КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Сахна – қоғам айнасы. Сахнадағы өмір оның сыртындағы қоғамның үнін жеткізеді. Сол арқылы көрерменіне ой тастап, адам жанын жақсылыққа баулиды. Сонымен, біз көріп жүрген қойылымдар нені айтқысы келеді? Зерттеу нысанымызға Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры ілікті.

«Тендерге түскен келіншек». Бұл қойылым М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының 85 маусымы аяқталар тұста шықты. Яғни, 3 жыл бұрын. Драматург Медеу Сәрсеке мен режиссер Оразхан Кенебаевтың және суретші Ерлан Тұяқовтың шығармасы. Композиторы – Арман Дүйсенов.

Спектакль атауы интрига туғызады. Келіншек не үшін тендерге түседі? Айрандай ұйып отырған бір отбасының шырқы әпсәтте бұзылды. Қырықтың қырқасына шыққан шағында отағасы мен жұбайының ортасына сына қаға­тын таңдау тастап отыр. Жолдағы адамды қағып, жалғыз ұлы темір тордың ар жағына кетпек. Оны құтқару үшін кепілдікке 100 мың доллар­ керек. Осы ақшаның құны – бірін-бірі шексіз сүйетін, сыйлайтын, отыз жылдан астам отасқанда шәй деспеген ерлі-зайыптылардың заңды некесін бұзу. Құрсағын жарып шыққан ұл үшін ана да, ұрпағы үшін әке де еріксіз көнді. Нәтижесінде адам қағып өлтірген ұл бостандыққа шықты, отбасының ұйтқысы болған әйел өзіне баяғыдан ғашық бай мырзаның жарына айналды. Ал бұл жерде ең сорлаған – барынан айырылып, намыстан елдің бетіне қарай алмай, ел кезіп кеткен қайран әке. Бір айлыққа қарап отырғандар долларларды қайдан тапты деген сұрақ туады? Сағила жас кезінде артынан қалмай жүгірген бай досы Мырзабекке қарызға сұрауға барады. Қарыздың қайтарымы: «Күйеуіңнен ажырасып, маған әйел болып ти» деген талап. Сағила мүгедек күйеуі Таубаймен ажырасып, баласын түрмеден аман алып қалады. Ал Таубай ұрысқақ келіні мен ұлының бай өкіл әкесіне баули бастағанын көтере алмай кезбеге, яғни БОМЖ-ға айналады. Жалғыз немересін сағынып, құлазыған сәтте өзіне қол жұмсамақ болған жерінен немересі іздеп келіп, аман қалады.

Қай кездің қоғамын алып қарасаң да, біреудің отбасының ортасына түсіп, ақшаның күшімен әлсіздерді қалауынша пайдаланатындар жиі кездеседі. Қоғамда белең алған жемқорлық пен сыбайластықтың, қиюы қашқан тіршіліктің, өзге де келеңсіздіктердің салдарынан отбасының шаңырағы ортаға түсіп, керегесінің күлталқаны шығады. Қарапайым қоңыр тіршілік кешіп, Құдай қосқан қосағымен тату-тәтті ғұмыр кешкен Таубай (актер Бекжан Тұрыс) үшін мынау жарқыраған жап-жарық дүниенің бір сәтте бар қызығы мен қуанышы таусылып, қараң қалады. Дегенмен, өзі тентіреп, күл-қоқысты қопарып жүрсе де, текті азаматтың өзінің Құдай қосқан қосағына деген шексіз адалдығы мен құштарлығы, сезімінің болаттай берік тұрақтылығы таңғалдырып, тамсандырмай қоймайды. 

Сірә, «шыдайды риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағынан табылса да» деп ғұлама Абай жырлағандай, бұл көзсіз, соқыр, тым шынайы сезім дегенді қойсаңызшы?! Өзін әбден ескіріп, пайдаланудан қалған керексіз мүліктей лақтырып тастап, «аузы сасық, бірақ дәулетті кәсіпкермен желпілдеп көңіл қосқан әйелі Сағиланы Таубай кешіруге де дайын. Жүдеп-жадап қаңғырып жүрген бұрынғы күйеуіне «Бізді әбден ұятқа қалдырдың, бұл жүрісің не?» деп ауыр кінә таққан Сағилаға оның: «Саған дейін бір әйелдің етегін көтеріп көрмеп едім, мен сені әлі де бұрынғыдай өліп-өшіп сүйемін. Анауыңды тастап, маған қайтып келесің бе?» деп жанары жасқа то­лып, сәбидей жаутаңдауы да сондықтан. Үлкен өкінішке орай, қызылды-жасылды дүниенің, бұрқыраған көп ақшаның тәтті дәмін татып, соған бойы үйреніп қалған келіншек оған қайырылмайды.

Келіні мен ұлы есігінен мүлдем қаратпай, жалғыз немересі Еркетайды бір көруге зар болып, сағыныштан өзегі үзілген Таубайды ақыр соңында немересі әйтеуір іздеп келіп, атасын құшырлана құшақтап, оның бауырына тығылады. Сөйтіп, артында асыл тұяғы бар Таубай үшін өмір сүруге деген, ұзақ күрес қайта басталады. [1]

Қойылымдағы жағымсыз кейіпкер болса да, әділ сөзді Жорабек айтты: «Жалғыз бала деп шолжаңдаттыңдар. Әлпештедіңдер. Же­гені артында, жемегені алдында. Ал, не көрдіңдер содан?!». 

Отбасында жалғыз бала тәрбиелеу – бүгінде бел алып бара жатқан батыстық үрдіс. Көрінгеннің жылтырын жақұт көретін қазақ Еуропаша өмір сүргісі келеді. Сөйтіп, бір-екі бала өсіру үйреншікті көрініске айналып барады. Құрсағы құтты әз аналар дәурені келмеске кетті. Шетелдің құбыжық қуыршақтарымен ойнап өскен сәби атаның ақылынан, әженің ертегісінен бейхабар. «Жаһанның бар жақсысы сенікі» дегенді құлағына құйып өскен мұндай ұрпақтан ертең Алаш деп атойлар азамат туарына сенім аз. Есесіне, қолындағысына қанағат қылмайтын, ашқарақ парақорлардың қаптауы бек мүмкін. Пеш түбінде күңкілдесетін тақырыпты бас театрдың сахнасына алып шыққан автордың ерлігіне сүйсінесіз осындайда. 

Актер – өз рөлінің режиссері», Бекжан Тұрыс осы рөлді сомдардағы ізденісіне осыған ұқсас жағдайдың айналасында қайталанғандығы шабыттандырыпты.

Ал драматург Медеу Сәрсеке өз пьесасының сахналық нұсқасы туралы, жалпы бұл шығарманың қалай өмірге келгендігі туралы былай дейді: «Мен кәсіби драматург емеспін. Тек 25 жыл бойы ішіме сыймай, ұйқымды бұзған нәрсені жаздым. Осыдан бірнеше жыл бұрын аулада демалып отырғанымда, қоқыс жәшігінің маңын торуылдаған бір жақсы адаммен сөйлесіп қалдым. Қоғам оларды БОМЖ деп, жалпы, адам қатарынан әлдеқайда шығарып тастаған, ал олардың ішінде қандай дерт жатқанын білмейді ғой. Тіпті ішінен мықты кәсіби мамандар да табылуы мүмкін, аңдасаңыз. Эпизодтағы кейіпкер Сергей де бір кездері Алматының ең керемет ғимаратының жобасын жасаған архитектор еді, қазір БОМЖ. Мен осы кейіпкерді жайдан-жай қосқаным жоқ, ол, шынында да, бар адам. Басты кейіпкер Таубай секілді ол да – таза адам. Өкініштісі, тағдыр екеуін архитектор жобалаған еңселі ғимаратта не бір дастарқан басында емес, қоқыс жәшігінің түбінде ұшыратып отыр. Міне, менің сол кезде қоқыс маңындағы адамнан естіген бірауыз әңгімемнен қандай мәселе туындап, заманның ащы шындығы ашылып отыр. Кез келген адамды ақша бұзады. Тіпті отыз жыл отасқан жұбайының өзі қарапайым күйден бірден байлыққа күмп беріп еді, қайыршы халге түскен күйеуіне қайта айналып келгісі келмей қалды емес пе? Жарының жанын түсініп тұр, қимай тұр, бірақ бай тұрмысынан айырылғысы келмейді. Кім неден айырылды? Кім таза? Әрине, өмір бойы тек адамгершілікті басты орынға қойып келген отағасы. Барынан айырылып, барын беріп, нәтижесінде жалғыз қалған ізгі жанға, демек, мына қоғамда орын жоқ деген сөз ғой? Себебі бұл заманда қоғам үшін басты құндылық – адамгершілік емес, ақша». [2]

Драматургтың қырағы көңілі өз айналасындағы оқиғадан біз көрген қойылымды тудырды. Көркем әдебиет, сахна – өз кезеңінің жылнамасы, сол кездің айнасы. Үйсіз жүрген қаңғыбастарға көз үйреніп кеткені сонша, мән беріп, елеп жатқандар да байқалмайды. Оның ішінде автор айтқандай небір өз кәсібінің майын ішкен, бірақ бармақтай бақ бұйыртпаған таубайлардың жүргеніне тағы бір көз жеткізгендейміз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Егемен Қазақстан, 2011 жыл.

2. Алаш айнасы, 28 маусым 2011 жыл.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 943 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2135 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2865 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2630 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика