THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тыныштық ЕРМЕКОВА: «ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ЕКІ ЖҮЙЕСІ БОЛУ КЕРЕК»
Авторы: Сұхбаттасқан Айдана МАҒЖАН
08/01/2024 12:00 0 13658 0
Грамматика саласы бойынша республикадағы беделді мамандардың бірі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Тыныштық Ермекова. Ғалымның авторлығымен 200-ге жуық мақала жарық көрген. Жарияланымдарының басым бөлігі қазақ тіл білімінің көкейтесті мәселелеріне арналған. «Қазақ тілін оқытудың екі жүйесі болу керек» дегенді алға тартып, бүгінде мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың жүйесін зерттеп жүрген Тыныштық Нұрдәулетқызымен сұхбаттасуды жөн көрдік.
- «Қазақстан Республикасында
мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың жүйесі» атты жобаңыздың өзектілігі неде?
Неге бұл тақырыпты зерттеуді жөн көрдіңіз?
- Расында да кез келген зерттеу жұмысы зерттеу сұрағынан
басталады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Тіліміздің Ата
Заңда көрсетілген мемлекеттік мәртебесі бар. Тілді оқытудың түрлі аспектілері, жаңа
технологиялары туралы дәстүрлі жүйе бойынша
да, жаңа форматтағы қорғалып жатқан PhD
мен магистрлік диссертациялар, оқулықтар мен оқу құралдары да жеткілікті. Ол неғұрлым көп болса, соғұрлым
жақсы. Бірақ осы тақырыпты таңдауға бірқатар себептер болды. Осы уақытқа дейін
жарық көрген оқулықтармен мемлекеттік тілде еркін сөйлеп шығуға қол
жеткізе алмауымыздың себебі неде?
Мемлекеттік тілді 11 жыл оқып шыққан бала неге қазақ тілінде еркін сөйлей
алмайды? т.т. Зерттеу Қазақстан Республикасында қазақ тілін оқытудың
жүйесіндегі олқылықтарды анықтап, тілді оқытуды қалай жүйелеуге болады,
мақсат-міндет пен күтілетін нәтиже, оқу мақсаттарын қалай айқындау қажет деген
маңызды мәселелерді анықтап, әлемдік тәжірибеде оң нәтижесін дәлелдеген тілді
деңгейлік оқытудың қазақстандық моделін
ұсынумен ерекшеленеді.
- Жобаның басты мақсаты қандай?
Қандай мақсат көздедіңіз? Мақсаттарыңыз қолжетімді ме?
- Қазақстан Республикасында қазақ
тілін оқытудың қолданыстағы жүйесін талдап, әр деңгейге арнап жасалған
бағдарламаларды сараптау нәтижесінде қазақ тілін оқыту жүйесі мен мемлекеттік тілді оқыту
барысында берілетін білім мазмұнын
жетілдірумен бірге, осы арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын
кеңейтудің алғышарттарын әзірлеуді мақсат етеміз. Нақты нәтижелерге қол
жеткізген соң, оны жүзеге асырудың тетіктерін тиісті орындарға ұсынамыз. Бірақ жоба талап ете алмайды. Егер ұсыныс
тиісті атқарушы органдар тарапынан қолдау тауып жатса, әрине, жүзеге асады.
- «Қазақ тілін оқытудың екі
жүйесі болу керек (коммуникативтік, академиялық)» деген екенсіз. Осыған
толығырақ тоқтала кетсеңіз…
- Мәселе мынада: қазақ тілін орыс
сыныбы болсын, қазақ сыныбы болсын, екінші тіл ретінде болсын, шетел тілі
ретінде болсын, оқытудың мақсаты біреу: қазақша дұрыс сөйлеуге және сауатты
жазуға үйрету. Бұл – оқушының бойында бастауыш сыныптардан қаланатын дағды. Бұл
мақсат жоғары сыныпқа дейін өзгермейді. Дұрыс сөйлеу мен сауатты жазу 11
сыныпта да керек. Бірақ оның деңгейі бастауыш сыныпқа қарағанда күрделі.
Біздің ойымызша, қазақ тілін оқытудың
екі-ақ жүйесі болуы керек:
1)
Қазақ тілінің коммуникативтік
курсы. Бұны мектепке дейінгі тәрбие беретін мекемелерден бастап, бастауыш
мектеп, орта мектеп, ЖОО-ның қазақ
бөлімдері (төменгі курс) оқуы керек. Бір қарағанда, өзімізде бар нәрсе сияқты
көрінгенімен, оны жүзеге асырудың тетіктері қарастырылмаған. Айталық,
балабақшаны бітірген баланың тіл білу деңгейіне қойылатын талаптар қандай, орта
мектепті қазақ сыныбында бітірген оқушы мен орыс сыныбын бітірген оқушының, сол
сияқты жоғары сыныпты немесе колледжді бітірген баланың тілді білу деңгейіне
қандай талаптар қойылады? Міне, осындай оқу нәтижесі, тілді меңгеру деңгейі
айқындалмағандықтан, балабақшада үйрететін «– Сенің атың кім? – Менің атым
- ...» моделі жоғары оқу орнына барған
кезде де қайталанады.
2)
Қазақ тілінің ғылыми академиялық
курсы. Бұны бірінші кезекте филология, педагогика мамандықтары және жоғары оқу
орындарындағы қазақ бөліміндегі барлық білім бағдарламалары бойынша оқуы керек.
Назар аударатын мәселе орта мектепті қазақ тілінде бітіріп, жоғары оқу орнына
түскен күннен бастап қазақтілді студент үшін «Қазақ тілі» пәнінің есігі
жабылады. Бір кездері енгізілген «Кәсіби
қазақ (орыс) тілі» пәнін кейбір жоғары оқу орындары сақтап қалғанымен, оның
біразы қазақ топтарына «Кәсіби орыс не ағылшын тілін» оқытады, ал орыс
топтарына «Кәсіби қазақ тілін» оқытады. Соңғы жылдары жоғары оқу орындарының
білім бағдарламаларына енген «Академиялық жазылым» пәнінің де күйі осындай.
Жоғары оқу орындары ғылыми кадрларды даярлайтынын ескерсек, оларға салалық
пәндерден басқа қазақ тіліне қатысты бір де бір пәнді білім бағдарламаларына
енгізбеу – тілдің ғылым тілі ретінде дамуына тосқауыл қоюмен барарбар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та
"Ана тілі" басылымына берген сұқбатында қазақ тілінің ғылым тіліне
айналу керектігін айтқан болатын. Университеттер ғылыми кадрлар даярлайтын
білім ордасы екенін ескерсек, мектеп деңгейіндегі біліммен қазақ тілін қалай ғылым тіліне айналдырамыз?
«Қазақ тілінің әлеуеті ғылымды дамытуға жетпейді» деген ұшқары түсініктің
қоғамда белең алуы тілдік білім берудегі
осындай жүйесіздіктің салдарынан деп білеміз.
Мемлекеттік
тіл мемлекеттік маңызды мәселе болғандықтан, ол азаматтық, патриотизм, мәдени
тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Тіл білу халықты, оның тарихын,
тұрмысы мен әдеп-ғұрпын және салт-дәстүрлерін терең тануға жол ашады.
Мемлекеттік тіл мемлекеттің туы, елтаңбасы, әнұраны секілді басты рәміздерінің
бірі болғандықтан, бұл тілде ауызша, жазбаша еркін коммуникацияға түсу қазақстандықтардың парызы
ғана емес, міндеті де болуы тиіс.
- Зерттеу ауқымыңыз тым кең -
балабақшадан бастап ересектерге дейінгі оқу деңгейлерін қамтиды екенсіздер.
Бұдан нәтиже шығара аласыздар ма? Әлеуеттеріңіз жете ме?
- Дұрыс байқадыңыз, жоба ауқымы өте кең. Балабақшадан
бастап ересектерге дейінгі оқу деңгейлері қамтылады. Жоғарыда айтқанымыздай,
тіл үйретуге жүйелі құбылыс ретінде қарау біраз нәрсені өзгерте алады. Егер
жүйені тұтас қарамай, бөлшектеп қарастырсақ, тиісті нәтижеге қол жеткізу одан
да қиын. Әлеуетіміз жетеді деп ойлаймын. Жоба орындаушылары қатарында осы
мәселелермен ұзақ жылдар бойы айналысып жүрген ғалымдарымызбен бірге креативті
көзқарастағы жас ғалымдарымыз бен мамандарымыз
да бар. Атап айтар болсақ: филология ғылымдарының кандидаты, ұзақ жылдар
бойы мемлекеттік тілдің түрлі мәселелерімен тұрақты түрде үзбей айналысып келе
жатқан ғалым, мектеп оқулықтарының авторы Бижомарт Қапалбек, әлеуметтік лингвистика, тілдік жағдаят, тіл
саясаты мәселелерін зерттеуші ғалым Аман Абасилов, жас ғалымдар Ж. Күзембаева, Д. Рысқұлбек және т.б.
-
Сіздер ғылыми мекемесіздер, алған тұжырымдамаларыңызды орындау, жүзеге асыру
тетігі бар ма? Әлде, тек зерттеп қоясыздар ма?
Жоғарыда
айтқанымыздай, біз талап ете алмаймыз. Тіл үйрету ісі тек білім беру
ұйымдарындағы санаулы мамандардың ісі емес. Оған қоғамның, биліктің, тіпті жеке
тіл үйренушінің ынтасы мен көзқарасы да әсер етеді. Бірақ оны жүзеге асыруға қажетті барлық
алғышарттарды даярлап беруге әзірміз. Мақсат айқын: білім берудің барлық
сатыларында қазақ тілін деңгейлік оқыту жүйесін ұсыну. Білім алушының келесі
сатыға өтуіне қажетті тілдік деңгейін белгілеу.
ПІКІР АЛМАСУ
10/11/2023 15:04
Бижомарт ҚАПАЛБЕК: ӘЛІППЕНІҢ АТАСЫ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ САЛҒАН АРНАҒА ҚАЙТА ОРАЛУЫМЫЗ КЕРЕК
|
ТЕКСТ