КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі

    Бүгінгі таңда Парламент қабырғасында ұлт үшін ұтымды пікірлерімен көзге түсіп жүрген жандардың бірі Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл. Жуырда қазақ батырымен ұлттық спорт, намыс жайында кеңінен әңгімелесудің сәті түскен еді. Назарларыңызға сол әңгімені ұсынамыз. 
    – Бақытбек аға, жуырда ғана елордамызда көкпардан тұңғыш Азия чемпионаты өтті. Бүгінгі әңгімемізді ұлттық спорт төңірегінде бастасақ. Аталмыш жарыс барысында халықтың көкпарға деген ықыласы ерекше екені байқалды. Жалпы көкпардан бөлек, аударыспақ, садақ ату, теңге ілу сынды ептілік пен өжеттілікті қажет ететін небір ойындарымыз бар. Ұлттық рух пен намыс кемшің түсіп жатқан бүгінгі таңда бұл спорт түрлерінің орны ерекше. Ендеше ұлттық спорттарымызға да бұқаралық сипат беретін кез келген сияқты. Алдымен осы мәселеге тоқталып өтсек?
    – Қазақтың бүкіл тұрмысы, мәдениеті, сондай-ақ, спорттық ойындары да төрт-түлікпен тығыз байланысты. Соның ішінде жылқының орны ерекше. Ат ердің қанаты деп бекер айтылмаған. Бүгінгі таңда көкпар негізінен оңтүстік өңірде ұлттық бояуын сақтап, бағзы қалпын жоғалтпай отыр. Оның ең бірінші себебі, шырайлы Шымкент пен тарихы тереңге бойлаған Тараз қазақылықтың қаймағын бұзбай, сақтап отырған бірден-бір өңір. Яғни, көкпардың сол жерлерде кеңінен етек жаюы заңдылық. Бүгінгі таңда өзге аймақтарда да жақсы дамып келеді. Енді халықаралық деңгейге шығарсақ, ол біздің даңқымызды асыратын негізгі тетіктеріміздің бірі болмақ.
    Сондай-ақ, көкпарды дамыту арқылы жылқы баптау өнерінің де аясын кеңейтуге болады. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бізде бұл өнер кенжелеп қалды. Осыдан бес-алты жыл бұрын теледидардан көргенім бар. Қазақ ішкі әскерлері атпен жүретін болып, соған байланысты орыс қызы сақшыларға жануармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін үйретіп жатыр. Үйреніп жүргендердің бәрі қазақ. Яғни, қазақтарға орыстың қызы атқа мінуді үйретіп жүр. Намыстан жарыла жаздадым. Өйткені мен үшін бұдан артық масқара жоқ. Бұл маған өмірі толғатып көрмеген әйелдің он-он екі құрсақ көтерген анаға бала бағуды үйретіп жатқандай көрінді. Негізі аттың тілін білетін қазақтан артық халық жоқ. Бізге емес, біз өзгелерге үйретуіміз керек еді. Бірақ амал қанша? Сондықтан алдағы уақытта мұндай олқылыққа жол бермеуіміз керек. Ол үшін сіз айтып отырған ұлттық ойындарымыздың бәрін дамытуымыз керек.
    Тақымын талдырып тартысу, ат үстінде отырып алысу қазақтың бұрыннан қалыптасқан ептілігі мен тектілігін көрсетеді. Сондай-ақ, садақ, жамбы ату сынды дүниелер қазақтың ата кәсібі. Бірақ қазіргі кезде мұражайдағы жәдігерлердің күйін кешіп, жылына бір-екі рет көңіл бөлінетін болып қалды. Бүгінгідей алапат жылдамдықпен жолындағысын жайпап келе жатқан жаһандану дәуірінде халық ретінде сақталып қалу үшін өзіңнің төл тұрмысыңды қатар алып жүру маңызды. Ол үшін ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді, жаңағы спорттық ойындарымыз бен тек бізге тән айрықша дүниелерімізді жаңғыртуымыз керек. Мәселен, туризмді дамытып отырған көптеген елдер осыған ерекше көңіл бөліп, өздерінің ұлттық нақышын өзгелерге паш етуде. Бұған бір жағынан сұраныс та бар. Қазір адамдардың ескі дүниелерге қайтадан аңсары ауып, қызығушылығы артуда. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, осыны пайдаланып, біз де өз ұлтымызды ұлықтайтын дүниелерді кеңінен насихаттауымыз керек.
    Соңғы уақытта қазақ күресінің де даму қарқыны көңіл қуантады. Бұрын белдесу десе, делебесі қозбайтын қазақ болмаған. Тіпті той-домалақтарда қариялардың өздері кілемге шығып белдескенде талайының жауырыны жер иіскейтін. Қазір де сондай. Тұла-бойымызда белдесуге деген ерекше құштарлық бар. Оған кешегі «Қазақстан Барсысы» кезінде көз жеткіздік. Яғни, қазақтың бойында намыс өшкен жоқ. Қайсарлық, өрлік, рух біздің әрқайсымызда бар. Орыстың қол астына өткеннен кейін сол рухымыз көмескіленіп кетті. Бүгінде соны оята алмай келеміз. Кешегі «Оян, Қазақ!» деген Міржақыптар да сол рухты шымшып, түртіп оятуды көздеп еді. Ендігі кезек бізге келді. Қолымызда мүмкіндік барда ұлт үшін еңбек ету – бізге міндет.
    Садақ ату да керемет спорт. Батырларымыз садақ тартқанда 500-600 метр жерден темір сауыттарды тесіп өтетін болған. Кешегі Бауыржанның (Момышұлы – Е.Қ.) өзі айтып кеткен асық ату өнері де үлкен ептілікті қажет етеді. Қазақтар асық атуға қатардағы ойын ретінде қарамаған. Кішкентай балаларды әдейі асыққа үйретіп, сол арқылы жастайынан мергендікке, ептілікке тәрбиелеген. Баукеңнің асыққа ерекше көңіл бөлуі де сондықтан.
    Негізі аталған ұлттық спорттарымыздың бәрі жаугершілік заманда қазақтардың әскери жаттығуы болған. Ендеше бүгінгідей өз алдымызға дербес ел атанғанда өзге құндылықпен, бөгде рухпен сусындауға қақымыз жоқ. Тіпті еліміздің атынан сынға түсіп жатқан Илья Ильин, Генадий Головкиндердің өздері «Мен қазақпын» деп жатқанда, бізге бейқамдық танытуға болмайды.
    – Бұрын белдеспейтін қазақ болмаған дедіңіз. Десек те, бүгінгі таңда күресте ондай табандылық таныта алмай келеміз. Негізі қазіргі кезде спорттың бұл түрінен кавказдықтардың алдына түсер халық болмай тұр. Тіпті Ресейдің құрамына ілікпегендері әлемнің бірқатар елінің атынан өнер көрсетіп жүр. Ашығын айтар болсақ, сол Кавказ елдерінің спортқа жасап отырған жағдайы бізбен салыстыруға келмейді. Бірақ нәтиже керісінше. Мұның мәні неде деп ойлайсыз? Расымен олардың рухы басым ба?
    – Дұрыс айтасыз, күресте кавказдықтардың қарқыны күшті. Бұл халықтың тектілігін танытады. Тау халықтары қай кезде де ержүректігімен аты шыққан. Дегенмен, қазақ олардан артық болмаса, еш кем емес. Бізде кавказдықтарды он орап алатын мүмкіндік бар. Тек соған немқұрайлы қарап келеміз. Салғырттық, самарқаулық танытып, шабандап қалдық. Енді етек-жеңді жияр кез келді.
    Жалпы өзімізді өзгеден төмен санамауымыз керек. Ауғанстанда жүріп қазақтын кез келген жігіті қол бастауға лайық екеніне көзім жетті. Талай жігіттер топты бастап, әскерді артынан ерте білетін. Тіпті өзге ұлттар бізден кәдімгідей қаймығатын. Мүмкін тәртіпсіз болған шығармыз. Мінезіміз дөрекілеу болған шығар. Бірақ біз бәрін сол кезге, ортаға сай жасадық.
    Сағадат аға (Нұрмағанбетов – Е.Қ.) өмірден өтерден бір айдай уақыт бұрын арнайы кездесіп, біраз әңгімелескен едік. Сол кезде ағамыз «Бауыржан өзінің қиқар мінезімен, отты көзімен, жалынды сөзімен ұрпаққа ұран болып, ұлттық рухымыздың іргетасы ретінде қаланды» деп еді. Яғни, қиқар мінез қазаққа жат емес. Ол – қайсарлықтың белгісі. Соның арқасында осынау жерге ие болып отырмыз. Егер біз мықты болмасақ, осындай екі алып елдің ортасында отырып, халық ретінде сақталып қалар ма едік?! Қытайлар әлемнің кереметіне баланған қорғанды кімнен қорғанып салды? Әрине, Қазақтан. Анау Астраханда жатқан Құрманғазы ол жаққа гастрольдеп бармағаны да белгілі. Өз жері, өлең төсегі болғасын, сүйегі сонда қалды. Екі бірдей биіміздің Ташкентте жатуы да қазақтың жері қандай болғанынан хабар береді. Яғни, осындай кең сахараға иелік ету рухы асқақ халықтың қолынан келеді. Осы ретте балуан шақ келтірмей жүрген сол кавказдықтар неге тәуелсіз ел емес деген сұрақ туындайды. Әлде олар азаттықты қаламады ма? Әрине, қалады. Сол жолда қан төкті. Бірақ жете алмады.
    Негізі кейінгі кездері кейбір нәрселерге қазақтың шамасы жетпейді деген пікірлер айтылып қалады. Өз басым мұнымен ешқашан келіспеймін. Тіпті мен үшін қазақтан асқан халық жоқ. Мына тарихи дерекке көз жүгіртейікші. Әлемнің әр бұрышында адамдар жапырақ жамылып жүргенде біздің ата-бабамыз алтыннан киім киген. Осыдан-ақ, көп жайтты аңғаруға болады.
    Енді мына деректерге назар аударыңыз. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеңестік мергендер мектебінің негізін қалаған Феодосий Смолячков деген мерген 125 немістің көзін жойған. Екінші мерген Василий Зайцев 250-ге жуық немісті жайратып салған. Екеуі де Кеңес Одағының батыры. Ал, біздің қандасымыз Төреуғали Әбдіков болса, 399 немісті жер жастандырған. Яғни, бүкіл кеңестік мергендердің беткеұстары болған екі батырдан да асып түскен. Нағыз батырға лайық азамат еді. Алайда, әкесінің інісі халық жауы деген желеумен қамалып, соның салдарынан оған Кеңес Одағының батыры атағы берілмеді. Міне, бұл қазақтың мергендігін дәлелдейді.
    Сонымен қатар, немістер қазақтарды алғаш көргенде біздің ержүректігімізге таңқалған екен. Ол туралы Илья Эренбург деген кеңестік журналисттің 1942 жылы 18 қазанда «Правда» газетіне жарияланған мақаласында айтылады. Сол кезде немістер көздерінен жалын шашып, өздеріне қарсы шапқан халық туралы айтып, «Біздер бұрын мұндай халық бар екенін білмейтін едік. Орыстар қалайша аз уақыттың ішінде осындай жауынгерлер жасақтап үлгерген» деп шулапты. Бұл жерде немістер Талғар полкін, яғни, Бауыржанды айтып отыр.
    2010 жылы «Легендарный батыр» атты кітаптың тұсаукесеріне Мәскеуге бардым. Сол кезде Волоколамск кентінің әкімі Василий Шулеповтің «Миллиондаған адамдар соғысты. Соның ішінде біз қазақ халқына алғыс айтуымыз керек. Өйткені қазақ баласы Бауыржан Момышұлының ержүректігінің арқасында фашистер Мәскеуді ала алмады» дегені бар.
    Жалпы сол соғыста Кеңес әскерінің жеңіске жетуіне қазақтай үлес қосқан халық жоқ. Соның ішінде Талғат Бигелдиновтің рөлі ерекше. Ол тұңғыш рет Берлиннің үстінен ұшып, қаланы картаға түсірген. Соның көмегімен Кеңес үкіметі жеңіске жетті. Бұл тарихи шындық. 20-21 жасында Курск майданында 24 истребительге басшылық жасаған адам. Ол кезде 80 әскери тапсырмаға Кеңес Одағының батыры атағы берілетін болса, Талғат ағамыз 305 рет көкке көтеріліп, тапсырма орындаған. Сондай-ақ, Қасым Қайсеновтің ерліктерін де Беларусь пен Украина әлі күнге аңыз қылып айтады. Егер расымен батыр болмаса, өзге ұлт қазақ ұланын осылай ұлықтар ма еді?! Келесі батырымыз Рақымжан Қошқарбаевтың басқа ерліктерін айтпағанда рейхстагқа алғаш ту тіккен жауынгер ретінде тарихта қалды. 1945 жылдың 30-сәуірінде 350 метр жерді алты жарым сағат еңбектеп барып ту қадаған. 2007 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің өзі ресми түрде мойындады. Бірақ оны Германия баяғыда айтып, хатқа түсіріп қойған. Тіпті ол жақтағы кейбір зауыттағы цехтарға, жастар ұйымдарына Рақымжан ағамыздың аты берілген. Алайда, Кеңестік кезеңде ондай деректерді айтуға тыйым салды. Сағадат Нұрмағамбетовтің, Әлия, Мәншүк және Хиуаз аналарымыздың, басқа да аталарымыз бен апаларымыздың ерліктері толып жатыр. Ал, кавказдан шыққан қай батырды білеміз? Сондықтан өзгені мықты екен деп соған мойынсұна беруге болмайды. Батырларымыздың ерліктерін жаңғыртып, тіпті кино қылып түсіріп, спортшыларға көрсетсе, нағыз рухтың қайрағы болар еді.
    Соғыстағы ерліктерімізбен қатар білім, ғылымда да үлесіміз зор. Осы жерде қазақтың ешқашан сауатсыз болмағанын ерекше айтқым келеді. Егер біреулер айтып жүргендей қазақ надан болса, 1895-1905 жылдары Госдумада 24 қазақ депутат отырмас еді. Олардың қатарына Нәзір, Әлихан, Сұлтанбектерді қосыңыз. Жастығына қарамастан талайды аузына қаратқан Ғани Мұратбаевтың өзі бір тұлға.
    Кешегі Ауған соғысы кезінде де қазақтың алғырлығы басым болды. Қазақтың қара майоры атанған, Ауғанстандағы ең қиын аймақта комбат болған Борис Кенбаевтің ерлігі бір төбе. Неге ол жерде өзбек, тәжік немесе түркімен емес, дәл қазақ болды?! Өйткені жоғарыдағылар біздің батылдығымызға сенім артты. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевты да ауғандар құрмет тұтады. Өйткені ол кісі қандай жағдай болмасын әділдікті ту еткен жан. Олардан бөлек, Әлімжан Ерниязов, Қайырғали Майданов сынды көзсіз ерлікке барған қазақтар бар. Олардың көбі ауылда. Сол жақта да қаншама азаматтар қалды. Міне, солардың барлығын жаңғыртып, кеңінен насихаттауымыз керек.
    Егер біз ұлттық рухымызды оятқымыз келсе, тарихымызды тереңдеп тануымыз керек. Бабаларымыздың қандай болғанын білуіміз тиіс. Спортымызда ұлттық бояудың қанық болуы үшін басында қазақы рухпен сусындаған адамдар отыруы шарт. Біз, өкінішке қарай, осы жағынан ақсап жатырмыз.
    Реті келгенде айтайын, кейде әскери патриоттық шараларда жауынгерлердің алдында ішкі саясаттан әйел адамдар келіп сөз сөйлеп тұрады. Алайда, қазақта «баланың бас сабағы, әкенің қас-қабағы» деген сөз бар. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз де тегін айтылмаған. Яғни, бұл ескеретін мәселе. Егер жауынгерлердің алдында жоғарыдағы көзі тірі батырлармен қатар, Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиевтер сөз сөйлеп тұрса, қандай ғажап көрініс. Өйткені елдің атын шығарып, абыройын асқақтатқан чемпиондар да бүгінгі күннің батырлары. Әр жарысты солардың рухты батасымен, жалынды сөздерімен бастасақ, патриоттық тәрбиенің өзегі түзілер еді.
    Мысалы, кешегі Мұстафа Өзтүрік елге оралып, қазақ ұландарын кезекті бір әлемдік жарысқа бастап барған кезде татамиге шығып бара жатқан шәкіртіне «Мен талай елді аралап, талай жарыста олжа салдым. Бірақ барлығында өзге елдің туын көтеріп, әнұранын шырқауға мәжбүр болдым. Ал, сен өз ұлтыңның абыройын қорғап, жарыс жолына шыққаның үшін бақыттысың. Осы бақытты шын сезін! Егер бүгінгі жарыста жеңіліп қалатын болсаң, елге қайтпа! Осы жерде өл!» деп жағынан шапалақпен тартып жіберген екен. Сол бір ауыз сөз жетесі бар адам үшін жеткілікті еді. Шәкірті сол сайыста алтын алып, елге абыроймен оралады.
    – Расымен қазақ ешкімнен кем емес. Дей тұрғанмен, ұлттық құрамаларда қаракөздердің саны аз. Тіпті олимпиадалық спорт түрлерінде де қазақтардың үлес салмағы көңілге қаяу түсіреді. Қазақ спортының жанкүйері ретінде бұл жөнінде не дейсіз?
    – Былтыр Лондон олимпиадасының чемпиондары мен жүлдегерлерін әуежайдан күтіп алғанда Серік (Сәпиев – Е.Қ.) бауырымызбен сөйлесіп едім. Сол кезде ол «Аға, финалдық кездесу маған оңай болған жоқ. Себебі, дәл сол кезде бүкіл қазақ менің жолыма қарап отырғанын сезініп, барымды салдым. Қоржынымызда алты алтын медаль болғанымен, әр қазақтың маған ерекше үміт артып отырғаны жауапкершілікті арттырды» дегені бар. Иә, расымен Серіктің алтыны біз үшін ерекше. Бұл жерде мәселе ұлтқа немесе тағы басқа нәрселерге бөлінуде емес. Ауылдық жерлерде қазақ үшін жанын беруге даяр, көк тудың астында бір мәрте болса да өнер көрсетуді армандап жүрген небір талантты қаракөздер толып жүр. Яғни, соларға да мүмкіндік беруіміз керек деген жанкүйерлік пікір. Себебі, елдің, ұлттың намысы сынға түсіп жатқан кезде өз ұлыңның өнеріне қол соққың келеді. Сондай-ақ, көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалып жатқанда жеңіс тұғырынан «Менің Қазақстаным» деп еш қиналмай, еркін айтып тұрған чемпионды көргің келеді. Осындай жанкүйерлік қалаудан әлгіндей арман-тілектер пайда болады. Бұл тек менің емес, барша қазақтың қалауы екені айдан анық.
    Тағы бір айта кетер жайт, күрестен ұлттық құрамадағы балуандардың барлығы ауылдан шыққан. Демек, ауылдық жерге көңіл бөліну керек. Өкінішке қарай, бізде ауыл тұрмақ, қалалық жерлердегі кейбір жаттығу залдарында да жағдай мәз емес. Кейбір залдарда кеңестік балуандардың тері сінген кілемшелер әлі төселіп тұр. Спорттық жабдықтармен қатар, бапкерлердің әлеуметтік мәселесі оң шешімді қажет етеді. Алматыда айына 43 мың теңге алатын бапкерлер бар. Еліміздегі ең ірі мегаполисте сондай айлықпен өмір сүру мүмкін бе? Жоқ, әрине! Ендеше әлеуметтік мәселесі шешілмеген бапкерлерден жоғары нәтиже күтудің өзі артық.
    Сондай-ақ, зәулім кешендер мен шағын спорт залдар қолжетімді болуы керек. Бізде кейде қаланың қақ ортасына әдемі алаңдар салып қояды. Бірақ оның бәрі бірдей қолжетімсіз. Міне, осы мәселелерді кезек күттірмей шешіп алғанымыз жөн.
    – Спорттағы тағы бір кемшілігіміз жанкүйер мәселесі. Яғни, жанкүйер тарту жағынан кейін қалып келеміз. Тіпті елімізде өткен кейбір құрлықтық жарыстардың өзі жанкүйерсіз ашылып, жабылады. Бұл мәселені шешудің қандай тетігін ұсынар едіңіз?
    – Меніңше, облыстарда өткен жарыстарда өңір басшылары міндетті түрде қатысуы керек. Спортшыларға сәттілік тілеп, бес минут сөйлеп қайта шығып кетуге болмайды. Бізде осы үрдіс белең алып кеткен. Неге тек ашылуы мен жабылуында емес, сайыстың ортасында да сол басшылар спортшыларға жанкүйерлік танытпасқа?! Егер облыс әкімдері өздері бас болып жарысты тамашаласа, жанкүйерлердің де қарасы көбейіп, жарыстың бәсі артар еді. Зал толып, жанкүйерлер қиқуға басып, қолдау білдіріп отырса, спортшының да делебесі қозып, шабыты оянары анық. Жанкүйерсіз спортшы жетім. Сондықтан өз ұландарымызды жетімсіретпейік.
    Өкінішке қарай, кейде біздің жарыстар бастықтар үшін ұйымдастырылатын сияқты. Әйтеуір ұйымдастырушылар шақырған шенеуніктерінің көңілін табу үшін бәйек болып жүреді. Егер мақсат расымен сол болса, онда ол біздің кері кеткеніміз. Негізгі мақсат ел арасында спортты насихаттап, сол арқылы халықтың рухын ояту екенін түсінуіміз керек.
    – Әңгімемізді футбол тақырыбымен тәмамдасақ. Бүгінгі таңда футбол нөмірі бірінші спорт. Алайда қазақ доп тебе алмайды деген пікір қазір қатып қалған қағида іспетті…
    – Ұлтыңды төмен санау өзіңді-өзің қорламен тең екенің қайталап айтқым келеді. Егер біз доп тебе алмасақ, кешегі Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақовтар шықпас еді. Қазіргі таңда да жасыл алаңда қазақ жігіттері жоқ емес. Футбол көруге көп уақытым болмаса да, ұлттық құраманың жағдайынан хабардар болып отыруға тырысамын. Соның ішінде Самат Смақов, Жамбыл Көкеев, Ұлан Қонысбаев сынды жігіттердің атын жиі естиміз. Биылғы қарағандылық «Шахтердің» жарқын жеңістерінің өзі неге тұрады?! Бүкіл Еуропаны шулатқан жоқ па?! Тіпті еліміздегі футболға көп қызыға бермейтін жандардың өзі стадионға жиналды. Демек, елде ықылас бар. Енді тиісті орындар соған лайық жауап қайтару керек. Яғни, футбол алаңдарын көбейтетін кез жетті.
    Осы мүмкіндікті пайдаланып мына бір жайтты айтқым келіп отыр. Қазіргі таңда біздің қоғамда рушылдық, жүзшілдік, жершілдіктің рөлі ерекше. Өз басым тұтас қазақтың бұлайша бөлінуін кемшілігіміз деп санаймын. Бұл олқылық спортқа да кесірін тигізіп келеді. Осыған қатысты мына бір жайтты айтайын. 90-жылдары ағам екеуміздің Оңтүстік өңіріне, соның ішінде Темірлан ауылына жолымыз түсті. Ол жерде Қажымұқан бабамыздың жатқаны белгілі. Біз бабамыздың басына соғып, зиярат етуді ниет етіп, жолда тұрған сақшыдан жөн сұрадық. Аға лейтенант шеніндегі жігіт екен. Бізге «Сіздер қыпшақсыздар ма?» дейді. «Жоқ» дейміз. Сөйтсек, әлгі сабазымыз «Ендеше Қажымұқан қалай сізге баба болады? Ол менің бабам» деп қарап тұр. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейтін жағдай. Содан ағам шамданып қалды. Өзі де тау тұлғалы жан. Әлгіге «Сен бе, Қажымұқанның ұрпағы? Ендеше дәлелде. Кел, күресейік. Қайсы жыққанымыз балуанның ұрпағы боламыз» деді. Содан әлгі өз қателігін түсініп, мал сойып, үйіне шақырды.
    Жалпы руға, жікке бөліну бізді жарға жығады. Қажымұқан қыпшаққа емес, күллі алашқа ортақ балуан. Қазақ – мемлекеттің негізін құраушы ұлт деп жүргенде біздің бұлай бөлінуіміз арымызға сын. Сондықтан ондай тар түсінікті санадан біржола өшіріп, ақылға жүгініп, пендешіліктен түнілу керек. Өйткені қазір ұсақтанатын емес, тұтастанатын заман.
    – Әңгімеңізге рахмет!

намыс.кз

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика