КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Бүгінгі ұрпақты мемлекетшілдікке тәрбиелейтін, өз Отанын, атамекенін қастерлеуге жетелейтін құралдың бірі – қазақтың өткен тарихынан тамыр тартатын шығармалар. 
    Әрине, кітап пен газет оқудан ада бола бастаған бүгінгі ұрпақтың жадына қазақтың өткен тарихын, мәдениетін, жүріп өткен соқтықпалы соқпақты жолын, тар жол тайғақ кешуін кино арқылы сіңіруге болады. Сондай-ақ, «қазақта мемлекет болмады» дегендердің аузына құм құю үшін, тарихымызды безбендеп, кино арқылы жан бітіріп, өзге жұртқа да жарқыратып көрсете білу ләзім.
    Осы орайда Елбасының түріктердің Осман империясының ең бір дәуірлеген тұсын суреттейтін «Сүлеймен сұлтан» сияқты қазақ хандығының дәуірін қамтитын тарихи киноэпопея түсіру» жөніндегі бастамасы өте дер кезінде көтерілді деуге болады. Рас, қытайлар түсірген көп сериялы «Шыңғыс ханды» жұрт қызыға көрді. Ұлы қағанды халық өзге қырынан таныды. 
    Қатыгез заманға сай қажет жерінде қатыгездік танытқанымен, парасатты, көреген, дана қолбасшы, сұңғыла саясаткер, сайын далада тарыдай шашылған жұртты бір шаңырақтың астына жиып, қуатты мемлекет жасақтай білген ұйымдастырушы ретінде мойындады. Бәзбіреулер айтып жүргендей, әлемді күйретуші, қанішер емес екеніне көз жеткізді. Тағы да сол қытайлар түсірген, қазір елімізде жүріп жатқан «Құбылайханның» да өткен тарих үшін орны ерекше. Әр бөлімі жүздеген серияға жүк болған түріктің «Сүлеймен сұлтаны» да түріктердің жүріп-өткен жолынан дерек-дәйек беретін ғажап туынды. Ал бізде Осман империясының көкжиегін кеңейткен, өзге әлем санасатындай дәрежеге көтерген Сүлеймен сұлтан секілді сұңғыла хандарымыз болмады ма? Әрине – болды! Бірақ біз оларды дәріптей алмай отырмыз. Енді соның орайы келгенге ұқсайды. Мәселен, қазақ мемлекетінің қабырғасын қалаған Жәнібекханның ұлы Қасымханның өмірі нағыз киноэпопеяға лайық. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты. Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу,Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия,Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді. Қазақ хандығының нағыз дүрілдеген тұсы – осы. «Ел шетіне жау тиді» деген ұран тасталған кезде, Қасымхан бір аптада жеті жүз мың әскерді сапқа тұрғыза алды. Ханның мықтылығын, қазақтың құдіреттілігін осыдан байқауға болады. Ал оның ұлы қазақтың атақты хандарының бірі Хақназар да қазақтың шекарасын кеңейтті. Мемлекеттігін күшейтті. Жалпы, сонау Ақ Ордадан бастап қазақта 40-қа тарта хан өткен деседі. Солардың қай-қайсысы да елінің, алаш ұлының азат, бостан болуы үшін бір қолына найза, бір қолына билік тізгінін ұстап, сыртқы-ішкі жаулармен алысып өтті. Майдан даласында шәһит болғандары да бар. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының даласының еркін, елінің тәуелсіз болуы үшін, от қарумен жасақтанған патша әскерімен он жыл алысты емес пе? Десек те, алаш баласы үшін Абылайханның орны ерекше секілді. Мәселен, атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішев: «Қазақ халқы – басынан көп қиындықты кешірген халық. Ең қиын тұсы – Абылай ханның басқарған кезеңі. Бір жағынан орыс, бір жағынан жоңғар қазақтың жерін ойрандап, шекарасын тарылта берді. Осы кезеңде қиыннан жол таба білген – Абылай хан. Қытай мен Ресеймен тіл табысып, айласын асырып отырды. Сыртқы саясаттағы ең шебер жүргізе білген саясаты – Қытаймен саясаты. Шығыстағы көршінің тілін тауып, Батыстың айласының алдын ала білді. Қазақта талай хан өткен. Бірақ Абылайдай хан болмаған. Оның жүргізген сыртқы саясаты қазақты сақтап қалды. Абылай қазақтың бағына біткен хан екенін айтуымыз керек» дейді. Демек бүгінгі алаш жұрты отырған жерде, кеше бастыны идірген, тізеліні бүктірген, арғымақ мініп, алмас қылышын жауға суырған атақты көшпенділер мемлекеті болғандығын айғақтайтын кино түсіретін кез келді. Рас, бұған дейін қазақтың жаугершілік заманынан сыр тартатын бірен-саран («Жаушы», «Көшпенділер» т.б) фильмдер болды. Бірақ олар тұтас бір дәуірді суреттейтін киноэпопея емес. Сол кемшілікті түзейтін кез енді келгендей.

Еркін РАҚЫШЕВ, кинорежиссер:
    – Бұған дейін режиссерлер түрлі жанрда фильм түсірді. Тәжірибе жинақтады. Әрине, жүз серия деп ауызды қомпайтпай-ақ қоялық. «Шыңғысхан» секілді 20-30 серия жетеді. Соның өзінде талай нәрсені қамтуға болады. Бір өкінішті дүние, бізде жақсы сценаристер жоқтың қасы. Табылып жатса, олар мұрағаттарда көміліп, шаң сорып отырған тарихшылармен бірлесе отырып жазғаны дұрыс. Тарих шынайы болуы керек. Тіпті мықты сценаристер табылмаса, Шыңғысхан мен Құбылайды, Сүлеймен сұлтанды немесе анау кәрістің атақты тарихи киноларына сценарий жазғандарды шақыру керек. Өйткені тарихи кино мен кәдімгі кино түсірудің арасы жер мен көктей. Сол дәуірде тілге тиек етілген көне сөздерді молынан қолданған жөн. Тіпті екінші режиссер ретінде әлгінде аталған фильмдердің режиссерлерін шақырған дұрыс болар еді. Өйткені оларда тәжірибе мол. Өзіміз түсіріп көрдік қой. Қаншама қаржы құйылған «Көшпенділер» не болып шықты? Анау Ақанның «Мың баласы» ол енді жай аңызға құрылған дүние. Ал мынау бір мемлекеттің құрылуы, өсіп-өркендеуі, сол жолдағы түрлі тартыстар. Жан беріп-жан алысу кезеңі. Қатыгез заман. Демек өзіміз көрсек те, өзгеге көрсетсек, те, кінаратсыз шығуы керек. Сондықтан тарихи кино түсіріп жүрген мықты сценарийстер мен режиссерлерді сырттан шақырып, өзіміз араласып, қазақ хандығы дәуірі кезінен көп сериялы кино жасауға боады. Тағы бір айта кететін жайт, кинодағы басты қаһармандарды өзгелер емес, өзіміз сомдауға тиіспіз. Бұл да фильмнің шынайылығын арттыра түспек.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы-ғалым:
    – Қазақтың кез-келген ханының өмірін кино етіп түсіруге болады. Бірақ соның ішінде көңіліме жақыны – Абылайхан. Өте күрделі тағдыр. Бұл тұста қазақ елі жаман болған жоқ. Қолынан келгенше дүниенің төрт бұрышымен тең болуға тырысты. Қазақты алға сүйреді. Жасанып келген жаумен айқасты, алысты. Қажет жерінде дипломатиялық қатынасқа барды. Оның тұсында Қабанбай мен Бөгенбай бастаған қаншама жалаңтөс батырлар болды. Ел мен елді табыстырған билер болды. Ханға ойындағысын бүкпей айтатын жыраулар болды. Тіпті Абылайханың қырық екі қатыны бар еді. Оның өзі киноға үлкен жүк болмақ. Абылайханның Қасымхан бастаған балалары мен Кенесары бастаған немерелері де қазақ үшін үлкен іс тындырған сайыпқырандар. «Кино түсірем» деген адамға осының бәрі үлкен дерек-дәйек. Ойдан ештеңені құрастырудың қажеті жоқ. «Сүлеймен сұлтан» секілді кең тынысты, алымды, шалымды көп бөлімді тарихи фильм түсіруге болады.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика