THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бүгінде қазақтың
ұлы ақыны Абайдың «Қыс» деп аталатын өлеңін білмейтін жан жоқ шығар. Бәріміз де
білеміз, бәріміз де бала күнімізден жаттап өскенбіз.
Ақ киімді,
денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау,
танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ
қырау, түсі суық,
Басқан жері
сықырлап келіп қалды. Сұлу сурет, бір міні жоқ кәдімгі Абай сөзі. Міне, осындай
бір міні жоқ сұлу сурет, тіпті қазақ ұғымында бұрын кездеспеген соны сурет
салуға қаптал жеткен Абай ойының алғырлығына, оның ақындык қиялының
жүйріктігіне қалай таңырқап тамсанбассың. Солай таңырқап тамсанып отырғанда көз
алдыма бір суреттің, өзіме сонша бір таныс суреттің сұлбасы келгендей болады.
«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды». Шынында да, бұл бір таныс сурет, таныс жанның
бейнесі ғой. Мынау күніне, айына бір рет болмаса да жылына бір рет көріп
тамашалайтын, балаларымыз айналсоқтап маңынан шықпай ұзақ уақыт жанында жүріп
алатын, қолынан тәбәрік алып мәз-мейрам болып қалатын жомарт та бейкүнә жанның
– кәдімгі Аяз Атаның нақ өзі емес пе? Иә, дәл солай, Абай суреттеп отырған
ақсақалды адамымыз ой елегінен өткізіп, қай қырынан зерттей, зерделеп қарасақ
та, өзімізге көптен таныс Аяз Ата болып шыға келеді.
Ал енді Абай
суретін салған «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» адамымыз, біздің түсінігімізбен
айтсақ Аяз Ата кім өзі? Оның арғы түбі қайдан шыққан? Атын атап, түсін
түстемесе де, «Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, басқан жері сықырлап» тұратын
оның дәл тұрпатын Абай қайдан алған? Бұл сұрақтарға жауап табу қиынның қиыны.
Абай кереметі де, міне, сонда жатыр.
Біздің қазақ
ұғымындағы Аяз Ата орыстың Дед Морозының тура көшірмесі, яғни орыс ұлтынан
ауысып енген балама ұғым екенін бұл күнде екінің бірі біледі. Арғы жағын
айтсақ, Дед Мороз дегеніміз – орыс ауыз әдебиетінің ертегілік кейіпкері. Ескі
славян мифологиясында ол қыстың сарышұнақ аязы, суды мұзға айналдырып құрсап
тастайтын тылсым құдірет ретінде бейнеленеді. Орыста Әулие Николай деген есім
жиі кездеседі. Аяз Атаның жиынтық бейнесінің өзі сол Әулие Николайдың
ғұмырнамасына байланысты туған деседі.
Дед Мороз (Аяз
Ата) ең басында пұтқа табынатындардың жауыз да қатыгез тәңірі болған делінеді.
Солтүстіктің үскірік аязы мен боранын жіберіп, бүкіл айналаны қатырып тастайтын
жауыз шал ретінде көрініс береді. Оның бұл мінезі орыстың ұлы ақыны
Н.Некрасовтың «Мороз, Красный нос» атты поэмасында кеңінен суреттелген. Онда
Мороз (Аяз) орман ішінде кедей шаруаның жесір келіншегін азаптап өлтіріп,
әйелдің кішкентай балаларын жетім етеді. Одан арғысы өзінен-өзі түсінікті.
Сөйтіп, Н.Некрасовтың Морозы ешбір рақымшылықты білмейтін, көрмейтін бір соқыр,
мылқау дүлей күш ретінде бейнеленеді. Абай суреттейтін «тірі жанды танымас
соқыр, мылқаудың» нақ өзі емес пе?
Тарихқа көз
жүгіртсек, орыс мифологиясының Дед Морозы да, Н.Некрасов жырлаған «Мороз,
Красный нос» та бір көрпенің астынан шыққан ұқсас бейнелер. Оны қойып Солтүстік
Америкада Христостың туған күніне орай ел аралап жүріп балаларға тарту тартатын
Санта-Клаус (яғни Святой Николас) та сондай бейне. Санта-Клаустың шыққан жері
Лапландия болып есептеледі. Оның арғы атасы Әулие Николай деген сөзден алынған.
Кім қайда қалай
атап, қалай десін, әйтеуір, орыстың Дед Морозы, Американың Санта-Клаусы болсын,
бәрі де айналып келгенде Абай суреттеген ақ киімді, ақ сақалды шалға – кәрі
құдаға айнымай ұқсайды да тұрады. Әңгімемізге өзек болған Абайдың «Қыс» деп
аталатын шап-шағын өлеңін әрі қарай зейін салып оқи берсең, қаптап тұрған сұлу
суреттерге шым батып тереңдей бересің, тереңіне батып жүре бересің. «Демалысы –
үскірік аяз бен қар, Кәрі құдаң қыс келіп, әлек салғаннан» көресің. «Ұшпадай
бөркін киіп оқшырайтып, Аязбенен қызарып ажарланғанына» тәнті боласың. «Бұлттай
қасы жауып екі көзін, Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алғанын» сезінесің.
Бәріміз де Аяз Атаны оқушы кезімізден көріп өстік. Сонау өткен ғасырдың ортасынан
ауған кезде, орта мектептің жоғары сыныптарының бірінде оқып жүріп жаңа жылдық
кеште Аяз Ата болып ойнағаным да еске түсіп отыр. Қазіргідей емес, анау-мынау
дүниенің, жаңаша айтсақ, керекті тауарлардың тапшы кезі. Аяз Атаны табиғи
тұрпатына сай етіп киіндіру үшін қызыл мата, үлпілдеген ақ мата, үсті-басына
сеуіп жарқылдатып қоюға жарайтын жылтыр ақ ұнтақ іздеп қанша әлектенгеніміз де
ұмытылмапты. Өзіміздің білгеніміз бар, мұғалімдеріміздің келмеген жерін келтіру
үшін ақыл айтып қосқаны бар, әйтеуір, Аяз Атаны жарыққа шығардық-ау. Енді
ойлап, өткенді ой елегінен өткізіп салыстырып отырсам, біз сол кезде бар
өнерімізді салып сомдап жүрген Аяз Атамыз данышпан Абайдың «Ақ киімді, денелі,
ақ сақалды» деп сипаттайтын «кәрі құдасы» болып шыға келді. Түсінікті болу үшін
басқа сөзбен айтсақ, көреген Абай табиғаттың қыс маусымының өзіне ғана тән
ерекшелігін көрсете, оның дәл суретін сала отырып бері қойғанда орыс жұрты,
одан да әріні айтсақ, сонау бүкіл батыс елдерді «Дед Мороз» деп, «Санта-Клаус»
деп әспеттейтін арғы тегі мифологиялық бейненің немесе мифологиялық кейіпкердің
бейнесін жасап берді деуіміз керек.
Абайдың біз онша
көңіл аудармай келген бір кереметі де, міне, осында. Ол «етекбастыны елден көп
көре, мыңмен жалғыз алыса» жүріп әлемдік дүниетаным, әлемдік өркениет деңгейіне
көтеріле білген ерекше тұлға, өзгеше жаратылыс. Өз кезіндегі қазақ елінің мешеу
тұрмысы туралы сөз ете отырып, ой кемелдігі, сыншыл көзбен бағалай білуі
жағынан Пушкин, Лермонтов, Крылов биігіне көтерілді, солардан үлгі ала жүріп солардың
өзімен теңдес, деңгейлес түсіп жатты. Орыс әдебиетінің осы сияқты алыптарымен
деңгейлес түспесе, Абай олардың өлеңдерін де Абайша аудара алмас еді. Осы
орайда данышпан жазушы Мұхтар Әуезовтен қалған мына бір сөз еске түседі. Ол
Абайдың 1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдық шығармалар жинағына
кірген «Қазақ халқының ұлы ақыны» атты мақаласында былай деп жазған екен: «Абай
жиырма жыл бойы орыс әдебиетінің таңдаулы дәстүрлерін творчестволық жолмен
қабылдап отырды. Бұл дәстүрді игеруде оның өз жолы бар. Татьяна мен Онегин
туралы назира жасаудан, Пушкин мен Лермонтовтан аударудан Абай Некрасов пен
Салтыков-Щедринді зерттеп үйренуге келді».
М.Әуезовтің бұл
сөзін мен өзінің «Қыс» деген өлеңінде орыстың Аяз Атасының тірі бейнесін дәл
жасай білген данышпан Абай сол Аяз Атаны көрген бе? – деген сұраққа жауап іздеу
үшін келтіріп отырмын. Абай суреттеп отырған, жыл сайын келіп әлек салатын
«кәрі кұдаң» шынында Аяз Ата болып шыға ма?
Аяз Атаны иемденуші орыс жұртының өзінде «Морозко» деген сөз алғаш рет 1886 жылы айтыла бастаған екен. Ал 1917 жылғы төңкерістен кейін большевиктер Рождествоға байланысты дәстүр атаулының бәрін тыйып тастағаны белгілі. Кейін 1935 жылғы 28-желтоқсанда КСРО Орталық Атқару Комитетінің Президиум мүшесі Павел Постышев «Правда» газетіне мақала жазып шығарғаннан кейін ғана бұл әуелі балалар мерекесі ретінде, артынша бүкіл кеңес елі бойынша жаңа жыл тойы болып аталатын дәстүрге айналыпты. Осының бәрін салмақтап, салыстыра келгенде орыс Дед Морозының бергі тарихын айтпағанның өзінде, оның тіпті арғы тарихының Абайға еш қатысы жоқ деп кесіп айта аламыз. Рас, Абай орыс әдебиетінен үйренді, Пушкин, Лермонтов, Крыловтан аударды, Некрасов, Салтыков-Щедринді зерттеп көрді. Бірақ Абайдың Аяз Атасы, Абайдың «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» қариясы Абай көре білген қазақ тұрмысының өз шындығы, қазақ жерінің төл туындысы. Сөйтіп, Абайдың ой кемелдігі, оның ақындық көрегендігі қазақ елінің өз Аяз Атасын тыңнан сомдап, өмірге әкелді деп білуіміз керек. Ана бір өткен кезде кешегі кеңестік заманда басқа жұрт, басқа елдің бәрінде бар нәрсені не құбылысты «русская зима», «русский снег», «русский характер», «русский лес» деп тек орысқа теліп сөйлейтін бір әдет болды ғой. Сол ізбен кете бермей, ендігі жерде қазақтың өзінікін-өзіне қайтарып беруіміз керек. Мәселен, Абай суреттеп отырған қыс та ешкімнің ортағы жоқ қазақтың өз қысы. Ең бірінші жолынан бастап қазақ мінезін, қазақтың айна-қатесіз өз болмысын көріп қайран қаласың. Бұрқ-сарқ етіп долданғанда алты қанат ақ орда үйді шайқайтын долы боран да, әуес көріп жүгірем деп беті-қолы домбыққан жас бала да, бет қарауға шыдамай теріс айналған малшы да, қар тепкенге қажымас қайран жылқы да, тіпті қыспен бірге малға тұмсығын салған қасқыр да қазақтың өзінікі, айналып келгенде, бәрі-бәрі қазақтың өз мінезі, өз тұрмысы, өз тірлік-тынысының тұп-тура шын суреті. Осының бәріне тәнті болып, сүйсіне отырып, Абайдың суретші екенін қалай мойындап таңғалмассың. Абай нағыз суретші. Қазақ тұрмысының суретшісі, нағыз қазақ елінің шыншыл суретшісі. Оның асқан суретші, суреткерлігінің диапазон кеңдігі мен қамту, ойша көре білу құлашының кеңдігі сонша, Абай көз алдына ұшқыр қиялымен әкеліп елестете білген әдеби бейне қазақ шындығынан, яғни қазақы ұғымның шеңберінен шығып еуропалық, тіпті әлемдік бейнеге айналып кеткен. Абай қыстың жанды бейнесі ретінде суреттеген «кәрі құданы» қай елдің жаңа жылды қарсы алу тойына апарып қоссаң да, оны сол ел өзінің Аяз Атасы – Дед Морозы – Санта-Клаусы ретінде қарсы алып, құрметтер еді деп ойлауға негіз бар.
Ана тілі
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ