КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Дүние – дүбір. Дүние – дүрмек. Дүние – бәсеке. Қазақ қай жолмен жүрмек? Қай жерде жарып шығатын мүмкіндік бар? Қайткен күнде біз ұлт ретінде өз есебімізді өзгеге жібермейтін халге жетеміз? 

Қазіргі қазақ жастары бірінші кезекте қай мәселеге «басын қатыруы» тиіс?

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» депті Абай. Мүмкін...

«Жастар бұзылып барады» деген екен Сократ ақсақал. Ол да мүмкін... Алдыңғы толқынның кейінгі толқынға көңілі толмайтын жағдайы бар. Кез келген ұрпақ кейінгіге күмәнмен қарайды. Бірақ, бір нәрсеге тура қарау керек: қанша жерден аға буынның іні буынға көңілі толмағанымен, бүгінгі заманда жастар көп мәселеде озық кеткен, әсіресе ақпараттық-технологиялық тұрғыда бұлардың білмейтіні жоқ; үлкендер жағы трактор мен мәшиненің руліне әзер үйренсе, орта буын түрлі-түсті телевизорға таңырқай қарап, калькулятормен есеп шығаруды қызық көріп өссе, қазіргі қазақтың баласы туа сала ұялы телефон мен нетбук, ноутбук дегендеріңізді іштен оқып туғандай, зырылдатып қосып отыр. Кілтті де біледі, пультті де біледі.

«Кімде-кім ақпаратқа ие болса – сол әлемге ие» деген сөз бар. Бүкіл әлем жұртшылығы қазір осы бағытта жарысқа түсті. Саясаттануда «Үнді патриотизмі» деген термин ұшырасады. Оның мәні былай: Үндістан азаттығын алған уақытта бір топ үнді жастары жиналып, өз елінің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін күшейту мақсатында «не істейміз?» деген өміршең сұраққа жауап іздеген; қабілетті жастар әр салаға бөлініп, заманнан қалмаудың қамына кіріскен, мәселен, Радж Капур кино саласына, кейбіреулер физика, химия саласына кеткен; солардың бірқатары IT саласын түбегейлі меңгеріп шықты. Соның арқасында бүгінде «Ай-ти» технологиясын меңгеруге келгенде үнділік азаматтар алдарына қара салдырмай отыр.

Қазақстанда IT дамуына және оның қауәпсіздігін сақтауға соңғы он жылда 10 млрд.долларға жуық қаражат бөлінген көрінеді. Былай қарасаңыз, өте көп сияқты. Әлемнің басқа елдеріндегі IT-ақпараттандыруға бөлген қаражатының қасында бұл көлге қасықпен су құйғандай ғана қаржы екен. Өйткені, дүниежүзі қазір ақпараттандыру саласында ғаламат қарқынды, жойқын жүрісті жарысқа түсті.

Бұл күнде ғаламды ақпаратсыз және ақпараттандырусыз көзге елестете алмайсыз. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, электронды сатып алу, түрлі тіркеулер, электронды тендерлер, электронды басқару мен бақылау деген тәрізді толып жатқан тірлік өмірімізге дендеп еніп келеді. Мемлекет және Елбасы бұл бағытқа бөлінетін қаржыны жыл сайын ұлғайтып-ақ жатыр. Бірақ, сол бөлінген қаражаттың қайтарымы қандай? Миллиардтаған ақша «досқа» кете ме, босқа кете ме? Мәселен, сізге біреу «Мерседес» жасап бер деп қомақты қаржы берсе, сіз ол ақшаға «Запорожец» құрастырып берсеңіз не болар еді? Қазақстандағы IT технологияны дамытуға бөлініп жатқан қаржының нақты қайтарымы туралы сөз еткенде осындай көрініс көз алдымыздан көлбең қағады. 

Софторлық компания деген болады. Мұндай компаниялар IT саласында түрлі бағдарламалар жасай алады. Тәуелсіздіктің арқасында қазақтың қара домалақ балалары да осы салаға тұмсығын тығып үлгерді. Бұл күнде осы салада табысты жұмыс істеп жүрген бірнеше софторлық компаниямыз да бар. Алайда, Кедендік одақтың кендір жіпті кедергісі Ер Төстіктің Шалқұйрығының жолын кергендей, бұлардың да тұмсығын тасқа тіреп тұр. Таяуда Ресейдің софторлық компаниясы біздің еліміздің тендерінен 1,5 млрд.теңгені ұтып алған көрінеді. Сонда олар не істейді? Қазақтың салық басқармасының «электронды счет-фактура» жүйесін жасап, қолданысқа енгізбекші. Ресейлік компанияның жұмысы сапалы болуы мүмкін, бірақ негізгі мәселе қаперден шығып кетіп отыр ғой. Жүйені кім жасайды? Сол барлық жинақталған ақпаратқа ие ғой. Демек, «Кімде-кім ақпаратқа ие болса, сол - әлемге ие» деген ақиқат болып шығады. Бұл Кедендік одақ жағдайындағы тірлік. Күні ертең Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болғанда жағдай қандай болмақ? Қазақстанның IT қауіпсіздігімен өз еліміздің компаниялары айналысуы тиіс. Әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялар тізгінді қолға алып кетсе, біз бұл салада солардың басыбайлы құлы болып шыға келеміз. 

ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар заманы. Адам баласының миы қазір бір сәт тоқтап тұрған жоқ: күн сайын, сағат сайын қаншама жаңалық ашылып жатыр, қаншама өнертабыс іске қосылып жатыр; алдағы уақытта IT технологияға бөлінетін қаражат қорғаныс, білім, денсаулық саласына бөлінетін қаржыдан он есе артық болуы мүмкін. Неге? Өйткені, бұл – жаңа сала. Бұл саланың төңірегінде талай тартыс, талай айқас, талай шайқас жүруі мүмкін. Сол кезде ұлт ұпайын жоғалтып, опынып отырып қалмауымыз керек. Ана ғасырдың басында «Айқап» деген ел едік, енді мына ғасырдың басында бабалар салған ізбенен тағы да бармақ тістеп қалмайық.

Осы ретте «Қазақстанның софтверлік компаниялар қауымдастығы» деген құрылымның барлығына тәуба дерлік қалпымыз бар. Бұл компания IT саласында қазақша пікір білдіріп, ұлттық бағытта ой өрбітетін спикерлер даярлауды және жүзден аса отандық софторлық компаниялар мүддесін қорғауды тау көтерген Толағайдай, өз мойнына алып отыр. Әлемдік деңгейдегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін лидер компаниялармен /Оракл, Маккафи, ІВМ, Майкрасофт/ өзара ықпалдастық туралы келісімдерге қол жеткізіп отырған отандық жалғыз компания. Ақпарат әлемінде шекара жоқ. Жердегі шекарамызды қорғауға келгенде талай шикілік жіберіп отырған біздер, ақпараттық айқастарда ашық майданға шығып, төтеп бере аламыз ба? 

Қазақтың қатты ойланар тұсы осы. Қазақтың қара шалы – Абай жарықтық, қазаққа ақыл берді, жол сілтеді. Соның бірінде «Қазаққа бірлік керек, бірлік болғанда – ақылға бірлік керек» деп еді. Нағыз ақылға бірлік жасайтын заман туды. Қазақтың ақылды жастары бас біріктіруі тиіс. Қайткен күнде қазақты алға сүйрейміз, қандай жағдайда қазақтың байлығына өзіміз ие боламыз, қалай жасасақ өз ішіміздегі және сырттағы жемқорларға жем болмаймыз, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қалай нығайтамыз, киберқылмыстармен қалай күресеміз, қайтсек қазақтың қара баласының күні туады, ұлт игілігі үшін не істесек болады, өз еліміз, өз жерімізде шынайы тәуелсіздік алдық деп, аяқты алшаң басып, кеудені керіп, еркін демалып, еркін өмір сүретін жағдайға қалай жетеміз?» деп ақылға бірлік жасаудың амалына көшу керек.

Осыған дейін қазақтың қолы жұмыс істеп келді, аяғы жұмыс істеп келді. Тілі сайраудан танған жоқ. Енді миды жұмыс істететін заман келді.

«Бірлік – ақылға бірлік» деген Абай неткен көреген?!.

Ендеше, Абайдың тілін неге алмаймыз?!.

Айқын


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика