КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қаланың у-шуынан мезі болған сайын ауылды сағынамын, шіркін! Ауыл қандай тамаша, онда өткен балалық шағыңды ойлай қалсаң еріксіз жымиятын шығарсың. Жолдан түсе салып әулие төбеге жетуге асығып, аяғымды жітірмелете басамын. Әулие төбеге шыға келсең болғаны, мінеки деп біздің ауыл жатады. Ең алдымен көзіме оттай басылатын біздің үйдің бие бауы, анадайдан алқызыл жаулығы үлбіреген жеңгем жүреді желі басында. Кеудем толған тәп-тәтті сағыныш сәл болса да орталап қалғандай болады. Шіркін! Осы дала қандай керемет! Қандай көркем! Өмірдің ғаламаты тек ауылда ғана сияқты сезіле береді маған. Үйге жеткенше жаяу жүретін әдетім де бар, жусан исі бұрқырап, әулие төбеге шыға қалсаң болды, жайлаудың тап-таза ауасы жаныңды жадыратады. Жол бойы шөптермен әдемі гүлдерге тоймай қараймын. Маған осының барлығы керемет, сондай керемет сияқты сезіледі. Осындай әсем гүлдерді ешқайдан да таба алмайтын сияқты боламын, сосын отыра қалып қарай беремін, қарай беремін.
    Көңіліңдегі бар қапалық ұмыт болғандай болады, кім біледі, даланың қасиеті шығар бәлкім, үйткені осындай жан жүрегіңді жаулап алатын сағынышты осы көркем дала сыйлаған шығар бәрімізге. Рас ғаламат!
    Шіркін ауыл әдемі ғой, адамдарын айтам, пейілдері кең болғанда қандай, осы даладан да дарқан, асқақ. Көре салса болғаны үлкенбіз деп тұрмайды, анадайдан жүгіріп келеді, маңдайыңнан сипап, бар жағдайыңды қоймай сұрап жатады. Білмейсің ғой, амандасудың өзі бірер жол қара сөз болып кетеді. Қандай жақсы жандар деші! Ал біздің үйге қымыз ішкелі қымызшылар келгенде, шешемнің ар жағына, әкемнің тізесін шынтақтай отырып алып, солар айтқан небір соны әңгімелерді тыңдап өстім бала күнімнен. Арғы-бергі тарихты, ел ішінде болып өткен не керемет барлығын да айта қалса, құлақ құрышыңды қандырады, тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді.
    Өмірдің не салтанатты сәттері ауылда ғана болатын сияқты, ауылда туылып, ауылда өскесін бе, ауылдан артық жәннат бар деп сенбеймін. Ауыл жайлы қанша жазсам да, әйтеуір, ауылдың сол кіршіксіз, мөп-мөлдір әсемдігін бейнелей алмаймын. Егер мен жазушы болсам, өмір бойы ауыл жайлы жазар едім, жазар едім.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика