THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде ректор Ғ.Мұтановтың басшылығымен Алаш рухты аса көрнекті әдебиетші ғалым Бейсембай Кенжебайұлының туғанына 110 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-теориялық конференция болады. Ғалым атына арнайы аудитория ашылады.Түрікстан атын алып келе жатқан осы басылым бетінде 2009 жылдың 14 мамыр күні «Кісілікке бергісіз кішілік» (Тамаша аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев туралы сыр) деген портреттік мақалам жарық көрді. Аты үшін емес, заты – әлеумет мәселесін, елдік мәселелерді есті көтеріп, материалды талдап беретіндігі үшін де іштартып жақсы көретін газетім. Қаншама мақала жазып, мақала дейміз-ау, елуден астам кітап шығарған адамбыз. Солай бола тұра көлдей мақаланы былай қойып, шағын заметкаң шықса да бір әсерленетінің болады. Шамасы, журналистік мамандықтан бойға сіңіп қалған мінез болуы керек. Ал міне, көлдей мақала бір бет болып алдымда жайылып жатыр. Денем ысынып, бойымнан бір жылы ағын жүріп өтіп барады. Оқып шықтым. Өзгертпеген. Әбекеңнің мына фотобейнесін қайдан тауып салып жіберді екен? Тамаша сурет, тамаша келбет!
Әдетте үлкенді-кішілі мақалаң жарық көргенде оқырмандар телефондап жатады. Бұл жолы көп кісі телефондай қойған жоқ. Тек «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары Дидахмет Әшімханұлы телефонда: «Мақалаң сондай біліммен жазылыпты, білімді жазылыпты. Сосын осы сенің тілің... Мақала ұнады. Әбекең әулие адам ғой... Әбекеңнің бір жақсы фотосуретін сақтап жүруші едім. Мақалаң ұнаған соң сол суретпен бердім.Сен Тұрсын екеуіңнің жазғандарыңды оқып үлгеріп отырсақ та жетеді бізге!» – дегенді қосып қойды.
– Ықыласыңа рахмет. Еңбегі молынан, бірақ еленбей өтіп бара жатқан ардақты жан болған соң назарға алып жазғаным. «Тұрсын екеуіңді үлгеріп оқып отырсақ та жетедің» не? Ол қай сасқаның? Қай жалқаулығыңды жасырып-жапқаның?-деймін. – Алдымен сен өз құныңды білсеңші... Тұрсын екеуміздің жазып жүргеніміз әдебиеттану, сын еңбектері, әрі салса тарихтық, танымдық еңбектер, онысы несі-әй?
Ол менен қашып құтылды. «Сау бол!» деді де телефон трубкасын тастай салды...
Мақтаншақ баланың мінезіне салып «енді тағы кім телефондар?» – екен деп еріксіз алаңдаған көңілмен ойланып отырмын. Әлден уақытта барып кейіпкерім Әбілмәжін Жұмабайұлының телефондамағаны есіме түсті. «Телефондамаса, ұнамаған шығар». «Әсем Алматы, әдеби ортадан жыраққа кетіп, жұртты адастырып кеткен сенің телефоныңды қайдан тапсын? Әбекең бейқам адам». Ішкі дауыс мақтанышты көңілде отырған маған ұнаңқырады. «Өзім телефон шалсам...» «Міндетсіген болмаймын ба?» Әралуан сұраулар бірауық арпалысып кетті ішімде... Жоқ. Әбекең түсінеді.
Әбілмәжін Жұмабайұлына өзім телефон шалдым. «Апыр-ай, Құлбекпісің?» – деді ол жұмсақ дауысымен. – Мен сені қайдан табамын? – деп отыр едім. Мақалаңды оқыдым. Рахмет. Мақтау көбірек екен сәл қысылып-қымтырылып оқыдым. Менің тағдырым сенің алақаныңда екен ғой, қалқам. Қайдан алғансың? (Қайдан алайын, Бейсекеңнен Қ.Е.) Бейсекеңмен Қ.Е. байланыстырып, сондай бір тамаша айтып беріпсің. Солай. Ол кісі шәкірттерін бөле-жармай жақсы көрер еді. Өзі өмір бойы қуғын көрген кісі бізді бірдеңеге ұрынып қала ма деп сақтандырып отыруды да ұмытпайтын. Айтқандай, мен ол кісіден оқып жүрген кезде әкемнен жаттаған «Қырық мысалды» жатқа айтып бергенім бар. Оның кімнің өлеңі екенін білмеймін де. Әкейдің айтуынан жаттап алғанмын ғой. Бейсекең тыңдап болып: «Бұл кімнің өлеңі? Білемісің?» – деді. Мен әкемнен жаттағанымды айттым. Бейсекең: «Қарағым, бұл – Ахмет Байтұрсынұлы деген ұлы адамның туындысы. Білгенің мақұл. Жұрт көзінше айта берме. Абайла. Сақ бол!» – деді сақтандырып. Үйіне ерте кетіп, бірге шай ішіп едік. Содан іштартып жақсы көріп жүрді. Келе-келе мені аудармаға баулыды ғой.
– Өзі жұртты сақтандырады. Сөйте тұрып өзі И.А.Крыловтың юбилейін пайдаланып «халық жауы» атанып, атылып кеткен Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» 1944 жылы жинаққа аудармашысын көрсетпей қосып жіберіп, қайсарлық танытады. Сөйтеді де сізді сақтандырады.
– Өзінің көрмегені жоқ қой, көрмегені жоқ. Еті өліп кеткен кісі ғой. Бізді сақтандырса, жассынады, бірдеңеге ұрынып қала ма деп қауіп ойлайды ғой, жарықтық Бейсекең... Е-е, бір тамаша адам, табанды, ұлтшыл адам еді ғой, Бейсекең... Әбекеңнің үні әлсіреп шығып, булыға сөйлеп жатты...
...Жайсаң адам, тамаша тәржіман Әбілмәжін Жұмабай әңгімесі ой салды. Жалма-жан Бейсекең кітапханасын ақтардым. Іздегенімді таптым заматта. «И.А.Крылов. «Мысалдар. Жыйнақтаған және редакциясын қараған Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Қапан Сатыбалдин. Қазақтың Мемлекеттік біріккен баспасы. Алматы 1944.» Қиын-қыстау күндері жарыққа шыққан жұқалтаң жинақ. Жұқалтаң жинақ көп сырды ішіне бүгіп жатыр еді... Күнделігіме үңілдім...
...Соғыс жүріп жатыр. Баспаның мүмкіндігі азайған. Қызметкерлер соғысқа аттанған. Қатын-қалаш. Кітаптың шығуы қиын. Шыға қалса жоғарының нұсқауымен Совет – Герман соғысына тікелей қатысы бар кітаптар ғана шығады. Жазғыш Илья Эренбургтың публицистикалық шығармаларын Қуандық Шаңғытбаев, Әлихан Бөкейхановтың немере інісі Райымхан Бөкейханов үшеуі аударып, «Соғыс» деген атпен кітап етіп шығарды. «Тымпи», «балалар ойыны» секілді ұлт тағдырына соғатын бірді-екілі тәрбиеші кітап шығарғаны меже емес. Қазақ фольклорын көп томдық етіп шығарсам деген арманы соғыстың зардабынан күл болып көкке ұшты. Енді мүмкіндік туар ма? Мына Орталық Комитет те қыдыңдап, қыр желкеңде тұрады. Әсіресе Мұқаң, Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын «Жарыққа шығармаңдар. Мойнында соттылығы бар адам» – дегеніне қарамай жарыққа жасырып шығарып жіберіп басы бәлеге қалды. Қыт-қыттаған мезгілсіз әтеш секілді мына Мұхамеджан хатшы да жүйкені тоздырып бітті. Өтініш жазып, өз еркімен қызметінен босанып, соғысқа да кетпек болды ығыр болғаны соншалық. Жер-жебіріңе жетеді. Бірақ, соғысқа жібермейді. Түсініксіз...Ұялмай-қызармай Мұқаңды сотты болған деді-ау... Өздері жала жауып соттайды. Содан сотты болған кісі дейді... Мұқаң мен Әлекең, Әлімхан Ермеков те әупірім-тәңірмен аман қалды-ау әйтеуір. Ақаңдарды айтсайшы, Ақаң, Жақаңдарды. Мағжан, Жүсіпбектер қайда? Бейімбет, Ілиястарды айтсайшы... Олардың кітабын оқымай өскен ұрпақ кім болар күні ертең? Ол күрсініп салды.
Стол үстінде «Правда» газеті. Алып аударыстырып-төңкерістіріп оқи бастады. И.А.Крыловтың туғанына 175 жыл, қайтыс болғанына жүз жыл. Үлкен мақала берсе керек еді. Шағын материал берумен шектеліпті. «Отанды қорғауда И.А.Крыловтың мысалдары адалдық қорықшысы болады» деп жазыпты. Кенет Бейсекең есіне әлдене түскендей ойланып қалды. Көптен ойында жүрген түйінді мәселені шешкендей күйге енді. Кешкілік Мұқаңмен көше қыдырыстап жүріп кеңесті.
– Соғыс уақыты, қорғанысқа ықпалды ақын емес, басняшы.
– «Правда» жазып жатыр ғой, Мұқа.
– Дұрыс-ақ қой, Бешім. Көбісінікі жәй аударма.
– Ақаң ше? «Қырық мысал» ше?
– Сонда «Қырық мысалдан» кіргізбекпісің, Бешім? (Мұқаң сыбырлай үн қатты.)
– Крыловты Ақаңнан артық аударған кісі бар ма, қазақта? «Қырықмысалды «қалың қазақ жұртшылығының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі» деп бағаламап па едіңіз кезінде, Мұқа?!
– Солай деппін бе, тәйірі?! «Әдебиет тарихын» ұмыта алмай жүр екенсің-ау, Бешім?! Ол бір өткен тарих. Бүгінгі жай басқа. Ол зынданға тасталған кітап, өлген ой.
– Адамның қай қасиеті мінезінде болса, міні де сол мінезінде болады деп алып, ұдайы айтар: «Мен өмірде ұстаған нәрсемді берік ұстанамын. Жақсылық – адамның айнымас табандылығында..» демейтін бе едіңіз?! Сізге не болған?
– Ойпыр-ай, қалай болар екен? Басқан ізіңнен достық, ізгілік емес, дұшпандық өріп шыға келеді. Жұрттың бәрі көргіш, көрсеткіш, қалай болар, Бешім? – Мұқаң сөзінің аяғын күйіне сөйлеп кетті. – Бұл басқа емес, Ақаң ғой, ұлт көсеміне айналған Ақаң. Оның «Маса» болып шаққанын, шаға жүріп оятқан өлең, жырын, мысалды бастамашы етіп алып, халықты оятуға тағы да жұмылып кете баратын насихат, толкования өлеңдерін жұрт ұмыта қойды ма екен?
– Ең басты мақсат та сол емес пе? Орыс мысалшысын жамылғы етіп, Ақаңның «Қырық мысалын» жарыққа шығармаймыз ба, Мұқа? Биылды жоспарлағанда «Мысалдар» жайында осындай ойым болып еді... Енді көгентүпке келіп тұрмыз. Шегінерге жер жоқ. Азарлығы «толкования өлеңдерін» сыпырып алып қаламыз да, «Қырық мысалды» аударма ретінде жинақтың ішіне аралатып, шашып жіберіп бүге бүркей орналастырамыз. Крылов атымен жарыққа шыққан соң бұл қазақ бәле іздеп, беттей алмаса керек. Нәсілі орыс қой... Бірін-бірі көргіш, көрсеткіш қазақ орысқа келгенде құйрығын бұтына тыққан иттей күй кешеді...
– Анау Сәбит досың қайтер екен? Қостар ма?
– Қостар. Не етіпті? Сөйлесейін.
– Сөйлес. Ең бастысы Орталық Комитетке жазып, комиссия құрғызайық.
Бел болсын!
– Сәбитпен Сіз де сөйлессеңізші, Мұқа. Сүйенген болайық. Қанша айтқанда Жазушылар одағының басшысы.
– Сенген болайық. Сенейік те, бірге орындайық тіпті. Мен айтқанмен кейін кергіп қала ма? Маған әлі күнге «Жұмбақ жалау» романына жазған сын мақалам үшін ренжіп жүр емес пе, Сәбит? Онда жоғарыға хатты Союз атынан Сәбитке жаздырайық. Солардың аузымен айтқызып, инициатор етейік, текстке баспадан өзің ие боларсың Бешім.
Бәтуа осы болды. Тәуекел. Орыстың ұлы мысалшысын жамылғы етіп қазақтың ай маңдай азаматтарын жарыққа бір шығаруды ойлады. Жазушылар одағына хат жаздырды. Обалы не, Сәбең де құмбыл кірісті. Орталық Комитет те келісе кетті. Комиссия құрғызды. Орыс дегенде ләббай тақсыр ғой бұлар. Ол жымиып күлді.
Мұқаң бас болды. Жазушылар одағынан Қапан Сатыбалдин, баспадан Бейсембай Кенжебайұлы... Сәбит Мұқановты алға салды. Коммунист жазушы мұзжарғыш кеме секілді. Айтқаны жоғарылы, төмен еркін өтеді. Сеніскен сәттері жинаққа кімнің, кімдердің аудармалары енетінін де ептеп айтып көндірді Мұқаң. Бір сәт аңырап қараған Сәбең, Жазушылар одағы атынан хат жазғаны бар, жан алып, жан беріп соғысып жатқан жай мынау, сөзге келмей тілегін қосты. Тек редколлегияға кіруге емес, кірмей-ақ сырт тұруға өтініш етті. Бір-біріне сенетін де, бір-бірінен сезіктенетін де топ осылай И.А.Крыловтың қазақ тіліндегі бір томдығын жинастыру, іріктеп, сұрыптап, жаңадан «аударту», сөйтіп құрастыру қамына тізе қосып, білек біріктіріп кірісіп кеткен еді.
Бейсекең Ақаңнан артық аудара алмасын білсе де бұл іске қырғи тілді сықақшы Асқарды, Дүйсембекті, Нығметті тартқан болды. Жинақты ұйымдастырушының бірі Қапан да аударма ісіне жегіліп жүре берді. Ұлы Абайдан тартып орыстың ұлы мысалшысын қазақша сөйлеткен ақындардың туындылары түгел жинақталды. Басында жұмбақтау басталғанымен кейін келе аудармашылар мән-жайды түсінді. Соғыс жүріп жатыр. Отанға қауіп төніп тұр. Артық тәжікені керек етпей ынтымақтаса іске кірісті.
Бейсекең «Қырық мысалдың» кейбірін ұлы Абайдың бауырына салды. Абай аудармасы атымен беріледі. Онан соң кезек «Қырық мысалдан»... Түсінбеген кісіге Абай аударған сияқты... Түсінген кісіге Ақаңның аты сорайып шыға келеді. Ұлы Абайдың атын пайдаланғаны секілді тағы бір бүркемелеп пайдаланғаны ұлы ағартушы Ыбырай аты. «Екі шыбын», «Қайырымды түлкі» «Аударған Ыбырай» деген атпен кірді жинаққа... Жасыра ұсынудың ендігі бір жолы аудармашысын көрсетпей көп мысал ішіне ноқта, жүгенсіз бос жібере салу... Ендігі бірі, мысалды қайта аудартқан болып, бұрын «Шымшық пен көгершін» аталып аударылса енді «Шымшық пен кептер...», бұрын «Үлес» аталатын мысал ендігі жерде «Бөліс», бұрын «Бұлбұл мен есек» аталып аударылса, енді ақымақ, көнбіс мақұлық «Есектің...» өзі ғана... Басты айла «Қырық мысалдың» кейбіріне тыңнан ие табу. Амалсыз айла. Не істерсің?! Орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің «Ревизоры», «Өлі жандары» аудармашылары атылып кетіп, көзі тірі қаламгерлер атымен «аударылып» шығып жүр емес пе? Соның бірі болады-дағы. Асыл жерде қалмасын!
Із жасырудың бір амалы бұрын аударылған белгілі мәтінге өңдеу, жөндеу дегендей редакция жүргізу. Білімі асқаннан, тәжірибесі тасқаннан емес, әрине. Із жасыру, көз алдау. Қысып бара жатса «көрмейсің бе, қайта аударылған»-деуге жақсы. Көген түпке бұлтартпас уәж керек емес пе?! Жан сақтау оңай дейсің бе? Батырға да жан керек.
Ақаң аудармасындағы классикалық үлгі (Студент Әбілмәжін сырғытып ойнатып айтып отырған) «Аққу, Шортан һәм Шаян» болса, оның алғашқы «Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн» «Жүк алды аққу, шортан, шаян бір күн» болып өзгерді. «Шымшық пен көгершіннен» алты жол:
Кім күлмес бостығына сен
жаманның?
Алдырған айласына бір наданның.
Мен соған қол берейін түспесіме;
«Амалы саған ғана мол адамның»
Десе де: «Ақыл серік қонған
баққа»,
Ем болмас, бастан бағың таяр
шақта.
Қысқарып кеткен. Себебі біреу ғана болуға тиісті. Із жасыру. Қазақ жағдайына орайластыра түйілген насихаттық (жәмиғатты ояту мақсатында) түйін боса-болмаса да жинаққа енгізілмеген. Редактордың басы екеу емес.
Уақыт тығыз. Машинкаға бастырудан бастап, тергізуге дейін қиыншылық. Кадр жоқ. Бар кадр қысқарып кеткен, еркеккіндік майданда! Баспа мүмкіндігі тіпті шарғы. Алайда Ақаң, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы дегенде аянар не бар?! Бейсекең барын салып бақты.
М.О.Әуезовтің осы бір қауіп-қатері мол іске қатысты бір хаты Қазақстан Республикасы Орталық архивінен табылған еді. Оны да күнделігіме тіркеп қойыппын. Қауіп ойлап, аңысын аңдып жазғандай болып көрінетін ол хаттың мәтіні мынадай:
«Сәбит!
Мен сені көп тосып келтіре алмай, кетіп қалдым. Сөзім Крылов жайы еді. Алдыңғы күні мәжілістің қаулысын мен өзім жазып апарып Татаренкоға беріп кеттім. Ол қаулыда ендігі жұмысты сен басқаратындығың жазылған. Сырцовқа да айттым. Ендігісін өзің қорғай берерсің. Бір шұғыл нәрсе Толстой телеграммасына жазылған жауап еді. Мен оны жазып беріп ем. Сырцов бұдан толық жазу керек депті. Мен онымен асығыс сөйлесіп қалдым. Сол телеграммамды Сырцовпен ақылдасып толықтырып жіберерсің. Одан басқасы әр кеңсе берген план да, соны орындағанын бағу ғой. Хатшысы керек еді, Балақаев кетіп қалды. Мынау Татаренко деген әйел, аса нагрузкасы көп кісі екен. Әзір тапсырған ұсақ іске де жауыр аттай қисаңдап барып көнеді. Мен кейде онымен ұрысысып та қалып жүремін. Бірақ Сырцов әдейі бөліп шығарған кісім дейді. Сол кісі істеуі керек дейді.
Егер Совнарком жағында бөгелеңдей беретін болса өз аппаратыңмен де қорғайсың ғой.
Әзірше осы. Мен кіріспе сөзді 2-3 күнде бітіріп жіберемін. Асқар аудармасы аса жақсы екен. Бейсембайды күнделікті кітапқа шұғылдандыра бер. Мұхтар. 25.ХІ.-44» (1634 қоры, 1 тізбе, 128 іс.)
Әңгіме өзегіне айналып отырған И.А.Крыловтың кітабының қазақ тіліне аударылып шығуына тікелей қатысы бар жазба. Мұхтар Әуезовтің жазбасы.
Көзі тірісінде хатты алдына тартып Бейсекеңе жүгінгенбіз. Ол кісі:
«Пәлі, мынау Мұқаңның сілтесі ғой, – деді көтеріліп. Сөйтті де түсінік бере бастады: – Мұқаңның айтып отырғаны ұлы мысалшы И.А.Крыловтың жүз жылдық тойына байланысты дайындалмақ бір томдықтың жайы. Творчестволық қызметкерлері соғыстың салдарынан аз қалған баспа томдықты дайындауда қиналатын болды. Оның үстіне Крылов мысалдарын тап Ахмет Байтұрсыновтай қазақыландырып аударған кісі жоқ. Ол кісінің аудармасын жинаққа қосу былай тұрсын, атын атаудың өзі бір қиямет-қайым. Атауға болмайды. Озбырлықпен отызыншы жылдары атылып кеткен кісі. Ой, жарықтық-ай (Бейсекең кемсеңдеп көзіне жас алды.) Осы жауапты істе Мұқаң мен Сәбеңнен көмек сұрадық. Мұқаң бұл бір халықтың жеңісіне ықылас-ниетін оятатын үлкен іс екен деп құмбыл кірісті. Сәбит марқұм екеуі бірігіп Орталық комитетті көндірді. Орталық комитетке менің сөзім өтпейді. «Абай» романын жарыққа шығарып жіберіп «қарабет» атанғанмын. Баспада қаражат жоқ қой. Не істейік енді. Әлгіндей даулы жағы және бар. Алғысөзін Мұқаң жазды. Сәбит марқұм, редколлегияға кірмей қалды. Қарсы бола қоймады бірақ. Кітаптың шығуына жәрдем етті. Аударманың көркемдік сапасын алғысөз жазуда бақылаған ғой Мұқаң. Мақтап айтып отырғаны Асқар Тоқмағамбетов Асқар аударды деп отырған мысалымыздың біразы Ахмет Байтұрсыновтікі еді ғой, қарағым. Мұқаң білмейді емес, біледі. Көз қылып сөйлеп отырғаны. «Сәбит қайтер екен?» – деп із тастай сөйлейді ғой... Ой, жарықтықтар-ай! (Бейсекең жымиып күлді.) Сырцов – Қазақ ССР Министрлер Советі председателінің орынбасары. Ол да қолқабыс жасады. Балақаев – СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл секторының басшысы, Мәулен. Мен әдебиет секторын қосымша басқарғанмын.
Не керек, көптеп-көмектеп жүріп, ұлы мысалшының жүз жылдығына арнап жақсы бір томдық шығардық. Алғысөзін Мұқаң жазды. Сөйтіп қазақтың марқасқа перзенттері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бейсембай Кенжебайұлы, Қапан Сатыбалдин болып өзара ынтымақ тауып, орыстың ұлы мысалшы ақыны И.А.Крыловтың «Мысалдар» кітабын қазақ тілінде кітап етіп бастырды. Ұлы мысалшының атын жамылып Ақаң – Ахмет Байтұрсыновтай «ұлтшыл», «байшыл» – Алашорда көсемінің рухын оятты, рухани еңбегін қазақ оқырмандарына ұсынып рухын бір тербетті...
Біз сол жолы, қазақтар, өзара ынтымақ таптық. Дегенде қазақ «қырағы» ғой. Сыртымыздан біреу көрсетіпті ақыры. Бұрын Мұхтардың «Абай» романын Орталық Комитеттің «шығармаңдар» дегеніне қарамай жауапкершілікті мойныма алып шығарып жіберіп сау басым дауда қалғаны бар. Әбдіхалықов қыдыңдап болмаған соң қызметтен кету жөнінде өтініш жазып беріп қойғанмын. Білетін кадр аз дегенсіп, ұстап жібермей жүрген. И.А.Крыловтың бір томдығынан соң арызыма қол қойды... Мен басқа қызметке ауыстым. Ақаң артық сөз болған жоқ.»
Мұхтар Әуезовтің шағын жазбасында қаншама сыр жатыр еді, шіркін?!
Енді бірауық кітапқа Мұқаң жазған «Иван Андреевич Крылов» аталатын алғысөзге зер саламын. Өмірбаяндық жазба қол-аяғы жазыла келе астарлы сипат алады екен.
«Мысалдарында патша сарайы сүйген талай шенеунікті, нелер зор мықтыларды, көп жағымпаз жазушыларды орнынан тұрғысыз етеді». (7 бет.)
«Квартет» деген мысалында, тіпті патшаның Мемлекеттік советін (Государственный совет) мазақ етеді. «Көкек пен қораз» деген мысалында, бірін-бірі өлердей мақтайтын көкек пен қоразды айта отырып, сол күндері екі жағымпаз Греч пен Булгаринді мазақ етеді. Бұның екеуі де патшалыққа жағынып, тыңшылық етіп жүріп, өздері талапсыз, жаман жазушы болса да үлкен орын салмаққа ие болған. Пушкин сияқты анық жақсы жазушылардың соңына түсіп, көп қастық, топастық еткен адамдар болатын. Крылов соларды сорақы қып көрсетеді». (8 бет.)
«1838 жылы жасы 69-ға келген Крыловқа өкімет юбилей (арнаулы құрмет мерекесін) жасайды. Содан бір жыл бұрын Пушкиннің өліміне себепші болған патшалық өкіметті, мынамен әдебиетке дұрыс қарайтынын білдірем дегендей боп еді. Онысы Крыловты, әдебиетті құрметтеу емес, өзін-өзі мақтау еді». (8 бет.)
«Абайдан соң революцияның өзіне шейін де Крылов қазақ тіліне көп аударылды. Абай үлгісімен аударған ақындар бірнеше. Олардың кейбірі аудармаларын топтап мысалдардың жеке жинағын да шығарған. (Ахмет Байтұрсыновты айтып отыр деп білемін – Қ.Е.) Сондай аударушының бірі жазушы ақын Спандияр Көбеев. Ол Крыловтың 44 мысалын аударып (Тағы да Ахмет Байтұрсыновтың Санкт Петербургта 1909 жылы кітап етіп бастырған «Қырық мысалын» айтып отыр деп ұқтым – Қ.Е.) бір жинақ қып бастырады». (11 бет.)
«Бірақ сол Крыловтың бар шығармасы қазақ тіліне түгелімен аударылған жоқ еді. Осы жолғы жинақта сол олқылықтың бірталайын толықтырып отырмыз. Крылов мысалдарының ішіндегі ең бағалы, мағыналы деген үлгілерінің бәрін іріктеп алып, бұрынғы аудармаларды молықтырып, тыңнан да көп мысалдарын аудартып, бастырып отырмыз.
Крыловтың өліміне жүз жыл толуымен байланысты шығатын осы жинаққа мысалдардың көбін жаңадан аударып берген қазақ ақындары Асқар Тоқмағамбетов, Дүйсембек Еркімбеков, Нығмет Баймұхамедов, Қапан Сатыбалдин жолдастар». ( (12 бет.)
Ойланып қараған, ойланып зер салып оқыған адамға осынау алғысөзде ұлы адамның өз заманына наласы да, ұлтшыл аталып, ұсталып атылып кеткен ұлы ұстазына деген сағынышы, құрмет, ілтипаты да, әмсе идея авторы, жинақты құрастырушы (әрі редакторы) Бейсекеңмен ойласып, жинақталып құрастырылған жинақ жайында астарлы ойлар бұғып жатыр. Сөйтіп, қазақтың әлденеше қаламгері, әсіресе екі азаматының өзара ынтымақ-бірлігінің жемісі ретінде И.А.Крыловтың «Мысалдары» 1944 жылы жарыққа шыққан болды. Шыққан болды? Шынында, бәрібір кейбір кедергілерге ұшырап жинақ 1945 жылы барып жарық көрді. Жинақтың титул бетінде «Қазақтың Мемлекеттік біріккен баспасы 1944» деген белгінің тұруына қарамастан кітаптың ең соңғы өндірістік бетінде «Подписано к печати 26/І-1945 г.Редактор Б.Кенжебаев» (Басуға қол қойылды. 26/І-1945 ж. Редакторы Б.Кенжебаев.)-деген белгі тағы тұр.
Демек, ұлы мысалшы жинағына әбден қатысы бар Б.Кенжебайұлының куәлік етуіне қарамастан «Мысалдар» жинағы өндіріске кетпей тұрып-ақ кермеге тап болған да, бірсыпыра кедергіден соң кешігіп барып жыл алмаса жарық көрген болады. Қадірменді ғалымның Крыловтың жүз жылдығы деп отырғаны И.А.Крыловтың қайтыс болуының жүз жылдығы! Оны да дәйектей кетелік жол-жөнекей.
... Ойыма тағы да тәржіма тарланы Әбілмәжін Жұмабай оралды.
1948 жыл. Үрпек сары студент майда қоңыр үнімен мысал өлеңді жатқа соғып отыр.
Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу
бір күні,
Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-
дүркін.
Тартады Аққу көкке, Шаян
кейін,
Жұлқиды суға қарй Шортан
шіркін!
Бұлардың машақаты аз
болмады,
Жұмысы орнына кеп мәз
болмады.
Тартса да бар күштерін
аямай-ақ,
Аслан жүк орнынан
қозғалмады.
Оншама ол жүк артық ауыр
емес,
Құр сырттан пәлен деу де
тәуір емес.
Жүк бірақ әлі күнге
орнында тұр,
Бірыңғай тартпаған соң бәрі
тегіс.
ХХХ
Жігіттер, мұнан ғибрат
алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсақ
жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің
көнбей
Істеген ынтымақсыз ісің
оңбас!
Шашын «кірпі» етіп қырықтырған, мұнтаздай әдемі, ұқыпты киінген орта бойлы ақ сары жігіт ағасы, ұстаз абдырап-ақ қалғаны. «Тоқта»-дей жаздап барып әнтек тілін тістей қойды. «Айтсын...айтсын...Тәуекел!» Ақсары жүзі қуқыл тартты. Аудиторияға көз тастады. Студенттер бейқам. Аяғына дейін тыңдады...
«Бестікті» қойып, студентті орнына отырғызды. Қоңырау соғылды. Студентті ертіп оқытушы ғалым аудиториядан сыртқа беттеді.
– Крылов мысалын жақсы айттың, қарағым, жақсы біледі екенсің. Кімнің аударғанын білесің бе?
– Білмедім.
– Кімнен үйреніп жаттадың?
– Әкемнен. Әрі «Мысалдар» деген кітаптан!
– Әкең сауатты кісі болды-ау шамасы?
– Ескіше де, жаңаша да оқыған кісі.
– Оқығаның, білгенің жақсы, қарағым. Бірақ, абайла. Жұрт көзінше айта берме. Орнын біліп айт. Басыңа іс түсіп жүрмесін...
– Неге ағай?
– Қарағым, бұл өлең Ахмет Байтұрсыновтың өлеңі. Естуің бар ма?
– Әкей айтқан сияқты... Қайдам? Білмеймін.
– Е-е, қарағым, ол бір көзі тірісінде ұлт көсеміне айналған ардақты адам еді. Әттең, жалған жала жабылып атылып кетті. Ұлтшыл болды. Ұлтшылдығы айыбы болды...
Бірі ұстаз, бірі студент екеуі Фурманов көшесімен жүріп, оң қабаттағы сары үйге келіп енді де, жоғары қабатқа бірінің соңынан бірі көтеріліп бара жатты... Ұстаз бен шәкірт... Екеуін де ұлы ағартушы, ғалым, аудармашы, ақын, халықшыл, ұлтшыл қайраткер Ахмет Байтұрсынұлының әруағы алқалап алып бара жатқандай еді...
PS. Міне осылай А.Байтұрсынұлының орыс мысалшысы И.Крыловтың атын жамылып, қилы заман, тар кезеңде, 1945 жылы үлкен тәуекелмен жарық көрген екен.
Түркістан шаһары
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ