КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Телеарнаға телмірмейтін адам аз шығар. Күніне 2-3 сағатымызды көгілдір экранның алдында өткізетініміз жасырын емес. «Көксандықтан» көңілге көркем ой салар қызықты дүние күтеміз. Бірақ кейде телеарнаға үмітпен үңіліп, түңілетініміз бар.
    Оған себеп те жоқ емес.Бүгінде экран – атақ пен даңққа бастайтын алғашқы баспалдақ. Журналистика мамандығын таңдаған өрімдей қыздар мен өр жігіттер қолына қалам алып, газеттің белді қыз­меткері атанып, «көлеңкеде» қалмай, экранға жарқырап шығып, халық алдында танымал болуға асығады. Журналистика факультетіне құжат тапсырған 10 талапкердің кем дегенде 7-еуі «мен тележүргізуші болғым келеді» деген үкілі үмітін арқалап келеді. Ал базбіреу үшін журналистика тек қана телевидениемен шектелетіні де жасырын емес. Бірақ телеарнаға арманын арқалап келген жастарды экранның бер жағында көріп отырып, қарнымыз ашып, қанымыз қараятыны бар. Өйткені... 
    Соңғы кездері «стиль», «мода» , «секс-символ» деген сөздерді санамызға әбден түйіп алдық. Былайша айтқанда, адамның абыройы мен азаматтығын шүберек пен дақпырт, даңғазалық пен даңқ арқылы анықталатын заман болды. Әдемі көріну үшін бетке жаппай опа-далап жағып, жалтырап шығып, бос «сенсация» жасауға әуестенген тележүргізуші аз емес. Замана көшінен қалмаймыз деп аласұрып жүгіреміз, әлденеге талпынамыз. Дегенмен «экран этикасы» деген қарапайым ұғымды санадан өшіріп алған сияқтымыз. Бүгінгінің тележүргізушілері кәсібін адал атқарып, білігі мен білімі ар­қылы емес, сұлулығы мен ажары арқылы көпшіліктің көкейінде қалуды көздейтіндей. Кеңес Одағының тұсында телеарнаның басты тұлғасына айналған тележүргізушілердің киім-киісі мен жүріс-тұрысына ерекше назарда болатын. Жалбыраған шаш, ашық-шашық төсті көрмейтін едік. Өйткені темірдей тәртіп бар еді. Ал бүгінгі тележүргізушілер сөзге емес, сәнге ден қойған сияқты. 

Киім мәдениеті қаншалықты қалыптасқан? 

    Қазір білікті тележүргізуші немесе кәсіби тележүргізу­шілерді емес, сәнді, әдемі тележүргізушілерді немесе ең әдемі тележүргізушілерді ірік­тейтін болдық. Жасыратыны жоқ, қазір тележүргізушінің сөз саптауы емес, әдемі киінуі, сұңғақ бойлы, сымбатты болуы маңызды. Өйткені арна бас­шылары үшін сәні мен сымбаты келіскен тележүргізуші атақ пен абыройдың кепілі іспеттес. Әйткенмен экран алдында қысқа етекті көйлек киіп, бетке опа-далапты аямай жағатын тележүргізушілер көбейді. Оқып отырған жаңалығы немесе жүргізіп отырған бағдарламасы емес, экрандағы кес­кін-келбетіне көбірек бас қатырып не айтып, қалай айтып отырғанын елемейтін қаракөздеріміз де аз емес. Жалпы, тележүргізушінің имиджін қалыптастыру үшін оның дауыс ырғағы, сөйлеу мәдениеті, сыртқы кескін-келбеті маңызды-ақ. Әйт­кен­мен «жанды қуыршаққа» ұқсап, қысқа етек көйлек киіп, шашын жалбыратқан тележүргізушіге сұқтана қарайтындар аз болар, бәлкім. Түрікменстанда тележүргізушілер арнайы ұлттық киіммен бағдарлама жүргізіп, экранның сәнін кіргізеді. Мұның өзі ұлтқа, елге деген құрметтің белгісі емес пе? Біздің елімізде де тележүргізушілердің киім үлгісіне арнайы талап қойылса, жөн болар еді. Жасыратыны жоқ, телеарналар тележүргізушілердің киімі үшін қыруар ақша шығарады. Тіпті брендті киімдердің ел ішіндегі дүкендерімен арнайы келісімшартқа отырып, сол дүкенді эфир арқылы бағдарлама бойы жарнамалайды. Яки қазақстандық тележүргізушілер брендті киімдердің жарнамашысына айналды. Ел ішінде ұлттық нақышпен заманауи киім тігетін компаниялар аз емес. Сол компаниялар телеарналарға арнап киім тіксе, отандық өнімге де жақсы жарнама болар еді. Әрі экран арқылы ұлттық нақыштағы киіммен жарқырап отырған тележүргізушіні көріп, көрерменнің көзі қуанар ма еді, көңілі сүйсінер ме еді?!
    Жасөспірімдер мен жалындаған жеткіншектерге арналған екі бірдей музыкалық телеарна ел аумағында хабар та­ратады. Шетелдің бейнебаяндары мен әндерін күн ұзаққа дамылсыз қосып қоятын қос телеарнаның тележүргізушілері де айбатты да, қайратты қазақ жастары. Әрине, му­зыкалық арналардан таза қазақ тілді бағдарламалар жиі көр­сетіледі. Мұның өзі – көңілге демеу. Әйткенмен бағдарламаны жүргізетін қыз-жігіттерді көшеден жұлқып әкеліп, студияға қонжита салғандай. Тележүргізушілер әрқилы суреттер мен мән-мағынасы жоқ сөздер жазылған фут­болкалар мен джинсы шалбарын еркін киіп, экраннан жалт ете қалғандай. Біле білсек, джинсы АҚШ-та жұмысшы топтардың киетін киімі. Яки ірі мәдени шараға немесе сан миллион адамның алдына аталмыш киіммен шығудың өзі – мәдениетсіздіктің белгісі. Құдды қазақстандық телеар­наларда киім тапшылығы анық сезілетіндей әсерде қаласыз. Әрбір телеарнада тележүргізушілердің киім-киісін, жүріс-тұрысын, бет-әлпетін реттеп отырар стилистер бар. Яғни тележүргізушілердің сыртқы кескін-келбетінің келісті болуы тікелей аталмыш мамандарға байланысты. Бірақ экраннан жыртық джинсы мен футболка киіп шығатын мамандарды көріп, көз ал­дыңызға дүкенге немесе базарға шыққан адамды елесте­сесіз еріксіз. Бұл телеарналарда киім мәдениетінің қалып­таспағандығының анық белгісі болса керек. Жалпы, қайсыбір елге аяқ басқан саяхатшы алдымен телеарнаға зер сала отырып, аталмыш ел мен ұлт туралы түсінікті қалыптас­тырады. Енді ойлап көрейікші, өзге елімізге саяхаттап келген өзге ел азаматы теледидарды қоса қалып, ебедейсіз киінген тележүргізушіні көріп, қандай ой қалыптастырады?! Қазақтың мәдениеті мен экраны джинсы шалбар немесе футболка немесе санын жалтыратып, аяғын ақситып отырған ару арқылы көрініс тапқаны ма? 
    «Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салады» деген орыс мақалын жиі қолданатымыз бар. Расында, қайсыбір адам туралы түсінікті қалыптастырмас бұрын, алдымен сол адамның киім-киісіне, сыртқы келбетіне ерекше мән береміз. Яғни экранымызға үңіле отырып, қазақ телеарналары, қазақ тележүргізушілері туралы ой қалыптасатыны белгілі. Жоғарыда атап өткеніміздей, қазір телеарналарға киім мәдениеті жағынан ешбір талап қойылмайды. Кім, не кисе де өз құзырында. Әйткенмен, қазақтың жерінде қазақ телеарнасынан сөйлеп тұрған қазақ қызының жабық, әдемі киім киіп, жарқырап отырғаны жақсы емес пе? Саны жарқырап, төсі жалтырап отырған қазақ қызын экраннан көргенде еріксіз ұят қысатыны жасырын емес. Осы ретте, телеарна басшылары тележүргізушілердің киім мәдениетіне ерекше ден қойса екен дейсің. Айтпақшы, соңғы кездері экранға шашын жалбыратып шығатын қаракөздеріміз де көбейді. Бірақ қазақтың салтында тек қара жамылған әйел ғана шашын жайып жүретінін ескерсек, мұның өзі біздің болмысымызға жат қылық. Телеарнаға қарап, жастарымыз ой қалыптастырып, бой түзейді. Экранның арғы жағында отырған тележүргізуші әрбір көрермен үшін үлгі болары сөзсіз. Сондықтан қазақ тележүргізушілері экран мәдениетіне аса ыждағаттылықпен көңіл бөлсе екен. 

Айқын

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика