КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Аулыңның түтіні түзу ұшсын

Уа, дариға, алтын бесік туған жер,

Қадіріңді жүрсем білмей кеше гөр.

 

Қайран ауыл! Қасым ағамыздың осы бір өлеңі әнұрандай әр ауыл баласының ойында жаттаулы шығар. Қазақ баласының бойындағы асыл сезімдердің бірі – өзінің туған аулына деген жүрек сыздатар ерекше бір сағыныш. Күнделікті өз көзімен көріп жүрген ауыл адамдары, әрине, оны көп ескере бермейді. Жарақта жүрсе, аулының әрбір қырқасын, әрбір төбесін, жайнаған жазық даласын, орманы мен тоғайын, бірге өскен достарын, ағайын-туыстарын, оқыған мектебін, ұстаздарын, ауылдастарын сағына еске алатын кездерінің өзі адамның жанын бір марқайтып тастамай ма? Олардың санасына «қайран ауылым-ай! қазіргі жағдайың қандай екен?», деген ой келгенде, құлағына иттің үрген даусы мен мұрнына түтіннің исі келетін шығар.

Біздің Қасым аулының сыртта жүрген жалынды жастарының жүректерінің түбінен өз аулына деген сағыныштан туған «Белдеутас», «Аққора» атты әндерді естігенде, оның әуені мен сөздері жаныңызды тербетеді. Осыған қарағанда, туған аулына деген патриоттық сезімі өте жоғары жастардың әлі де бар екені қуантады. «Ауыл – қазақ баласының асыл қазынасы, түп қазығы» дейміз. «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналарынан «Көркейсе ауыл – көркейеміз бәріміз» дегенді күнде айтып жатады. Сонда дәл қазіргі ауылдың жағдайы қандай?

Жабайы да анайы түрде өткен тоқсаныншы жылдардан басталған жекешелендіруден кейінгі жылдары, бірте-бірте көп ауылдардағы 50-60 жылдан бері жиналған қыруар мал мен техниканың, басқа да көптеген дүниелердің жұрнағы да қалған жоқ. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Дала бос калды. Шөптің өзі де малдың тұяғымен өседі. Мал кеткеннен кейін, шөптің де шығымдығы азайып қалды. Мыңдаған егістік танаптарға жусан өсіп кетті. Елдің көбісі қалаға тартты. Ауылда қалғандарында бүгінгі күні жұмыс жоқ. Кезіндегі 70-80 үйлі үлкен бөлімшелердің орнындағы санаулы үйлерде үлкен кісілер ғана қалды. Отбасын құратын жастар болмағаннан кейін, елдің есімі де болмайды. Бала саны бол мағандықтан, мектептер де жабылып қалады. Бірте-бірте ауылдардың да таза жабылып, үйлердің орындары ғана қалуы да мүмкін. Жекшеленгеннен кейінгі құрылған әр түрлі шаруашылықтардың аса өркендеп кеткендері де шамалы. Ауылдағы тәубешіл ел: Зейнетақымызды беріп отыр, жарық бар, су бар, мектеп жұмыс істеп тұр құдайға тәубе, – деп, әркім өз отбасының тіршілігімен қалды. Сонда ауылдың келешегі осында ғана ма? Негізі ауыл шаруашылығын үкімет өз қолына алмаса, қазақ аулының келешегі бұлыңғыр. Ауылдарда жұмыс орны жоқ болғандықтан, жастардың көбісі вақталық жұмыстарда. Оларға да жұмысқа тұру үшін көп күш керек. Бұрын ауылда көркем өнерпаздар үйірмесін құрып, әр түрлі көптеген мерекелерге үлкен дайындықпен концерт қойып, бір мезгіл елдің мерейін өсіріп тастаушы еді. Ол өнерді де қойғалы қашан. Оған да жиырма шақты жыл өтіп кетіпті. Ауыл орталығындағы мәдениет үйі қара құлыбымен қоса өртеніп кетті. Сонда ауылдағы зейнетақы алмайтын ел мен жастар немен айналысады? Жеке кәсіп жасап кетуге шамалары келмейді, басқа жұмыс жоқ. Сонда не істеу керек?

Жалпы, ауылдың ахуалы туралы, ауыл жастарының бүгінгі тіршілігі мен келешегі жөнінде ауылдағы полицияның бөлімшелік инспекторы Жұманбаев Айбекпен әңгіме өрбіттік.

– «Біздің ауыл, шіркін, табиғаты қандай болса, халқы да сондай – ақкөңіл, жандары жайсаң адамдар ғой, – деп бастады ол әңгімесін. – Көптеген жігерлі, өнерлі, жанарлары ұшқын шашып тұрған жастар да бар. Тек ауылдағы бір келеңсіз шаруа жасырын арақ саудасы басылмай тұр. Күн көрістің, бала-шағаның қамы үшін деп, кейбіреулер ұятты белге түйіп алып, заңсыз әрекетке барып, жасырып арақ сатады. Қолдары бос адамдар олардың тұрақты тұтынушылары болып алған. Заңсыз арақ сатқандармен, арақ ішкендерге біздің тапарымыздан аяушылық болмайды. Сатушылар әбден әккіленіп алған, өздері сенетін арнаулы кісілер арқылы ғана сатады. Ал, бізге оларды тек арақ сатып тұрған жерлерінде ұстауымыз керек, әйтпесе мойындамайды және дәлелсіз болады. Бұған мүмкіндік болмай қалады. Олардан сұраймыз – «Сіздер өз балаларыңыздың ішкіш болғанын қалар ма едіңіз?» – деп. Әрине, қаламайды. Сонда басқалардың арақ ішіп бұзылуына көмектескені, арам ақшаның құлы болып, ешкімге жаңдарының ашымағаны ғой. Арақ сатқандарды ұстаған күнде де оларға сегіз мың теңге айыппұл саламыз, оны олар аса жүк көрмейді. Арақ ішкендерге де 3 және 8 мың теңгеден екі рет айыппұл салуымыз керек, содан кейін апарып, 3-15 тәулік арасында соттың шешімімен қамайды. Олардың өздері жұмыс істемейді, сондықтан салған айыппұлды ата-аналары жылап-еңіреп жүріп зорға дегенде зейнетақыларынан төлейді. Бізге келіп ренжиді. Сондықтан, көбінесе олармен профилактикалық жұмыс жүргізіп жүрміз. Кейінгі кездерде елдің айтуымен, жаман шылым шегіп жүр деген ауылдың бір-екі жасымен әңгіме өткіздім, оларға бұл істердің арты жақсылыққа апармайтынын түсіндіріп, қолдарынан қолхат алып босатып жібердім. Ауылдың жас азаматтары болғаннан кейін жанымыз ашыды. Бірақ біздің жанымыз ашығанымен, олар өз өмірлеріне өздері балта шауып жатқанын сезсе жақсы ғой. Бір жаманы бұрыңғы санаулы арақ ішетіндердің жанына бірен-саран жастар да қосылып кетіп жүр. Бірақ, олар біздің назарымыздан тыс қалмайды, бәрі де бақылауда. Біз келешекте қылмысты істердің алдын алу үшін, осы келеңсіз әрекеттермен жұмыс жасаймыз. Бұларды қалайда тоқтатамыз. Жастарды да тәртіпке шақырамыз. Өйткені, арақ пен жаман темекі – адамның өмірін өксітетін, бар­ша жамандықтың, қайғы мен қасіреттің, қылмыстың алды, бәрінің түп тамыры. Осылай екенін біліп, ауыл жастарының өздері де жаман әдеттен тиылғаны өз өмірлері мен келешектері үшін өте дұрыс болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, олай болмай тұр. Арақ сатып жүргендердің түріне қарасаңыз, жаман адам деуге аузыңыз бармайды, бірақ олар заңсыз сауда арқылы ақша тауып баю мақсатында елді улап, астыртын үлкен қылмыс жасап жүр десек, бұл ғайбат айтылған сөз емес. Нақты шындық. «Байлық арсыздыққа жетелейді» деген.

Қазіргі кезде мемлекет бойынша телеарналарда әр тағамның, әр сусынның, киген киімнің, монша мен асханалардың, тіпті әркімнің жүріс-тұрысының өзін халал және харам деген түрлерге бөліп, үлкен түсінік жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде ауылда халал тойлар өтіп жатыр.

Құранда «Арамнан тапқан әрбір тиының, арамнан ішкен тамағың, киген киімің адам баласына және олардың ұрпағына үлкен қасірет әкеледі, олардың дұғалары қабыл болмайды» деп жазған екен. Соған қарағанда, басқа адамдар үшін арақпен былғанып күнә жасағандармен амандасудың өзі күнә болғаны ғой. 

Жаңағы келеңсіз іс жаса­ғандармен, бұл полицияның жұмысы деп, көрсе де көрмегендей болмай бүкіл ауыл адамдары болып қарсылық көрсетсек, олармен жаппай күрессек, аулымыздың жаман атын шығармаушы едік. Алла тағаланың әр адамды сынаққа жіберген мына пәни өмірді дұрыс өткізу үшін де өте сауапты іс болар еді,

– Жаман әдетке түскендерді қалайда дұрыс жолға салуға ел болып, қоғам болып ат салы­суымыз керек. Мына Жезқазған жақтан келгендердің айтуына қарағанда, ол жақта арақ сатып ішкендермен араласпайды, оларды қонаққа да шақырмайды дегенді айтады. Сонда оларды елден бөліп тастағаны ғой. Жаман араққа, «кісіге құятын арақ емес, шөпшінің арағы» деген ат қойып алыпты. Оның құрамында 30 пайызы техникалық жаман спирт, қалғаны адамның ағзасын улайтын неше түрлі қоспалар деседі. Арақ ішкісі келген адам қалайда тауып ішеді. Ақша таппағандар енді елдің үйінің маңайындағы темір-терсекті ұрлап өткізіп ақша табатын болды. Басқа да неше түрлі жолдарын іздейді. Адам баласына Алланың берген ақыл-ойын, алған білімін жақсылық үшін жұмсамай, сол жаман іске арнайды. 

Жас инспектордың айтып отырғандары өте дұрыс. Сонда жастарды жаман әрекеттерден арылтып, аулымыздың еңсесін көтеру үшін не істеген дұрыс?

Ауыл жастарының ойындағы «әй, шіркін-ай, ауыл құруға айналды ғой!» деген аянышты ойды аластатып, өз аулына деген патриоттық сеземін оятуға күш салуымыз керек шығар. Оларға біз жұмыс тауып бере алмаймыз, ол қолымыздан келмейді.

Қасым ағамыз айтқандай, бүгінгі ауыл жастары өзінің туған аулының қасиетімен қадірін білмей жүруі де мүмкін. Осы орайда, жаздың бір шуақты күнін «ауыл күні» деп белгілеп, оны үлкен дайындықпен атап өтуге ауылдағы және сырттағы жастар да, үлкендер де ат салысса. Осы күнге құда күткендей дайындалып, көшелер тазаланып, үйлердің маңы әрленіп, әр түрлі спорттық ойындар ойналып, концерттер қойылып жатса, қандай тамаша. Елдің бәрі күнделікті тірлікпен тыныш жатқаннан гөрі, елдің еңсесі көтеріліп, бір сілкініп қалар еді. Ауылдан шыққан қалталы азаматтар болса, өз туған аулына ел келешегі үшін, ауылды көркейту үшін жақсы шаралар жасап көмектесіп жатса, сауабы мол өнегелі іс болар еді. Қаражат жинап, ауыл сыртына киіз үйлер тігіп, үлкен мереке етіп өткізуге болар еді. Кеңес үкіметінің кезіндегі шопандар тойын тойлағандай. Бұл мерекені барша ел адал да жақсы істермен қарсы алып жатса, жаман әрекеттер болмаса, өте игілікті шара болары анық. Енді, керісінше сырттан ауылға тасу керек шығар. Бұған сіз қалай қарайсыз, қадірлі оқырман?! «Уа, дариға алтын бесік туған жер», – деп жырлап өткен Қасымдай ақынның атындағы туған аулымыздың атын асқақтатып, оны көркейтіп, Алла тек қана жақсы күндерде кездесуге жазсын.

 

Орталық Қазақстан газеті

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика