандай да бір тілдің терминология тағдыры оның әлеуметтену деңгейімен өлшенеді. Демек, бұл саладағы қолда бар барлық мүмкіндіктер барынша жұмылдыруы тиіс. Оны аброймен атқаруға қазақ тілінің де, оның тұтынушыларының да мүмкіндіктері жеткідлікті.

                 Терминологияны жетілдіру, жүйелу. Оны қалың көпшіліктің сынынан өткізіп, әлеуметтендіру мәселесі үздіксіз жүргізіліп отыратын және ұзақ мерзімді қамтитын жұмыс. Сондықтан оны алдын ала ойластырып, нақтылы іс-шаралар арқылы ұйымдастыру қажет. Меніңше. Онда мынадай мәселелер қамтылғаны жөн:

1.Ғылым, терминология саласында қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалмауы керек, ол  - мемлекеттік тіл ретінде беделі көтерілуі тиіс тіл. Сондықтан терминологияны мемлекеттік деңгейде реформалау жұмыстарына арнайы мәртебе беріп, ерекше мән берілу қажет.

2.Қазақ терминологиясын дамыту, қажетті нормаға түсіру ісіне бұқаралық ақпарат құралдарын, ғылыми, мәдени, саяси интелегенцияны, қоғамдық-саяси орындарды жұмылдыру қажет.

3.Қызметке, әсіресе  мемлекеттік қызметке,  ғылыми, қоғамдық-саяси өмір салаларындағы қызметке  байқау бойынша жұмысқа алғанда ұлтына, жүзіне, руына қарамай, қазақ тілін білетіндігіне қарауды енгізу қажет, қазақ тілін еркін білетіндеге артықшылық беру керек.

4.Ресми ісқағаздары тілінің терминдерін біріздендіру, бір қалыпқа келтіру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Сондықтан бұл бағытта көпшілікқолды кітапшалар құрастырылу керек. Күнделікті өмірде жиі пайдаланылылатын ресми құжаттардың типтік үлгілерін, олардың компьютерлік (электронды) нұсқаларын жасап, жұртшылыққа таратылуын қамтамасыз ету қажет.

5.Қазақ терминологиясын дамыту ісіне атсалысқан жандарға, сондай-ақ үздік еңбектерге бәйгелер, марапаттаулар берілуі керек.

6.Тілімізге интернационалдық қордан баламасыз енген, еніп жатқан халықаралық терминдерге түсініктеме сөздіктер шығару күн тәртібінен түспеуі тиіс.

7.Тілдік өмірді реттеумен айналысатын арнайы мемлекеттік қызмет орындарына қазақ тілінің жанашыры бола алатын ұлтжанды азаматтар алынуы керек.

8.Жоғары оқу орындарында қазақ тілі бүгінге дейін қазақ топтарында оқытылмайды. Соның саларынан түрлі мамандық салалары бойынша дайындалып жатқан болашақ жас кадрлар әдеби тіл, оның нормалары мен  стилдерінен, тіл мәдениетінен, әсіресе өз мамандықтары бойынша ұазақ тіліндегі салалақ терминологиядан бейхабар. Сондықтан жоғары оқу орындарындағы кез келген мамандықтардағы қазақ топтарында кісібіи қазақ тілі  пәні енгізілуі керек. Ал орыс аудиториясындағы қазақ тілінің меңгертілу сапасы жақсартылып, қазақ тілінен мемлекеттік емтихан тапсыру міндеттелуі тиіс.

9.Қазіргі күнде кандидаттық минумумдар тапсыру тізіміне қазақ тілі енгізілді, алайда ол көбінесе өз дәрежесінде еместігі байқалады, оның талаптарын күшейту керек.

10.Мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ ғылым, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, халыққа қызмет көрсету салалары қызметкерлері үшін мемлекеттік тілді меңгеруі жөнінен тиістіталаптарды бегілеуді шешу қажет.

 

Сіздің ойыңызша, қазақ тілінің болашағы қандай болмақ? Дәлірек айтқанда, болашақта қазақ тілінің қолданысы кеми ме, әлде ары қарай өрістей ме?

Жалпы тіл атаулы фонетикалық жүйесі, грамматикалық құрылысы, сөздік қоры мен байлығы жағынан бір-бірімен салыстыруға келмейтін адамзаттық құндылық болып табылады. Бұл жағынан тілдердің бірінің екінсінен артық не кемдігі болмайды.

Тілдерді салыстырғанда тек олардың қоғамда атқаратын қызмет көлемі мен сөйлеушілерінің санымен ғана салыстырылады. Қай тілдің сқөйлеушісі көп – сол тіл мықты тіл, қай тілдің сөйлеушісі аз – ол нашар тіл. Қазақ тілі қоғамдық қызметі жағынан мемлекеттік (ресми) тіл деген мәртебені иеленсе, сөйлеушілерінің саны жағынан республикада бірінші орынды, әлем тілдерінің ішінде жетінші оныдықтағы тілдер қатарынан орын алады.

                 Қазақ тілі бүгінгі таңда өз дамуының үлкен белесінде тұр. Оның қазіргі қоғамдағы өзіндік орны мен атқаратын қызметі жөнінде мынадай сипаттамалар беруге болады:

- қазақ тілі – ұлы дала халқының ұлтық тілі;

- қазақ тілі – қазақтың ана тілі, ата мұрасы;

- қазақ тілі – әлемдегі 5661 тілдің ішінде өзінің қоғамдық қызметі мен сөйлеушілерінің саны жағынан жетінші ондықтағы тілдердің бірі;

- қазақ тілі –образды да бай тіл. Ол құрылымдық-жүйелілік жағынан түбегейлі зерттелген, өзіндік әдеби нормасы мен стильдері қалыптасқан ұлттық тіл;

- қазақ тілі – Қазақстан халқының басын біріктіруші, этносаралық қарым-қатынасты қамтамасыз ететін аралық тіл;

- қазақ тілі – мемлекет қамқорлығына алынған мемлекеттік (ресми) тіл;

- қазақ тілі – көне түркілік құрылымды сақтап қалған түркі тілдерінің Ата тілі. Осы жағынан оны халықаралық тіл деп те айтуға әбден болады.

Әңгімеңізге рақымет!


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз















07/11/2024 12:26

Хабарландыру!
0 2766 1

05/11/2024 10:55

Хабарландыру!
0 2859 0



02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 231075 0

28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 227746 0

26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 227326 0









19/05/2017 14:36

Қазақта қанша сөз бар?
0 119874 7




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика