THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Дала мен қала тақырыбын жазушылар әр кезеңде жаңа қырынан танып отырды. Ұлттық құндылықтарды жоқтаған «Тазының өлімі», «Бәйгеторы», «Көкбалақ», «Шал мен жылқы» сияқты туындылар сөреміздегі ең құнды шығармаларға айналған. «Плебейі мен патрицийі болмайтын сөз өнерінде» ұлтымыз бастан өткерген әр кезең мейлінше шынайы суреттелді. Мыңжылдық даласына қала тұрғызып, «қалалық қазақтар» пайда болғалы ұлттық тәрбие институтымыз қалай өзгергенін қаламгерлердің шығармаларынан іздеп көрдік. Көзіміз түсіп, есте қалғанын саралағанымыз осы.
«Абай жолы» эпопеясында Абайдың оқудан қайтып келгенде, туыстарының қалай қарсы алғаны есіңізде ме? Әжесі Зере өзіне қарай жүгірген бала Абайға «әкеңе бірінші амандас» деп ишарат етуі қазақы тәрбиенің көрінісі ретінде оқырман көкейінде қалып қойған.
Одан бөлек Зере әжейдің айтатын ертегілерін, Барлас пен Байкөкшенің жырларын талай қазақ баласы бесігінде тыңдап өсті. Баяғыда өзі би, өзі бай бір кісі болыпты. Бай бола тұра ұлына жеті жасқа дейін қозы, одан кейін қой бақтырған. Өсе келе алдына үйір-үйір жылқы салған. Үйінде мәжіліс болған күндері сөзге үйірсек баласы жылқы қайтарып тастап, қайта келіп босағаға отырады екен. Әкесі: «Әлгі кетеген бір жаққа ауып кетіп жүрмесін, сен өзі ошақ басынан шықпайтын болғансың ба?», – деп ескертумен болады. Баласының мінезі қиқарлау болса керек, сонда әкесіне жұрттың көзінше: «Мен сенің ұлыңмын ба? Жоқ әлде, құлақ кесті құлыңмын ба?», – деп шапыраштанған көздерімен тіке қарайды. Әкесі жұрттың көзінше ұлымсың десем көңілінде мақтан пайда бола ма деп, «құлақ кесті құлымсың» дейді. «Онда, мә» деп ұлы бәкімен өз құлағын кесіп әкесінің алдына лақтыра салыпты. Баласы кейін осы мінезінің зардабын көп тартқанын жұрт аңыз қылып айтысатын. Ал ұлды тәрбиелеудің жөні бидің әрекетіндей өмірлік тәжірибемен іске асып жататын еді.
Одан бері хронологиялық жүйемен тізбектеп көрсететіндей көп кезеңді бастан кешіргенімізбен, өткенге уақыттың үлкен мөлшерімен қарасақ небәрі бір ғасыр ғана уақыт өтіпті. Осы уақыттың ішінде қазақы тәрбие қалай өзгерді?
Қадыр Мырза-Әлінің «Дала дидары» кітабының композициялық құрылымы даладан қалаға қарай өрбуші еді. Кітаптың «Күн ғашық болған қала» деп аталатын соңғы бөлімінде қала «көшпенділіктің бейнетін бір халықтай тартқан қазақтардың арманы іспетті» суреттелетін. Қазақ армандаған, өркениеттің ошағы саналатын қала қазақы тәрбиеге қалай әсер етті? Әдебиетімізде қалай көрінді?
Бейімбет Майлин туралы «Би аға» деген естелік кітапта Қажым Жұмалиев: «...Сүмбіле айы... Күн жанып тұр. Пойыздың іші онан да жаман... Пысынай терлеушілердің бірі өзім. Оның күн ыстығынан басқа да себебі бар... Үстімде су жаңа тройка, аяқта басқан сайын сықырлайтын хром-ботинка, баста қалпақ, қолымда трость...» деп жазады. Ауылдан келе сап, қала тұрмысын осылай қабылдап, шілденің шіліңгір ыстығында қалың киінуін кейін ғалымның өзі де күле еске алады. Бірақ шындық – осы. Қазақ алғаш рет қаланы осылай қабылдаған.
Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Атақоныс» дейтін әңгімесіндегі Мұқаның ортаншы ұлының бойынан қала тәрбиесінің алғашқы ұшқыны сезіледі. Ауылда өссе де, оқып совхоз директоры болған Белжігіттің Шынаркүл отырған ферманы орталыққа көшіретін тұсы бар. Сонда Шынаркүлдің қайтыс болған ұлына көңіл айтпастан, ферманы көшіріп, кемпірдің үйіне кірмей кетеді. Ал Шынаркүл болса, өзінің ұлымен бірге оқыған Белжігітті үйінде тосып отырады. Кейін Белжігіттің осы қылығына қатты ренжігенін Мұқаға айтып берген. Белжігіттің бұл әрекеті тәрбиесіздіктің белгісі деп түсінуге болмайды. Өйткені, ол ауылға беделді жақсы отбасынан шыққан, бауырларының бәрі шетінен директор. Оқу оқып, өзінше жаңа мәдениеттің үлгісін көргеннен кейінгі қазақы дарақылық. Жаңа заманның азаматы осындай болу керек деген жалған ұранның жетегінде кеткен жас буынның қала тәрбиесіне алғаш еліктегендері осы кез болатын.
Серік Асылбекұлының «Бөтеннің тойы» әңгімесіндегі Әли мен Құлтай екі бөлек тәрбиенің өкілдері. Бірі ауылдың, екіншісі қаланың тәрбиесін көрген. Әли оқуын бітіріп келіп, үйленген күні анасынан шампан сұрайды. Оның бітіп қалғанына ренжиді. Баласының көңілін қайтармау үшін Құлтайды орталыққа шаптырып, шампан алдырады. Сонда Құлтайға ақшаны берерде: «О, тоба!.. баяғыдан бері ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей жүре беріппіз ғой. Енді қартайған шағымызда жөн-жосықты солардан үйренетін болдық» деген Мырзагүлдің сөзінде іштей қайран қыла алмайтын іштегі қарсылық жатыр еді.
Той болған кеште қыз-жігіттер магнитофон көтеріп далаға кетеді. Топқа қосылмай тұрған Құлтайға қаладан келген қыз өзі тіл қатып, оңаша сөйлеседі. Судың жағасына барып әңгімелеседі. Үздігіп, Құлтайға ұнағысы келіп отырған қыздың психологиясы екеуінің арасында өрбіген диалогтан оңай аңғарылады. Сол әңгімелерінің үстінен қыздың жігіті түсіп, қызға тіл тигізеді. Оны қорғамақ болған Құлтай онымен жұдырықтаса кетеді. У-шу. Қыз-жігіттер ажыратып алады. Ертесі үйіне қайтпақ болып ерте тұрса, түндегі өзі сөйлескен қыз әлгі жігіттің кеудесіне тұмсығын тығып алып, түк болмағандай ұйықтап жатыр екен. Сол кездегі Құлтай адамдардың осыншама жеңілтек, ойсыз, сезімсіз келетіндеріне күйініп, қамығады. Ал Әли бұрын ауылда өссе де, қаланың оқуын оқып келіп, Құлтайға бір жақындығын білдірмейді. Тіпті, қонақтарға дастархан басында таныстырмаған да еді. Әлидің көңілі үшін күннің ыстығында орталыққа барып келген әрекетін де бағалаған жоқ. Жақын бола тұра, ауылдас, сыныптас бола тұра Есқалидың ұлы өзінің Құлтайға жат тәрбиенің өкілі екендігін танытады. Сонда Құлтай Әлидің басқа адам екенін көреді. Сол себепті де, әңгіменің аты – «Бөтеннің тойы».
Бұрынғы қазақ отбасының темірдей тәртібі қала дегенде сыр бере бастады. Ежелгі батылдықтың, адалдық пен аңғалдықтың қаланы көргенде әрі таятынын сездік. Оралхан Бөкейдің атақты «Тортай мінер ақ боз атындағы» лирикалық кейіпкер де қала тәрбиесін біршама сіңірген. Кейін бір демалыста ауылына келгенде, үйіне келген Тортайды тұрып қарсы алуына жетпеген батылдығы адамдық қасиетінен бөлек қала тіршілігінің әсері болатын.
Уақыт өте келе таза қалалық ұрпақ дүниеге келе бастады. Қала дамығандықтың, өркениеттің белгісі болып саналғанымен, қазақ тәрбиесіне көп өзгеріс әкелді. Ол өзгерістің жақсысынан гөрі кері әсері көбірек болғаны аян. Қазақтар жаппай қалаға қоныстана бастаған кез кеңес үкіметі. Ең алдымен, тіл мен дәстүр ұмытылды. Халық көп, бірін-бірі танымағаннан кейін тек таныстарынан ғана ұялатын әдет пайда болды. Көшпелі мәдениеттің тәрбиесі біржола ұмытыла бастап, доминантты рольге жаңа тәрбие ие болды. Ол кезде қазақ мектебі аз, халықтың бәрі орысша сөйлей бастады. Оқығандар оқыған әйел алды. Ал ол кезде тек орыстың қыздары оқитын.
Төлен Әбдіктің «Қонақтар» дейтін әңгімесі бәрімізге бала күннен таныс. Курорттан қайтып келе жатқан балалары ауылға келеміз дегенін естіген Ерғабыл қарт алагеуімнен тұрып күтеді. Қалаға көшейік деген кемпірінің сөзіне құлақ аспай, ауылын қимай жүрген қарттың екі құлынды биесі ғана бар. Көп күттіріп келген балаларынан бұрын Ерғабылдың күткені немересі еді. Машинадан түсе салған немересін шал зорға дегенде құшағына басады. Одан өзге «келе ғой» деп шақырған адамдарға жолай қоймайды. Сапабектің ұлы қазақша білмейді. Оған «қазақша үйретіңдер» деген әкесінің сөзіне «алдымен ана отырған шешесі қазақша білмейді, қайта бұған кінә жоқ» деп риза болады. Осы сөздің өзі де бір ұрпақ ауысып үлгермей тілін ұмыта бастаған қазақтардың кейпін аңғартады. Дастархан басында Сапабек өзінің жер шарын аралаған сапарын, геология ғылымының өлшеусіз пайдасы туралы лепіре сөйлейді. Ол әңгіме ауыл адамдарына қаншалықты қызық бола қойсын. Бір уақытта шыдай алмаған Ерғабыл: «Әй, доғар енді, анау өзіміздің Аспандиярға домбыра берші, ән салсын», – дейді. Қазақ көзін ашқаннан бері көрген тәрбиесі осы еді. Алыстан қонақ келгенде ет асып, дастархан басында ән сап, думанмен өткізетін. Ата мен әжесінің қолына немересін тастап кетпей, Томаның ырқына көнгендігі әке мен баланың арасын алшақтатқан еді. Ал ата мен немеренің арасындағы алшақтық әке мен баланың арасынан гөрі едәуір қашық. Бұл қазақы тәрбиенің тамырының жойылуының, сабақтастықтың жоқтығын әшкерелейді. Машина ұзап кеткенде, көзінің жасын көрсеткен кемпіріне «көзің ағарсын, жылама» деп айтқан сөзі бірге қартайған қосағына емес, баласына айтқан назындай, ренішіндей көрінеді. Тым қысқа уақыттың ішінде бұрынғы қазақ тіршілігінен біржола ада ұрпақтың өсіп шығуына кімді кінәлайсыз? Ерғабылдай бойынан күш тайған қарттарды ма? Әлде, Сапабектей қазақылықтан біржола күдерін үзіп, Томалардың ықпалында кеткен ұлдарды ма? Оны өзіңіз біліңіз.
Енді қаланы мекен еткен қазақтар қартайды. Олардың ішінде ұлтқа қызмет еткен ақыны, жазушысы, ғалымы бар. Олардың өміріне қала қалай әсер етті? Оның бір парасын Дидахмет Әшімханұлының «Босаға» деп аталатын үштаған хикаяттарынан көреміз. Ұштағанның өзегі бас кейіпкер Телжанның өмірі. Телжанның босағасы ауыл. Бірінші хикаятта алғаш білім алуы, өсу кезеңі айтылады. Телжан сол замандағы бүкіл қазақ балаларының жиынтық бейнесі. Екінші бөлімде Телжанның өскен кезі. Қалада тұрады. Өзі суретші. Бір күні трамвай жолы бар көшеде тұрғанында бір кейуананы көреді. Қарт кісі кетіп бара жатып құлап қалады. Жүгіріп барып орнынан тұрғызып, үйіне дейін шығарып салады. Өзінің суретші екенін айтып, қарт кісінің жалғыз өзі тұратынының себебін сұрайды. Бір ұлы инженер екен. Қызы ғылым кандидаты. Екінші ұлы алыста оқуда. Хат жазбағанына тоғыз ай болған. Сағынып жүрген ұлының суретін салып беруді өтінген кейуананың сөзін қайтара алмай, Телжан келесі күні келуге уәде береді. Келесі күні келгенде, диванда отырып, сүйеулі тұрған портретке қолы тиеді. Алып қараса, Таңатар ақын. «Әже мына Таңатар ақынды қайдан танисыз?» деп сұрағанда, кәрі кісі сол ақынның қырық жыл отасқан жары екенін айтады. Телжанның танитынына таң қалып: «Сен түгілі осында тұрып жатқан көршілер үлкен ақынның көршісі екенін білмейтін. Ол ештеңе емес. Өткен жылы ағаңның таңдамалы шығармаларын басамыз деген баспаға қызым бар қағазды жинап салып жіберген. Бір күні баспа директоры қоңырау шалады: «Тәте, бізге халық әндері емес, Тәкеңнің өзінің жазғандары керек», – деді. Масқара болғанда қызым сол қағаздардың арасына халық әндерінің жинағын да салып жіберіпті» дейді. Осы жағдайды ұлтты ділінен айырған қала өмірінің кесірі емес деп көріңіз. Былай қарағанда қала адамдарды нағыз интеллигенттікке жетелейтін орта көрінгенімен, ұлттың өткенге немқұрайлығын тудыратын жер. Оған мүмкін күнделікті жанбағыс үшін жанталасқан тіршілік те әсер ететін шығар.
Шәй дайын болғанша әжей Телжанға альбом көре тұруды ұсынады. Бірінші бетінде Таңатар ақын жарымен. Жас кездері. Мына алдында зыр жүгіріп жүрген қарт кісіге қарап осындай уылжыған жас болғанына сенгісі келмейді. Тұңғыштары. Келесі бір суретте Рашидпен. Рашид ақынның жары айтып жүрген, қазір Телжан суретін салмақшы Рәш. Мектепке барған кездері, оқу бітірген, өскен уақыттары. Бір кезде Алла Пугачева бастаған әлем жұлдыздарының суреті шығады. Бұл Таңатар ақын өмірде жоқ кезі екенін Телжан түсінді. Тек бір түсінбегені – альбомның соңғы бетіне дейін ақтарып қарап шықса да әкелерінің суреті жоқ. Сонда балалары тым болмаса, әкелерінің суретін де сағыныш белгісі ретінде сақтамапты. Тіпті, жалғыз портретінің өзі диванның артында шаң басып жатқан жоқ па?! Осының бәрі жаңа «өркениеттің» салқыны. Мақаламыздың басындағы бала Абайдың әкесіне бірінші амандасуы мен Рәштің әкесінің еске алынбауы аралығында қаншама қайшылықтар мен қасіреттер жатқанын бір сәт ой елегіңізден өткізіп көріңізші.
Ертесінде баласының суретін салып әкеліп береді. Келсе кейуана көңілсіз. Алыстағы ұлынан хат келіпті. Жақында келмейтінін, үйленгенін жазыпты. Инженер ұлының «немереңізге сіздің үйге ұлыма прописка жасатайық» деген сөзін айтады. Қызы да «дача керек» деп күнде келетін болыпты. «Прописка жасатайық» деген сөз бен «дача керектің» арасындағы үй үшін талас ашық болмаса да астыртын жүріп жатқанын кәрі кісі сезген шығар. Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұрған адамның хәлін емес, басындағы үйін күйттейтіндер жат емес, өз балалары. Үйге қарама-қарсы ғимарат жаңа салынып жатқан қарттар үйі екенін, бір танысының сол жерге кеткенін Телжанға сыр қылып айтқанында кәрі ананың жүрегіне батқан жағдайды әр оқырман жақсы сезеді. Айналып келгенде есігіне құлып салмайтын, жетімін жылатпайтын, жесірін қаңғыртпайтын қазақтың мінезін өркениет өзгертті. Біз енді баламызды әрқашан бірінші бол, мақсатыңа жету үшін ештеңеге қарама деп тәрбиелейтін болдық.
Үштағанның соңғы бөлімі – «Сары самауыр». Осы сары самауырдың қасиеті аз айтылған жоқ. Телжанның қызы әжесінің қолында өсті. Қалаға келгелі шәугімнен шәй іше алар емес. Анасы қаланың қызы. Оған ауыл мүлде жат. Енесі қайтыс болғанда Телжанның ауылына барады. Сонда сары самауырға шәй қойып жүріп, суы таусылып шөлмегі мен бүйірі еріп кетеді. Ауылдағы бір жеңгесі ашуланып «түк көрмеген» дегенде, «сенің өзің не көріп едің? Сиырдың төрт емшегінен басқа ештеме көрмедің» деп бетінен алады. Сонда қазақ шынымен содан басқа ештеңе көрмеді ме? Қала тәрбиесін көрген Телжанның әйелдері самауырды қалай қайнатуды ұмытып қалған жоқ па? Ол келін келін болуды ұмытты деген сөз. Дәстүр мен салттың мақұрым қалғанының айғағы.
Біз қалаға келу арқылы осындай ұлттық трагедияларға ұшырадық. Рас, қала өркениеттің белгісі. Бірақ біз жаңа өркениетті өзіміздің өркениетпен будандастыра алмадық. Сапабек ұлын Ерғабыл қарттың қолына тастап кетпегені сияқты ескіні жаңамен араластырмадық. Бұл шекара біздің әдебиетте осы шығармалар арқылы көрінді. Бірақ таза қала өмірі әдебиетте әлі жоқ. Мүмкін Мағауиннің бір әңгімесіндегі кішкентай кейіпкердей биік үйде Бөрібасар баққымыз келетін уақыт шығар.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
Ауылдан – қалаға көшу. Цивилизация!.. Урбанизация!.. Дамудың көрсеткіші дейміз ғой. Бәрі түп көтеріле көшіп жатыр. Неге? Қызмет пен үйдің мәселесі – «бара көрерміз», – деген үмітпен астасқан белгісіздік. Ендеше не үшін? Біреудің босағасында кіріптар болып, пәтер сағалау үшін бе? Жұмыс таппай сенделіп жүрген қанша қара қазақ жүр осында? Өзінен бұрынғылардың кебін көріп жүр ғой. Бәрібір, қалаға бір күш тартып тұрады қазақты. Қазіргі қазақты.
Қазақ қашаннан қалашыл болып алды осы?
Бұл мәселе қазақ әдебиетінде ең көп жазылған тақырып деуге болады. Арнайы қалаға түп көтеріле көшу басталғалы бергі жазылғандарын айтпағанда, одан бұрынғы шығармаларда да қала мен дала (ауыл) байланысы, екі тарап тұрғындары арасындағы қарама-қайшылық, психологиялық жаттық, ауыл адамының қалаға бейімделуі мәселелері жиі ұшырасып отырады.
Жалпы, қазақ пен қаланың ортасындағы соқпақтың даңғылға айналу үрдісі ұзақ уақытты қамтиды. Тарихқа барыспайық, әйтсе де қазақ пен қала арасындағы байланыстың нығаюын төрт кезеңге бөлуге болады:
Көшпенді дәуірдегі қазақ пен қала. Бұл кезеңге – арғы тарихтағы қазақтың бір күні жау қолында қалатын, екінші күні қол жиып барып, кері қайтарып алған тарихи қалаларды айтуға болады. Бұл кездегі қала – қазақ үшін елдіктің белгісі, жауға сес боларлық бекініс немесе келелі мәселелер талқыланар орда статусындағы символ іспеттес. Оған қосымша, сауда мен ғылым-білімнің орталығы. Бұл – аралық шалғай жатқан кезең еді. Қалада шаң қауып отыруды азап, саудагерді – сарт, оқығандарды – жер түбінен (Мысыр, Ыстамбұл, т.б.) дүниенің даналығын игеріп келген данышпан, ерекше таңдау түскен пайғамбар санайтын қарапайым халық қалаға баруды – базар аралау немесе жау шауып, олжаға бату деп білетін.
• Отырықшылыққа бейімделу қарсаңы (колхоз орнағанға дейін және одан соңғы). Бұл кезде қала мен қазақ арасы жақындай түскен. Бүкіл тіршілігі орыстың аузына қарап қалған қазақ үшін қалалық болу – орысша оқу. Орысша оқу – кәпір болу деген түсінік төңірегінде жағымсыз сипат алған. Заманға сай тіл білу, ұлық болу, т.с.с. жағымды жағы да жоқ емес.
• Қала туралы түсінік мүлде өзгерген кезең – Ұлы Отан соғысынан кейінгі ел аяққа нық тұрып, техника дамып, қарым-қатынас оңайлана түскен уақыт. Бұл кездегі қала – оқығандар мен тоқығандар тұратын мәдениеттің ордасы, өндіріс орталығы.
• Соңғысы – Тәуелсіздіктен соңғы күн-көріс қуалап, жаппай қалаға ауған кезең. Аз уақыт аралығында-ақ белгілі деңгейде нарықтық экономикаға бейімделіп үлгерген халық санасында қала дегеніңіз – ақша табуға, аштан өлмеуге болатын мекен санала бастаған. Бұл түсінік тіпті, Тәуелсіздіктен сәл бұрынырақ қалыптасқанын аңғаруға да болады.
Арғы замандардағы қаланың қазақ үшін қандай маңызы болғанын айттық. Тарихи романдардың қай-қайсысынан да бабалардың сүйегі жатқан киелі қала немесе ірі экономикалық орталықтарды сақтап қалу – елдіктің бір нышаны болғаны аян.
Одан бергі орыстың ықпалына мойынсұнған, Абай айтқан: «Пысық кім деп сұрасаң – Қалаға шапса дем алмай, Өтірік арыз көп берсе, Көргендерден ұялмай», – өлшеміндегі қолы жеткендер заң іздеп, дау қуалап баратын үлкен ұлықтың алды саналған кезең туралы «Абай жолында» жеткілікті жазылған. Шоқан, Ыбырай өмірін арқау еткен бірқатар шығармалар мен зерттеулерде қалалықтар туралы ел пікірі мен таным-түсінігі біршама берілгенін айта кету керек. Бұл жайтты, әсіресе, орысша оқуға деген көзқарасты Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясындағы:
« – Момыш жалғыз ұлын орысқа беріп, мұсылмандықтан кеткелі жүр ме деп күлмей ме еліңіз. Сол жағын ойласаңызшы, – деді.
– Жұрт сөзіне еріп қайтеміз, – деді әкем інісіне. – ...Орысша оқыдым деп діннен безе қоймас. Кәзіргі заман ағымы да осы оқуды қалайтын сияқты. Анау Садықты көрмеймісің, елдің сүйіктісі болып жүрген жоқ па. Орыспен де тіл табады, істің орайын біледі», – деген диалог арқылы беруге болады. Екі түрлі көзқарастағы екі адамның дауы біраз нәрсені аңғартса керек.
Осыған жалғас Қазан төңкерісі кезінде орын алған оқиғаларға құрылған шығармалар шеруінде білім-ғылым ғана емес, теңдік іздегендер, еркек кіндіктіден бөлек әйел қаһармандар қол жалғаған қала тұрмысы анық көрініс тапқан. Бұл кезде ел арасында қалаға деген қорқыныштан гөрі қызығушылық артқан. Қала – жаңа заманның бастау алар ошағы ретінде бағаланған. Әуезовтің «Оқыған азаматы» бастаған, Майлиннің, Сейфуллиннің, Ерубаев, т.б.-лардың бірқатар шығармаларында қала тұрмысына бейімделіп үлгерген қазақтар бейнесі ғана емес, олардың ел ішінде қалай қабылданғаны турасында біраз суреттер ұшыратасыз.
Игі жақсы жиналатын мәдени орда есебіндегі қала түсінігі кейінірек пайда болғанын айттық. Бұған бір мысал келтіре кеткен жөн. Таным-түсінік пен қазақ баласының қаланы қабылдауының бір көрінісі болсын:
«...Бұдан да биік үй салынып жатыр. Сірә, жер жетпейді-ау, әйтпесе кіріп-шығудың өзі қолайсыз, қараторғайдың ұясы сияқты қуысқа сонша құмартпас еді. ...сеңдей толған машина. Ілгерілі-кейінді зулай ағады. Әуелде быжынаған машина бір-біріне соғылар, көше ойран-топан болар деп тіксінген. ...Тоқсаба ауылда, қиян түзде, иен, жайдақ жол үстінде кездесетін екі машинаның өзара қақтығысып жататынын ойлап, мұндағы пәле, қазасыз тыныш тіршілікке таңырқаған. Машина шіркін – қала үшін жаралған-ау!.. Ал, адамдар... адамдар – илеудегі құмырсқадай. Ілгерілі-кейінді, ерсілі-қарсылы сабылып, құж-құж қайнайды. Ауылдағыдай маңғаз баспай, соңынан біреу желкелеп қуғандай емпең қаға шапқылайды». Мағауиннің «Көкбалақ» романынан келтірілген бұл үзіндідегі қала – соғыстан бергі кезеңдегі Алматы. Шал – өзіңіз көріп отырғандай, ауылдан келген қатқан қара қазақ. Тоқсаба шал ерігіп жүрген жоқ, нағыз мәдениеттің, өнердің ордасы деп, білетін күйлерін жазыдыруды мақсат етіп келген. Білетіндер солай нұсқаған. Осы қарттың Алматыда жүргенде:
« – Ата, өзіңіз екі-ақ күнде қаланың адамы болдыңыз да шықтыңыз. Креслода отырысыңыз ғажап.
– Орындықтан гөрі жайлырақ, – деді Тоқсаба. – Бірақ осының өзінен аяғым созылып, берекем кетіп жүр.
– Малдас құрып, төсек үстіне отырыңыз.
– Сөйткен жөн-ақ болар еді. Мәдениетке қайшы ма деп...» – дейтіні бар. Бір қарағанда, қазақтың сұңғыла түйсігі. Енді бір үңілсеңіз, қала өмірінің алдында қорғаншақ, жасқаншақ.
Бұл жасқаншақтық уақыт өте құмартушылыққа ұласады. Бердібек Соқпақбаев шығармаларында қаланы көруді армандайтын бала психологиясы көп ұшырасады. Сондай-ақ, қалалық мәдениетке бой үйретіп үлгерген жастардың, оның ішінде, қазақ қызының киім киісі, жүріс-тұрысы ауыл адамдарының көзімен:
«Қанышаның аяғында үстіңгі жағын таспамен үш-төрт шандып қойған кәдімгі босоножка. Жеңгемнен басқа мұнда сіз бірде-бір әйелдің, не еркектің аяғынан ондай киім таппайсыз. Біздің ауылдың қыз-келіншегі бұл тәрізді киімді бекер берсеңіз киер ме екен? Тарт әрі. Киім болмай, әдірам қалсын. О жағынан кірген шаң-топырақ бұ жағынан төгіліп, бұның киімге не сәндігі бар? Бұдан да жалаң аяғым артық емес пе дейді.
Ауылдағы кейбір ескілікті кісілер осы үшін – «тылтитып» қаладағыша киінетіні үшін жеңгемді әлі де сынап, мінейді. Жап-жақсы адамды киімнің қор етуі-ай дегендей сөздер айтады», – дейді. Қалалық жеңгесіне қызыға отырып, ауыл-үйдің пыш-пышынан ақтап шығады.
Тың игеру тақырыбын арқау еткен шығармалардың дені алыстан (қаладан, тіпті шет елден) келген, заманауи жастар мен ауыл адамдарының арасындағы қарым-қатынас арқылы қалалық мәдениеттің ел ішіне де сіңісе түскенін көрсетіп берді. Баяғыдай үрке қараудан гөрі, қызығу, үлгі алу жағына ойысқан қыр қазағының қала туралы ой-пікірінің жаңа дәуірі басталған болатын бұл кезде. Одан беріректегі дамуға бет алған, жаңа заман қазағы қалаға таңырқамайды. Қай кейіпкер болсын тез бейімделгіш, мәдениетке жетілген. Қаланы аңсау мен қалалық болу арманы кейін келе Мұқағали айтқан: «Кешіргін қала, кең жайлауымды сағындым!» – деген ауылға, туған жерге деген аңсарға ауысатын тұс та осы кез.
Десек те, бұл кезде қазақ санасындағы қала – нағыз мәдениет пен өнердің орталығына айналғанына дау жоқ. Шалғайда жатса да, арнайы сапарлап келіп, көріп қайтушылар жеткілікті болатын. Әйткенмен, қала бетін өмірі көрмеген қазақ образы ұшыраспай тұрмайды. Баққожа Мұқайдың «Өмірзаясындағы» тағдыр тәлкегімен қалаға келген шал бейнесі бұл тараптағы әңгімеге айқын мысал бола алады.
Бүгінге ойыссақ. Қазіргі қазақ қаламен қаншалықты таныс? «Барып көрмеппін», – деген жан ұшырата қоймассыз. Десе де, қала тіршілігі мен салтынан хабарсыз, хабары болса да саналы түрде ауылда тұруды қалайтын қазақ жоқ емес. Қала тұрмысына ынтығып тұратындар да жеткілікті. Тек, көлденең қиындықтар – қол байлау. Бүгінгі қала туралы ұғым-түсінікті көркем шығармадан іздеудің қажеті де жоқ. Дегенмен, жалпы нобайын барласақ, үйі жоқ, күйі жоқ, «қаңғып» жүрген ауыл адамының образы ұшыраспай тұрмайды. Бүгінгі шығармаларда қалаға бейімделу тақырыбы – ескірген тақырып деуге болады. Қала тіршілігі мен тұрғындарының образы көбіне екінші кезектегі, қосалқы міндет атқарушы деталь дәрежесінде.
Ауылдан кеше ғана кеткен, әлі де қол үзе қоймаған адам ретінде дала қазағының аузын бағып көрсек те, біраз көмейдің бүлкілін аңдауға болады.
«Бәленше қалаға көшіп кетіп еді, қазір жырғап отырған көрінеді», – дейді бірі. «Иә, қазір ауылдағы біз сияқтыларды менсінбейтін де шығар...» – дейді екіншісі. Екеуі де күрсініп айтады. «Өткенде барғанда көрдік қой, аттаған жеріңнің бәрі ақша, анадай жерде күн көру де оңай емес. Пысық екен онда». Бұл ортадан киліккен тағы біреудің ләмі. Немесе осыған кереғар: «Балам, байқап жүр құрысын, қаладағы Пәленшенің баласын мәшине қағып кетіпті, жолдан байқап өт». «Түгеншенің баласын тапа тал түсте жабылып ұрып, тонап кетіпті». «Ана кімнің қызы әбден бұзылып кеткен көрінеді, сол құсап жаман атыңды шығарып, бізді мұқым ауылға қарабет жасап жүрме». Болмаса: «Түгенбайға ілесем деп, сен де жатпа сотталып. Таяқ жесең жеп қал, құрысын, ешкімге тиіспей жайыңа жүр». «Оқуын тастап кеткен Пәленбай не болды? Не анда, не мұнда жоқ, екі ортада ербиіп құры жүр, сорлы. Тыныш жүре алмайды, қалада несі бар десеңші...». Бұл да күрсініспен аяқталатын, зар-заман сарындас түпсіз уайымдар мен түгесілмес ескертулер.
« – Балам, есіңде болсын, – деді шыншыл да, қамқор көңілмен. – Жалғанда қаланың қатынына жолама – қарасы жұғады, әсіресе, ішіп алып, жылағандарына... Апыр-ау, түбі не болар екенбіз?».
Оралхан Бөкейдің «Жетім бота» повесінен. Қарапайым қара шалдың (күзетші) дардай архитекторға жасаған ескертпесі. Қаланың қатыны... Бәрі түгел теріс кеткен деген сөз емес, бірақ бір оқиға, бір қарын майды шірітер бір құмалаққа бола «қаланың қатыны» жаман болған да шыққан. Ауылдағы гөй-гөйшілердің де көзқарасын осы мәселемен сабақтастырғанымыз жөн.
Бүгінде біздің ауыл төл перзентін қалаға оқу үшін жібереді. Түссе – түсті. Түспесе... Есектің артын жусаң да мал тап! Елдің баласы да өлмей жүр ғой, әне! Өзі де шығайын деп тұрған көз – бөгелмейді. Жолы болғаны оқиды, болмағаны... Елдің баласынан кем бе, екі қолына бір күрек алады да, «мал табады». Маңдайдан сипайтын ешкім жоқ. Иә, өмір қатал ғой. Қалалықтар тіпті. Өздерінен сәл ертерек «городской» болып үлгерген туыстары, ол, жақтырмайды. Қотыр атқа – соқыр ат үйір, өзіндей көп мұңлықтың бірімен селбесіп, «жекешеленеді». Ит тірлікке еті өліп-ақ кетеді. Осы уаққа дейін қалада жүрген ауылдастарыма (мен қатарластар) қарап отырып жасаған менің пайымыма сенсеңіз былай: Қалада оқып немесе жұмыс істеп жүрген жас жігіт (яки, бойжеткен) Жаңа жылды асыға күтеді. Себебі, осы кезде бүкіл қала ауылға қарай дүрк көтеріле көшетіні бар. Бір қалада жүрсе де көптен бері көріспеген тең құрбы түгелге жуық тоқайласатын шақ. Бұл – бір жағы. Негізгісі басқа. Оқуға түсіп, алғашқы курстың бірінші жартысын тәмамдап, елге барғанда Әжіден келгендей ерулікке шақырған туған-туыстың ыстық ықыласын қалай ұмытарсың?! Үй-ішіңнің елбелектеп, жаны қалмай, бір жыл бұрын сен істейтін жұмысты өзіңнен кейінгі ініге толық аударып беріп, саусағыңды қимылдатсаң, азар да безер болып, бар дәмін аузыңа тосып бағатыны ше? Мынадай көңілге мелдектей тойып отырған адамға ас батар ма, сен кейін ысыра берген майлы сүбені алдыңа жақындата түсіп: «Әбден бір ішек болып кетіпсің ғой. Қарашы, азып-тозып... Же, жеп ал, қалада қайбір шекең қызып, оңып жүрмін дейсің», – деп, бәйек болатыны қандай! Бүкіл әулетіңнің жаны аяулы жақсысы сенсің. Себебі... Себебін айттық. Қалада жүру оңай деймісің... Оның сыртында қалаға қолы жетпей жүрген ауылдас іні-қарындастарыңның әуестігі бар. Қызыға қарайтыны, әлдене сұрағысы, сөйлескісі келетіні... Майдай жақпай ма?! Мардымсып, мырзасынып сөйлеп жүріп, он бес күндік каникулдың (үш-төрт күндік демалыстың) қалай өте шыққанын байқамай қаласың. Кеткің келмейді. Сен оларға қызығасың. Олар саған. Сіз-біз дескен сыйластық дегеніңіз осындай-ақ болар. Қаладан баласы келгенде ауылда:
«Шешем байғұс қалбалақтап алдымнан шығады. Сау-тамтығымды қалдырмай сүйіп, көзінің жасын көл қылады. «Құлыным-ау, бізден неге бездің, – деп, жасқа толған жанарымен қарайды да, – түу, аппақ қудай болып жүдегенің-ай», – деп тағы да айналып-толғанады...
...Міне, осы күні біздің үйде шағын той болады. Диван үстінде қиратып келгендей, шәниіп мен жатамын. Бұл да «Жетім бота». Өзіңіздің ауылға барғанда басыңыздан кешкен оқиғаға ұқсайды ғой? Тағы бір үзінді:
« – Сенің арманың жоқ-ау, Тасжан, – деді сол әуелгі тесілген қалпы, үнінде мұң бар. – Бармаған жер, баспаған тауың қалмады...
...Келгелі бері Досымның қарапайым тірлігіне, осындай бейбіт те берекелі тұрмысы бар сүп-сүйкімді өміріне қызыққан көңілім адыра қалды, бақсам ол менің дәруіштігімді биік тұтады екен-ау...
– Біздің жүріс – бос сандалбай. Отан дегеніміз – отбасы, бақытты ғұмыр кешу дегеніміз – сол отты өшірмеу, – деп кесіп айтып едім, Досым ол пікіріме келіспеді», – деген үзінді бұдан әлдеқайда бұрынғы заманның адамдарының аузынан шықса да, әлі күнге мәнін жоғалта қоймаған.
Осыған ұқсас мысалды әр түрлі шығармалардан көптеп келтіруге болады. Бірақ біздің діттегеніміз қала деген ұғым төңірегінде болғандықтан, санаулы ғана мысалдарды қолға түскен (еске түскен) шығармалардан теріп қана шықтық.
...Ауылдан көшкен керуен – қалаға құйылып жатыр, құйылып жатыр. Қаланың дамуы дейміз бе, ауылдың адыра қалуы дейміз бе... Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, алдымен өз заманымыздың жоғын жоқтайтынымыз заңды да. Ендеше, бүгінгі қазақ ұғымындағы қала – оқығандардан гөрі, тоқығандардың мекені. Істің ыңғайын білсең – өлмейсің. Нарықтық экономика. Баяғы ғылым-білім, өнер, бәрі – жиылып келіп, қалтаға жүгінген. «Үй бер», – деп аузыңды өкіметке аша беру абыройлы іс емес. Сонда да үздік-создық көш толастар емес. Арқаның қысы жайлы болса... Иә, түсінеміз. «Нем бар еді?» – дейсіз ғой. Бәлен жерде алтын бар... Барып көріңіз. Мүмкін, шынында бар шығар. Ең болмаса, бақыр табылып қалар...
Қазақ әдебиеті
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ