КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

“Түрікшілдік” түрік ұлтын биіктету деген сөз. Ондай жағдайда, түрікшілдіктің негізін түсіну үшін алдымен “ұлт” аталатын қауымның неден құралатынын анықтау қажет болады. Ұлт жайындағы түрлі көзқарастарды зерттеп көрейік:
1. Нәсілді негізге алатын түрікшілдердің пікірі бойынша ұлт – нәсіл деген сөз…
2. Қауымды негізге алатын түрікшілдер болса, ұлтты қауымдар бірлігімен шатастырады. Қауым бір әкеден, бір шешеден өрбіген, арасына ешқандай бөтен біреу араласпаған, бір қаннан жаралып, тараған адамдардың бірлестігі (ру, тайпа) деген сөз…
3. Жағрапиялық құрылымды негізге алатын түрікшілдердің пікірінше бір елде тұратын халықтың бәрі бір ұлт. Мысалы, олардың түсінігінше Иран ұлты, Швейцария ұлты, Белгия ұлты, Британия ұлты деген сияқты ұлттар бар…
4. Османшылдар Османлы империясында тұратын барлық азаматтардың жиынтығын ұлтқа балайды…
5. Ислам бірлігін жақтайтындардың ойынша ұлт дегеніміз бүкіл мұсылмандардың жиынтығы…
6. Жеке тұлғаны жақтаушылардың пікіріне сүйенер болсақ, ұлт дегеніміз – кез келген кісінің өзін мүшесі санайтын қандайда бір қоғам…
…Олай болса, ұлт деген немене? Нәсіл, қауым, жағрапиялық жағдай, саяси өмір және адамның ерік күшінен басым түсіп, оларға үкімін жүргізетін басқа қандай тәуелсіз куш бар?
Социология ғылымы бұл байланыстың тәрбие мен мәдениеттің бір болуында, яғни сезімдердің бірлігінде екенін дәлелдеп отыр. Адамның ең шынайы сезімдері оның бастапқы тәрбиесі кезінде қалыптасады. Әлі бесікте жатқан кезінде естіген өлеңдері мен ана тілінің ықпалында қалады.
Сондықтан да біздің сүйікті тіліміз – ана тіліміз. Рухани дүниемізді қалыптастыратын барлық діни, моральдық, эстетикалық сезімдеріміз осы тіл арқылы пайда болған. Бұларды бала кезімізде қай қоғамнан алған болсақ, үнемі сол қоғамда өмір сүруді қалаймыз. Басқа бір қоғамда әлдеқайда үлкен молшылықта өмір сүруіміз мүмкін бола тұрса да, өз қоғамымыздағы кедейшілікті ол молшылықтан жоғары қоямыз. Өйткені рухани туыстар арасындағы бұл кедейшілік жат жұрттықтар арасындағы байлықтан әлдеқайда артық, ол біздің рухымызды бақытқа бөлейді. Талғамдарымыз, ар-ожданымыз, сағыныштарымыз түгелдей өзіміз ішінде өмір сүрген, тәрбиесін алған қоғамдікі. Бұлардың ықпалды әсерін тек сол қоғамның ішінде ғана сезе аламыз.
Одан ажырап, басқа қоғамға енуімізге үлкен кедергі бар. Бұл кедергі – бала кезімізде сол қоғамнан алған тәрбиемізді рухани дүниемізден шығарып тастаудың мүмкін еместігі. Мұның мүмкін еместігі себепті бұрынғы қоғамымызда қалуға мәжбүрміз. Бұдан ұлттың не нәсілге, не қауымға, не жағрапиялық жағдайға, не саясатқа, не адамның ерік күшіне байланысты бірлестік емес екені түсінікті болады. Ұлт – тіл, дін, мораль және барлық көркем өнер салалары тұрғысынан ортақ, яғни бірдей тәрбие алған адамдардан тұратын бірлестік. Түрік шаруасы бұны “тілі тіліне үйлесетін, діні дініне үйлесетін” деп бейнелейді. Шындығында әр адам қаны бір адамдардан гөрі тілі, діні ортақ адамдармен бірге өмір сүргісі келеді. Өйткені, адам болуымыздың ерекшелігі тәнімізде емес, рухымызда. Материалдық артықшылығымыз – нәсілімізден, рухани артықшылығымыз – тәрбиесін алған қоғамнан. Ескендір Зұлқарнайын: “Менің нағыз әкем Филипп емес, Аристотель. Өйткені, біріншісі материалдық денемнің, екіншісі рухани дүниемнің өмірге келуіне себеп болған”, – деген екен.
Адам үшін оның рухани дүниесі оның материалдық құрылымынан бұрын тұрады. Сондықтан ұлттан шежіре іздестірілмейді. Тек тәрбиенің және мұраттың (идеалдың) ұлттық болуы ізделеді. Қалыпты адам қай ұлттың тәрбиесін алған болса, тек соның ғана мұраты жолында еңбек етеді.
Өйткені, мұрат – биік шабыттың қайнар көзі. Ал біз оның тәрбиесін алып өспеген жат қоғам мұраты рухымызға әсте үлкен шабыт бере алмайды. Керісінше, біз тәрбиесін алып өскен қоғамның мұраты рухымызды үлкен шабытқа бөлеп, бақытты өмір сүруімізге себеп болады. Сондықтан да адам өзі тәрбиесін алып өскен қоғамның мұраты жолында өмірін пида етеді. Ал ақыл жолымен өзін байланысты
Жүз миллион түріктің бір ұлт ретінде бірігуі түрікшілдер үшін рахатқа бөлену емес пе? Тұран мұраты болмағанда түрікшілдік мұндай қарқынмен дамып, тарамас еді. Дегенмен, кім біледі? Бәлкім, болашақта Тұран мұратының жүзеге асуы мүмкін болар. Мұрат – болашақтың жаратушысы. Кеше түріктер үшін қияли мұрат болған ұлттық мемлекет бүгін Түркияда шындыққа айналып отыр.
Олай болса, түркшілдікті мұратының ұлғаюына қарай үш кезеңге ажырата аламыз:
1. Түркияшылдық;
2. Оғызшылдық немесе түрікменшілдік;
3. Тұраншылдық.
Бүгін осылардан түркияшылдық қана жүзеге асуы мүмкін. Ал, бәріміз үлкен ықыласпен іздеп келе жатқан “Қызыл алма” әзірше шындық емес, қиял шекарасында қалып отыр. Түрік шаруасы “Қызыл алманы” елестеткенде оның көз алдына ежелгі түрік қағандары келеді. Өйткені, Тұран мұраты қиял ғана емес, ол тарихта шындыққа да айналған. Біздің жыл санауымыздан екі жүз он жыл бұрын хұн қағаны Мете “хұндар” атауымен бүкіл түріктерді біріктірген кезде Тұран мұраты шындыққа айналған еді. Хұндардан кейін ауарлар, ауарлардан кейін көктүріктер, көктүріктерден кейін оғыздар, олардан кейін қырғыз – қазақтар, кейінірек Күр хан, Шыңғыс хан және ең соңында Әмір Темір Тұран мұратын шындыққа айналдырған жоқ па?
Тұран сөзінің мағынасын осылайша анықтап, оның шеп – шекарасын белгілеп алғандықтан, мажарлардың, финдердің, моңғолдардың, тұңғыстардың бұдан былай Тұран атауымен ешқандай қатысы болмауы тиіс. Тұран – барлық түріктердің бұрын бар болған және бәлкім болашақта да шындыққа айналар ұлы Отаны. Тұрандықтар, тек қана түрік тілінде сөйлейтін халықтар. Егер де Орал – Алтай тобы шынымен бар болса, өзіне тән атауы болғандықтан, “Тұран” деген аттың оған қажеті жоқ…

MINBER.KZ

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика