THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазіргі қазақ әндері өзінің ұлттық әуезінен, ұлттық ажар-көркінен жұрдай болды. Әншілеріміз сахнада бастан-аяқ ұлып, не ыңылдап тұрып алатын, немесе екі иығын жұлып жеп, аласұрып бақырып-шақырған бір нәрселер айтатын болды да, қазақтың ән өнерін, орындаушылық өнеріне қаймана «жұлдыздарымыз» көбейіп кетті. Шөп те – ән, шөңге де – ән, аузын ашқанның бәрі әнші. Сахнада тұрған әнші микрофонды жұтып қоярдай аузына тақап қойып, ирелеңдеп әндетіп тұрғанымен өздері әлгі айтылып жатқан әннің сөзін де жатқа білмейтін халықты алдап тұрған әншісымақ біреулер. Бүгінгі әншілеріміз әннің не мақсатта айтылып не мақсатта орындалатынын ұмытқан сияқты. Бұрынғы әндеріміз, әншілеріміз тыңдаушысын бірде балдай тәтті ләззатқа бөлеп, бірде ормандай қалың ордалы ойға қалдырып, жас адамды небір асқақ арманның асуына жетелесе, қарттың қайдағы-жайдағысын еске салып, сай-сүйегі сырқырағандай күйге түсіретін сиқырлы күш еді. Енді міне сол сазды әуен, ұлттық нақыштарды көп ұзамай мына құмырсқадай қаптаған «жұлдызшалардың» ызың-шу, қым-қуыт, мән-мағынасыз репеті жаман әнінің, бас-аяғы да, ортасы да жоқ сандырақ сөзінің топанына көміліп, бұратола жойылып кететін түрі бар.
Өтірік әншіліктің жаулағаны соншалық телеарналарымыз да сол «жұлдыз», «жұлдызшалармен» сұхбат, кездесу өткізіп, солардан аса алмайтын күнге жетті. Мейлі кездессін, түрлі іс-шаралар өткізсін оған ешқандай уәжіміз болмасын. Бірақ сол журналистердің сұхбаттарының түрі адам қарнын аштыртады. «Үйленгенсіз бе?», «неше балаңыз бар?», «қыздар сізге көп ғашық болады ма?», «зайыбыңыз қызғанбай ма», «көлігіңіз қандайдан» әрі аса алмайтын, түкке керегі жоқ дәйіс сөздер ғана. Содан жаңағы «жұлдызша» өзінің бір-екі клип түсіргенін, алдағы уақытта «тағы бірнеше клип түсіру ойында» екенін, оған қаражат табу керек екенін айтып кетеді. Тыңдап отырсаңыз, солар шетінен әнді де өзі шығарады, өзі орындайды, тіпті, сөзін де өзі жазады екен. Қазір қазақтың белгілі-белгілі ақын-жазушыларын, білдей-білдей тұлғаларын білмейтін қазақ осы «жұлдыздар» мен «жұлдызшалардың» аты-жөнін жатқа біледі. Міне, бүгінгі теледидар мен радионың сиқы осындай.
Әншілеріміз өзі айтқан әннің сөзі мен музыкасына мән бере бермейді. Егер өлең адам-пенденің өлшеулі де кесімді келте ғұмырындағы көрген-білгенін, тоқыған-түйгенін, бақытқа балқып, шаттыққа шомған, қайғы мен қасіреттің қара бұлты басына үйірілген сәттерін көркем сөзбен, қырық құбылған қанық бояулы өрнекпен сыртқа шығару тәсілі десек, оның әні соған сәйкес оның ажарына – ажар, көркіне – көрік, келбетіне – келбет қосатын өлеңмен қосылып тұтас бір дүниеге айналып, оған оның орындаушысының да үні де келіп тұрса, тыңдарман сол әнмен сырлас, сол әнмен мұңдас болар еді. Амал не, осынау қасиетті өнердің бүгінде әбден қадірі кетті. Телеарналарымыз ән деуге келмейтін әләуләйімен көп уақытын өткізеді.
Қорыта айтсақ, бүгінгі қазақ ән өнері еріккен біреулердің ермегіне, енді біреулердің күнкөрісіне, тіпті баю тәсіліне айналып, енді бері теледидарға шығып танымал атану үшін ғана. Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағысына айналған ұлттық нақышымыз, әуенімізді сақтап қалмасақ ұлт өзінің ұлттық санасынан, ұлттық намысынан айрылады.
"Айтыс-ақпарат"
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ