КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік малдың ішінде ерекше қастерленетіні – жылқы. Жылқыға байланысты әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдер тарих ғылымдарының докторы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабайдың 2010 жылы «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген «Қазақ жылқысының тарихы» деген кітапта айтылады. Төменде осы кітаптан шағын үзінді жарияланып отыр. «Арыстан – аң патшасы, жылқы – мал патшасы», «Ер қанаты – ат», «Жігіттің сорлысын, аттың жолдысы теңестіреді» дейді халық мақалы. «Дүние ойлап тұрсаң бір сергелдең, жалғыз атың жоқ болса өлгенмен тең» деп айтылады халық өлеңінде. Жылқыны «есті жануар», «тілсіз адам», «адам мінезді», жақсы көрген баласын «құлыным» деп, тіпті жылқының өзін де «қарағым», «шырағым» деп адам сияқты қастерлеу қалыптасқан. Жылқының бұлай дәріптелуі мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді халықтың өмірінде жылқының орасан зор маңызында болса керек.
Қазақта байлық жылқының санымен бағаланған, салтанат пен сұлулықтың өлшемі де жылқы болған. Қалыңмалға, ат бәйгеге, адамның құнына, сондай-ақ айыпқа ат-шапанмен қоса жылқы төлеген.
Жылқыға байланысты халықтық білімдер: жылқы түстеу, жылқыға қатысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, мақал-мәтелдер, афоризмдер, т.б. қазақ халқының рухани мәдениетінің үлкен бір саласы болып табылады.
Жылқыға қатысты әдет-ғұрыптар адам өмірінің кезеңдерімен де астасып жатады. Жетісу өңірінде бала туғанда «Қойшы ма?», «Жылқышы ма?» деп сұрайтын әдет бар. Бұл «ұл ма, қыз ба» деп сұраудың жұмбақтап айтылғаны. Қойшы – ұл, яғни қой бағатын ұл деген мағынада. Жылқышы – қыз. Қыздың қалыңмалы салт бойынша 47, 37, 27, 17 немесе 9 байтал болып берілген. Сонда әке-шешесіне жылқы әкелетін жылқышы болып шығады. «Ат қосшылы болдың ба? Қырық жылқылы болдың ба?» деп тұспалдаудың астарында «Не туды, ұл ма, қыз ба?» деген сұрақ туады. Ат қосшы – ұл, қырық жылқы – қыздың қалыңмалы.
Кей жерлерде «Ұлың бар ма?» дегенді «Ат байларың бар ма еді?», «Құйрық-жалың бар ма еді?» деп топшылап жатады. Баланың кіндігін кескенде ұл баланың кіндігін айғырдың жалына түйіп байлап жібереді, онысы бала малсақ, мал тапқыш дегенді білдіреді. Бесікке саларда жылқының құйрық-жалынан, кекілінен қыл алып, бесіктің арқалығына іліп қояды. Бесіктің екі жағынан қамшы үйіріп, егер бесікке салатын ұл болса «Тақымыңнан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз бол» деген тілеумен ырымдап салады.
«Құйрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің» деген тіркестер бесік жырында да кездеседі.
«Жылқы жүрген жерде жын-шайтан болмайды» дейді қазақ мақалы. Жылқының құйрық-жалы жын-шайтаннан, қауіп-қатерден сақтайды деген сенім болған. Бесіктің арқалығына жылқының жал-құйрығынан алып байлайды. Баланың мойнына аттың жалынан, кекілінен қыл жұлып алып, шүберекке тігіп тұмар етіп тағып қояды. Кекіл қылын босанатын, толғағы ұстаған әйелдерге иіскеткенде, жылқының өзі келіп, көмектеседі деп жориды. Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырындағы Қозының атына тіл бітіп айтқаны:
«Кекілімнен бір қылды тұтатқанда,
Сонда пайда болармын мен өзіңе».
Бала апыл-тапыл аяғын баса бастағанда жылқының қылымен байлап, «Тұлпардай жүйрік бол…» деп бата беріп, тұсауын кесіп жатады.
Ер бала үшке толысымен, атқа ашамай салып, үстіне мінгізіп үйрете бастайды. Ашамайға міну – баланың үлкен өмірге алғаш аяқ басуы. Ол аттың жас шамасы баланың өзімен шамалас құнан не дөнен болуы да ескеріледі. Баласы атқа мінгенде, ата-анасы «Балам ат тізгінін ұстап, азамат болды» деп санайды.
Жас балаға арнап ат болатын құлынды атап қою салты болған. Оны Ұлы жүзде «бәсіре мал», «баланың бәсіресі» десе, Орта жүз бен Кіші жүзде «балаға мал атадық», «балаға ат болсын деп ен салдық» делінеді. Бәсірені бала ат жалын тартып міне бастағанда, 7-8 жасында белгілейді. Бұған жорға, жүйрік секілді тәуір тұқымды құлынды таңдайды. Бәсіре тек жылқыдан қойылады. Баланың ата-анасы, туған-туысқандары бәсіре малға қатты көңіл бөліп, ержетіп келе жатқан баласымен бірге бақылап отырады. Бәсіре малдың басына түскен ауыртпалығы (ауруы, ақсауы, тау-тастан құлауы) арқылы баланың ілгеріде бақытты, бақытсыз боларын жорамалдау әдет болған, оны ырым еткен.
7-8 жасынан баланы жылқышылардың қосына апарады. Қоста әке-шешесінен жырақта бала өзін ұстай білуге, өз бетімен күнелтуге, ең бастысы қалың жылқыны қайырып-бағып, құрық салу, шалма тастау, асау ұстау сияқты шабандоздық өнердің қыр-сырларын өз көзімен көріп, шыңдалады.
«Бала күннен тартып мінсең ат жалын,
Онда сенің көкірегің от-жалын» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, бала тәрбиесіндегі жылқының рөлі ерекше.
Жасөспірім бозбала тұңғыш рет сапарға аттанарда жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деп тоқымқағар жасаған. Мұны «тоқым қағар», «тоқым салар», «тоқым сілкер» деп атайды. Қазақта «ат қойып, айдар тағу» деген салт бар. «…Айдар – жылқының құйрық-жалына алтындаған зер қосып жіңішке қылып өрілген бау. Оны осы бір айтулы күні басқа жұрттан ата-тегін айырып, айқындап көрсету үшін жігіттің кежегесіне тағады… Ал кежеге – түркі бабаларымыздың желкесіне түсірілген бір өрім шашы…».
Қазақ салтында атпен үйге дүбірлете шауып келу көргенсіздіктің, тәртіпсіздіктің ең жаман түрі. Кісі өлген үйге ғана атпен «ой бауырымдап», дауыс қылып, ат қойып келген.
«Біз, қазақ, жылқы мінезді халықпыз» деп жатамыз. Жылқы – басқа малға қарағанда таза, кірпияз, кінәмшіл, судың тазасын ішетін, шөптің асылын ғана жейтін мал. Ең бастысы, жылқы өзіне басқаның үстемдік етуіне, тапап-талауына, аяққа басуына жол бермейді. Жылқы – еркіндікті сүйетін, бостандықтың символы. Қазақ табиғатында кіршіксіз тазалықты сүйген, біреуге бас июді, біреуге құл болуды, тіпті біреудің бірауыз сөзін басынан асырмаған. Сондықтан «қазақ» сөзінің мәні еркіндік сүйгіш, «өз еркімен жүрген дала серісі» деген мағынаны береді.


Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика