THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол – бала тәрбиесі. Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін олардан асқан тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, татулық, әдептілік сияқты қасиеттер отбасынан бастау алатыны белгілі. Тәрбие балаға сөзбен, теориямен дарымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан да дана халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген ғой.
Ақиық ақын, жауһар жырдың марқасқасы Мұқағали Мақатаевтың мына бір тамаша өлең жолдары ойға оралады.
Анам маған: «Үлкенді сыйла!» деген,
Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.
Үлкендерден ауысқан кішілікті,
Үлкендердің өзіне сыйға берем.
Атамнан қалған мұра – ізеттілік,
Арымды соған қойған күзеттіріп, – дейді.
Иә, бала тәрбиесінде әке мен ана бірдей жауапты. Үңіле қарағанда балаға әкеден гөрі ана жақын тұратын сияқты болып көрінуі де мүмкін. Жасыратын ешнәрсе жоқ, бала тәрбиесінің көп салмағын аналар көтеретіні де рас. Алайда ата-ана деген сөзіміз қалай қосарланып қатар айтылса, бала үшін екеуінің де орны ерекше.
«Баланы 5 жасқа дейін мәпеле, 15 жасқа дейін құлдай жұмса, ал 15-тен асқан соң досыңдай сырлас» деген даналық ойдың астарына тереңірек үңілген кез келген адам ойланып-ақ қалар еді. Балаға орынсыз ұрсып, зекіп, сұрағына дөрекі, келте жауап беру немесе әділ талап қоя алмау ата-ананың беделін жояды. Ұл мен қыздың мінез-құлқында, жүріс-тұрысында, сабаққа дайындығында қандай өзгерістер бар? Болашақта кім болғысы келеді? Мұндай сұрақтар әкесін де, шешесін де тең ойландырғаны дұрыс.
Ана тілімізді шұбарлау да отбасынан басталады. Кейбір орыстілді ата-аналарымыз: «Таза қазақ болсын деп, қазақ мектебіне бердік» дейді де, бар ауыртпалықты мектепке артып қояды. Тілі орысша шыққан, үйінде ата-анасы, туған-туыстарымен орысша сөйлесетін бала мектепке ғылымның сан саласын қалай ғана қазақша игереді? Баланың болашағы үшін ана тіліне деген құрметті өздерінен бастауы керектігін ойланар уақыт келді.
Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек деп қарайтын ешнәрсе жоқ. Ол үшін әкенің де, шешенің де өзіндік орны бар. Өмірге әкелген бала алдында ата-ана өз жауапкершілігін дұрыс түсінсе, тәлім-тәрбиенің алтын ұясы – отбасы мен мектеп бірін-бірі байытып, толықтырып жатса, алынбайтын қамал, қол жетпейтін биік болмас еді.
Ана тілі
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ