КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Жаһандану үрдісінің әлемнің түкпір-түкпірін жайлап, адамзаттың өмір сүру дағдысынан бастап, қоғамның барлық саласына ықпал ете бастағанына да біраз уақыт болды. Бұл – әу баста жаңа технология мен қаржылық-ақпараттық ресурстар арқылы жалпы әлемдік біртұтас кеңістік құруды көздеген еді. Уақыт өте келе, көптеген елдердің, соның ішінде, аса зор дамыған мемлекеттердің экономикалық мүдделерін көздейтін бұл үрдіс, ауқымды тауар алмасу, адам өміріне қажетті сан түрлі қызмет көрсету, капитал шығарумен ғана шектеліп қоймай, адамзат өмірінің барлық саласына ықпал ету арқылы бүкіл мемлекеттердің әлеуметтік-мәдени өмірін, саясатын, өмір сүру дағдысын өзгертуге мәжбүр етіп отыр.

Күні бүгін жаһанданудың альтернативасы байқалмайды, демек, оған тоқтау салынады деп сену де қиын. Себебі, жер шарының барлық түкпіріне әр ел шығаратын тауар түрлерінің, соның ішінде, ең қымбат болып есептелінетін зияткерлік меншік – адам ақыл-ойы бір мезетте интернет және басқа жаңа ақпараттық-коммуникативтік технология түрлері арқылы орасан зор қуатпен және орасан зор жылдамдықпен бірдей таратылып, қатар іске асырылуда.

Жаһандану үрдісін зерттеуші ғалымдар бұл құбылыс адамзат қауымын жаңа жаһандық – корпоративтік даму қабатына апарады деп есептейді. Мұның арты ұлттық мемлекеттердің әлсіреп, әлемдік бірегей басқаруға апаруы, тіпті ұлттық және ұлт айырмасын білдіретін мемлекеттік мекемелердің жойылуына соқтырады деген болжамдар айтылуда. Бұл жағдай халқымыздың тілдік және мәдени бейімделуінің, салт-дәстүрінің, мәдениеті мен өнерінің сақталуын және олардың бүгінгі күн талабына сай жаңаруы мен дамуын қамтамасыз ету жұмыстарын күн тәртібінің маңызды мәселесі етіп қояды.

Біздің елімізде аса жоғары жылдамдықпен дамып келе жатқан осынау өзгерістер ел басқарған зиялылар үшін де, қарапайым халық үшін де күнделікті және үйреншікті жағдайға айналды. Сол себептен де біздер адамдардың, әсіресе, жастардың тарапынан адами-рухани өнегеге, дәстүрлі отбасылық қарым-қатынастарға, сондай-ақ, жалпыұлттық қасиетке деген көзқарастың басқаша қалыптасып, үлкенді сыйлау, ұятты сезіну, ұлттың жадын, тарихын, дәстүрін құрметтеу дегендердің азайып, кейбірінің, тіпті, жойылып бара жатқанын сезбей келе жатқандаймыз. Бұл орны толмас олқылық күнделікті уақыт ағымымен байқалмай бара жатыр.

Демек, ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрпымыздың, мәдениетіміз бен өнеріміздің озық түрлеріне зер сала қарауға, оларды адамдардың, әсіресе, жастардың санасына сіңіре тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлетін уақыт жетті. М.Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзінің мағынасына терең көңіл бөлу қажеттігі арта түсуде.

Жалпы, адамдардың өсіп-өркендеп, жан-жақты жетілуінде айырықша роль атқарған, өлшеусіз де теңдессіз үлес қосқан нәрсе – өнер. Сол өнердің өзі кәсіптік өнер және көркемөнер болып екі салаға бөлінеді екен. Алғашқы қауымдық құрылыста алдымен қол өнері пайда болып, кейін ол кәсіптік өнерге ұласқан. Кәсіптік өнердің саны мен түрі саналуан. Ат тағалаудан бастап, бүгінгі компьютерлік техникаға, шеге жасаудан бастап, жер серігіне дейінгі адам қолымен және ақыл-ойымен жасалған небір кереметтер қол өнері мен кәсіптік өнердің жемісі. Және ол өнердің дами, жетіле түсуіне қазіргі жаһандану қолайлы ықпал етуде.

Ал өнердің екінші саласы – көркемөнер ше? Көркемөнер – адамзатты рухани жағынан дамытып, олардың ішкі жан дүниесін байыту, ақылына ақыл қосу, ой-санасына адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, қанағат, рахымшылдық, әділет, Отанын сүю, ұлтын қадірлеу сияқты жақсы әдеттер мен әдептер сіңірудің құралы. Бір сөзбен айтқанда, мәдениетті, ізетті азамат тәрбиелеу деп түсінеміз. Міне, осы іске, мәдениетті азамат тәрбиелеу ісіне жаһанданудың әсері басқаша екені туралы ілгеріде айтып өттік. 

Ол әңгімеміз жалаң болмауы үшін аздаған мысал келтіре кетейік. Алдымен, бүгінгі күннің қуатты насихат құралына айналған көгілдір экран көрермендерге не ұсынып, нені үлгі қылып отыр? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жалаңаш әйелдер мен жыныстық қатынастарды анайы түрде және бұзақылық пен қатігездікті көрсететін батыстық фильмдер, кекесін сөзбен айтсақ, қараңғы қазаққа жарық түсіретін сексуалдық революция туралы арнайы бағдарламалар көп орын алғанды. Ал қазір түгесіліп бітпейтін, шытырман уақиғалардың тұңғиығына тарта беретін шет елдің ұзақ сонар фильмдері билеп алды. Оларды азайту орнына төлтума шығармаларымызды ұсыну туралы Мәдениет және ақпарат министрінің ұсынысы көптің көңілінен шықты. 

Кеңес үкіметі кезінде шыққан «Шаңырақ» фильмінде орыс қызына қазақ азаматы, соның ішінде, түрмеге түскен қылмыскер жігіт үйленіп, ортасына түскен ата-баба шаңырағын орнына келтіретін-ді. Сөйтіп, қазақы рух аз да болса, жеңіске жететін. Ал қазіргі фильмдердің көбінде ол рух көріне бермейді.

«Тамшы тама берсе, тасты да талқандайды» дейді қазақ мақалы. Мұның бәрі жастарымыздың санасына әсер етпей жатқан жоқ. Газеттердегі «Девушка азиатской национальности, ищет высокооплачиваемую работу» деп жарнама берушілер, осы насихатты шын деп сеніп, ұлттық рухты мансұқ еткендер. Қыздарымыздың не омырауы ашық, не етегі қысқа, не кіндігі жалаңаш жүруі, анада болатын абыройды, әйелде болатын әдепті, қызда болатын қытықты кетіретіні сөзсіз. Қазақ атамыз қытықсыз қыздан қылықсыз әйел шығатынынан, қылықсыз анадан құлықсыз бала туатынынан, құлықсыз ұрпақтың қоғамды бүлдіретінінен сақтандырған болатын. Тәрбиеге көнбейтін әлдебір телі мен тентекті, «Ой, ол жөргегінен қағынған ғой» деп, қазағымыздың тәубеге бас ұруы осыдан қалған. 

Нағыз мәдениет дегеннің өзін белгілі бір ұлттың тарихи болмысы тудырады. Осы тұрғыдан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз халқымыздың ғасырлар бойы тырнақтап жинап, бір жүйеге келтірген әдептілік ережелері іспеттес. Олар – адамгершіліктің, адалдықтың, пәктіктің, азаматтықтың қайнар көзі, нәр алар тамыры. Олар – сана мен ақылдың қатталып қалған қазынасы. Ұлттық рухтың ең биік шыңы болатын. Олар Елбасымыз жариялаған «Мәдени мұра» бағдарламасының бастауы болуы керек еді. Бірақ ол бағдарламада қорған қопарып, құмыра іздеу басымырақ бағыт алып кетті.

Бұл тұрғыда ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін, ерекше адамгершілік қасиетін Мәдениет ұйымдары әр түрлі мәдени көпшілік бағдарламалар арқылы кеңінен көрсетуіне көбірек көңіл бөлінуі қажет-ақ. Себебі, бүгінгі күні мейрамдарға арналған арнайы шаралармен немесе қаптаған шығармашылық кеш, кездесу, сайыс, фестивальдармен шектелу аздық етеді. Ойланса жұмыс көп. Мысалы, қазақ ертегілерінің өзі мәдени мұраның мәйегі. «Аяз би» ертегісінде қазақ халқының ең жаман деп таныған адамы – Аяз би екен. Ал сол ең жаман адамымыздың ақылы кемел, уәдеге берік, парасаты жоғары болуы ұлт рухын аспандатпай ма? «Ер Төстік» ертегісінде темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалғанша ел кезіп, арып-ашып, ағайынын іздеген Ер Төстік туысқандықты ту еткен қазақтың ұлттық қасиетін айқындамай ма? «Күн астындағы Күнікей қызда» жалғыз аттанып, сан түрлі өнері бар жолдас табу арқылы Күн астындағы Күнікей қызды отаулайтын жетім баланың өмірбаяны ұлтымыздың елдігі мен бірлігінің ұраны емес пе? Демек, осы ертегілер сюжеті негізінде шаралар ұйымдастыруды жүйеге түсірсек, бүгінгі күн талабына сай келер еді.

Сондай-ақ, қазақтың мақал-мәтелдерінің де ұлттық рухта тәрбиелеуде маңызы жоғары. «Жауға ұрынып, жабағыға сүріну» – адамның өз ісін жете білмейтінін көрсетсе, «Түйе үстінен сирақ үйту» олақтықтың белгісі. Ізденгіш адам бір мақалдың айналасынан біртұтас өнеге болатын, тәрбие беретін шара ұйымдастырған болар еді.

Ұлттық салт-дәстүрлер дегенде, қыз сыны, жігіт сұлтаны, әжелер сайысы, қыз ұзату, тұсау кесу сияқты шаралар ойға оралады. Клубтарда мұндай шаралар өтіп жүр. Осы жұмыстар ауқымында ғана шектеліп жүрген қызметкерлер бары да жасырын емес. Мәдениет қызметкерлері бұл бағытта біраз тәжірибе жинақтады. Дей тұрғанмен, осында көңіл бөлетін ахуалдар аз емес. Мысалы, сайысқа қатысушылардың өзін өлеңмен таныстыруы бел алып кетті. Әрине, жұрттың бәрі ақын емес, өзі шығарған немесе біреуге шығартқан өлеңсымағы ұйқассыз, мағынасыз балдыр-батпақ бірдеңе болады. Онда өзінің туған, өскен кезеңнің, туған, өскен аумағының ерекшелігін, елінің аужайын, Отанын, ауылын сипаттау арқылы өзінің кім екенін танытуы керек қой. Шынында қазылар үміткердің өлең шығарғыштығы емес, ақыл-ой дәрежесін бағалайды емес пе.

Осыдан шығатын тағы бір пікір: көрсетілімдер мен ақпарат құралдарында ұлттық салт-дәстүріміздің нақтылығына, бояуы қанық шығуына немқұрайды қараушылық. Мысалы, «Тұсау кесу» дегенде, тұсаудың түсін анықтау мен оны байлаудың өзіндік мәні, ережесі бар. Көп жағдайда тұсауды пышақпен кесіп емес, қайшымен қию бел алып кеткен. Тіпті, үлгі тұтуға тиісті «Дәстүр» журналының биылғы №5 (30) санының 18-бетінде тұсауды қайшымен қиып жатқан сурет бар. Халқымыз тұсауды ер адам қолданатын қару пышақпен, соның ішінде, батыл, жаужүрек болсын деп болат пышақпен кескен. Ал әйел адам қолданатын қайшымен қиса, тума ынжық, ерке болып өседі деп ырым қылған.

Қазіргі күні ән мейрамдары, күй кештері, тақырыптық кездесулер, шығармашылық есеп, фестиваль дегендер өтіп тұрады. Сонау ХІІІ ғасыр шамасындағы «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйінен бастап, кеше ғана бақилық болған Қаршыға шығармаларына дейінгі халқымыздың таусылмас, түгесілмес күй қазынасы бар. Халық әндерін былай қойғанда, Шәмші әндерінің тарағанына да жарты ғасырдың жүзі болып, ол да мәдени мұраға айналды. Олардың да берері мол, үйретері көп, өнегесі орасан. Тіпті, мәтінінің өзі бір ұстаз. Ол әндерде әке туралы болса, әкені асқар тау, сүйеніш қылып дәріптейтін, ана туралы болса, анасын әлдиіне қанбайтын ең аяулым деп әспеттейтін, махаббат тақырыбы болса, қатар құрбысына асықпа сен үйге деп үздігетін. Мәдени мұраға айналған әнде «Қолыңның ыстығы қолымда қалады» деп үмітін үкілесе, қазіргі әндер «Жүрегімді езіп кеттің» деп кінәлайды.

Дәстүрлі өнерге жатады деп жүрген ән сөздерінің арзандауы да сол жаһандану әкелген өнерге, мәдениетке деген жанашырлықтың азаюы, халтураға бейімделушілік. Демек, бұл бағытта да орасан зор міндеттер тұрғаны даусыз.

Жергілікті мәдениет ұйымдарында ұлт мұрасын адамдар санасына сіңірудің небір үлгілерін тауып та, көрсетіп те жүргендер аз емес. Атырау облысындағы Махамбет ауданы, Алға Мәдениет үйінде бір тамаша ән кеші өтті. Онда халық әні «Ардақтан» бастап, «Дудар-ай», Балуан Шолақтың «Ғалиясы», біздің заманымызда шығып, халыққа әбден таныс болған «Нурикамалға» дейінгі ару қыздарымызға арналған 15-20 ән орындалып, олардың шығу тарихы баяндалды. Ол бір үлкендерді күрсіндірген, жастарды тамсандырған тамаша шара болып еді. Осындай үлкен қаражат талап етпейтін, бірақ тағылымы мол шаралар әр мәдениет үйінде өткізіліп тұрса деп армандайсың. 

Сырттан таңылған бөгде мәдени жүйелердің ұлттық өнеріміздің тәуір түрлерін аяусыз соққылап, қолданыстан да, адамдар жадынан да шығарып тастауға таялған тағы бір аяулы нұсқасы бар. Өзге елдердің арзан қол алдауыш дүниелері біздің атадан балаға мирас болып келе жатқан зергерлікті, кесте тігетін, ою оятын, шілтер тоқитын өнерімізді ұмыттыра бастады. Бұны да бүгінгі күннің бір қажеттілігі ретінде, замандастардың жаны ауырып, ғасырлар үзігіндей болып бізге жеткен ата-баба өнерін жаңартуға, жалғастыруға тырысса дейміз.

Адамзат баласы тал бесіктен жер бесікке дейін тәрбие алады. Сондықтан әлди айтуға тілі, бесік жырына үні келіскіш, өмір дағдысы ұлағатқа, тірлік үрдісі тәрбиеге бейім ұрпақ тәрбиелеу – ұлт зиялыларының да, барша жұртшылықтың да үлесі болып қалды. Бұл бағытта мәдениет ұйымдары атқарып отырған қыруар қызметті сараптап, оқырман алдына тартуды мақсат тұтпадық. Тек ұлтымыздың салт-дәстүрін ұлт тәрбиесінде пайдалану туралы ойларымызды ортаға салғымыз келіп еді. 

Қазақ әдебиеті

ҚР Мәдениет қайраткері


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика