КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 «Тарих қайталанады» – дейді. Бірақ оның неше ғасырда немесе қанша жылдан кейін қайтадан көрініс беретіндігі тек бір Аллаға ғана аян.
Қария тарихтың көне парағы міндетті түрде бір ғасырда немесе жүз елу жылдан кейін қайтадан қайырыла ашылады деп ешкімнің де кесіп-пішіп кесім айта алмайтыны секілді, оның айналып келмесін де ешкім жалғанға шығара алмайды. Себебі, бұл бәрібір болмай қоймайтын аксиома. Жарайды, тарих қайталанады делік. Сонда біздің тарих адамды өткен өміріне ынтызар етіп, арманыңа сағыныш демдейтіндей тарих па? Атай көрмеңіз. Арманыңыз не, дос түгіл дұшпаныңның басына тілемейтін тарих. Біздің тарих «Тарихы қалың, оқулығы жұқа (Қ.Мырзалиев)» ғана емес, нағыз өзіңмен кеткірдің өзіне айналған «Күн көсемнің» сөзін сәл өзгертіп айтар болсақ, қан, қан, тағы да қан тарих. Олай болса біз азаттыққа қиылған ар мен еркіндікке төгілген зардан нендей сабақ алдық, қос парағының бір беті ап-ащы жас, келесі беті күп-күрең қанмен жазылған қатыгез тағдырымыздың қайтадан қайырылып соқпасына қам жасай алдық па? Мәселе сонда. Осы орайда, біз бұдан бір ғасыр бұрнағы дәуірге барлау жасап көрмекпіз. Бүгінгі Қазақстан ілкідегі жүз жыл бұрынғы мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Бұдан бір ғасыр бұрын, яғни 1909 жылы, Патшалық Ресей саясатынан әбден жанышталып, езгіге түскен азаттық идея қайтадан қанат қомдаған болатын. Осы ұлт болып ұйысу идеясын ту етіп көтерген ұлт көсемдерінің де басына ауық-ауық бұлт үйіріле бастаған-ды. Мәселен, 1907 жылы 18 желтоқсанда Петербор сот палатасының төтенше мәжілісі Әлихан Бөкейхановты «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін үш ай мерзімге Семей түрмесіне қамауға шешім шығарса, 1909 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Қарқаралыда өкіметке қарсы әрекеттер жасады» деген айыппен тұтқынға алынып, екі жылға жер аударылды. Қаншама түрме есігін тоздырып қуғынға ұшыраса да, рухы асқақ алаш арыстары діттеген мақсаттарына қол жеткізбей қоймады. 1917 жылы 13 желтоқсанда Алашорда үкіметін жариялап үлгерді. Бұдан кейін алаш көсемдері «Алаш» автономиясының қалай дамуы керектігі жайлы мемлекеттің толыққанды тұғырнамасын жасады. Басқа да маңызды қаулы-жарғыларды айтпағанда, алаш арыстары мынадай алты мәселені ұлттың ұстанымы етті:
Бірінші, «Бай, кедей, орта деген секілді таптық бөлінушілік болмасын»;
Екінші, «Жерді сатуға мүлде болмайды»;
Үшінші, «Жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың төл меншігі ретінде саналады»;
(Ә.Бөкейханның «Қазақ жерінің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» дегені осыған дәлел).
Төртінші, «Бір тоқтының жүнінен бір жапырақ бұл тоқылатын болса, ол ең алдымен қазақтың үстінен табылуы қажет»;
Бесінші, «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын»;
Алтыншы, «Мемлекет құруда ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып дамыған Жапония елінің тәжірибесі қолданылсын».
Бұл – алаштың бұдан 100 жыл бұрын жасаған бағдарламасы. Бүгін біз, өкінішке қарай осы бағдарламаның жүзеге асқандығын көрсететін бірде-бір өзгеріс көріп отырған жоқпыз. Өзгерген тек жылдардың сандық атаулары ғана. (Мысалы, 1909-17 жыл деген дата (сан) 2014 жыл, XX ғасыр XXI ғасыр болып өзгерді деген секілді). Рас, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін іске асқан нәтижелер өте көп.
(Біз бұл арада өзгерген нәтижелер емес, өзгермеген ұлы мұраттар жайында айтып отырмыз). Алаштың азаттығы орындалғанмен, кемел мемлекет құрудың негізгі өзегі болып табылатын мақсат-мүддесі мен арман-тілегі орындалған жоқ. Кез келген халық діні мен тілі, ділі мен жері болмайынша толыққанды мемлекет құра алмақ емес. Онсыз азаттықта абырой, еркіндікте ешқандай мазмұн болмайды. Қазір өзгесін айтпағанда, осы төрт құндылықтың өзі шатқаяқтап тұр. Тіліміз табанда, дініміз талауда, рухымыз құлдық құрығынан құлантаза құтылған жоқ. Демек бізге мақтанға салынып “азатпыз” деп аспанға бөрік атудан гөрі одан айырылып қалмаудың қамын жасамақ керек. Неге десеңіз, Алаштың алты мақсаты жүзеге аспақ тұрмақ, аяқ асты болып төмендегідей өзгерістерге ұшырады. Сөзіміз дәйекті болу үшін кешегі (алаштың алты ұстанымы) мен бүгінгіні қатар келтіре отырып сөз сабақтап көрелік.
Бірінші, «Бай, кедей, орта деген секілді таптық бөлінушілік болмасын»;
Бүгін таптық бөлінушілік емес, трайбализм (рулық пен жершілдік) секілді жүзге бөлінушілік адам нанғысыз жағдайға жетті.
Екінші, «Жерді сатуға мүлде болмайды»;
Болады. Болғанда қандай. Бұдан 4-5 жыл бұрын қос палаталы Парламентіміз «жерді сатуға болады» деген заң шығарып берген соң, сатып жібергенбіз.
Үшінші, «Жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың төл меншігі ретінде саналады»;
Жердің асты мен үстіндегі байлық қазір қазақтың емес, Лакшми Митталл мен Владимр Ким, Патох Шодиев, Алиджан Ибрагимов, Александр Машкевич секілді ірі мешкейлердің төл меншігіне айналғаны қашан.
Төртінші, «Бір тоқтының жүнінен бір жапырақ бұл тоқылатын болса, ол ең алдымен қазақтың үстінен табылуы қажет»;
Бұл жерде экспорт туралы сөз айтудың өзі ұят. Басқасын айтпағанда, байпақ тоқитын өндіріс орынымыз болмағандығынан күні-бүгінге дейін орыс пен түріктің, қытай мен қырғыздың киімдерін киуге мәжбүрміз.
Бесінші, «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын»;
Болуы болды ғой. Бірақ оның бүгінгі жәй-күйінің қандай екендігі сіз бен бізге бес саусағымыздай белгілі. Бір мемлекет тұрмақ, бір мекемеге әмірі жүрмейтін мүсәпір, мүгедек тіл. Тіл дегеннен туындайды, бұл орайда біз әлемге әмірін жүргізген ағылшын, қытай, орыс секілді тілдерден сабақ алуға тиіспіз. Қазір қарапайым күнделікті тұтынып жүрген ұялы телефонмен қазақ әліпбиіндегі ұ, ү, ө, қ, і, ә секілді әріптермен хат та (сообщения) жаза алмайсыз. Ол аз десеңіз, компьютерде терген мақалаңыздың атауын (файлын) осы әріптердің біреуі кездесетін сөзбен сақтай алмайсыз. Міне көрдіңіз бе, жолы болған бұл тілдер өз талап тілегін, тұрмыс-тіршілігімізге ғана емес, заманауи техника құралдарына да жүргізіп отыр. Кімде-кім қазақ тілін құрғақ ұранға емес технограттық өркениет пен техника тіліне айналдырған болса, «еліне ерен еңбек сіңірген» нағыз ұлтшыл адам осы болмақ.
Алтыншы, «Мемлекет құруда ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып дамыған Жапония елінің тәжірибесі қолданылсын».
Қазір Жапония қайда біз қайда? Мүмкін мемлекетіміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, етек-жеңін жинаған сәттен бастап Алаштың алтыншы бағытына ден қойғанда бүгінгі Қазақстан Республикасы шикізат шығаруға ғана негізделген мемлекет емес, өндіруші алпауыт мемлекеттердің санатынан табылар ма еді?!
Біз келтіріп отырған бұл келеңсіздіктер бұдан ғасыр бұрынғы бағдарламаның бүгінгі сиқы. Ал одан қандай жетістік, нендей өзгеріс көріп отырсыз? Демек, өзгермей қалған бұл ғана емес. XXI ғасырдағы рухани ақуалымыз да Алаш дәуірінен (XX ғасыр) еш алыстап кеткен жоқ.
“Біздің қазақ теориялық тұжырымдарды түсінбейді. Оған көз алдында көріп тұрған қойы, киізі, арбасы туралы айтсаң ғана ұғады”,– деп Смағұл Сәдуақасов налыған сана мен танымға қазақ, содан бері қарай бір ғасырға жуық өмір сүрсе де серпіліс жасаған жоқ. Жалпы халықтың саяси немесе рухани санасының төмендігінен билік біздерге (бұқараға) ойына келгенінің бәрін жүзеге асырып келеді. Себебі, билікте бұқарамен санасатындай ар, халықта билікпен оппонент болатындай сауат жоқ. Қысқасы, бүгінгі биліктің кешегі большевиктерден ешқандай айырмашылығы жоқ. Бірбеткей билік саяси ұстанымына қарсы шығып, кемшілігін бетіне басқандарды келмес сапарға атандырып жіберетіндігін, өзіне ұнамағандардың өмір сүруге ешқандай қақысы жоқ екендігін ашық дәлелдеп отыр. (Бұл жолдарда кімдердің шәйіт болғандығын ішіңіз сезетін шығар). Жеке басқа табынудың кешегі Сталиндік жүйеден артықшылығы болмаса еш кемдігі жоқ. Олай болса біз, кешегі алаш пен бүгінгі алаштекті ұлдардың ащы тағдырынан ешқандай айырмашылық көріп отырғанымыз жоқ. Бар болғаны – бірбеткей билік, толыспаған таным, серпілмеген сана, өзгермеген жүйе ғана.
Санамыздың мүгедектігінен күнұзақ ақордадан айналып, елбасыдан толғанған жағымпаздар мен өтірікшілердің ертеңгі ел жайындағы “ертегілеріне” құрандай нанып, құлдай құлшылық ұрып отырмыз. Жағымпаздық дегеннен шығады, жақсырақ жемдеген сайын тәттірек сөйлеуге бейімделген солардың бір тобы қазір патшадан періште жасауға тыраштанып бақса, базбіреулері қасиетті Құран Кәрімнің сыртқы мұқабасына елбасының есімін жазды. (Құран-Кәрім, «Дәуір» баспасы Алматы 2002 жыл. У.Қыдырханұлының аудармасы).
Сөйтіп біз бұрын-соңды әлемнің еш елінде болмаған жағымпаздық “өнердің” шегінен асқан шедевр үлгісін жасадық.
Бұл біздің рухани кембағалдығымыздың көп көріністерінің бірі ғана. Ал, “Алашқа іші жау боп сырты күлмектің (Абай)” соңы мұнымен түгесілген жоқ. Дәл бүгін “Алаш Орданы ғайбаттамаса тамағына ас батпайтындар (С. Қожанов)” табылмаса да, “Алаш” десе ат-тонын ала қашатындар әлі де жетіп артылады. Себебі кешегі буын сүйекке сіңіп, қанға араласқан, социалистік реализм идеясының құлдық психологиясынан құлан таза құтыла қойған жоқ. Содан болса керек осы буын азат Қазақстан мемлекетінің болашағына әлі күнге күмәнмен қарайды. Мұның өзіндік себептері де жоқ емес. (Билік күн сайын орыссыз күніміздің қараң екендігін қайта-қайта есімізге салатын ниетте болса сөйтпегенде қайтеді.) Әзірше бұл сенімді сетінетуге құлшылық танытып отырған билік, талап етіп отырған бұқара жоқ. Бәрі керісінше. Бәрі баяғыдай.
Иә, содан бері жүз жылға жуық ғұмыр кешсек те Алаш арыстарының алты талабы тағы да алдымыздан шықты. Ал онымен күресіп, халық игілігіне жаратпай еш тоқталуға болмас.
Демек, “Алаш” оқып немесе жазып қоя салатын ғылыми еңбек емес. Алаш – бізге үйренуді, оны синтездеуді, және жүзеге асыруды талап ететін ұлы қозғалыс. Өйткені мемлекет және оның келешегі барда Алаш біздің алдымыздан шыға беретін мәңгілік мәселе.
Алаш арыстары мәңгілік елдің мемлекеттік концепциясын ғана емес, қалайша өмір сүріп, қайтіп өлу керектігін де көрсетіп кетті. Себебі олар үшін “өлімнен ұят”, ұяттан азаттық қымбат болатын. Алаш феноменінің біздің санамызға сыймаған бір құпиясының сыры осы. Расында, өмірдің мәні қайтіп, қалай өмір өткізуіңде емес “жақсы өліпсің япыр-ай да” жатыр. Олай болса, қазіргі қазақ қоғамына Алаштың алты бағытын ары қарай жалғастыратын, һәм орындайтын бүгінгі күннің Бөкейхановтары керек. Бұл ар мен азаттықты бәрінен жоғары қоятындардың ғана қолынан келеді. Осынау ұзаққа созылған ұлы көштің (қозғалыстың) заңды мұрагері тек сіз бен бізбіз қазақ жастары…

saigez.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика