THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Үмбетей жырау - дидактикалық поэзияның әйгілі шебері
Авторы: Жасұлан Исакаев
02/06/2017 09:21 0 47225 0
Жыраулар поэзиясы өзінің әлеуметтік, адамгершілік сарынымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды. Олар сөз өнерін аса қадірлеген, биік санаған. Мысалы, Асан қайғы «Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады. Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады», – десе, Шалкиіз «Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі өлмейді», – деген. Олардың поэзиясы терме, толғау түрінде келеді. Шешендік өрнектері мол. Жыраулар толғауларын ауызша айтып шығарған, сондықтан ауыз әдебиеті шығармаларындағыдай қайталаулар ұшырасады, бір жырау толғауларындағы ой-өрнек екінші біреуінде кездесіп те отырады. Жастайынан сөз өнеріне ден қойған Үмбетей жырау да халық шежірелерінен, шешендік сөздерінен, халық дастандарынан көп тағылым алған.
Үмбетей – XVIII ғасырда жасаған, ерлікті жырлап ел тыныштығын көксеп өткен жалынды ақын. Үмбетей жырау елінің қорғаны болған батырларды жырына арқау еткен. Өмірде болған адамның ісі оны тікелей көрген адамның көзімен өлшеніп бағаланады, суреттеледі. Соның нәтижесінде жыраудың толғауларынан елін жаудан қорғаған қайсар ер, қайтпас батырдың өр бейнесін көргендей боласың. «Бөгембай өліміне», «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту» атты толғауларында ол Бөгембай бастаған халық батырларын дәріптеген. «Қашпаған қандай ұрыстан» қайратты ерлерді ұрпағына өнеге еткен. Жырау Бөгембай батырдың ерлік бейнесін тамаша өрнектейді. Атамекенін жаудан қорғап қалған, халқымыздың ұлан-байтақ жерін Баянауыл, Қызыл тау, Абралы, Шыңғыстау – бүкіл Сарыарқа атырабын қалмақтардан аман алып қалған Бөгембай батырдың ерлігін сүйсіне жырлайды.
Жырау тек Бөгембайды ғана емес, Абылай тұсындағы қолбасы батырлардың – Қаракерей Қабанбайдың, Қаз дауысты Қазыбектің, Керейде батыр Жәнібектің, Сары, Баян мен Сағымбайдың ерліктерін де өлең жолдарына қосқан. Үмбетей жырау «Бәкеге», «Жауқашарға» өлеңдерінде жаман қылықтан сақтандырған, жақсы қылыққа адамгершілікке, адалдыққа үндеген. Жырау өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған. Жыраудың ерекше ұйқасқа көңіл бөлгендігі аңғарылады, өлең жолдары көбіне үш буыннан үйлеседі.
Үмбетей – тынысы кең жырау. Үмбетей – жауынгерлік поэзияның ғана өкілі емес. Өзінің жыраулық тұлғасын жорықтық толғауларымен ғана көрсетпейді.
Тілеуұлы Үмбетейдің жырау ретінде артына қалдырған мұрасы аса көп емес. Небары жеті-сегіз толғау. Үмбетей – беріде өмір сүрген ақын. Арнау жырларымен аты шыққан. Жалпы, XV-XVIII ғасырлар арасындағы қазақ поэзиясының негізі арнау, толғаулар десек қателеспейміз. Жырау мақалдап, мәтелдеп сөйлейді, халық даналығына сүйенеді. Өлеңдері шешендік өнерге жақын тұрады.
Үмбетей жырау отбасылық тақырыпқа да мән берген. Ол баладан көрген базарын да, азарын да жасырмаған. Балалық, жастардың, кәрілік жыраулардың тұрақты тақырыптарының біріне саналады. Жыраудың «Дін пұсырман баласы адамдықтан жерімен» деуіне қарағанда, мұсылмандықтан адамды жақсартатын біраз нәрселер іздеген болуы керек. Жырау толғауларында дидактикалық сипатты сақтайды. Ақылды да жадағай, жалаң айтпай аталық өре тұрғысынан толғап екшеп, өз басынан кешкенін қорытып береді.
Үмбетей жырау шығармалары от-жалынды туғандығымен, тәуелсіздік жолындағы күрестің қиын кезеңінде жұрттың рухын көтерген, елге жігер берген ұран іспеттес болғандығымен құнды.
massaget.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ