КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тiл  тұғыры  биiктен  нық  орын  алса,  ұлттық  рух  та  асқақтай  бермек. Бұл – дау тудырмас ақи¬қат. Халық  рухын  тiлден  бөлек  қарастыру   мүмкiн  емес.  Алаш¬тың  алдаспан  ақыны жыры  –  сырлы,  жаны –  мұңлы –  Мағжан  Жұ¬мабаевтың  тереңнен  толғап  айтқан  парасатты  пайымдары  да   үндес.  Туған  халқының  ойынан,  жан-жүрегiнен  шыққысы  келген,  ұлағаты  ұлылықтан  бастау  алған,  ұлтының  үнi  болғысы  келген,  сол  үшiн, тағдыр тәлкегіне түсе жүріп, бойындағы  бар  таланты  мен  танымын  жұмсаған  Мағжан  былай  дейдi:  "...Жан  көрiнiстерiнiң  ең  қымбаты – ой.  Ой  тiлi – сөз...  Тiл – адам  жанының  тiлмашы,  тiлсiз,  жүрек  түбiндегi  баға  жетпес  сезiмдер,  жан  түкпiрiндегi  асыл  ойлар  жарық  көрмей,  қор  боп  қалар  едi.
Тiл  әрбiр  адамға  осындай  қымбат  болса,  әрине,  ұлт  үшiн  де  қымбат.  Тiлсiз  ұлт,  тiлiнен  айрылған  ұлт – дүниеде  ұлт  болып  жасай  алмақ  емес,  ондай  ұлт  құрымақ.  Ұлттың  ұлт  болуы  үшiн  бiрiншi  шарт – тiлi  болуы.  Ұлттың  тiлi  кеми  бастауы  ұлттың  құри  бастағанын  көрсетедi.  Ұлтқа  тiлiнен  қымбат  нәрсе  болмасқа  тиiстi.  Бiр  ұлттың  тiлiнде  сол  ұлттың  жыры,  тарихы,  тұрмысы,  мiнезi  айнадай  ашық  көрiнiп  тұрады.  Қазақ  тiлiнде  қазақтың  сары  сайран  даласы,  бiресе  желсiз  түндей  тымық,  бiресе  құ¬йындай  екпiндi  тарихы,  сары  далада  үдере  көшкен  тұрмысы,  асықпайтын,  саспайтын  сабырлы  мiнезi,  бәрi  көрiнiп  тұр.  Қазақтың  сары  даласы  кең,  тiлi  бай.  Осы  күнгi  түрiк  тiлдерiнiң  iшiнде  қазақ  тiлiнен  бай,  орамды,  терең  тiл  жоқ...  бiрiккен  тiлдiң  негiзi  қазақ  тiлi  болса,  сөз  жоқ,  түрiк  елiнiң  келешек  тарихында  қазақ  ұлты  қадiрлi  орын  алмақшы.  Келешектiң  осылай  болуына  бiз¬дiң  иманымыз  берiк”.  
Иә,  өз  жұртын  бойындағы  бар  қадiр-қасиетiмен,  көзге  ұрып  тұрған  кемшiн  қылықтарымен  қоса  сүйген  бiртуар  ақын  осылай  десе,  ХVI  ғасырда  өмiр  сүрген  ағылшын  философы  Фрэнсис  Бэкон:  "...Әлемнiң  қамын  құдай  жейдi,  сен Отаның  мен  тiлiңдi  ойла!”  деген  екен.  Қисынды  уәж¬ге  сүйсiнбеске  лаж  жоқ.
Алайда,  сүйсiну сезімі мен  түйсiну ұғымының  бүгiнгi  таңда  таразы  басын  тең  басып  тұрмағаны  да  анық.  Тамырын  көкбөрi  тектес  Күлтегiн  ескерткiшiнен  тартып,  Орхон-Енисей  жазбаларынан  бастау  алатын    құдiреттi  тiлiмiздiң  қазiргi  жай-күйi көз алдыңа қанаты  қайырылып,  кiрiптар  күй  кешкен  қыран  құстың  кескiн-келбетiн әкеледi.  Тарих  толқынында  тербелiп,  базбiр  кезеңдерде  тағ¬дыр  талапайына  түссе  де  қବдiр-қасиетiнен  қағылмаған  қа¬зақ  тiлi  тәуелсiздiк туы желбіреп,  ел   тiзгiнiн  өз  қолымызға  алған¬нан  берi  де  дүбәралық  тұзағынан  босана  алмауда.  Абыз  Абайдың,  оның  алдындағы  ұлы  жыраулардың  тiлi,  теңдессiз  т嬬ңеу¬¬лердi  қиюластырып,  екi  ауыз  сөзбен  ердiң  құнын  шешкен,  қасарысқан  дұшпанына  ұш¬қыр  ой,  ұтымды  сөзбен  тойтарыс  берген  Төле,  Қаздауысты  Қа¬зыбек,  Әйтеке  билердiң  тiлiне  әлi  күнге  қиянаттың  қылбұрауы  тү¬сiп,  шерменде  күй  кешуде.
Әрине,  көптiлдiлiк – замана  талабына  сай  көпұлтты  мемлекеттер  мен  өркениеттi  қоғамның  бәрiне  тән,  әрi  олардың  саяси,  экономикалық  және  рухани  дамуын  барынша  қанағаттандыруға  бағытталған  заңды  құбылыс.  Көптiлдiлiк – конституциялық  шама,  халықаралық  қағида,  тiптi,  тереңiрек барсақ,  кемел  кемең¬герлiктiң  белгiсi.
Алайда,  ендiгi  жерде  бiр¬жақтылыққа  салынып,  әсiре¬қы¬зылдыққа  бой  ұрмай,  жалаң  ұранның  жетегiнде  жадағай  күй  кешпей,  ғасырлар  бойы  бодан¬дықтың  зарын  тартқан  жұрттың  жайын  ойлау,  тiлiнiң  дамуына  ден  қою – аса  құнды  қажеттiлiк  болуы  шарт.  Олай  етпейiнше, құн жетпес асылымыздың, баға жетпес маржанымыздың  келешектегi  кемелдiлiгi  хақында  айтылған  сөздер  құр  даурықпа,  бос  бопса  болып  қала  бермек.
Рас,  iлгерi  басуына,  кедергi  келтiрген  көкiрегi  көрсоқыр  пенделерге  қылар  қайраны  болмай  қамыққан  тiлiмiздiң  қуанышты сәттермен  қа¬уыш¬қан  шақтары  да  болды.  Елдiң  Ата  Заңында  мемлекеттiк  мәртебе  алуы,  "Тiл    туралы”  заң  қабылданып,  интернет  жүйесiнде  қазақша  сайт- тар  ашылуы,  қазақ  тiлiнде  тәлiм-тәрбие  беретiн  мектептер  мен  балабақшалар  саны  өсуi,  ұлт  тiлiнде  жарық  көретiн  ақпарат  құралдары  қатарының  ұлғаюы – осының  айқын  айғағы.  Десек  те,  қазақ  тiлi шынайы  тұрғыда мемлекеттiк  мәртебе  иеленуi  барысында  жiберiлген  кем¬шiлiктер  мен  кездескен  кедергілер  өткен  күннiң  еншiсiнде  деп  кеуде  керуге  әлi  ертерек.  Бiрде қа¬пысыз билікке ие  болып, бiрде  басына  қауiп  төнiп  жүрген  тiлiмiздiң  тұрақсыздау  жағдайы  ұлтын сүйетін  азаматтардың  санасына  күнi  бүгiнге  дейiн  салмақ  салып,  сансыратуда.  Келмеске  кеткен  кер  заманның  келеңсiз  сарқыншақтары  тiлiмiзге  тiркесiп,  етектен  керi  тартып  жүр.  Дәлiрек  айтсақ,  қастерлi  қазынамыз  шұрайлылықтан – шорқақтыққа,  қай¬сарлықтан – қорқақтыққа  ығысып,  "жүнi  жығыла”  бастағаны  байқалады.  
Ақиқатын  ашып  айтсақ,  қазақ  тiлiндегi  бұқаралық  ақпарат  құрал¬дарында  туған  тiлiмiздiң  бүгiнгi  ах¬уалы  жазыла-жазыла  жауыр  бо묬¬ған  тақырыпқа  айналды. Осы мә¬¬¬с嬬леге қатысты дүркін-дүркін өтіп жататын, әр деңгейдегі жиындар мен басқосулардың да ұлттың ті¬лін ұшпаққа шығарғаны шамалы. Шын¬дығы сол – аталмыш  мәселенi  айта-айта  жағымыз  да  талды.  Сон¬дықтан,  ендiгi  жерде  еңсемiз  езiле  бермей,  ересен  әрекеттерге  кiрiсу  шарт.  Қазақта  "Мұқтаждық  өзi  үйретедi”  деген  нақыл  бар.  Мiне,  дәл  осы  мұқтаждықты  сезiне  бiлудi  мемлекеттiк  тiлдi  мойындау, дәлірек айтсақ, мойындату  мәселесiнде  алға  алып  шығу керек. 
Ол  үшiн,   бiрiншiден,  мемлекеттiк  тiлдiң  дамуы  хақындағы  жария¬ланымдар  бюджеттен  қаржы¬лан¬дырылып,  бiрыңғай  мемлекеттiк  саясатты  жүргiзетiн  орыстiлдi  бұқаралық  ақпарат  құралдарында  мемлекеттiк  тапсырыс  негiзiнде әрі жоспарлы түрде жарық  көрiп, эфирге шығарылып  отыруы  шарт.  Қажеттi  жағдайда  қазақтiлдi  газет-журналдарда  басылған  маңызды дүниелер  орыс  тiлiне  аударылып, сол тілдегі басылымдарда жариялануы керек. Бұл істен, әлбетте, радио мен телеарналар да тысқары қалмауы қажет. Осы талаптың орындалу тетігі нақтыланып,  қатаң  қадағалануы  тиiс.
Екiншiден,   тiлдi  дамыту  мәсе¬лесiне  қатысты  мерзiмдiк  басылым-дар мен телехабарларда сын  тезiне  ұшыраған  түрлi  деңгейдегi  кә-сiпорындар  мен  мекемелер  бас¬шы¬лары құзырлы мемлекеттік құры-лымдардың алдында  есеп  берiп,  бетi  қызаратындай, жауапкершілік жүгін арқалайтындай  жағдайға  жетуi  керек. 
Үшiншiден,  iс  қағаздарын  жүр¬гiзуге  жауапты  тұлғаны  бұйрықпен  бекiтiп  қойып,  бар  жауапкершiлiктi  соған  ғана  аудару  үрдiсiнен  шұғыл  түрде  арылу  қажет. Кез келген лауазымды тұлға мемлекеттік тілде оқып, жаза білуі, ең кем дегенде ауызекі тілде ұғыныса білуі тиіс.
Төртіншіден, барлық меншік түріндегі мекеме, ұйымдардың, шағын және орта кәсіпкерлік нысан¬дардың мемлекеттік тілдегі атауларында, сондай-ақ, көрнекі жарнамаларында жіберілген өрескел қателіктері үшін «қалтаға тиердей» көлемде айыппұл салу мүмкіндіктері қарастырылуы шарт.
Бесіншіден, мемлекеттік құры¬лымдардың шығыс құжат¬тарының мемлекеттік тілде рәсімделуіне қа¬тысты берілетін есептеріне мейлінше қатаң бақылау орнатылып, көзбояушылыққа жол берген лауазымды тұлға әкімшілік, яки болмаса, тәртіптік жазаға тартылуы қажет. 
Алтыншыдан, тіл мәселесіне қатысты мемлекет қаржысына өткізілетін іс-шаралардың сапалық мазмұны мен олардың түпкі нәти¬жесіне терең сараптамалық баға беру тәсілдері қолданысқа енгізілуі керек.
Жетіншіден, Қазақстан Рес¬публикасының қолданыстағы «Тіл туралы» заңына мемлекеттік тіл мүддесін межелеген өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін кешіктірмеген жөн. Өйткені,  заң¬намалық тұрғыда негіздеме болмайынша, әлеуетті әрекеттерге бел¬сене кірісу және тиімділікке қол жеткізу мүмкін емес.    
Көкейдегі көрікті ойларды нақты жүзеге асыру жолдарын зерделегенде алысты барламай-ақ, бауырлас елдердің тәжірибесіне үңілсек те жетіп жатыр. Мәселен, Ресейде сырттан келіп, азаматтық   алғысы   келетіндерге   қойылар  басты   талап  –  орыс тілін білуі. 
Ал,  Балтық   жағалауы   елдерi    орта    мектептердi түгел   дерліктей   мемлекеттік тiлге көшiрдi. Украина  ақпарат  құралдарын  толығымен  мемлекеттiк  тiлге  ауыстырды.  Өз¬бекстанда, қай ұлттың өкілі болмасын,  тек  мемлекеттiк – өзбек  тiлiнде  сөйлеп  келедi... Өзгелердің өнегелі үлгісін  осылай, үздіксіз тізбелей беруге болады.     
Ұлттың тілі – ұлттық рух діңгегі екендігін ескерер мезгіл жетті. Алмағайып  замананың  қиын-қыстау кезеңдерінде  туған  тiлi¬нен  түңiлмеген  тау  тұлғалы  тар¬ландарымыздың  ерлiк  iстерiн  естен  шығармау, шың  басынан  кө¬рiнуге  тиiстi асыл қазынамызға  тоңтерiс  қабақ  танытпау, оның өр¬кендеуі мен дамуына дәрменді дәнекерлік ету – ұлт  перзентi  ретiндегi  ұлы  парызымыз.  Егер,  олай  етпесек – тiлдiң  құнын  бақыр  тиынға  балағанымыз, бабалардың ұлы рухын әлсіретіп, келер  ұрпақ  алдында  кешiрiлмес  күнә  арқалағанымыз, тарихтың тереңінен тамыр тартатын тектiлiкке  таңба  салғанымыз.

ortalyk-kaz.kz

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика