КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Зейнеп Ахметова:

Бақытжан екеуміздің ақ некеміз қиылып, шаңырақ көтергенімізге жылдан жаңа асқан кез еді. Жас жұбайлардың ыстық-суығы басылмаған мерзім деуге болатындай уақыт. Осы аралықта менің анық байқағаным, қыз бен жігіт болып кездесіп, қыдырып жүретін арақатынас бір бөлек екен де, үй болып үйлесу мүлде басқа екен. Ата-ананы, туған-туысты қуанышқа бөлеп, думандатып, дүркіреп той өтеді. Қонақ тарқайды. Енді кәдімгі қарапайым күнделікті тіршілік басталғанда жас-жұбайлар бірін-бірі бар болмысымен жақыннан танып, басқа қырынан көріп сүйсінуі немесе өкінуі ғажап емес. Мінез-құлықтағы бұрын байқалмаған, байқалса да, майда-шүйде деп елемеген әдет-дағдыдағы көңілге томпақ келер тұстар көріне бастайды екен. Олардың бойындағы сәйкессіздік, көзқарастарындағы үйлеспеушілік салдары жас жұбайлар үшін нағыз ұрымтал да қауіпті мерзім осы ма деймін?! Әсіресе біз секілді біреуі – «сорок» біреуі – «қырық» дейтін тау мен баудай екі адамның жіксіз жымдасып, бір бүтінге айналуы деген ащы теріңді талай төккізіп, төзім мен түсінісуді қажет ететін үлкен белес екен. Сондай бір қиюы келмей қисайып тұрған шақта тыз етпе мінез көрсеттім білем, Бәкеңнің қолы тиіп-ақ кеткені. Әке үйінде қаққы көрмей, қабақ шытар күнім сирек, ерке де еркін өскен асау басым екі сөзге келмей, үйден шықтым да кеттім. Төркінің алыс болса, ішкі «шеріңді» тарқатар жерің болмаса, амал жоқ, ал менің төркінім – иек астында, тиіп тұр. Алатаудың бөктерінде, Алматының іргесіндегі бау-бақшаға оранған «Горный гигант» деген елді-мекенде еді. Соңынан болар келіп-кетерді ойлап бас қатырмай, әкемнің үйіне тартып отырдым. Мен келгенде анам бір өзі жазғы шайханада, қолынан оймағы түспейтін әдетімен іс тігіп отыр екен. Танауымның желімен шалғын жапырардай ентігіп келіп, еңіредім дейсің... «Маған қол жұмсады... Жағымсыз сөз айтты... Мен ойлаған адам емес екен, қателесіппін, енді қайтіп бармаймын» деген секілді сөздерді төпеп жатырмын. Аузым тынбай арызымды айтып, жұбайымды «етегін кесіп, елден шығарып», керекке алғысыз етіп, анау бір жаққа апарып-ақ тастадым. Сол кезде кенеттен көзімнің оты жарқ етті. Бетіме тиген отты шапалақтан есеңгірегенім соншалық, дым түсінбей анама қарадым. Ол кісінің жайшылықтағы сүйкімді бидай өңі өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. Қанына әбден қарайған секілді. Менің сөзімді бөлмей мұқият тыңдап отыр еді ғой, енді мынасы несі?! Ес білмеген кезімді қайдам, ақ-қараны ажыратып ес тоқтатқалы бері шешемнен алған алғашқы соққым бұл. Келіншек болып, керіліп жүргенде бір күнде әрі күйеуіңнен, әрі анаңнан шапалақ жеу деген сұмдық қой! Жаңағы жылағаным жылаған ба, о-оой, боздадым-ау келіп! Алдында шағынып жыласам, енді қорланып жыладым.

 

– Тоқтат көзіңнің сорасын! – деп анам зекіріп жіберді. – Мен сенің етіңді жасық, сүйегіңді бор етіп туғам жоқ! Намыс қайда?

Міне, гәп қайда жатыр? Бала кезден мен естіп келе жатқан анамның сөзі мынау еді. «Қызы бар үй қандай болады екен» деп армандап жүргенімде құдай бере салған ботам!» – дейтін. Сөйтіп, аспандатқан қызына қол көтерткен «намыс» дейтін құдіреттің күшіне не шара, не дауа?

– Көрейін дегенім осы ма еді менің – деді әлі өксігін баса алмай ықылық атып отырған маған ызбарланып. – Сенімімді селге жібереді деп ойлаппын ба мен жазған! «Шыққан қыз шиден тысқары», сенің түпкілікті тұрағың, түтінін түтетіп, тілеуін тілейтін үйің – анау күйеуіңнің үйі. Бір еркектің ыстық-суығына төзе алмасаң, кедір-бұдыр мінезін кешіруге кеңдігін жетпесе, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң әйелдің ақ жаулығынан садаға кет! Күні кеше саған Бақытжаннан асқан сұлтан да, сұңқар да жоқ еді, енді нағып жаман болып қалды? Бір жылға шыдайтын қоян терісі құрлы бола алмай, күйеуіңнен жеріп отырсың ба? Ол кінәлі емес, ұстамдылық көрсетіп, татулыққа талпынбаған мына сен оңбайсың! Әйелі сыйламаған еркектің жолы болғанын көргенім жоқ. Талай марқасқа сарбаз жігіттердің табанын тайдырып, басындағы бағын шайқалтатын сол күйеуін қадірлей алмайтын бейбақтар емес пе?! «Жақсы әйел – үйдің берекесі, жаман әйел – елдің келекесі» деген ата-бабаң. Енді қайтып көз жасыңды көлдетіп, сөз тасып, күйеуіңді даттап, сүйреңдеп келетін болсаң, ақ сүтімді кешпеймін. Менен туғаның бекер болады. Ошағыңның берекесін кетіріп, жұртқа күлкі болмай тұрғаныңда, аға-жеңгелеріңнің көздеріне күйік болмай тұрғаныңда келген ізіңмен қазір үйіңе қайт! Батыр қараңды бұл жерден! – деп өктем үнмен қақпаны көрсетті.

Мықты болсаң қарсы уәж айтып көрші мынадан соң. Суға сүйенгендей тіреу таппай, шайқалып кеттім. Жон арқамнан жылан жорғалап өткендей тітіркеніп, бүкіл денем мұздап сала берді. Жаным алқымға келіп, отыз тісім бір-біріне қабысып қалғандай, жағымды аша алмадым. Әншейіндегі басымнан сөз асырғым келмейтін өрлігім қайда, ұнамағанды бетке айтып қарап тұрар «ерлігім» қайда, тақылдайтын таңдайым қайда – бәрі әдірем қалған. Анамның бір шапалағы мені аспаннан жерге түсіріп, шөгеріп тастаған. «Әр асуға бір тосу бар» деген осы екен.

Көздегенім бұл емес еді. Осылай қарай келе жатқанымда дәмем ұзын болатын. Анам: «Ішіме сыйған балам сыртыма да сыяды. Арпа ішінде бір бидай – жалғыз қызымды жылатып қоя алмаймын. Өйтіп басынбасын! Әкең жоқ болса да, қарқарадай болып мен отырмын. Артыңда, құдайға шүкір, тірелген аға-іні жоқтаушыларың бар...» – деп бауырына басып жұбатады, көзімнің жасын сүртеді, аймалап сүйеді, дәмді-тәттісін алдыма қояды дегем. Қайда-а-а-н! Жүрегі тасқа айналғандай, менің соншама егілгенім пішту болмады... Анам бұрын да менің жиі келіп-кететінімді жаратпайтын.

– Ұзатылған қыз әкесінің үйіне жалғыз келген сайын босаға тітірейді дейді. «Апыр-ай, қандай оймен келді» деп үрейленеді екен. Әкеңнің үйінің босағасын қайта-қайта дірілдете берме! Күйеуге тиген келіншек жұбайымен бірге келгені жөн. Өзіңмен-өзің емін-еркін жүріп кететін, шолжаңдайтын қыз дәуренің өткен. Сен ұядағы жұмыртқа емессің, қанатың жетіліп ұшып кеткен құссың. Қонар тұғырың енді бұл үй емес. Қыз кезіңдегі талай әдеттеріңмен қоштас. Бір қазанның иесі болдың, отыңды маздатып жаға аласың ба, түтіндетіп бықсытып қоясың ба – өз өреңе байланысты. Ықылым заманнан бері киіз үйдің шаңырағын еркектер көтеріп тұратын еді, керегесін керіп, уығын шаншитын, үзік-туырлығын жауып, үйдің іші-сыртын сәндейтін – әйелдер. Керегесі кең керіліп, уығы мығым шаншылған шаңырақ шайқалмайды, түтіні түзу шығады. Ер-азамат – шаңырақтың иесі, үйдің тірегі болса, әйел – отбасының ұйытқысы, алтын қазық берекесі. Сондықтан ары-бері сәукілдеп босқа сабылғанша үйіңнің тірлігін істе, әйелсіз үйге жылылық кірмейді, отыңның құтын сақта! – дейтін.

Бір жолы мен үшін тосын, құлаққа түрпідей тиетін әңгіме айтқаны бар.

– Қазақта адам қайтыс болғанда мәйітті үйдің оң жағына шиге салып, шымылдық құратын. Марқұмды ақ жауып арулап, сыртқа үйдің оң жағына шығарады. Мәйітті қайтып үйге кіргізбейді. Жаназасы оқылған соң тездетіп, артқа қаратпай, алып кетеді. Қызға да әке үйінің оң жағынан беріп, төсегін оң жаққа орналастырған. Ұзатылар кезде оң жаққа, қыз төсегінің тұсына шымылдық құратын. Той өтіп, қызды шығарып саларда қоштасу, көрісу, сыңсулар айтылып болған соң, үйдің оң жағынан қалыңдықты қолтықтап, алып шығады. Ол қыздың қайтадан үйге кіруіне жол жоқ. Сөйтіп, туған ауылынан аттандырып, артына қарайлатпай алып кетеді. Қай замандарда қалыптасқан, нені тұспалдатып, нені меңзеген, ғажап бір ұқсастық бар, – дегенде:

– Қойыңызшы, қайдағыны айтпай, сонда мені өлдіге балап отырсыз ба? – деп кәдімгідей ренжіген едім. Сонда анам:

Алла өмір жасыңды ұзағынан берсін деп тілеймін. Аналар ешқашан өлім тілемейді, өмір береді. Менің айтайын дегенім – күйеуге тиіп кеткен қызға әке үйінің қайтып үй болмайтындығы. Әке үйі сағынып келіп, мауқыңды басып, бір мезгіл аунап-қунап, еркелеп-еркінсіп кететін құтты мекен болып қалуы керек, – деп еді. Тағы бірде: – Күйеуіңе жақсы жар болам десең, жұғымды, жағымды болам десең, тым ащы да, тым тәтті де болма! Өте ащы болсаң – түкіріп тастайды, асыра тәтті болсаң – жұтып қояды. Дәмді ғана болуға тырыс, – деп қызық сөз айтқан болатын.

Жоғарыдағы әңгімелердің бәрін өзінің жұмсақ үнімен бастап, жайбарақат отырып айтатын. Бұл жолы бәрі басқаша болды. Қарашаның қара суығындай өн бойымды шіміркендірген ызғарлы сөздерден соң, өз үйім деп жүрген жерден, керек болса, дәм татқызбай қуған соң, сүтке тиген күшіктей қадірім кетіп, сүмірейіп үйге қайттым.

Қайтуын қайттым-ау, бірақ үйге кіруім қиынға соқты. «Қайтып келер есігіңді қатты серппе» деген сөздің мағынасын сол жолы терең түсіндім.

Бағана енді оралмайтындай екпінмен есікті тарс жауып кетіп едім. Қолымда кілтім болса да, үйіме кіре алмай, кежегем кейін тарта берді. Есік маған « менде өшің бардай аямай соғып, топсамды түсіре жаздап едің, енді қай бетіңмен келіп тұрсың» дегендей суық қарап, міз бақпай тұр. Тілі болса одан да зорын айтар ма еді, кім білсін?! Өз ойымнан өзім шошынғандай тез бұрылып қайтадан көшеге шықтым. Мақсатсыз сенделіп, едәуір жүрдім. Амалсыздан ақыры үйіме келдім. Жай келмедім, ой түйіп келдім... Сол күннен кейін қайтып жұбайымның үстінен сөз жүргізіп, төркін жаққа шағынып, арызданып баруымның алды-арты тамам болды.

 

***

 

Бақытжан Момышұлы:

– Бір жолы мына Зейнепті байқамай қағып кеттім бе, қолым тиді ме... В общем келінің үйден шыға жөнелді. Содан жоқ, жоқ, бір кезде келді. «Серуендеп келдім...» деді де қойды. Ішімнен «серуендесең серуенде, бағанағы үшін мазамды алмасаң болды» деп мен де басқа ешнәрсе сұрағам жоқ. Екі-үш күннен соң Зейнептің мамасы келді үйге. Әдеттегідей аңқылдап, «жандарым, күндерім» деп ай бойы көрмегендей айналып-толғанып жатыр. Мені «қазанбасым» деп еркелететін. Бір қызығы, өзінің қызынан бұрын алдымен менің маңдайымнан сүйетін. Бұл жолы да – сол әдеті. «Балалар мал сойып еді, сендерге жас ет әкелдім», – деп, басқа да жаңалықтарын айтып, көңілді отырып, шай іштік. Содан кетуге жиналды. Аялдамаға шығарып салайық деп екеуміз де ілесіп едік, «үйіңнің тірлігін істе» деп Зейнепті қалдырып кетті. Ойымда түк жоқ, аялдамаға аяңдап келдік. Сонда ғана апам маған қарап:

– Бала, сенің көзің тұнық, жүрегің таза. Мен аналық сезіммен оны анық білемін. Анау қыздан кеткен анау-мынау кемістік болса, кешір. Ерке болғанымен, ақымақ емес, сөз түсінеді. Қайсыбір бейшара еркектер әйелге қол көтереді. Ол – азаматтық емес, әлсіздік. Сенің ондай әлсіздікке бармайтыныңды білемін. Өйткені сен – шаңырақтың иесі, нағыз ер-азаматсың, балам, – деді.

Құлақ шекем дуылдап, қаным басыма бір-ақ шықты. Жердің тесігі болса, ойланбастан кіріп-ақ кетер едім. Егер ол кісі ашу шақырып, дауыс көтеріп ұрысқанда мен өзімді қайта еркін сезінер едім. Қалай еді әлгі... Ә-ә, «мақтамен бауыздау» дей ме, тура сондай болды. Мынаның мені жамандап, титімдейді түйедей етіп дулатып барғанын алдын ала білгенімде баяғыда-ақ сөзімді жұптап қояр едім...

«Бабалар аманаты» кітабынан

ықшамдап дайындаған 

(100-105 бб.)


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


28/04/2017 17:34

Текті аналар
0 45034 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика