THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақтың әйгілі ғалымы, саяхатшы, шығыстанушы, этнограф, көсемсөзші Шоқан Уәлихановтың еңбектері өзінің көзі тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де тек қазақ пен орыс ғалымдары емес, Еуропа және басқа елдердің ғалымдарының да зор бағасын алды. Оның бірқатар дүниесін орыс достары мен әріптес ғалымдар жинап, 1904 жылы шығыстанушы Н.И.Веселовскийдің редакторлығымен тұңғыш жинағын шығарған болатын.
Кейін қазақтың атақты ғалымы Әлкей Марғұланның басқаруымен Шоқанның 150 жылдығына орай оның 5 томдық шығармалар жинағы орыс тілінде Алматыда басылып шықты. Ғалымның өмірі мен шығармашылығы жөнінде қазақ, орыс және басқа тілдерде ғылыми, әдеби, танымдық мақалалар шығуда.
Шоқанның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің бірі және бірегейі, елімізге еңбегі сіңген сәулетші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық Шығыс елдері Академиясының академигі, профессор Шота Уәлиханов. Ол Шоқанның туған інісі Мақы баласы Ыдырыстың ұлы.
Шоқан мен Шотаның өмірінде көп ұқсастық бар, әсіресе, балалық шағында. Шоқан бала кезінде әкесі аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханұлының Құсмұрындағы үйі мен әжесі Айғанымның Сырымбеттегі үйінде қазақтың белгілі ақын-жыршылары Арыстанбай, Орынбай, Шөже, Тоғжан, т.б. өлең-жырларын, әжесінің Абылай хан әулетінің өмір жолы туралы әңгімелерін тыңдап өссе, Шота да сол Сырымбетте туып, балалық шағын сонда өткізді.
Бала кезінде үлкендердің қазақ жұрты ғана емес көрші елдерде де әйгілі болған ата-бабалары туралы аңыз-әңгімелерін тыңдап өсті. Ол әңгімелерде Шоқан туралы да айтылатын. Шоқан туралы естігенде Шотаның өзінің айтуынша: «Е, мынау біздің туысымыз екен ғой» деген мақтаныш сезім ғана болды. Бертін келе оның еңбектерін оқығанымда туыстық емес, азаматтық махаббатым пайда болды. Оның еңбектерін қайта-қайта оқимын. Әрбір оқыған сайын жаңа ойлары мен пікірлеріне кездесіп отырам».Шота Мәскеудегі сәулет институтында оқып жүріп қаланың ірі кітапханаларына барып Шоқан шығармаларын және ол туралы жазылған достары мен орыстың көрнекті ғалымдарының еңбектерімен, естеліктерімен танысады. Сөйтіп, ол Шоқанның өмірі мен қызметін зерттеумен айналыса бастайды. Кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен хан, төрелердің ұрпағы ретінде қаншама кедергілерге кездессе де ол Шоқанды зерттеуін тоқтатқан жоқ. «Ол Шоқанды жеке иеленуден аулақ, бірақ ел ішінде, ұрпақ алдында дәріптеуді өзінің үлкен парызы деп таныды» – дейді сәулетші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдісағит Тәттіғұлов (Егемен Қазақстан, 24.04.2012 ж.).
Шоқан туралы жинаған материалдарын пайдаланып Шота 1962 жылы ғалымның жастық шағына арналған «Шоқан Уәлиханов» атты пьеса жазып шығарды, кейінірек «Кадет Шоқан», «Тағдыр», «Белые ночи Шокана» (Шоқанның ақ түндері) орыс тілінде пьесалары жарық көрді. Олар республика және облыстар театрларында қойылып, көрермендердің көңілінен шықты.
Шота Ыдырысұлы Шоқан туралы көбірек білу үшін мұрағаттар мен кітапханалардан құжаттар іздеумен қатар Шоқанның туған-туыстары, жүрген ортасы туралы білетін адамдармен әңгімелесіп бірқатар мәліметтер жинаған.
Мысалы, «Айтылмаған әңгіме» атты мақаласында өзінің әкесі Ыдырыстан өзінің әкесі Мақы туралы және оған Шоқанның қалай көмектескені туралы естіп біледі. «Шоқан туралы бірер сөз» деген мақаласында Шоқанның ең кенже інісі Қоқыштың баласы Зүбәиірмен әңгімелесіп Шоқан туралы көп мағлұмат алғанын айтады.
«Достық жаршысы» атты көлемді мақаласында Шота ұлы ғалымның мәңгі өлмейтініне кепіл үш түрлі жайтты келтіреді. «Бірінші, Шоқан өзінің ғылыми еңбектерін бір ғана субъективті көзқарасқа құрмай, тек Ресей шеңберінде емес, дүниежүзілік ғылымның табыстарын ескере отырып, сол дәрежеде жазды. Екінші, ғылымды Шоқан тек ғылым үшін деп қарамады, ол ғылыммен халықтар тағдырын қатар қойды. Ғылымға сүйене отырып, түнекте жатқан мыңдаған адамдар үшін сәуле іздеді. Үшінші, Шоқан өз халқының кемістік жақтарын жақсы білді. Жаман қасиеті болмаса екен деп көкседі. Оны жоюға атсалысты».
Одан әрі автор былай деп жазды: «Шоқан халықтар достығын уағыздады. Оны келешек өмірдің күші деп таныды. Шоқанның еңбектерін қарап отырсақ, ол қазақ халқының тарихын, мәдениетін, этнографиясын жеке, өзгеден оқшау алып талдамаған. Өзге халықтар өмірімен, үлгілерімен салыстыра зерттеген. Бір халықтан бір халықты кемсітіп сөйлегенің еш жерде көрмейміз, оның ұлылығы да осында. Мысалы, ол қырғыз халқының тамаша эпосы – «Манасты» алғаш рет жазып алып, оны Гомердің «Илиадасына» теңеп, дұрыс бағасын берді. Шоқан достық туралы жазып қана қоймайды. Оның жеке басының орыс халқының ұлы перзенттерімен өз достығы бізге күні бүгінге дейін үлгі. Ғалымның қарым-қатынаста болған адамдары өте көп. Солардың ішінен біразын атап өтейік. Атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тян-Шанский, Петербург университетінің ректоры, профессор А.Н.Бекетов, ұлы химик Д.И.Менделеев, атақты географ Г.Н.Потанин, ақындар А.Н.Майков, Полонский, С.Ф.Дуров, жазушылар Ф.М.Достоевский, В.В.Крестовский. Осылардың ішінде біздің жүрегімізді тербеп, заңды мақтаныш туғызатын Шоқанның Потанинмен және Достоевскиймен достығы.
Шота Ыдырысұлы Шоқанмен досжар болған орыс зиялыларының ұрпақтарын іздеп тауып байланыс жасайды. Ол досы Г.Н.Потаниннің бір шөбересін Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысының Шучье ауданының бас сәулетшісі болып қызмет істеп жүрген жерінен тауып танысады. Ф.М. Достоевскийдің ұрпақтары Дмитрий мен Татьянаны Санкт-Петербургтен табады. 1984 жылы олар Алматыға келіп Шотаның үйінде қонақ болып қайтыпты. Кейін Шота Дмитрий Достоевскийдің шақыруымен оның үйінде болыпты. Жазушы Всеволод Крестовскийдің немересі Ярослав Игоревич Крестовскиймен Шота 1990 жылдың жазында кездесіп танысады. Сол кездесуде Ярослав Игоревич Шотаға атасының жаңа басылып шыққан «Петербургские трущобы» атты кітабын сыйлап, оған: «Шота! Наши деды были друзьями, продолжим эту традицию», – деп жазыпты.
Шота Ыдырысұлы Шоқан туралы баспасөзде шығып жатқан мақалаларды жіті қарап, олардың кейбіреуінде кездескен кемшіліктерге қынжылады. «Тағылым» атты мақаласында кейбір ғалымдар мен әдебиетшілердің Шоқанды еліне, туыстарына жат қылып көрсеткендерін сынайды. Шындығында, Шоқан замандасқа сырлас, ініге үлгі бола білген. Оның түйген ойына сүйсініп, жолын қуған қазақ жастары аз болған жоқ. Омбының кадет корпусында Шоқанның ізін баса біраз қазақ жастары оқыды, – дей келіп, – онда оқыған Шоқанның інісі Махметті, Шыңғыстың інісі Қапғожаның баласы Махметті (кіші Махмет), ұлы Абайдың інісі Халиолла Құнанбайұлы Өскенбаевты атап өтеді.
«Абзал аға, өнегелі інілер» деген мақаласында Шота кейбір ғылыми еңбектер мен көркем шығармаларда Шоқанның туыстарымен қарым-қатынасын теріс көрсеткенін сынай отырып, Шоқанның бауырмалдығын, туыстарымен сыйластығын дәйекті түрде көрсетеді. Автор Шоқанның інілеріне ықпалының зор болғанын айта келіп: «Ағаны арқа тұтқан інілер биікке талпынып, өнер-білімге құштар болып, заманның ұшқыр ойлы, алдыңғы қатарлы азаматтар кейпінде өсіп жетілер» – дейді. Шоқанның алты інісінің ішінен автор, әсіресе, Мақы, Қозыке (шын аты Сақыпкерей), Махмет туралы толық мәлімет береді. Шоқанның тетелес інісі Мақы (1844-1916) суретші болған. Ол Петербургтегі керең-мылқаулар мектебінде оқып білім алғаннан кейін оның дарындылығын байқаған Шоқанның көмегімен көркемөнер академиясының шеберханасына орналасып суретшілік өнерін дамытады. Кейін елге оралып түрлі ғылыми мекемелер мен кітапханаларда суретші болып қызмет істейді. Елде өнерімен, асқан шеберлігімен көзге түседі.
Шоқанның інілерінің ішінде ең қабілеттісі Қозыке еді. Ол өзінің көңілдес досы Ақан серімен бірге романтикалық сарында бірсыпыра ән мен күй шығарған. Оның әндерінің ішінде бүкіл елге жайылып, әйгілі болғандары «Ай көкек», «Топайкөк», «Сырымбет» (Ақан Серінің «Сырымбетінен» басқа) және Шоқан ағасына арнап шығарған «Көкенің аманаты». Махмет кадет корпусын бітіріп, поручик шеніне дейін көтеріліп, білімді де өнерпаз болыпты.
Шота «Хандар, сұлтандар һәм төрелер шежіресі» атты еңбегінде «Мен кейде, қолым бос кезінде отырып алып бабаларымды еске түсіріп, олардың бейнелерін көз алдыма елестетуге тырысамын. Қанша ғасырлар өткенмен, ой, алла-ай, бәрінен де ұқсас кескін-келбет, ортақ мінез-құлық табамын». Одан әрі Шота сонау Шыңғыс ханнан бастап, Абылай хан, Кенесары, Наурызбай, Шоқандардың ұқсастығын көрсетеді. Ол Шоқанның суретін оның досы Н.М.Ядринцевтің айтуы бойынша былай баяндайды: «Шоқанда ізеттілікпен бірге гвардия офицерінің сәнқойлығы көрініп тұратын, Талдырмаш еді. Оның жүріс-тұрысында бір биязылық, нәзіктілік болатын. Осы бір қылық оны Еуропаның салдары-дендиге ұқсатар еді. Көздері ақылының айнасы болды, шоқ сияқты жанып тұратын, езуінде әрқашан мысқыл ұялап тұрушы еді, бұл оны Лермонтовқа, Чаильд-Гарольдке ұқсататын. Әрдайым тауып сөйлейтін, өткір тілді, әзілқой, әрі көп нәрсені бақылағыш еді. Мен мұндай уытты тілді адамды сирек кездестірдім». Мақаланың соңында Шота: «Ғасырлар бойы созылған не қылған ұқсастықтар! Бұлар үзілмей, тұқымнан тұқымға ауысқан қасиеттер емес пе, сөнбей жанып тұрған шырақтар емес пе!», – дейді.
Мен айтар едім, Шотаның өзінде де осы ата-бабаларына, әсіресе, Шоқанға ұқсастық жеткілікті деп. Әсіресе, оның зор білімділігі, өткір тілділігі, әзілқойлығы Шоқанға ұқсайды. Шоқанды көп зерттеп, оны пір тұтқаны сонша, ол «Шоқанды түсімде де көріп жүремін», – дейді. Өзінің бір өлеңінде былай деп жазған:
Арнадан мың сан байқасам,
Құйылып шабыт жатады.
Шота болып оянсам,
Шоқан боп күнім батады.
Ол Шоқан мен өзіне ортақ фамилияға кір келтірмеуге тырысады. Бірде Ұлттық Ғылым Академиясының алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің жанында серуендеп жүрген Шотаға бір танысы кездеседі де: «Шота, осы сенің фамилияңнан қорқамын!» – депті. Сонда Шота: «Фамилияма бір көлеңке түсіріп алмасам екен деп сенен бұрын өзім қорқамын», – деген екен.
Міне бұл, ұлыларға деген зор құрмет және өзінің олардың алдындағы үлкен жауапкершілігін мойындау емес пе?! Ал Шота Уәлиханов фамилиясын одан әрі көтерді деуге әбден болады. Жасы 80-нен асса да азамат Шота Ыдырысұлы әлі де әйгілі ата-бабаларының, әсіресе, Шоқанның өмірі мен қызметін, шығармашылығын зерттеумен айналысуда. Денсаулығың мықты болып, шығармашылығыңды шыңдай бер, Шота дос!
Қазақ үні
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ