КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


 Қазақ баласы 300 жыл бойы отарлау саясатының тегеурінді тепкісін көрді дейді "Алаш айнасына" сілтеме жасаған mtdi.kz. Сол 300 жыл ішінде саңлақтарымыз азаттық үшін империяға қарсы шығып, 300-ден астам (кейбір деректерде 400-ге жуық) ірілі-ұсақты көтеріліс жасады. Әрине, Хан Кененің қарулы қарсылығымен басталған күрестің нүктесі Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен соң қойылып, бабалар армандаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бірақ осыдан 28 жыл бұрын Алматының алаңына шыққан 20 мыңға жуық азаматымыздың бас көтеруіне толық саяси баға бере алдық па? Бұл Желтоқсан дүрбелеңі бейбіт шеру ме, оқиға ма, толқу ма, әлде ұлт-азаттық көтеріліс пе? Осы бір сауалдарды ой-таразысына салып, безбендеп көрелікші.

 

Бейбіт шеру...

 Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуы жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Бұл, саяси тұрғыдан алсақ, жай ғана наразылық емес, сол тұстағы қазақ халқының ұлттық санасының көтерілгенін көрсетеді. Мәселен, 17 желтоқсан күні ертеңгісін алаңға шыққандардың қарасы 300-ге жуық қана адам болса, кешкісін олардың саны 10 мыңнан асып кетті. 18 желтоқсан күні бұлардың қатары 20 мыңға жуықтады. Демек, «Әр ұлттың өз басшысы болсын» деген ұранды ту еткен қазақтың ұл-қызы бейбіт түрде күресіп, саяси көзқарастарын білдіргісі келді. Олар «билік қарсы күш қолданады» деген ойдан аулақ болды. Осы бір жағдаятқа қарап, бұл оқиғаны «бейбіт шеру еді» деп топшылауға болмайды. Неге?

 

Толқу...

 Өйткені Желтоқсан дүрбелеңі аз-ақ уақыттың ішінде бүкіл ұлттық толқуға ұласып бара жатты. Қазақ ұлтының азаматтары жан-жақтан Алматыға ағылып, нәтижесінде қалаға кіретін барлық жолдар жабылды. Осылайша жастардың бейбіт шеруі түс ауа стихиялық қозғалысқа, наразылыққа ұласты. Бұл наразылық саяси шиеленіске әкелді. Саясаттану ғылымында саяси шиеленіс соңы қантөгіске апаратыны айтылған. Яғни бейбіт шеру – толқуға, ал толқу саяси шиеленіске айналып, оқиғалық сипат алды.

 

Оқиға...

 Бірақ Желтоқсан дүрбелеңін тек саяси оқиға деп тар шеңберде қарауға болмайды. Неге? Ғылым тілімен айтсақ, саяси оқиға дегеніміз – қалыпты өмір ағымындағы өзгеріс, санаға сілкініс әкелетін жайт. Мұндай оқиғалар адамның еркі мен санасынан тыс, өзіндік себептерден туындайды екен. Егер де билік қарулы күш қолданып, жастарды күштеп таратпағанда, ешкімді қудаламай, бар мәселені бейбіт жолмен шешкенде, Желтоқсан дүрбелеңі саяси оқиға деңгейінде қалар еді. Бұл – бір. Екіншіден, саясаттану ғылымы қылмыстық іс жүргізу құқығындағы адам әрекетін де оқиғаға балап жатады. Демек, теория жүзінде Желтоқсандағы саяси қақтығысты «саяси оқиға еді» деуге негіз жоқ...

 

Көтеріліс... 

 2007 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов ресми түрде бұл оқиғаға Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі деп баға берген болатын. Тағы да ғылыми теорияға сүйенсек, ұлт-азаттық көтеріліс дегеніміз – Тәуелсіздікті жеңіп алуға, шетелдік үстемдікті, отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталған күрес екен. Шынын айту керек, 1986 жылғы Жел­тоқсан қақтығысы осы айтылған сипатқа толығымен келеді. Оған бұлтартпас бірнеше дерек келтіруге болады. Мәселен: 

Біріншіден, Желтоқсан оқиғасы 70 жыл бойы өз үстемдігін жүргізген Кеңестер Одағының құлауына себепші болды. Осы көтерілістен кейін Балтық жағалауы елдерінде, Грузия, Әзірбайжан, Ресей т.б республикаларда саяси толқулар орын алды. 

Екіншіден, ресми деректерге сүйенсек, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 9 мыңға жуық азаматымыз зорлық-зомбылықтың, қинау мен жазықсыз жазаланудың құрбаны болды. Мысалы, сол қаһарлы күндері 2500-ге жуық адам тұтқындалыпты (ІІМ дерегі бойынша – 2336 адам, ҰҚК дерегі бойынша – 2212, Прокуратураның дерегі бойынша – 2401 адам). Күшпен ұсталған және уақытша қамау изоляторларына қамалған 8,5 мың желтоқсаншы қақаған қыста жалаңаш қала сыртына шығарылып тасталған. Ал ресми деректерде жарақат алғандардың саны 763-тен 1137 адамға дейін деп көрсетілсе, Мұхтар Шаханов басқарған комиссия олардың саны 1,7 мың адам болғанын айтады. Осы бір сандардан-ақ бұл жай ғана оқиға немесе толқу еді деп баға беруге болмайтынын аңғарасыз.

Үшіншіден, Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды деген айыппен 758 студент оқудан шығарылып, 1164-і жазаланған. 319 азамат жұмыстан босатылған, 100-ден астам адам сотталған. 700-ге жуық адам ішкі істер орындарының арнайы бақылауына алынған. Мысалы, Т.Бейісқұловтың деректері 110 адам сотталғанын айтады. Ал Американың Хельсинки азаматтық құқық қорғау тобының зерттеулеріне қарағанда 99 адам түрмеге тоғытылып, 631 азамат арнайы есепке алынған. Бүкіләлемдік тарихта жай ғана толқу үшін осыншама адамның бас бостандығынан айырылуы – болмаған жағдай. 

Төртіншіден, көтеріліс құрбандықсыз болмайды. Мысалы, Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов бірден ату жаза­сына кесілді. Бірақ кейіннен Қайрат Рысқұлбеков түсініксіз жағдайда өлтіріліп, Мырзағұл Әбдіқұлов бостандыққа шықты. Десе де осы қырғынның салдарынан Е.Сыпатаев, Л.Асанова, С.Мұхамеджанова, Қ.Молданазарова, С.Қашағанов, Т.Дәуренбеков сынды батыр оғландарымыз қыршынынан қиылғанын ескеруіміз керек. Қақтығыс кезінде жарақат алып, мүгедек болып қалғандар, өмір бойы балалы бола алмай зар еңіреп жүргендер қаншама? Жел­тоқсанның желінде таяқ жеп, денсаулықтан айырылған саңлақтарымыздың көбі айналдырған 28 жыл ішінде о дүниеге аттанып кетті. 

Бесіншіден, көтерілісті басып-жаншу үшін әрқайсысында 2928 сарбазы бар арнаулы құрамдағы үш отряд, 5700 әскері бар Алматы гарнизоны күштері мен құралдары, 7000 мыңға жуық КСРО ІІМ-нің арнайы әскері жұмылдырылды. Мұның сыртында Алматы облысынан – 5450, Фрунзеден (Бішкек) – 5445, Ташкенттен – 5452, Шелябіден – 5427, Новосибирскіден – 5427, Уфадан – 5424, Свердловскіден – 5425, Тбилисиден 2169 әскер әкелінген. Бұлардың барлығының саны 60 мыңға жуықтайды. Яғни ешбір мемлекет жай ғана саяси қозғалысты басу үшін осыншама күш жұмсамайтыны белгілі. Осы көтерілісті жаншуда ерен еңбек сіңірген Қазақ КСР ІІМ-нің 1586 қызметкері Құрмет грамоталарымен, «Үздік қызметі үшін» және «Милиция үздігі» белгілерімен марапатталып, ақшалай сыйлық алған. Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Президиумының медалімен 250 әскери шендегі азамат, сондай-ақ тағы да 250 азамат сол Президиумның Құрмет грамоталарымен наградталған. 

Алтыншыдан, шеру құралды қақтығысқа ұласқанда ғана көтерілістік сипатқа ие болады. Басында бейбіт шеру сипатында басталғанымен, жастардың талап-тілегі орындалмады. Керісінше, оларға күш көрсетілді. Осының себебінен қақтығыс нақты көтерілістік сипатқа ие болып, 11 транспорт өртелді, 24-і зақымданды. 39 автобус пен 33 жеңіл көлік істен шыққан. Яғни шарасыз жастар қолдарына ілінген таспен, таяқпен қарулануға мәжбүр болды деген сөз. 

Жетіншіден, көтеріліс 19 желтоқсан күні Алматыда тоқтағанымен, дәл осы толқулар 19-25 желтоқсан аралығында Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Шымкент, Талдықорған, Көкшетау, Арқалық қалаларында, Шамалған, Сарыөзек, Шелек елді мекендерінде жалғасын тапты. 

Қош, осы жеті мысалдың өзі желтоқсан дүрбелеңінің ұлт-азаттық көтеріліске айналғанын көрсетеді.

 

Сіз не дейсіз?

 Дәурен БАБАМҰРАТ, саясаттанушы: 

 – Желтоқсандағы қақтығыстарға көтеріліс деп баға берілуі керек. Оқиға дегеніңіз кез келген уақытта, кез келген жерде бола береді. Мысалы, автобус тоқтап қалса, соның өзін оқиға деп сипаттауға болады. Өкінішке орай, біздің қоғамдық ортада «көтеріліс болса, адам өлу, бас жарылуы, соғыс болуы керек» деген көзқарас қалыптасып қалған. Көтерілістің жеке мінездемесінде екі жақ міндетті түрде қырылысып, соғысуы тиіс деген қағидат жоқ. Кеңестер Одағы дәуірлеп тұрған тұста тоталитарлы өгей билікке көпшіліктің қатысуымен қарсылық танытудың өзі – ерлік. Мұндай ерлікті көтеріліс деп бағамдағанымыз жөн.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика