THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Онлайн-дүкендердің бірінде сатылуға қойылған оқулық
Бұл күнде Қазақстанда сапасы сын көтермейтін оқулық мәселесі басты проблемаға айналғалы қашан. Кеше «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында осы оқулық жәйі тағы да сөз болды. Әсіресе, қазақ мектептерінде оқытылатын оқулықты бір ізге салатын уақыт әлдеқашан жетті. Мұның бәрі «Мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдардың сапасы мәселелері» атты тақырыпқа өзек болды.
Аслан Сәрінжіпов, Білім және ғылым министрі:
Қазірде оқулық жазу жүйесі қалыптасқанмен, оған қатысты кемшіліктер де аз емес. Бірінші қателік – оқулықтағы даталардың, еліміздегі маңызды тарихи оқиғалардың, тұлғалардың өмір сүру жылдарының қате жазылуы. Болашақта мектеп оқулықтарындағы барлық деректер сол оқулықтың негізінде берілетін болады. Екіншіден, кейбір оқулықтардағы оқу материалдары мен ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларының арасындағы сәйкессіздіктер байқалады. Үшінші кемшілік, оқулықтардың орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылуы. Төртіншіден, 2012 жылғы жаңа стандарттың қабылдауына байланысты оқулықтардың оқу бағдарламасына сәйкессіздігі анықталып отыр.
Жалпы қазақ тіліндегі оқулықтарда орын алған кемшіліктерді екі топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, теориялық материалдардың басымдығы. Оқулық мазмұнының оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталмауы. Екіншіден, ғылыми терминдердің берілуінде бірізділіктің болмауы.
Дегенмен, кемшіліктерді түзетуге бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты Қазақстан тарихы оқулығы әзірленуде. Қазіргі уақытта мектеп оқулықтарының сапасын жетілдіру мақсатында жаңа типті оқулықтар жасау талаптарының жобасы жасалып жатыр. Сонымен бірге Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы, Назарбаев зияткерлік мектебімен бірігіп, бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпы білім беру стандартының жобасы жасалды. Оқулықтарды басып шығарудың жаңа жүйесі құрылды. Сонымен бірге Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы оқулықтарды сараптамадан өткізетін болады.
Динар Нүкетаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің ректоры:
2011 жылы сараптамаға түскен оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың 68,7 пайызы білім беру ұйымдарына қайтадан ұсынылса, 2012 жылы 67,5 пайызы ұсынылған екен. 2012 жылы республикалық комиссиясының қарауына ұсынылған 1901 оқу әдебиетінің 79-ы сараптамадан өтпесе, 2013 жылы 1109 әдебиеттің 97-сі кері қайтарылған.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің құрамында ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары бар 51 сарапшыдан тұратын сараптамалық жұмыс тобы «Нұр Отан» партиясының өтінішімен қазақ тілінде шығарылатын оқулықтарды тексерді. Осылайша, 173 қазақ мектептерінде оқылатын оқулық сараптамадан өткізіліп отыр. Алты бағалау өлшемінен тұратын сараптама кезінде қолданыстағы оқулықтардың стандартқа сәйкестігі сүзгіден өткізілді. Бірқатар кемшіліктер анықталды. Мәселен, оқулықтардың нормативтік, тілдік нормаға сәйкессіздігі 40 пайыз. Оқушының қабілетінің ескерілмеуі – 30 пайыз. Кейбір оқулықтардың типтік оқу бағдарламасына сәйкессіздігі – 11,5 пайыз. (170 оқулықтан 20 оқулық сәйкес емес). Оқу бағдарламасының толық қамтылмауы – 13,2 пайыз. Жаңа инновациялық оқытуға байланысты оқушының логикалық, интелектуалдық және шығармашылық белсенділігін қамтамасыз етуге бағытталған материалдардың енгізілмеуі – 22,5. Ғылымның даму деңгейіне оқулықтың сәйкессіздігі – 8 пайыз.
Бекболат Тілеухан, қоғам қайраткері:
Оқулықтың ешқандай сын көтермейтіні былай тұрсын, тіпті оның үстінен түсіндіретін адам керек. Бұл жердегі басты кемшілік, оқулық жазудың жекелеген ЖШС-лардың қолына берілуінен болып отыр. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер оны ақша табудың көзіне айналдырған. Ал бұл ақша табудың жолы емес. Ұрпақтың ғылыми әлеуеті оқулықтың дұрыс жазылуына байланысты. Кез келген мемлекетте білімді ұрпақ тәрбиелеу – ең басты мәселе.
Ендеше, оқулық жазу түгелдей мемлекеттің жауапкершілігінде болуы тиіс. Мына дамыған елдерде, қытай мемлекетінде, жапон мемлекетінде солай. Себебі, қате мейлі аз ғана болсын, ол оқушының санасын мәңгілікке улауы ғажап емес. Бұл – салмағы ауыр жауапкершілік. Үкімет мұны мойнына алатын кезең жеті. Сондықтан да бұл жерде жүйеде қателік барын мойындауымыз керек. Қай жағынан алып қарағанда да, идеология жағынан да, жүйе жағынан да, нәтиже жағынан да оқулықтарымыздың сапасы сын көтермейді.
Оқулық жасаудың қазіргі жүйесі бізде былай қалыптасқан: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы оқу бағдарламасын бекітіп, министрлікке ұсынады. Министрлік тендермен баспаға береді. Баспа келеді де авторлық топтарды жасақтайды. Олар баспаға қайта ұсынады. Олар оқулықтарды басып шығады. Енді баспа оқу орталығына сараптамаға жібереді. Одан мектеп кітапханасына кетеді. Ол оқушыға барады. Одан қайтадан сараптамаға жіберіледі. Шым-шытырық… Бірін-бірі кінәлайды, бірақ нақты кінәліні ешкім таппайды. Біздіңше, оқулық жасау бір авторлық топтың еншісінде болуы керек. Бір елде біртұтас бір оқулық болуы керек. Бұл менің ғана ойым емес. Қоғамның пікірі солай. Бір оқулыққа барлық күшті салу керек.
Оқулық патриотизмді қалыптастырады, ол – тәрбие құралы. Дәл қазір бізге кейбір еуропалық стандартты тықпалаудың қажеті жоқ. Біз 23-ақ жыл мемлекет болған халықпыз. Сондықтан бізге таңдаудың қажеті жоқ. Өтпелі кезеңде, қалыптасу кезеңінде бізге біртұтастық ауадай қажет. 1,5 миллиард Қытайда бір ғана оқулық болғанда, 17 миллиондық бізге 6-7 түрлі оқулықтың қажеті қаншалықты?
АйнаLine порталы
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ