THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Адам болу,
бойына имандылықтың нұрын сіңіру ата-ананы құрметтеуден, өзін өмірге әкелген
тіршілік иелеріне мойынсұнудан басталатынын аңғару қиын емес. Қаршадайынан
ата-анасын сыйлап, айтқанын екі етпей орындап, «мынадай жаман әдеттерден
бойыңды аулақ ұста» десе соны құп көретін, егерде балалықпен шалалыққа жол
беріп жаза басқанда ата-анасы ұрысып-зекісе, дұрыс істемегенін сезініп, соған
көзінің сорасын ағызып өкінген баладан түптің-түбінде жаман адам шықпайды. Әрине
бұл арада балаларын иманды жолға бастайтын ата-аналардың өзі тәрбиелі болуы
керектігі бірінші жолға шығады. Жиі айтылып, жазылып та жүргеніндей отбасында
ұрыс-керіс, жанжал болып, екі тұтқаның бірі әлсіздік танытып, ішкілікке не тағы
басқа ұнамсыз әрекеттерге бой алдырса, туған үйдің түтіні түзу шықпайтын сәттер
жиілесе, шаңырақ шайқалуынан танбаса, әрине қамқоршыларынан көңілі суыған бала
бақылаусыз қалып беті ауған жаққа бағыт алады.
Аялы алақан
табын аз сезінген ұрпақ та мәпелеуді көрмеген қисық ағаш сынды өз бетінше өмір
сүреді. Жақсылық атаулының қиындықпен келеріне бас ауыртып жатпай, өмірдің
күнделікті жеңіл жағына қарай бейімделе түседі. Егер ұрпағым ешкімнен кем
болмай өсіп, ертең елінің қажетіне жарайтын адамдыққа жетсін деген әрбір
ата-ана мұны көкейіне бек құлыптап, осы жолда небір кедергілерге тосылса да
одан беті қайтпай, ақыры сол ізгі талпынысының биігінен табылып жатады. Сайып
келгенде ұлы мен қызынан қызық көріп, асырап-сақтаған ебіл-себіл еңбегінің
қайтарымының шапағат нұрына бөленіп, өздеріне сыйлы ортадан сайлы орын тауып
жатады. Міне, бақытты ата-ана осылар деп, төңірегі де риза болысып жүреді.
Жүрген жерінде
опа бермейтін, бүлдіріп бүлдіргі алуға, ұжымдастарына жек көрінішті болуға
бейім тұратындар мен жымқырғыштар, дау-жанжал шығармаса, жағаласа не
жұдырықтаса кетпесе ішкендері бойға тарамайтындар, маскүнемдер мен алаяқтар
көбіне-көп жайсыз отбасыдан шығатыны әбден дәлелденіп болған ақиқат. Елімізде
«отбасы және гендерлік саясат» өткір де орынымен қойылып отырған бүгінгі шақта
мұны ертеңін ойлайтын әрбір ата-ана мұқият ескеруі шарт демекпіз.
Бұл саланың
жай-жапсарын терең зерттеп, қойны-қонышын түгел ақтара зерделеп жүрген
мамандары немесе ғалымдары болмаса кейде біз түсіне бермейтін жайлар да кезігіп
жатады. Жақында бір ауылда ғұмырының 81 жасқа қараған шағында осы маңға қадірін
асырған кейуана өмірден озды. Азаматы ертерек бақилық болып, жастай жесір
қалып, төрт қыз, екі ұлды жалғыз өзі, арқа еті арша, борбай еті борша бола
жүріп қатарға қосқан. Адал, күйеуінен қалған қара шаңырақты шайқалтпай ұстаған,
арлы еңбекпен күнелтіс жасаған көнтерлі жан екен, жарықтық. Өз үйінде, яғни
үлкен баласының қолында жасы ұлғайып, сырқат меңдей бастағанда ұлынан қайран,
келінінен келісті күтім болмаған. Екінші ұл бірнеше балаларын, қыздай қосылған
жұбайын тастап бөгде бір әйелдің қолына кіріп ұясынан безіп кетіпті. Сонымен
кейуананы бірнеше ұл-қыз өсіріп отырған үлкен қызы қолына алып, жылдан аса
мерзім қалғымай күзетіп, қасы мен қабағына қарапты. Азаматы қайтыс болып,
шаңыраққа ие болған осы үлкен қыз кезінде ата-енесін де жақсы бағып-қағып, өз
қолымен ақ жуып, әрулеп, бақиға аттандырған екен. Қарасына жиналған
үлкенді-кішілі мұның бәрін орынымен еске алып отырды. «Қарағым, зәуімен қатерін
сұрай келгенімізде қылаусыз ақ жаймада, ақ мамық төсектің үстінде көрдік.
Сусын-азығы үстелде қаз-қатар орналасып, ақ дәкемен беті жабулы тұрды. Қашан
көрсек те анаңды алақаныңмен аялап, мейіріміңе шомылдырып отырған саған риза
болдық. Анаңа жасаған жақсылығың жасың ұлғайып келгенде өзіңді тапсын. Ұрпағың
бар ғой, шырағым, перзенттік борышыңа адал болдың, ертеңің нұрлы, келешегің
кемел болсын, әр қазақтың шаңырағына сендей келін немесе сәулесін жан-жағына
тегіс түсіретін перзент бұйырмыс етсін» деді бір дуалы ауыз. Анасын күткен әлгі
«мың болғырды» қайынжұрты да алғыс-батаның астында қалдырды. Қайынапасы ғой
деймін, «біздің әке-шешемізді де осылай, өз қолымен мәпелеп еді, айтып
жатырғандарыңыздың бәрі орынды» деп ағынан жарылды. Анасын жерлесуге келген екі
ұл да, өзге қыздары да бұл сөздерді естіп отырды. «Бір анадан ала да туады,
құла да туады» деген естілердің сөзі ойға орала кетті. Тәрбие бір, баршасы да
анасының қинала жүріп, әке орнын жоқтатпай жеткізгенін біледі, бір қазаннан
несібе айырып, бір көрпенің астында өскен ұялас бауырлар неге әр қалай? Бұл
сұрақтың жауабы бізге шешкізер емес.
Осы арада көне
дәуірден күмбір қаққан мына бір ұлағатты еске ала кеткеннің артықшылығы болмас
деп ойладым. «Біз адамзатты ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Анасы
қиналып жүріп құрсағында көтереді, қиналып туады. Құрсақ көтеру, емшек емізіп
бағу мерзімі отыз ай. Ол кәмелетке толып, қырық жасқа жеткен шағында: «Тәңірім!
Өзің маған және ата-анама берген ниғметтеріңе шүкір етуім үшін, сен риза
болатындай ізгі амалдарды жасауым үшін маған мезет бер. Менің ұрпағымды да
ізгілерден ете гөр. Мен саған шындап тәубе еттім. Мен шынайы мұсылманмын».
(«Ахқаф» сүресі, 15 аят). Дүниеде ең қымбат жан ана мен әке. Бұл қымбатты
жандарды Алла тағаланың өзі жоғарыдағы аятта дәріптеген. Алла дәріптеген
пенденің мәртебесі ешнәрсемен өлшенбейді.Өкінішке орай, күнделікті өмірімізде
жастардың ата-анасына көңіліне келер қатты сөздер айтып, тіпті оларға қол
көтеруге дейін ренжітіп жатқандығы жиілеген құбылысқа айналуда. Ата-анасын
сыйлап, құрметтемеген адам өз перзентіне не тәрбие бермек. Ата-анасына не істесе
де күндердің күнінде алдынан шығатыны хақ.
Құнды
дереккөздер ата-анаға немкетті көзқарас танытып жүрген есалаң-есуастарға егер
ілер сана, тыңдар құлақ болса, былай деп те өсиет қалдырыпты.
Халық
даналығында: «Әке-шешең жынды болса байлап бақ» демей ме. Пайғамбардан
(с.ғ.с.): – Я, Расулулла, жақсылықты алдымен кімге істейміз?- деп сұралғанда,
ол (с.ғ.с.): – Алдымен анаңа. -Одан кейін ше? -Анаңа! -Ал одан кейін ше?
-Анаңа! Ал одан кейін ше? -Әкеңе!
(Хадисті Әбу
Һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят етті.)
Ата-анасының
разылығына жетпеген балаға Пайғамбарымыз терең күрсініп, былай деген: «Тоғыз
ай, тоғыз күн, тоғыз сағат сені қарнында көтеріп, өлімді жағалап барып сені
туған кім? Сен ештеңеге шамаң келмей, сәби болғанда жылдап көкірегімен емізіп,
баққан кім? Сені балиғат жасына жеткізген кім? Егер анаңның ризалығын алмасаң,
жаннат саған жоқ! Тәуба етсең еттің, болмаса отбасыңмен жинаған мүлкіңнің
жартысын беруің тиіс» деген болатын. Тағы бір өзегіңді өртейтін жайт, бүгінгі
жаһандану дәуірінде қарттар үйінен өзіміздің қаракөз, мұсылман ата-аналарды
кездестіргенге етіміз үйреніп алғандай. Бұған барлығымыз осылай болуы керек
тәрізді қарайтынымыз өтірік емес. Бұл қатыгездікке жол бермеу үшін ақ жаулықты
асыл аналарымыз бен асқар таудай әкелерімізге мейіріммен қарап, олардың
разылығын алуға тырысқанымыз жөн. Шариғат бойынша, «Ата-ананың разылығы –
Аллаһтың разылығы. Ал ата-ана ашуы мен ызасы – Жаратқан Алланың қаһарына тең»
делінген.
Өкінішке орай
әкесін қарттар үйіне тапсырған жай кезінде біздің ауданда да орын алды.
Ұлдардың айтары: «Бала шақта бізді ұрып-соқты, анамызға да қолы тиді, мінезі
шатақ, барған жерінде ұрыс-керіс шығарып жұмыстан жиі шығып кететін, қысқасы
бізге ұрпағы ретінде дұрыс қарамады». Жақсы, солай болған екен, төрінен көрі
жақындағанда бірнеше ұл бір әкені, қарттар үйіне көзін жәудіретіп,
немерелерінен қол үздіріп итере салғанда не ұтты?
Нұржаудың сыртқы
бойындағы телімде ұзақ жылдар мүйізді ірі қара баққан ана отырды. Бұл кейуана
да ерінен ерте қалып, бірнеше ұрпағын жалғыз жүріп жеткізген бейбақтың
бірі-тұғын. Қолынан күш кеткен сәті кеңестік жүйенің құрдымға кетіп,
Тәуелсіздіктің ақ таңы болатын. Қара басып ортаншы ұл мал ұрлығымен айналысты.
Өзіндейлерге қосылып, өрістен үптеп, етін көрші қалаларға өткізіп, үйге
керек-жарақ, азық-түлік әкелгенде анасы аузына алмайды екен.
«Шырағым, балам,
мен баршаңды совхоздың сиырын бағып адал еңбекпен өсірдім, қазаныма харам
салма, біреудің көз-жасына қалма, қартайған шағымда көрсетейін дегенің осы ма?»
деп налыпты. Ұрысып та, зекіп те, ақылын сарқып та жалыныпты. Бірақ ортаншы ұл
оңай олжаға бір дәнігіп алған соң шешенің сөзін құлағына да ілмепті. Ақыры
болмаған соң: «Ендеше, құдай жазаңды берсін» деп қарғапты анасы. Айтқандайын,
кезекті бір олжалы сапарынан оралған ортаншы ұл серіктерімен «Роял» спиртін кеңірдектен
келгенше ішеді. Таң ала кеуімде лақылдата құсқан легеннен басын көтере алмай өз
құсығына тұншығып жан тәсілім болады. Міне ана қарғысы дегенің. Бұл үлкен ұлы –
досым айтқан айна қатесіз шындық болатын.
Бұлардың
бәрі-баршасы ата-ана алдындағы перзенттік борышты өтеу хақында туындап жатқан
әңгімелер. Өзіңді өмірге әкелген, әлемнің жарығын сыйлаған, ақ сүт беріп
емізген, түн ұйқысын төрт бөліп бесік тербеткен анаңды налытпа, бойыңда қаны
тулап жатқан әкеңді қапа қылма, еңсесін түсірме дейді ішкі ойымыз. Сайып
келгенде отаншылдық рух, ел мен жерді сүю, әркімнің өз ата-анасын сыйлап,
құрметтеуден бастау алары қапысыз шындық.
Біздің қазақ
негізінен ата-ананы құрметтеуден өзге ұлт өкілдерінен қалыспаған. Қайта алдына
түскен бе деймін. Сызылтып салар әндер қанша ма? «Әлемнің жарығын сыйладың сен
маған…» «Мен сенің өміріңнің жалғасымын…», «Бұл өмірде болса егер құдірет,
сыйынар ем Ана деген тәңірге»… Осылай Жайықтай есілтіп, Қиғаштың толқындарындай
аунақшыта сызылтып, бойыңда ерен махаббат тербелтіп қанша ма әндерді салуға
болар еді…
Бұл баянымыздың соңғы нүктесін адамзаттың Ұлы жазушысы атанған Максим Горькийдің: «Дүниедегі жақсылық атаулы күннің нұры мен Ананың ақ сүтінен таралған» дегенімен аяқтағанды жөн көрдік.
Серпер
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ