КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Мағыналы жұрттың көзімен қарағанда біздің жұрт дүние жүзіне жаңа туып, тіршілігі бар жанды нәрсе екендігінің белгісін енді көрсетіп отыр. Қазақтың бұрынғы өткен заманында жорықта тіршілік болды деуге болмайды, себебі, ол өткен күндерді біз соқырлықпен өткіздік.

Һәр жұрт өзінің жұрттығын біліп, өзгемен тізелесіп отырып жұрттық сыбағасын жырып ала алмаса, қасындағы іргелі көршісі қандай саясатты қолданып отыр, достығы қандай, дұшпандығы қандай екенін білмесе, өз ішінде жұрт едім-ау деп ояну, сілкіну болмаса, онда не тірлік, не жұрттық болады? Біздің жұртта осы айтқан көрбалалық болды. Қайда айдаса жүре беру, қалай илесе көне беру, басқа ұрса өлу, көтке ұрса көну, мінеки, февраль өзгерісіне шейін біздің көрсеткен жұрттығымыз. Енді ол ұйқы, мастық түні өтті. Ол күнді көрген ащы мен тұщыға һешкімді кінәләп уақыт өткізу керек емес. Шүкіршілік. Қазақ өз басшысының етегінен мықтап ұстап, білімді көсемін ақ батасын беріп аттандырып, соның тілегіне алты алаш болып алақанын жайып, тілек қосып, дұғада отыр. Міне ояну, міне тіршіліктің қуаты сілкініп дүниені сергітуге айналғаны. Жә, қазақтың сол баста деп алдына салып отырған көсемі кім? Ол – қазақтың оқыған азаматтары, зиялылары. Енді бұдан кейінгі қазақ жұртының күзетшісі осы оқыған азамат. Бұдан былай қазақ жарға жығылса обалы, жақсылыққа жетсе мақтаны – оқыған азаматта. Қазақтың жұрттық қалпын тезге салып, астын-үстіне шығару шексіз оқығанның билігінде. Оқыған азамат жұрт қалпының тезі екендігіне төменгі жұрттардың басынан кешірген халдеpі дәлел болса керек.

Мысалы, Япония* әуелгі сиогун, даймпостар билеп, ел ата-бабасының надандығын парыз қылып тұтынып отырғанда Япония еліне сыртқы жаудың саясаты килігіп, патшалықты құртуға айналғанын көріп, оқыған аза­мат күшін салып, өнерлі жұрттардың бәріне барып шарлап үлгі алып, Японияға сол үлгілерді жайып, белді бір патшалық қылып әкетіп отыр. Жұрттың кешегі ата-бабамның жолы дегенін бұл уақытта жоқ қылуға айналды. Жұртын тазартып ағартты. Бұдан кейін Түрікті алсақ тәртіпсіздік, үлгісіздік, надандық өрт болып лаулап, кешегі қол астында отырған ұсақ жұрттар Түркияны жұтып қоюға айналғанда, негізінен қопармаса түрік оңбайтынын біліп, оқыған жастар шығып, патшасын түсіріп-түсіріп, жаңалықтарды кіргізіп, бұл уақытта Түрікті қандай, қылып отыр. Оны көзімізбен көріп отырмыз. Мысалыға Россияны алайық. Орыстың оқыған азаматының халқынан алғыс алғаны да, қарғыс алғаны да бар. Алғыс алғандардың қызметі 80 миллион мұжық бай мен ақсүйектің құлдығына түсіп, адам баласы аярлық сорлылық езгіні көргенде, оқыған азаматы жанын отқа салып, зарлап, кітап жазып, сөз сөйлеп, асылып, атылып, айдалып, 20-30 жыл тұтқында отырып, өмірдің рахатын, қызығын далаға тастап қызмет қылды. Бұндай қайғылы ауыр қызмет 150-200 жылға созылды. Сонда да оқыған азамат қажыған жоқ. Аяғы мысқылдап келіп нашарға өз дәрежесін түсіндіріп, ақырында Николайды түсіртті. Көгендеулі сорлылар азаттық дүниесіне кіріп отыр. Бостандығы тиді, бірақ, оқыған азаматтардың жартысы Достоевскийдің сөзінің шын екенін осындай кең байтақ заманда көрсетіп қалғысы келді. Ол сөзі: «Орыс шек білмейді, бір құласа басы жерге жеткенше құлайды, көтеріліп алса тағы сондай екпінді болады» – деген. Соңғы сөзі қашан анықталады? Мәлім емес, әйтеуір алға шығысына дау жоқ болды. Бұл күйге ұшыратып отырған азаматтары тағы нанғыш, желекшіл, нашарын артынан ертіп алып, түсте көрген сағымын қуып, ірілеп кеткен орысты ойрандап-ойрандап, қазір де қоңын айырып, зарлатып, Россиядан қарғыс алып отыр. Ал, бұл уақытта орыстың үлгі алып жүрген Англия, Германияларының азаматтары әншейінде социалист болып жүрсе де, Германия, Англияның амандығын бәрінен артық жоғары ұстап, социализмді тастап, ұлтшылдықтың барып тұрған жері шовинизмге шығып кетті. Оқығанның бе­тінен ауа жайылып, бөлек жол іздейтін бұқарасы осы күнде ұлтшылдықты иман қылып отыр. Міне, осы айырылған халдерге қарағанда оқыған азаматына бастатпайтын жұрт болмайды. Өл десе өлу, тіріл десе тірілу бар жұрттардың мойынсұнатын нәрсесі (н) жоғарыдағы мысалдардан көріп отырмыз. Азаматы түзетем деген ел түзеліп кетіп, бұзам деген елдер бұзылып отыр. Мұның себебі: білімсіздің ақылы білімдінің арқанында. Бұқара алал** көңіл, шын ниетпен еремін десе де, тіршілік тартысы еріксіз оқығанды бұқараға, бұқараны оқығанға тықсырып кеп отыр. Бұдан кейін бұқара сыналса, оқыған, заман ағысын ұққан адам екі сыналады.

Бұл күнге шейін елдікті ойламай тәртіпсіз, бағытсыз келген елдің ішінде неше түрлі кемшілік, неше түрлі жұртқа сыймайтын өрескел міндер бар. Қазақтың ендігі басшысына бірбеткейлік жарамайды, талай бетті қызмет, айла, тәсіл керек.

Қазақтың ішінде арқалы жуан бар, әлсіз нашар бар. Зорлықшыл, жылатып жүрген қиянат, тізе жуанды көріп жылап жүрген бар. Осы күйлердің бәрін басшы жаттап алып, әр қашан есінен шығармауына керек. Қиянатшыл, көптігін, жуандығын құрал қылатындарға оқыған басшының еш рахымы болмауы керек. Шын ел болатын көпті бауырға тарту, есеге жеткізу керек. Қашан болсын, жұрттың жұрттыққа шығуына әуелі сол жұрттың өз ішіне тәртіп кіріп, бұрынғы жаманы жойылып, орнына жақсы жаңалықтар кіруіне керек. Жұрттық аяқтап басталады, әр қашан жұрттық негізгі қалың елдің ішіне құрылады. Жұрттық дүкенін құруға оқыған азаматтың қандай әсерінің бар екенін айттық. Енді, оқыған басшылар қазақтың азуына себеп болған шетін мінездерден сақ болып, өзінің ақылмен құрған бір негізін темір қазық қылу керек.

1. «Біздің жұртта осы айтқан көрбалалық болды» – «көрбалалық» деген бұл арада саяси көрсоқырлық, таяздық, енжарлық, самарқаулық болды – де­ген мағынаны білдіреді.

2. «…һешкімді кінәләп уақыт өткізу керек емес» – «һешкімді» деген сөз бұл арада – кім-кімді, бірімізді біріміз, біреуді-біреу кінәлап, уақыт өткізудің қажеті жоқ – деген мағынада қолданылып отыр.

3. «Қазақ өз басшысының етегінен мықтап ұстап, білімді көсемін ақ батасын беріп аттандырып, соның тілегіне алты алаш болып алақанын жайып тілек косып, дұғада отыр» – мақала иесінің мегзеп отырғаны мынау: 1917 жылы, 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында Бүкілқазақтық қүрылтай өтіп, онда «Алашорда» үкіметін жариялады. Құрылтайды ұйымдастырғандар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Сағындық Досжанов және Міржақып Дулатов. Құрылтайда «Алашорда» үкіметінің бағдарламасы талқыланып, көпшілік дауыспен бекітілді. Онда Бақыткерей Құлманов төрағалық етті. «Алашорда» халық кеңесінің төрағалығына Әлихан Бөкейханов, Бақыткерей Құлманов, Айдархан Тұрлыбаев үшеуі дауысқа түсті. 40 дауыс алған Әлихан Бөкейханов «Алашорданың» көсемі болып сайланды. Құран ұстап ант берді. Артынан салауат оқылды. М. Әуезов өзінің мақаласында осы рәсімді еске салып отыр.

4. «Оқыған азамат жұрт қалпының тезі» – зиялы қауым, яғни, интеллигенция ұлттың тәрбиешісі, түзетушісі, жол көрсетушісі – деген мағына береді.

5. «Мысалы, Япония әуелгі сиогун, даймпостар билеп, ел басының надандығын парыз қылып тұтынып отырғанда» – басылымның осы томындағы «Япония» атты мақалаға берілген түсінікті оқыңыз.

6. «…Японияға сол үлгілерді жайып, белді бір патшалық қылып әкетіп отыр» – «Япония» мақаласына берілген түсінікті қараңыз.

7. «…оқыған жастар шығып, патшасын түсіріп, жаңалықтарды кіргізіп, бұл уақытта түрікті қандай қылып отыр» – Түркиядағы сұлтандық билікті жойып, конституциялық мемлекет орнату мақсатымен 1889 жылы «Бірлік және тарахият (прогресс)» деп аталатын жас түріктердің құпия ұйымы құрылды. 1908 жылы жас түріктер қарулы көтеріліс ұйымдастырды. Олар сұлтан Абдул-Хамит екіншіні биліктен ысырып, конституцияны қалпына келтіріп, парламентті шақыруға мәжбүр етті. Түрік рухын оятты. М. Әуезов жас түріктердің осы қозғалысын мысалға келтіріп отыр.

8. «…орыстың оқыған азаматы …жанын отқа салып, зарлап, кітап жазып, сөз сөйлеп, асылып, атылып, айдалып, 20-30 жыл тұтқында отырып, өмірдің рахатын, қызығын далаға тастап қызмет қылды» – М. Әуезов бұл арада орыс мұжықтарының басыбайлы құлдығына қарсы күресіп, крепостниктік правоны жою үшін күрескен А. Н. Радищев (1749-1802) бастаған орыс зиялыларын айтып отыр. Радищевтің «Петербургтен Москваға саяхат» атты кітабы Ресей азаматтарының намысын оятты. Бұл 1825 жылғы декабристердің қозғалысына ұласты. Олардың бесеуі дарға асылды, қалғандары мәңгілік каторгаға жер аударылды. XІX ғасырдың екінші жартысында М. В. Петрашевскийдің (1821-1866) астыртын үйірмесіне қатысушылар өлім жазасына кесіліп, мәңгілік жазаға тартылды. Н. Г. Чернышевский (1828-1889) азаматтық дарға асу жазасы арқылы масқараланып, өмірлік каторгіге жіберілді. Мақалада қашан Ни­колай ІІ патша тақтан кеткенге дейінгі күрес жолын үлгі тұтып отыр.

9. «Достоевский..: «Орыс шек білмейді, бір құласа басы жерге жеткенше құлайды, көтеріліп алса – тағы сондай екпінді болады» – деген» – Ф. М. Достоевский (1821-1881) орыстың ұлы жазушысы. Ол өзінің шығармаларында «кішкентай адамның» тағдырын, әлеуметтік трагедия тұрғысынан бейнеледі. 1849 жылы Петрашевскийдің астыртын ұйымына қатысқаны үшін өлім жазасына кесілді. Кейін жер аударылды. Ол 1854-1859 жылдары Семей қаласында тұрды. «Жазушының күнделігі» атты еңбегінде Ресейдің қоғамдық құрылысы мен орыс психологиясындағы драматизмдік қатыгездіктің себептерін ашына жазды. Бұл мәселені ол өзінің хаттарында да тереңдете талдады. Көркем шығармаларындағы кейіпкерлерді момындар мен қатыгездер деп екі топқа бөлді. Оқиғаны идеялар күресіне құрды.

10. «…Англия, Германия… азаматтары әншейінде социалист болып жүрсе де, Германия, Англияның амандығын бәрінен артық жоғары ұстап, социализмді тастап, ұлтшылдықтың барып тұрған жері шовинизмге шығып кетті» – бұл арада М. Әуезов ұлтшыл және кеңесшіл топ болып екіге жарылған қазақ оқығандарына ой салу үшін аталған елдердің әлеуметшіл көсемдерінің ұлттық мүддені идеядан да жоғары қойғандығын мысалға келтіріп отыр. Дүниежүзін бөліп ал да билей бер – деген отарлау саясатын қолдап, Англия мен Германияның үстемдік билігін жүргізуін жақтаған ағылшын жұмысшыларының лейбористік партиясы мен Германияның социал-демократиялық партиясы «социал-шовинистік бағыт ұстады» (ҚСЭ. А: 1973. 3-т. 254-6.). Олар соғыс несиелерін жақтап, отанды қорғауға шақырып, үстемдікті сақтап қалуға ұмтылды. Мысалы К. Каутский (1854-1938) «зорлық теориясы мен социал-дарвинизм идеяларын қолдай отырып …соғыс басталғаннан кейін …социал-шовинистермен одақтасуды жақтады» (ҚСЭ. А: 1974. 5-т. 310-6.). Мақала авторы осыларды тілге тиек ете келіп, ұлт оқығандарын таптық, идеологиялық жікке бөлінбей, ұлттық мүдденің айналасына топтасуға шақырады.

Ақиқат

«Абай» журналы, 1918 жыл, №9


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика