THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Алатаудың басында үнемі ақ қар жатады, әр түрлі табиғат жағдайларынан мүжіліп сілемдер пайда болады. Бұл-жаратылыс. Адамда сондай, жас келгенде шаш пен самайға ақ кіреді. Өмірдің өткелдерінен әжімдер түседі, “кәрілік” жетеді. Иә, кәрілікке жетудің өзі бір ғанибет, бірақ Абай атамыз айтқандай, “кәрілікке жететін де, жетпейтін де адамдар бар”, ал оған жеткен күнде де бала-шаға, немере-шөберенің жанында отырады ма? Бұрын қарияларды сыйлап, құрметтеп, төрге шығаратын. Ата-әже – қара шаңырақтың асқар Алатауындай болып отыратын. Ал қазір заман өзгерді ме, әлде бала өзгерді ме, әйтеуір қазақтың тарихында, санасында, ұлтында болмаған жағдай болып жатыр. Теледидарды қосқан сайын, ақ жаулығын желбіретіп, көз жасын мөлдіретіп өз туған әке-шешесін қарттар үйіне өткізіп жатқан тас жүрек балаларды көреміз. Бұрын қарттар үйіне өткізбек түгілі, бұл суық атау мүлде болмаған да...
Қазіргі таңдағы қоғамға бұл сөзді есту таңсық емес. Онсыз да батагөй қарттарымыздың саны кеміп бара жатқанда, қарттар үйінің саны өсуі жанды ауыртады. Қазақтың қанына бұрыннан үлкенді сыйлау, құрметтеу, қадір тұту сіңген қадірлі қасиет, ал мынау қайдан келген жат қылық екені белгісіз. Мүмкін заман емес адам санасы өзгерген шығар, өйткені заманды адам өзгертеді. Әлде тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, өлім мен өмірдің арасында дүниеге әкеліп, бір түнде ұйқысын төрт бөліп мәпелеп қарап, ыстық-суығына бірге түсіп, баласының тілеуін тілеп отыратын ақ жаулықты ана мен арқасына көтеріп, еркелетіп өсірген асқар тау әкенің, өзі туған балаларына өз қолдары өз ауыздарына жетіп, оқытып-тоқытып , аяғынан тік тұрғызғанда, бар жағдайын жасап, өздеріне кәрілік жеткенде, “зейнетінен бейнеті көп” деп, бойларынан қуат, ойларынан шуақ кеткенде, керек болмай қалғаны ма? Онсызда қарттар үйінде қазақтың қара көз аналары мен асқар тау әкелерінің болуы саналы, титтей болса да сезімі бар адамның жүрегін ауыртатыны сөзсіз. Қазақ немесе басқа ұлт болса да, ананың аты – ана, әкенің аты – әке. Олардың өмірде алатын орны ерекше. Ата-ананың алдында қарызыңды ешқашан өтей алмайсың. “Анаңды меккеге үш рет арқалап апарсаңда қарызыңнан құтылмайсың” деген, ал әке-шешеңді қарттар үйіне өткізу, үлкен қателік, үлкен күнә, ондай адам екі дүниеде деоңбасы хақ.
"Атаңа не істесең алдыңа сол келер" деген .Алла жазса, әрбір жанның басына кәрілік келіп, шаш пен самайды ақ шалатыны сөзсіз. Бұл – заңдылық, кәрілік ешкімді де айналып өтпейді. Ал сол кезде дәл осындай жағдай өз басыңда қайталанбасына кім кепіл?! Ал жасарыңды жасап, бояуы сіңгенде өкінгеннің еш пайдасы жоқ. Құран кәрімде: Аллаға ғана сыйынып, ата-ананы сыйлау керектігі айтылған. Сондықтан, бізге өмір есігін ашып, шуағын шашқан қазына қарттарды сыйлап, құрметтеп төбемізге көтерейік! Ең бастысы әр нәрсенің қадірін дер кезінде түсінуіміз қажет. Күн бар жерде, түн де бар. Жастық бар да, кәрілік те барын ұмытпайық.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ