КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Астанада өткен алқалы жиында бiр академик ағамыз мынадай ой айтыпты.
“...Әр халықтың екi тарихы болады. Бiрi – мамандандырылған, типтендiрiлген мифологиялық тарих; екiншiсi – реальдық шынайы тарих. Бiздер тәуелсiздiк алғаннан кейiн мифологиялық тарихқа ұрынып кеттiк...”.
Шамасы, бұл ол кiсiнiң соңғы кезде жиi көтерiлiп жүрген Қазақ Елiнiң тарихын жаңа көзқарас тұрғысында қайта қарау мәселесiне байланысты бiлдiрген пiкiрi сияқты. Менiңше, түпкi мақсат айтпаса да түсiнiктi!..
Дұрыс айтасыз, тарих пен тарихи оқиғаға қатысты әртүрлi көзқарастар мен пiкiрлер болуы мүмкiн. Бiрақ шындық – бiреу ғана!.. Және ол бiз қалай жасырып-жапсақ та, ертелi-кеш бәрiбiр жарыққа шығады. Тарих та солай!..
Әрi қарай ағамыз өз ойын былай түйiндейдi: “...Бiз дала ұлты болып, дала халқы болып қалыптасқанбыз. Еуропалықтар келдi де, неше түрлi нәрсе әкелдi. Иммунитет жоқ бiзде... Солар әкелген “аурудың” бәрi бiзге жұқты. Ендi не iстеу керек?! Дала мен қаланы жақындату керек. Өйткенi далада жүрген қазақ үлкен саясаттан, үлкен өндiрiстен, үлкен мәдениеттен, үлкен сауда-саттықтан тыс қалады. Себебi, осының бәрi қалада жасалады. Сонда қазақ далада жүрiп бәрiнен тыс қалу керек пе?! Неге қазақ қалаға келiп мәдениеттi, өндiрiстi меңгермейдi?! Бiзде үлкен-кiшi 20 қала бар. 20 қалада 75-80 пайыз қазақ тұрса, қазақ тiлi мәселесi өзiнен-өзi шешiлер едi. Қазақ қалалық ұлт болып қалыптаспайынша, бiз оңбаймыз. Менiң қазақ ақындарына жыным келедi. “Ауылды сағындым, ауылды сағындым” деп сарнай бередi. Ал өзi онда тұрмай, бейшара қазақты ауылға байлап қойғысы келедi. “Алтын бесiгiмiз” деп қашанғы жата беремiз, кiндiктi кесу керек ауылдан!..”
Сөз-ақ!.. Жалпы, бәрi – дұрыс... Бiрақ қалай?! Барлық кiлтипан сол “бiрақтан” басталады!..
Урбанизация мәселесi – бiздiң еркiмiзден тыс жүрiп жатқан қоғамдық процесс. Және ол Қазақ Елi тәуелсiздiк алған соңғы 20 жылда ерекше қарқынмен дами бастады. Бұның бiрнеше объективтi және субъективтi себептерi бар. Атап айтар болсақ – жұмыссыздық, күнкөрiс қамы. Күнi кеше ғана қаншама қазақ жан бағып, нәпақа тауып отырған ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң күйзелiске ұшырап, жұмыссыз қалған жастардың жаппай қалаға ағылуы. Нарық үрдiсi тудырған жабайы сауда-саттық, қаптаған базарлар мен қалалық жерлерде қарқынды дами бастаған құрылыс саласы – тағысын тағылар...
Осыдан 20-30 жыл бұрын жөн сұрайтын адам таппай қиналатын кешегi Алматы мен бүгiнгi Астананың қазақ қаласы болуы – соның арқасы.
Алайда сол қазақтың бәрi қалалық болды ма, мәселе сонда!..
“...Неге қазақ қалаға келмейдi?..” - дейсiз... Неге келмейдi, келiп жатыр. Келгенде қандай!.. Тек тұрақтап қала ала ма?! Бұл – басқа мәселе.
Айтыңызшы, қалада оны кiм күтiп отыр?!
“...Қазақ қалалық ұлт болып қалыптаспайынша, бiз оңбаймыз!..” – депсiз. Жөн-ақ!..
Жаңылмасам, кешегi кеңес дәуiрiндегi статистикалық мәлiмет бойынша, Қазақстан халқының шамамен 47 пайызы ауылды жерде тұрады дейтiн дерек болатын. Қазiргi санақ бойынша – 43 пайыз. Демек, 20-25 жыл iшiндегi қол жеткiзген жетiстiгiмiз – 4-ақ пайыз. Аз ба, көп пе – шамалай берiңiз. Осы қарқынмен “қалалық” болсақ, сiз айтқан межеге жету үшiн (75-80 пайызға) әлi қанша жыл керек?!
Яғни, жоғарыда атап өткен Алматы мен Астанамызға “қазақи келбет” берген қара халық – “сайда саны, құмда iзi жоқ” уақытша қазақтар. Не үйi, не күйi жоқ жанкештiлер. Не есепте, не санатта жоқ құқықсыз жандар!.. Сонда да олар тырысып жүр... “Қалалық” болудан үмiт үзбейдi!..
Баяғыда бiр байдың баласы “Бұның бәрi сүркүрiш жемей неге аштан өлiп жатыр?” деген екен. Сiздiң сөзiңiз ерiксiз соны есiме түсiрдi...
Бұдан шығатын қорытынды не?! Егер шынымен қазақты қалалық қылғымыз келсе немесе қалалармыз қазақи болсын десек – оған мемлекеттiк камқорлық қажет. Сонда өзiңiз айтқандай, бар мәселе өзiнен-өзi шешiледi.
Ойыңызды: “...Менiң қазақ ақындарына жыным келедi. “Ауылды сағындым, ауылды сағындым” деп сарнай бередi. Ал өздерi онда тұрмай, бейшара қазақты ауылда байлап қойғысы келедi. “Алтын бесiгiмiз” деп қашанға жата беремiз, кiндiктi кесу керек ауылдан!” – деп аяқтайсыз...
Рақмет!..
Мен – сол сiздiң жыныңыз келетiн қазақ ақындарының бiрiмiн. Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журна­лис­тер Одағының мүшесiмiн. Құдай қаласа, бiр-екi айда 53-ке келемiн. Сол азды-көптi 53 жыл ғұмырымның жартысына жуығы, дәлiрек айтсам 20 жылы пәтер жалдап, кiсi есiгiнде жүрумен өттi.
Ұл ержеттi, қыз бойжеттi. Ендi сол мен көрген азап пен қорлықты солар тарта ма деп қорқамын. Сенiмсiз тiрлiк, үмiтсiз өмiр. Ал сiз “қалалық” бол дейсiз!..
Бiз бас құрап, шаңырақ көтерген кезде “Қайта құру” басталды. Оның аяғы социа­лизм­нен капитализмге кейiн шегiнген қоғамдық өзгерiске ұласты. Нарық келдi. “Жарлы байға, бай Құдайға жетсем” деген қайырсыз заман туды...
“Көппен көрген – ұлы той”, өтер-кетер деген үмiтпен жанталасып жүргенде 20 жыл да өте шықты. Ендi ес жиып, алды-артыма қарасам, өткен – өтiрiк, болашақ – күмәндi... Бұдан өткен мазақ, бұдан асқан азап болмас!..
Әлемдегi әлеуеттi елу елдiң қатарына қосылдық, Құдай жазса, күнi ертең көшбасшы боламыз деймiз!.. Лайым, айтқаны келсiн!.. Тек, кiм?! Қазақ па, басқа ма?!
Қазақстан Жазушылар Одағында 700-ге жетер-жетпес ақын-жазушы бар. Ал олардың елуден асқанша тап мен сияқты үйсiз-күйсiз жүргенi, тiптi, саусақпен санарлық. Бәлкiм, мүлде жоқ та шығар!..
17 миллион қазақстандыққа 700 жазушы аз ба, көп пе? Айта алмаймын!..
Анық бiлетiнiм, өз ақынын 53-ке келгенше кiсi есiгiне телмiртiп қойған елдiң ертеңiнен не қайыр, келешегiнен не үмiт?! “Ел ерге, ер жерге қарайды” деген осы!..
Осыдан бiраз уақыт бұрын “Время” газетi жазды, Алматыда аса қымбат бағаға сатылатын көпқабатты үй салынбай ма. Мiне, осы көпқабатты үйден белгiлi шенеунiк Зауытбек Тұрысбековтiң әлi үйленбеген кiшi баласы бiр емес, екi емес, бақандай 17 пәтер сатып алыпты. Әртүрлi қабаттардан. Бұл 17 пәтердiң iшiнде 2 бөлмелiгi де, 3 бөлмелiгi де, 5 бөлмелiгi де, тiптi 7 бөлмелiгi де бар екен.
Мiне, осыдан-ақ бiлiңiз, ғұмыр бойы жұмыс iстеп, бiр бөлмеге қолы жетпейтiндер бар. Бiр үйден 17 пәтер сатып алатын осындай бозбалалар да бар...
Жақында жолдасым екеумiз елден келiп, сауда-саттықпен айналысып жүрген бiр танысымызға жолығу үшiн Астанадағы “Шанхай” базарына бардық. Әйелiме: “Өзiң барып сөйлесе бер. Мен осында күтем”, – деп, аялдамада қалдым. Жұмысымыз ауысып Астанаға қоныс аудар­ған алты-жетi ай iшiнде екi-үш пәтер ауыстырып, хабарландыру оқу әдет боп қалған ба, жарнамаларға қалай назар аударғанымды өзiм де байқамай қалдым. Пәтер iздеген бiр хабарландырудың астына былай деп жазыпты. “Үйiң бар ма, жайың бар ма? Астанада атаңның басы бар ма?!”
Төбемнен суық су құйғандай болды. 
Не күлерiмдi, не жыларымды бiлмеймiн... 
Тура маған айтқандай!..
Сол сезiм ақыры өлең боп өрiлдi:
Қала барсақ бiрдеңе шыға ма деп,
Бiзге де бiр ырыс-құт жұға ма деп,
Ит байласа тұрғысыз Астанада
Қанша қазақ қаңғып жүр дуана боп!..
Дер кезiнде жанатын жалын шашып,
Дер кезiнде соғатын дауылдатып,
Бiр iнiм жүр мұз күреп, қоқыс терiп –
Бiр қызым жүр көшеде арын сатып!..
Әлдилеген әркiмнiң арманы бар,
Дер шағында қол бастап, орда бұзар,
Бiр ағам жүр әркiмге қолын жайып –
“Қашан тояр екен, – деп, – жалмауыздар?!.”
Амал қанша Алланың жазғанына,
Адасқандар өмiрде аз ба мына?..
Қарап тұрып қан жұтам, сорлы елiмнiң –
Озғаны ма бұл, әлде, тозғаны ма?!

***

Жоғарыда аталған жиынның негiзгi тақырыбы – “Ұлттық интеллигенцияның жалпы қазақстандық бiрегейлiктi қалыптастырудағы рөлi”.
Пленумда сөз сөйлеген тағы бiр танымал ағамыз осы орайдағы ойларын ортаға сала отырып, марқұм Әнуар Әлiмжановтың “Қазақ ұлтшылдықтан да, рушылдықтан да өлмейдi. Мен қазақ болашақта екiге бөлiнiп кете ме деп қорқамын. Ол – қала мен дала балалары” деген сөзiн тiлге тиек етсе, Сiз өз пiкiрiңiздi “Алтын бесiгiмiз” деп қашанғы жата беремiз, кiндiктi кесу керек ауылдан!..” деген ұсыныспен түйiндепсiз... Мiне, осылай барлық мәселенi бiр-ақ күнде шешкiңiз келедi!..
Онда маған мынаны айтыңызшы!.. Ауылдан кiндiгi кесiлген қазақтың Қазақ боп қалатынына сенiмдiсiз бе?! Тек сiз бұдан қорықпаңыз... Ғалымдардың айтуынша, қалалық болу үшiн ең кемi екi-үш ұрпақ ауысу керек екен. Демек, Сiзге оның ешқандай қатыс-түйiсi жоқ. Түбi дегенiм ғой!.. Немере, шөберелерiңiз болмаса...
Ал Әлiмжанов айтқан күдiктiң, бүгiнде шындыққа айналғаны күмәнсiз. Әйтпесе, Тұрсын ағамыз бұл сөздi тектен-тек еске алмайды!..
Өкiнiшке қарай, қазiргi қазақ зиялыларына тән ортақ қасiрет – ақыл айтуға құмарлық. “Кiм кiнәлi?” деген сұрақты көтередi де, “Не iстеу керек?” деген сауалға келгенде жұмған аузын ашпайды. Бастан жақ та ажырайды. Ақыры айтқан екенсiң, ашыла айт. Болмаса... жармақ бақыт, жалған махаббат, жартыкеш шындықтың ешкiмге қажетi жоқ!

Жас Алаш

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



14/10/2024 09:57

Хабарландыру!
0 942 0




15/07/2024 16:45

Хабарландыру!
0 2134 1




05/06/2024 11:25

Хабарландыру!
0 2864 0



14/05/2024 16:43

Хабарландыру!
0 2630 0




14/06/2017 11:34

Оздық па, тоздық па?..
0 49067 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика