THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Мұхит Дербісәлі: "Қазақ жерінде қазақ ұлтына басымдық берілуі қажет"
Авторы: Гүлмира САДЫҚ
28/04/2017 17:42 0 38144 0
Газетіміздің №12-13 (528) санында жарық
көрген саясат бөлімінің редакторы Өмірзақ Ақжігіттің «Как господин никто? Все
силы на борьбу с Деникиным! Большевистский лозунг гражданской войны
1918-1921гг». атты мақаласында Алматы қалалық Бостандық аудандық сотына қала
тұрғыны М.Дербісәлінің жазған талап арызы турасында жазылған болатын. Көзі
қарақты оқырман мәселенің мәнісімен, арыздану-шының талап тілегімен таныс деп
ойлаймыз. Сондай-ақ, біз Мұхит Дербісәлі ағамызды толғандырып жүрген тағы
бірқатар мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітуді жөн деп санадық.
– Мұхит аға, «даудың басы – Дайрабайдың
көк сиыры» демекші осы дау қалай басталды, тағы да бір тоқталып өтсеңіз…
– Сегіз айдан бері мені сергелдеңге
түсірген жәйт – «Свобода слова» газетінің бас редакторы Е.Рахымжановтың
аталған газетте жазған мақалалары болды. Өзінің шимай шатпағында Евгений не
деп есіреді? «Свобода слованың» бір емес екі бірдей нөмірінде ашықтан ашық
қазақ ұлтына қарсы шығып отыр. Ол мақаласында: «лично я считаю, что русский
язык должен стать вторым государственным в Казахстане» дейді. Өзінің туған
тілі – қазақ тілінің шын мәніндегі, Конституция бабына сәйкес тұғырына, қайтсек
қонады деп жан ұшырып жүрген жұртқа орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ету
керек дегені қай сасқаны? Мұнымен қоймай халқымыздың біртуар қайраткері
Мұхтар Шаханов бастаған ұлт патриоттарына шүйлігеді. Ол өзінің шимай шатпағы
арқылы ерен ерлердің еңсесін түсіре алмасы анық. Дегенмен біз оған аузына
келгенін айтқызып қарап отыра алмаспыз. Сол үшін де мен өзімнің талап арызымды
бердім. Мені алаңдататын басты мәселе – тәуелсіздік алған жиырма бір жыл ішінде
ел арасында туындаған осындай түрлі араздықтардың шешімінің таппай келе
жатқандығы. Мұның объективті негіздері бар болса, оның салдарымен билік неге
күреспейді. Рахымжанов сияқтылардың ел арасына іріткі салуына неге біз жол
беруіміз керек?
Сонымен қатар халқымыздың қылмыстық
кодексінің 164 бабы 3 тармағы мен Ата заңымыздың 20 бабы 3 тармағында ұлттық
намысты және абыройды қорлайтын, ұлттық өшпенділік пен араздықты қоздыруға
әдейі жасалған әрекеттері үшін адамдар ұлттық ерекшелігіне қарамай, заң
алдында жауап беретіндігі айтылған. Бұл жерде Е.Рахымжанов БАҚ-н
пайдаланғандығын да ескеру қажет. Мен биліктің менің талап арызым бойынша істі
қарап, ақ қарасын айыратынына сенемін.
– Иә, аға ел арасындағы қалыптылық пен
тыныштықты сақтауға септігін тигізер бірқатар ұсыныстарым бар деген едіңіз.
Нақты қандай ұсыныстарыңыз бар екенін оқырман қауым біле отырса…
– Біздің елімізде ресми орындарда да,
қоғамдық өмірде де көпұлтты деген терминология жиі қолданылады. Меніңше бұл
сөздің қолданылатын орнын білуіміз керек. Қазақтың көпұлттымыз деп көкірек
қаққаны өзіне таяқ боп тиіп отыр. Рахымжанов сияқты пысықайларды есіртетін де
осы сөздер. Яғни біз осыған өзіміз жол ашып беріп отырмыз. Көпұлтты деген сөзді
меніңше ресми қолданыстан алып тастау қажет. Қазақ халқы осындай батыл қадамға
баруы тиіс. Қазақстан Халықтар Ассамблеясы деудің орнына Халық Ассамблеясы
деген сөзге осы күнде етіміз үйренді. Меңінше осы Ассамблеяны нағыз
мемлекеттік-қазақ тілінің насихатшы-уағыздаушысына айналдыруымыз керек. Негізінде
қазақ жерінде қазаққа басымдық берілуі табиғи да заңды құбылыс. Қазақстанда
өзге ұлт жоқ демейміз, бірақ қазақ ұлты елден ерек қызыл әріппен жазылып
тұруға тиіс емес пе?! Бұл бірінші ұсынысым. Оның бір ерекшелігі – оның
заңдылығында!
Ал, екіншісі – еліміздің солтүсік,
шығыс, батыс облыстарындағы бұрынғы Кеңес Үкіметінің кезіндегі атаумен қалып
қойған аудан, қала аттарының барлығына қазақша атау беру. Бұл Тәуелсіздік
таңының атқанына жиырма бір жылға жақындаса да еліміздің кешегі орыстандыру
саясатынан әлі арыла алмағандығының көрінісі.
Сондай-ақ өзіміздің оңтүстік
астанамызда болып жатқан ұлтқа қатысты осы бір дауға келгенде де Алматы
қаласындағы ішкі саясатты жүргізуге тиіс басқармалары да үнсіз отыр. Олар қала
халқының ішкі бірлігін, татулығын сақтау жолында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге
қауқарсыз екендіктерін көрсетуде. Сот орындары осы жұмысты жандандыруға күш
салса екен.
Үшінші ұсынысым – Ата заңымыздағы орыс
тіліне басымдық беріп тұрған оның мемлекеттік мекемелері мен жергілікті
басқару орындарында ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар пайдаланылады деп
айғақтаған бапты, жақын арада, екі-үш жылдан асырмай алып тастау. Егер де қазақ
тілінің мәселесіне келгенде билік басындағылар ұлтым деген азаматтардың
сөзіне бір мезет құлақ асатын болса, онда қазақ тілінің халі бүгінгідей мүшкіл
болмас еді. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш. Бұл шын мәніндегі
Тұрақтылықтың нағыз кепілі болар еді.
Жоғарыда атап көрсетілген үш мәселе
жөнінде мен өз құқығымды пайдалана отырып талап арызымды бердім. Бірақ мұндай
ауқымды мәселелерге келгенде бірінші деңгейлі сот нақты шешім шығара алмауы
ықтимал. Сот түрлі сатыда жүргізілуі мүмкін. Істің қалай өрбитінін енді уақыт
көрсетеді. Бірақ мен осы жолда бар күш-жігерімді аямаймын. Жалғыздың үні
шықпайтыны белгілі. Сондықтан мен бұл жолда жалғыз емеспін. Маған бірқатар
қоғам қайраткерлері, қазақ тілді БАҚ-ы қолдау көрсетуде.
Менің мақсатым – қоғамның ойын осы
мәселелерге бұра отырып, оның шешілуіне ұйытқы болу.
– Аға, сіздің еңбегіңізге жеміс
тілейміз. «Жас қазақ үні» ұлт үшін жасалған барлық істердің бел ортасында
жүреді. Яғни біз де сізге қолдау көрсетеміз.
Ескерте кетерлік бір жәйт екі тараптың
арасындағы сот әлі күнге дейін жалғасуда. Сот процесі біздің назарымызда
болатындықтан, алдағы уақытта нәтижесі туралы да сіздерді хабардар ететін
боламыз.
ЖАС ҚАЗАҚ ҮНІ газеті
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ