THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Ұлттық патриотизм немесе ҚАЗАҚПЫН ДЕГЕН ҚАНДАЙ БАҚЫТТЫ
Авторы: Фазылбек Әбсаттарұлы, журналист
08/06/2017 16:43 0 45578 0
Адамның екі нәрсеге құқы бар: еркіндік пен өлім. Егер, біріншісіне қол жеткізе алмасам, онда екіншісін таңдаймын. Себебі, мені ешкім тірі өлік етіп ұстауға құқы жоқ. Харриет Тубман.
Қазақтың баласы, берісі ел басқаруды, арысы адамзатты, әлемді басқаруды мақсат етуі тиіс.
Патриотизмді дамытудың басты шарты, отандастар бір жұдырық болып жұмылып, бірлік пен татулықты сақтау. Құм, кесек, су, топырақты кез келген бала қалаған формасына келтіре алады. Егер де, осыларды цементпен араластырсаңыз бетонға айналады. Енді, оны бала түгілі жігіттердің өзі қолымен бұзып, үгіте алмайды. Ендеше, кішкентай ғана құм түйіршіктер мен топырақты, суды біріктіріп тұрған не нәрсе? Әрине, цемент. Осы тектес миллиондаған отандастарымызды бір-біріне байлап тұрған, бөлінбес бір Отан, ұлтқа біріктіріп тұрған патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік. Сол үшін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді сақтап тұрған патриотизм біз үшін өте маңызды, басты мәселе. Бірақ, патриотизм жасанды болмаған жағдайда ғана өз жемісін береді. Патриотизмнің объектісі, қайнар көзі Отан. Ал, оның мазмұны табиғаты, оның байлықтары, жері, тарихы, тілі, т.б. Сондықтан, біздегі патриотизмде ұлттық мазмұн болуы шарт. Мысалға, елімізде өмір сүріп жатқан өзге диаспоралар Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбайды, Ахмет, Әлихан, Мұстафаны Отанын қорғаған батырлар ретінде тануы және өз қаһармандары ретінде қабылдаулары керек. Себебі, өзге диаспоралар өмір сүріп жатқан Отан үшін құрбан болғандар, олардың да батырлары болып қабылдануы қалыпты жағдай. Өйткені, оларға Отан болған жер үшін, өмір сүрулеріне жасалған жағдай үшін құрбан болғандарға құрмет көрсетуі азаматтық парызы. Патриотизмді халықтың табиғатына жақын, өмір сүру салтымен ұштастырғанда ғана ол сіңімді әрі әсері мол болады. Халқымыздың ғасырлардан бергі тарихы, қалыптасқан салт-санасы бар. Патриотизм сонымен үйлескенде ғана Қазақстан жетістікке жетеді. Елбасымыздың болашақты болжай алатын көреген саясаткер екендігін Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимніне «Намысын бермеген қазағым мықты ғой» деп өзгеріс енгізгенінен байқауға болады. Егер, назар салсаңыздар мемлекеттік гимнде тек қазақ ұлты туралы ғана айтылып тұр. Себебі, болашақта Қазақстанның азаматымын дегеннің бәрі қазақ деген ұлттың айналасына ұйысып, сіңісіп кететіндігіне көз жеткізді. Қазіргі күннің өзінде еліміздің кез-келген азаматын шет мемлекеттер қазақ деп таниды. Қазақ емес талай отандастарымыз шетелге барып, өздерінің қазақ азаматы екендіктеріне көздерін жеткізіп қайтып жатыр. Енді, бұл процесті жеделдетудің төте жолы ұлттық патриотизмді дамыту. Егер, ұлттық патриотизмді дамытар болсақ, еліміздегі өзге этникалық топтарды өзімізге сіңіру процесін жеделдетер едік. Түптің түбінде азаматтарымыздың бәрі қазақ азаматы болып, қазақ азаматы екенін мақтан тұтатындай болады. Ал, ұлттық табиғатымызға жат, ғасырлар бойғы салт-дәстүрлерімізге қарсы, жасанды патриотизмдер Қазақстанды ұшпаққа шығармайтыны екіні екіге қосқанда төрт деген заңдылықпен бірдей. Мысалға, ұлттық табиғатымызға жат коммунистік патриотизмнің қандай жарға жыққанын тарихтан сабақ алғанымыз жөн болар. Кеңес кезіндегідей Отаны үшін ата-анасын сатып жіберетін жалған патриотизм емес, керісінше халқымыздың табиғатындағы «Отан – отбасыдан басталады» дегендей, отбасыдағы бірлікті нығайту мен ата-анасын сүюден бастауымыз керек. Халықтың табиғатына жақын дегенде, ашық саясат ұстанбасақ та, ұлттық патриотизм төңірегінде өрбіткеніміз абзал. Бұрынғы ата-бабаларымызға, қазіргідей арнайы патриотизм саясаты жүргізілмесе де Отанды қорғауда жанын-тәнін аямай, патриотизмнің керемет үлгісін көрсеткен. Себеп біреу, табиғаттан, ұлттық тәрбиеден берілген табиғи, ұлттық патриотизм. Жасандылық жоқ. Басқа елдердің патриотизмін үлгі тұтқандарға айтарым, тарихымызды оқысын. Тарихымызда патриотизмге үлгі тұтар мысалдар өте көп. Мысалға, жылқы үшін, яғни, мал-мүлік үшін, әйел үшін соғыспаған ғұн бабаларымыз тек Отанын, жерін, атамекенін қорғау үшін ғана соғысқан. Бірде ғұндардың негізгі әскері батысқа қарай жылжып кеткен кезде, шағын әскерімен қалған ауылға тұтқиылдан қытайлар шабуыл жасайды. Сонда қытайлардың қоршауында қалған ғұндардың батыры Чжи-чжи ешқандай үміттің жоқтығына қарамастан: «Мойынсұнбаймыз да бас имейміз. Бас ию өткен тарихымызға, бабаларымызға сатқындық болады. Бас кетер, бірақ, бас иілмеуі керек. Біздің даңқымыздан барлық жаудың дізесі дірілдеген. Біз өлсек өлейік, бірақ, бабаларымыздың даңқын сақтап қалуымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, соғыстағы әскердің тағдыры өлім. Біз өлгенмен біздің даңқымыз асқақтайды» деп әскерін қашуға емес, жанын сақтауға емес майданда өлуге шақырады. Осылайша, күш мүлде тең емес жағдайда барлығы түгелдей ерлікпен қаза табады. Бірақ, қытайлар бабаларымыздың, осындай, асқақ даңқынан осы күнге дейін Ғұндар десек бойында үрей пайда болатындығы шындық. Ата-бабамыздың патриоттық даңқы ешқашан өлмейді. Біз тек ата-бабамыздан қан арқылы беріліп келе жатқан патриоттық рухымызды қайта оятып, асқақтата алсақ болғаны. Шын мәнінде әлем патриотизмді бізден үйренуі керек деп ойлаймын. Сондықтан, ендігі маңызды мәселе патриотизмнің ұлттық сипатта жүргізілуінде жатыр. Кез-келген әлемдегі мемлекет ұлттық сипаттағы патриотизмді насихаттауда. Мұның себебін, жоғарыда айтқандағыдай, мемлекеттегі титулды ұлттың табиғатына, мәдениетіне, болмысына жақын табиғи патриотизмді таңдағанда ғана өміршең болмақ. Себебі, бұл тәсіл халықтың жүрегіне жақын, ақылға қонымды болып келеді. Оған мысал, қай елге барсаңызда шаңырақтың иесі қай ұлт екені көрініп, сезіліп тұрады. Мемлекеттік саясаттары, сол ұлттың өкілі екенін мақтан тұтатындай сезім қалыптастыруға тырысуда. Мына бір сөз көп елдерде айтылып, жазылады: «Мен малай ұлтынан болғаныма мақтанам», «түрікпін деп айтқан адам қандай бақытты» осы мағыналас ұрансөздер көп елдерде саналарына сіңіріліп жатыр. Осы әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып, біз де «ҚАЗАҚПЫН ДЕГЕН ҚАНДАЙ БАҚЫТТЫ» деген ұрансөзді, оған қоса «Ұлы Қазақстан», «Ұлы қазақ елі» деген терминдерді бұқаралық ақпарат құралдарында көп қолданып, халықтың санасына сіңіру саясатын ұстанғанымыз абзал. Ешқандай мемлекет те немесе тарихта ұлтқа қарсы саясат жүргізген билік те ұшпаққа жетпеген. Түптің түбінде ұлттық саясат алдымен санада жарылыс беріп, соңы қантөгіске ұласқан. Табиғаттың заңына қарсы жүргізілген жұмыстар әрдайым жаңылыс тауып, табиғаттың заңымен жазаланып отырған. Сондықтан, Қазақстан тарих бойы қазаққа мекен, Отан болып, мәдениет, ұлт қалыптастырғаны үшін ағысқа қарсы жүзбей мемлекеттік саясатты қазақтың ұлттық саясатымен, яғни, ұлттық патриотизммен ұштастыруға мәжбүрміз. Бұдан басқа жол мемлекетімізді адастыратыны хақ. Дамуға ұмтылған елдердің бәрі де ұлттық патриотизмді дамыту арқылы ғана жетістікке жеткен. Ұлттық патриотизмсіз ешқандай ел жетістікке жете алмайды. Өйткені, патриотизм – мемлекеттің велосипеді болса, педалі титулды, жетекші ұлт. Педалін басып тұрмасақ мемлекет – велосипед құлап қалуы мүмкін. Сондықтан, патриотизм дегенде өз тамырынан, тарихынан бастау алған патриотизмді айтуымыз керек. Екінші бір жағынан алып қарағанда, патриотизм біздің діни парызымыз болып табылады. Ислам дінінде дінді қорғаумен қатар Отанды да қызғыштай қорғау міндеттеледі. Сонымен қатар, «Отанды сүю – иманнан» деп хадисте бекер айтылмаса керек. Дініміздің шарты бойынша, осы құндылықтарды қорғау жолында қаза болғандар шейіт саналады. Ал, шейіттердің ақиретте есепсіз жәннатқа баратыны белгілі. Қасиетті Құранда бұл жөнінде: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара», 154-аят) делінген. Сондықтан, Отанды қорғау жолында, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккендер екі дүниеде де ардақталады.
Мың өліп мың тірілген қазақ халқы Отан үшін не көрмеді, не істемеді. Елін, жерін қорғау үшін кескілескен соғыстар жүргізді, одан кейінгі ұрпақ қорлық пен зорлықтың сан түрін көріп, «елім, Отаным» дегені үшін атылып, түрмеге қамалып, қуғын көрді. Тәуелсіздікті көру бір арман болып, ішқұсамен өмірден өткендері қаншама. Осының барлығы не үшін еді? Әрине, Отан үшін. Сонша ғасырлар бойғы ата-бабамыздың арманы болған Отанды қорғай алмасақ сүйегімізге қара таңба болмай ма? Соншама тағдырларды жұтқан, құрбан еткен тәуелсіздікті, Отанды қорғау – Абылай хан, Кенесарыдан бастап, Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Смағұлдар бастаған тұлғаларымыздың алдындағы, қазақ халқының алдындағы перзенттік парызымыз. Қазақ халқының Отан қорғау мәселесіндегі ерекше асқақтықпен, мақтанышпен айтуға тұратыны, көп елдер тәуелсіздігімізді қорғадық деген желеумен өзге елдің жеріне басып кірсе немесе өзге ұлттың құқын таптаса, өзге елдің жеріне сұқтанбаған әлемдегі санаулы ұлттың бірі осы қазақ халқы. Қазақ, қазақ болғалы бері тарихта ешқандай елдің жеріне басып кірмепті. Елбасымыз айтқандай «біздің тарихымызда ұялатындай ешнәрсе жоқ». Тек ұстанған саясатымыз, мақсат-мұратымыз тәуелсіздігімізді, еркіндігімізді қорғау ғана болды. Тәуелсіздігімізге, Отанымызға көз алартқандарға айтарым жеріміздің құшағы кең бәріңізге де жеріміздің астынан орын табылады дегім келеді.
Осыларды ескере келе және нәтижелі болу үшін, сергек, сезімтал, тез қабылдағыш жастарымыздың санасына ұлттық патриотизмді сіңірген жағдайда тезарада жемісін берері сөзсіз. Оған дәлел, елімізде патриоттық саясаттың орнына түрлі саяси, діни ағымдардың жүргізген саясаты нәтижесінде жастарымыз сол идеологияның құлы болып шыға келуі. Қазақ жастарының әрдайым алған бағыты, тәрбиесі бойынша тас жарып шығатын қабілеті бар. Мысалға, жастарымызды діни бір ағымда тәрбиелесек сол діннің басшыларын жолда қалдырып, өздерін оқытып жібереді. Сондықтан жастарымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруымыз керек. Қазіргі таңда жастарымыздың санасын түрлі «аурулар» жаулап алған кезде оған қарсы қанымызда бар жалғыз патриоттық иммунитет арқылы ғана төтеп беру мүмкіндігіміз қалды. Ол үшін патриоттық иммунитетімізді күшейтуіміз қажет. Сонда ғана Отанын, ұлтын сүйіп тұрған жастарға ешқандай сыртқы күштер, идеологиялар әсер ете алмайды.
Қазақтың патриотизмі қанында, генінде бар. Тек соны қайта жаңғыртып, сілкіндіру керек. Қазақ ешқашан бір үйде құл болып қызмет етпеген. Қазақ дегеннің өзі еркін, тәуелсіз деген мағына береді. Сондықтан, тәуелсіздік, еркіндік ұғымдары қазақ сөзімен егіз, мағыналас. Бұл елдің атауы тарихта да Қазақ еді. Бүгін де Қазақ және болашақта да Қазақ болып қала бермек. Сондықтан, бұрыннан қазақ болып келгендер үшін тарихқа, ата-бабаларыңа қиянат, сатқындық жасамай, Қазақ болып туған соң Қазақ болып өлу керек. Түбінде бір өлеміз. Бірақ, қалай, қай жерде өлетінімізді білмейміз. Ақыры өлетін болған соң ар-намыстың, Отанның жолында өлген әлдеқайда даңқты, асқақ, абыройлы. Ал, егер басқа бір мақсатта жан берсеңіз сіздің өмірде болып болмағандығың белгісіз болып қалады. Сондықтан, Отан дегенде бәріміз оны қорғауға және сол жолда өлуге ұмтылуымыз керек. Дүниедегі ең қымбат, ең тәтті жан болса, сол жан Жер-ана үшін, Отан үшін беріліп жатса, онда Жер-ана, Отан жаннан да қымбат деген сөз. Отан жанымыз бен тәнімізден де, бәрінен де жоғары тұрған асыл дүниеміз. Бәрімізге сол жаннан да қымбат Отан үшін абыройлы, асқақ өлім бұйырсын деп тілеймін. Осыған орай беретін ұсыныстарым: бірінші, қоғамдық көліктерді пайдалану тәртібіне мынадай өзгерістер енгізу: көліктің артқы есігінен мініп алдыңғы есігінен шығу. Себебі, халық мініп жатқан кезде барлық кондукторлар болсын, халықтың өздері де әрдайым «алға қарай», «алға жылжыңыздар», «алға» деген сөздер айтылады. Ал, бізде керісінше «артқа қарай» деген сөз көп қолданылады және санада теріс әсер қалдырады (Бұл шараны бір-екі қалада сынақ жасаудан бастауға болады); Екінші, бұрындары жау қарсы бетте тұратын. Отанды кімнен қорғайтыныңды, кіммен соғысарыңды білетінсің. Қазір жаулар «Троя аты» сияқты ішке еніп, іштен ірітіп жатыр. Рухани-мәдени, ақпараттық соғыс бастап жіберді. Мұндай соғыстан Отанымызды қорғаудың бір жолы және жаудың жанды жері – ақша (қаржы) арқылы қарсы тұру. Ол қалай? Алдымен оларға ешқандай қаржымызды бермеу. Мысалға, шетелдік тауардың барлық түріне бойкот жариялау, сатып алмау. Оның орнына отандық тауарды сатып алу. Тауар дегенімде, рухани-мәдени (газет, журнал, кітап, интернет қызметтерін, т.б.) тауарларын, қызметтің барлық түрлерін (әуе қызметтері, демалыс қызметтері, т.б.), дәрі-дәрмек, ас-тағамдары, т.б. заттарын, қызметтерін барлығын сатып алмау. Оның орнына өзіміз қызмет түрін ашып, отандық қызмет-тауарға қолдау көрсету. Осыны ауқымды, кең көлемде насихаттау; Үшінші, ұрпаққа білім бергенде ұлтына, тіліне қарамастан білімнің қай саласы болмасын міндетті түрде мемлекеттік тілді үйрету, Отанына, Қазақстанға сүйіспеншілігін арттыру және оны қорғауда бір жұдырық болатындай бірлігін арттыру; Отан үшін құрбан болғандарды еске алу кештеріне өзге диаспора жастарын көптеп тарту қажет. Жастарға тарихи тұлғаларды сіңіру; Төртінші, адамның табиғаты кез-келген жаста ақпаратты қабылдап, сол ақпарат бойынша әрекет етуге бейім екендігін ғылым дәлелдеген. Былайша айтқанда кәрі адамдардың да миын жуып жіберуге болады деген сөз. Сондықтан, ұлттық патриотизмді насихаттау үшін 25-кадрды пайдалануымыз уақыт күттірмейді. Ақыры, қазір бәрі кітап оқығаннан көріністі (кино, клип, мультфильм, бейнероликтер, т.б.) тамашалауға құштар ғой. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Ол үшін 25-кадр арқылы патриоттық материалдардың әдістемесін жасауымыз қажет; Бесінші, әскер, билікті ғана қорғайтын құрал емес халықты, мемлекетті қорғайтын күштік құрылым ретінде насихаттау. Әрбір әскерге деген халықтың сүйіспеншілігін ояту. Барлық жерде халық әскерге құрмет көрсетіп, әскер болған үлкен мақтаныш деңгейіне жеткізу; Алтыншы, отанды қорғау жолындағы даңқты жеңістерімізді, батырларымызды әспеттеп, жастарға үлгі етіп, санасына сіңіру. Одан қалды қазіргі таңдағы Отан үшін жасалған барлық ерліктерді ұлықтап отыру. Мысалға 9 мамыр – Жеңіс күнін алып тастау. Орнына, қазақтың ұлт болғалы бергі алғашқы жеңіс күнін Жеңістер күні деп атау керек. Себеп, тарихымыз жеңістен кенде емес. Сол жеңістерімізді бір-біріне алаламай бәрін бір күнде тойлау. Бұл халқымыздың рухын асқақтату үшін керек. Одан кейін Жеңістер күнінде қазіргідей тірілерді марапаттап, оларға үй беруден емес, Отан қорғау жолында қайтыс болғандарға құрмет көрсетіп, отбасыларына көмектесуден бастау керек. Сонда Отан жолында жан беруге даяр адамдар артына қарамай, алаңдамай Отан қорғар еді; Жетінші, жалдамалы әскерге жол бермеу. Отанды қорғағаның үшін ақы сұрау, ақылы қызмет ету патриотизмді жоюдың бір түрі. Бұл ата-анаңды, отбасыңды қорғағаның үшін ақы сұрағанмен бірдей. Халықты бір араға бірлестіріп, бір дене етіп тұрған патриотизмді жою деген халықтың бірлігін жою деген. Мемлекеттерді әлсірету үшін әлем халықтарын байлықтың құлы етіп, адам бойындағы ашкөздік жыртқыштық сезімдерін күшейтіп жіберді. Отанымызды қорғайды деген жастарымыз қазір машина мінгеніне, қыдырғанына, ішіп-жегеніне мәз, байлықтарын жарыстырудан қолдары босамайды, осындайдан бас көтере алмай жүр. Оларға айтарым тәуелсіздік, Отан дүниенің байлығына да сатыла алмайды. Сатылмайды. Сатылмайтын ұғымдар. Қандай бай болсаңыз да тәуелсіздігіңіз, отаныңыз болмаса адам ретінде саналмайсыз. Жеке өмірмен салыстырмалы түрде алып қарар болсақ, байлығын, жылы-жұмсағын беріп сені құл етіп ұстаса, қызы сені басқарса ондай байлықтан садақа кетсін. Біз олай еркіндіксіз, тәуелсіздіксіз өмір сүре алмайтын ұлт екенімізді естен шығармаңыздар. Қу құлқынға, тамаққа бола, тәннің рахатына бола, адамнан да жоғары тұрған рухани, ұлттық дүниелерді айырбастасақ қаңғыған ит құрлы болмағанымыз ба, қаңғырған ит те қарнын тойдырады ғой. Ал, біз адам емеспіз бе? Енді келіп әскерлердің отансүйгіштігін сатып алмақшы. Отан қорғайды деген соңғы үмітіміз әскерлер енді жалдамалы болатын болса, онда соңғы діңгек құлады деген сөз. Жалдамалы әскерлер тарихтан бері бір пайда келтірмеген. Оған Франциядағы жалдамалы әскерлердің соғыспай қашып кеткені дәлел. Қысқасы, әскер мәселесімен ойнаған билікке ешқашан опа бермеген. Отан қорғауды былай түсінген абзал, мемлекет әкеміз болса, жер анамыз. Ал, ұлт осы ата-анадан туылған бала. Бала өз ата-анасын қалай қорғайтын болса, ұлт та Отанын солай қорғауы шарт. Көп елдерде Отан қорғауды борышым деп біледі. Егер де, Отан қорғауға алмай қойса «құқымды бұзды» деп өз еркімен Отан қорғау ісіне кірісіп кетеді. Ал, біздегі жағдай Отан қорғау міндетті құқы болса да әскерден қашу үдерісі қалыптасты. Біз жастарды Отан қорғауды құқы деп емес өтелмес парызы, міндеті деп үйреткеніміз дұрыс. Өтелмес парызы тұрмақ жан-тәнін Отан үшін құрбан етуге дайын тұратындай болуы керек. Сегізінші, халыққа тәуелсіздік, Отан ұғымдарын түсіндіретін, насихаттайтын материалдарды көптеп шығару, тарату. Әлемдегі отарлаушылардың көпшілігі отар халқына тәуелсіздік туралы көп ақпарат беруге қарсы. Себебі, санасы оянып кеткен халық шын тәуелсіздікке ұмтылады деп қорыққан. Билік көбіне халыққа формальді, тәуелсіздіктің сыртқы формасын ғана түсіндіреді. Сыртқы күштер халықты құл етіп ұстауға бейім әрі мұқтаж. Бір ғана мысал келтірейін, көп елдерде түрмелерге еркіндікті насихаттайтын ақпараттар, материалдар кіргізуге қатаң тыйым салған. Себебін өздеріңізде түсінген боларсыздар. Ал, біз бір елдің отары немесе құлы емеспіз ғой. Сондықтан халықтың санасын оятатын, патриотизмге баулитын ақпарат, материалдарды тарату; Тоғызыншы, патриот, отан қорғаушы жастар тәрбиелегенде Отанды тек қарумен ғана емес, ақылмен де қорғау жағын насихаттауымыз керек. Ол үшін дарынды, талантты жастарды патриотизмге баулып, мемлекеттік қолдауға алу; Отан қорғау жолында соғысқан, қайтыс болғандармен қатар, мемлекеттің дамуы үшін көп пайдалы еңбек еткен азаматтарды да ардақтап, қолдап отыру. Өйткені, қазіргі заман Отанды қорғау қарумен ғана емес ақылмен қорғау жүзеге асатын болды.
Ақиқат
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ