THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Екi iшектiң бiрiн қатты,
Бiрiн сәл-сәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра».
Қадыр
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК
Iлкi сәтте қылаң еткен ұшпа ойдың ұшығынан ұстай алмай қалғанымды қарашы. Iзiм-ғайым жоғалып, көкке сiңiп кеткендей, аспан жаққа алаңсыз көз тастадым. Жаңа жауып басылған ақ жауын Алматының ажарын аша түсiптi. Зеңгiр көктiң өзi кеңейiп кеткендей көрiндi. Тау жаққа қарай ығысып кеткен жұп-жұқа, жеп-жеңiл ақша бұлттардың асты-үстiнен дөңгеленiп әп-әдемi кемпiрқосақ пайда болыпты. Дәл осы көрiнiстi менiң көзiммен көрiп тұрғанымдай етiп ешкiм де суреттеп бере алмайды-ау... дәл осылай бейнелеп суретiн салу да қиын шығар. Аспанның бояуына бояу жетушi ме едi, тек көңiлдегi көркем кесте ғана болмаса, қалғанының бәрi жәй ғана ұқсастық болар.
Жо-жоқ, таптым! Оны суреттеп те, көңiлiңе кестелей өрнек етiп салып та беретiн бiр құдырет бар. Тiптi, көз алдыңа әкелгендей, өмiрдiң бар құбылысын, табиғаттың бар бейнесiн, жоқ пен бардың өзiн ажыратпай аялап тұра қалғандай боласың. Ол – муза... музыка, жоқ, ән. Ол да емес... Күй! Иә, күй. Көңiлдiң күйiн сол ғана дөп басады, өмiрдегi бар құбылыстың болмысын тек осы күй ғана бере алады. Ойыма Секен досымның айтқан бiр сөзi орала кеттi: «Оркестр деген – бояу, әртүрлi аспаптардың үнiн сәйкестендiрiп, ретiмен үндестiре, бiрiн-бiрi ашып, толықтырып шығып тұруы керек» деп едi. Басы мен аяғы қай жерде iлiнiп тұрғаны байқалмайтын мына кемпiрқосақ жетi түс емес, жетпiс мың түстен тұратындай едi. Әуен әлемiн де жетi нотаға сыйдыра салу қиын-ау... өйткенi көңiлдiң нотасы сымдағыға қарағанда әлдеқайда көп. Сымда iлiнiп тұрғысы келмейтiн ноталарды қайтерсiң. Не до емес, не ре емес,
Менiң де күнiм күн емес.
Бемольдар мен диездей,
Байқалмайтын бiр елес, –
деп, жас кезiмде бiр жазған өлеңiм бар едi. Көңiл пәсейiп, жүнжiңкiреп жүрген сәттердiң бiрiнде қағазға түскен болса керек, көңiлдiң кейбiр сәттерi есте қала бермейдi ғой.
80-жылдардың екiншi жартысында Секенмен жиi кездесiп жүрдiк. Сол уақыттарда оның «Ақ жауын» күйiн қайта-қайта тыңдай бергiм келушi едi. Көңiл көктемiндегi құбылыстарды дәл тапқандай, ойға да жетелейтiн, сезiмге де бөлейтiн күй кәдiмгiдей бiр сергiтiп тастайтын. Бiртоға жiгiт көп ашылып әңгiме айта бермеушi едi, жұмбақ сырлы, құпиялы мiнез одан сайын қызықтырып тұратын. Бала кезiмде әкем Әлшекей күйшiнiң «Тепеңкөгiн» тартқанда, көкемнiң өнерiне қалай қызықсам, Секенге де солай таңырқап қарап отыратынмын. Содан берi, мiне, ширек ғасырдан астам уақыт өтiп үлгерiптi. Секен Тұрысбектiң күйлерiн қазiр де қызыға, құмарта тыңдаудан жалыққан емеспiн. Бұл бiр рухани жақындастықтан ба екен, әлде күй құдiретi арбап ала ма, ол жағына мән бере ойланып көрмеппiн.
Таяуда Секен Алматыға келгенде, кездесудiң сәтi түстi. Екеумiз ұзақ әңгiмелестiк. Мен тiптi де әңгiмешiл адам емеспiн ғой, кәсiбiм тыңдауға ғана машықтандырып тастаған-ау, шамасы. Оның үстiне, қызыға сұрап отыратын жәйт көп, қайта-қайта сөз желiсiн бұзып, әңгiменiң рәпетiн қашырмайын деп сабыр сақтағаным да рас. Оны Секен де бiлiп отырды-ау деймiн, бүгiнгi өнер, өмiр туралы, жалпы өнерсүйер қауым жайында шешiле сөйледi.
Сайлаубек қалай Сәулебек атанды?
Елiмiздiң мәдени, рухани орталықтары болып табылатын Астана мен Алматы қалаларында ғана өнер көрсетiп жүре бермей, шет жақтарға, ел арасына барып қайтуды мақсат тұтып, биыл Секен Тұрысбек бастаған «Ақ жауын» мемлекеттiк камералық оркестрiнiң ұжымы Қостанай облысында гастрольдiк сапарда болды. Шынын айтқанда, бұл бiр үлкен олжаға айналған едi. Кезiнде түрлi саяси науқандарға байланысты, негiзiнен, басқа ұлт өкiлдерi қоныстанған қазағымыздың ең шұрайлы аймақтарының бiрi болып саналатын Қостанай жұрты бұларды бiр үлкен сағынышпен, қуана қарсы алды. Бұл қазақтың ұлттық өнерiне деген сағыныш, үлкен ықылас едi. Шеткерi аймақтың ауылдық жерлерiне ат арытып, арнайы келiп жатқан өнер иелерi аса көп болмаса керек, ел-жұрттың бұларға деген сүйiспеншiлiгiнен ол да байқалып тұрды. Халқының басым көпшiлiгi өзге ұлт өкiлдерiнен тұратын, жергiлiктi жұрттың өзi ана тiлiне Тәуелсiздiк жылдарынан кейiн ғана ден қоя бастаған аймаққа келерде аздап жүрексiнгендерiн жасыруға да болмас. Алайда, өзi әрбiр аймақта ел үшiн еңбек етiп жүрген ұлтжанды абзал азаматтардың болатыны да белгiлi ғой, олар тiлге де, дiлге де үлкен жанашырлық танытып, солардың жолында маңдай терiн төге еңбек етiп келедi. Ұлтымыздың осындай маңдайалды азаматтарының бiрi, өнер жанашыры, Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Есжанов бұл гастрольдiк сапарда оларға көп көмек көрсеттi.
Өзi, басында Секен екеуiнiң танысуы да қызық болды. Қостанай жаққа баратын болған соң, алдын-ала сөйлесiп, бiлiсу үшiн байланыс телефондарын iздей бастаған едi. Қазбек деген жiгiттiң: «Осы телефонға хабарласып, сөйлессеңiз болады» деп берген нөмiрi бойынша қоңырау шалып: «Мен осындай да осындай, Секен Тұрысбеков деген замандасыңыз боламын» дегенi сол, арғы жақтан әй-шәй жоқ, бiрден домбыраның дауысы естiле бастайды. Тыңдап байқаса, «Көңiл толқынын» тартып жатыр. Адамның көңiлi сынаптай сырғып тұрады емес пе, дүдәмал оймен қоңырау шалған Секеннiң көңiлi бiрден жоғары көтерiлiп сала бердi. «Шынында, дөп түскен екенмiн» дедi iштей. Барып, кездескеннен кейiн, жаңа бiр туыс тапқандай, тiптi, ажырағысы келмей қалды. Әлгiнде айтқанымдай, әр жерде де осындай өнер адамдарын бауыр тартып тұратын өнер жанашырлары бар. Секен айтқандай, «солардың бәрiн бiрдей бiле бермеймiз, кездесе алмай жүремiз. Бұл да бiр үлкен өкiнiш» екен.
Халқының 70-80 пайызы өзге ұлт өкiлдерiнен тұратын, орыстанып кеткен кейбiр аудандарда бұлардың концерт беруiне аса құлшыныс таныта қоймай, тiптi мәдениеттi түрде барынша кедергi көрсетуге ниеттенген жандар да болмай қалмады. Бiрақ, Сайлаубек бар күш-жiгерiн салып, Астанадан келiп, ат басын тiреп тұрған ұжымның концерттерiнiң өз деңгейiнде, табысты өтуiне бiрден-бiр себепшi болды. Ол осылайша өнер иелерiне ғана сәулесiн түсiрiп қоймай, сондағы жұртшылықтың көңiлiне де үлкен сәуле салды. Кейiннен Секен әзiлдей күлiп: «Бұрынғы дәстүрмен сайлау науқаны кезiнде дүниеге келген соң, сiздiң атыңызды Сайлаубек деп қойған болар. Ендiгi жерде, өзiңiз мәслихатқа депутат болып сайланған екенсiз, өзiңiз өнерге жаны ашитын бiр сәулелi азамат екенсiз, атыңыз бүгiннен бастап Сәулебек болса қайтедi?» дедi. «Болды. Бүгiннен бастап мен ендi Сәулебекпiн!» дейдi ол да пейiлдене күлiп. Ол бұл сөзiн, тiптi, одан ары қарай қойылған концерттерде, жүрген жерiнде: «Бүгiннен бастап мен Сәулебекпiн» деп, қайта-қайта айтып та жүрдi.
Әрине, бес-алты ғана адам емес, отызшақты адамнан тұратын ұжымды алып жүру, олардың қонақүйi бар, басқасы бар дегендей, тiптi оның концертiн ұйымдастырып отыру – мұның бәрi оңай шаруа емес. Дегенмен, осының бәрiне ауырлап қалмай, шын көңiлiмен құлшына кiрiсiп, Сайлаубек-Сәулебек сыр бiлдiрмей, аяғына дейiн үлкен абыроймен алып шықты. Секен бастаған «Ақ жауын» мемлекеттiк камералық оркестрi аудандарды аралап, халықпен етене араласып, он концерт берiп қайтты. Жаңа айтып өткендей, ондағы көрермендердiң ықыласынан да өзгеше бiр сағынышты аңғаруға болатын едi. Концерт қойылып бiткен уақытта, орындарынан тұрып кеткiсi келмей, тiптi көздерiне жас алып, сахнадан жiбергiлерi келмей жатты. Сәулебекте: «Алдағы қазан айында тағы бiр келсеңiздер, дұрыс болар едi. Жол шығынын – бәрiн өзiмiз көтерейiк, бiрақ ауыл-аймақтарға алып жүргенге ыңғайлы болатындай, тұтас оркестрмен емес, ансамбль көлемiнде келе алсаңыздар, жақсы болар едi» деп қалды.
«Ақ жауын» барып, бiр жасап қалды
Қостанайдан кейiн Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Бердiбек Мәшпекұлының «Елiңе оркестрiңмен келiп кетсең қайтедi?» деген шақыруы бойынша Семейде, Абай елiнде, қазiр Қасым Қайсеновтiң аты берiлген Ұланда, Аягөз, Мақаншыда, Өскеменнiң өзiнде болып, онда да он концерт қойды. Бұл гастрольдiк сапарлары да өте жақсы, табыспен өттi. Бiрақ, ырқы-жырқы болған жол сiлiкпелерiн шығарып, әбден шаршатқаны рас. Түгi қалмай тозығы жеткен, ойдым-ойдым ой-шұңқыры көп, ұзақ жол ығырын шығарды. «Бiздi шаршатпай алып жүрген елдiң ықыласы ғана едi, әйтпесе, тiптi, қажып кеткен болар ма едiк. Жол жоқ деуге болады, автобуспен жүргенде, жанымызға қатты батты», – дедi Секен жол азабын қинала есiне алып. Бiзде, көбiне, жергiлiктi жерлердiң ерекшелiктерi ескерiле бермейтiн сияқты. Мысалы, Павлодар мен Шығыс Қазақстан жерiн бiрдей деп айта алмайсыз ғой, бiрақ бюджеттен екеуiне бөлiнетiн қаржы көлемi бiрдей екен дегендi естiгенде, әлбетте, ойланып қаласыз. Бюджетке қарап отырған соң, әрине, жер жағдайы бөлектеу, көлемi үлкен аймақтардың мұндайда қиналып қалатыны түсiнiктi. Ештеңе айта алмайсыз. Аудан орталықтарына ғана емес, әр ауылға баратын жолды дыңдай етiп жасап қоюға елiмiздiң мүмкiндiгi бар ғой. Бұл 2050 жылға дейiн, әрине, жүзеге асып та қалатын шығар, мәселе соған дейiн қалай болар екен деген ойдың жауапсыз қаларында тұр...
– Жалпы, ел аралап өнер көрсетудiң өнер адамы үшiн өзiндiк берерi көп. Алған әсерлерiмiздiң өзi ұмытылмастай едi. Алдыңғы жылдары Созақ, Кентау, Түркiстан жақтарға барып қайтқанбыз. «Ақ жауын» келiп, концерт бередi» деп, күткен елдiң ризашылығында шек жоқ болды. Бiр қызығы, бiз қай айда барсақ та, мейлi, шiлдеде болсын, барған жерiмiзде жауын жауып, себелеп, елдiң көңiлiн тасытып отырды. Жұрт: «Ақ жауын» келiп едi, жерiмiзге ақ жауын жауып, бiр жасап қалдық» деп жатты. Әсiресе, Созақ жұрты қатты қуанды. Көптен берi тамшы тамбай, даладағы шөптiң бәрiн шаң басып кетiп, тiптi мал дұрыс жайыла алмай жүрген кез екен. «Сiздер ала келген ақ жауын шөптiң басын жуып, малымыз бiр қарық болып қалды» деп, мерейiмiздi өсiрiп тастады. Елдiң концерттен алған әсерi өз алдына, осындай, былайғы әсерiнiң өзi бөлектеу болды ма деп те қалдым. Әжелерiмiз «Ақ жауын – Алланың нұры» деп жатушы едi, биылғы жылы елiмiз жауыннан кенде қалған жоқ қой деп ойлаймын. Негiзгi көрермен алыстағы ауылдарда ғой, бiз гастрольдiк сапармен Алматы облысының да бiраз жерiн шарлап шықтық. Алдағы уақытта Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарына барып қайтсақ па деп ойластырып жүрмiз. Бұрын да бармай жүрген жер емес қой, дегенмен ол жақта ерекше бөлектеу орта бар. Әсiресе, Батыс жұрты күйге үлкен ынтамен ден қойып жатады. Ол жақтың көрермендерiнiң биiк таным-түсiнiгi, күйге деген көзқарасының ерекшелiгi бiлiнiп тұрады. Өте жоғары, талап-талғамы күштi. Мұндайды Семей жақтан да байқаған болатынмын. Қабылдайтын нәрсенi қабылдайды, қабылдамайтын нәрсе болса, көңiлiңе қарап жатпайды, тұрып кетедi. Осындай орталардың өзi үлкен құрмет көрсеткен соң, бiздiң де көңiлiмiздiң өсiп қалғаны рас, ерекше қуандық, – дейдi, Секен алған әсерi әлi де басыла қоймағанын жасырмай.
– Үкiмет тарапынан мына облысқа бару керек деген арнайы тапсырма берiлiп, қаржы бөлiне ме? Жол шығыны, iшiп-жем, жатар орын деген мәселелер қазiр қай мекемеде де қиындыққа айналып бара жатқан сияқты ғой, – дедiм, мен шынымен бiлгiм келiп. Бұл мәселенiң аржағында көп әңгiме жатыр ма, қайдам, Секен қысқа ғана қайырды:
– Белгiлi бiр облысқа бару керектiгi арнайы айтылатын да кездер болады. Бiрақ, жол шығынын, iшiп-жемiн әр адамға жеке-жеке есептеп жатпайды, жалпы мөлшерлеп қана қаржы аударылады. Негiзi, мұның бәрiн жеке-жеке есептеп, жетпегенiн қосып отыратын арнайы орын қажет қой. Ал, жетсе осы, жетпесе, көрерсiңдер деген нәрсе онсыз да нәзiк сала үшiн ауырлық етедi.
«Фольклор деп, артқа қарай кете беруге болмайды»
Секен одан әрi ашыла түссе екен деген оймен мен де өз ойымды бiлдiрiп, сөзбен түрткiлеп қойғандай боламын.
– Соның өзiнде, ел аралап, өнер көрсетiп, халықтың ыстық ықыласына бөленiп жүрсiздер, сiздердiң еңселерiңiздiң биiк болуы да осы елдiң ыстық ықыласының әсерi ме деймiн.
– Шүкiр, «қаз жегенiне емес, орғанына семiредi» деген ғой, бәрiмiздi осы елдiң ықыласы жiгерлендiрiп келедi. Концерттерiмiздiң табысты өтуiне бағдарламаларымыздың көп әсерi болды деп ойлаймын. Бiзде өзi, негiзiнен, қалыптасқан жағдай бойынша, концерттiк бағдарламада бұрыннан белгiлi, әбден сартап болған, тiзесi шыққан дүниелердi, ән-күйлердi орындап жатады емес пе. Осыдан 60-70 жыл бұрынғы шығармалардан жұрттың құлағы әбден жауыр болған десе де болады. Ал, бағдарламадағы тың дүниелердi, жаңа ән-күйдi тыңдамайды емес, тыңдайды. Тiптi, көрермендер концерт барысында ықыластарымен, қошеметтерiмен өздерiнiң көңiл-күйлерiн бiлдiрiп жатады.
Елге тыңдататын дүние болуы керек қой. Шынын айтқанда, қазiр жаңа репертуарлар жоқтың қасы, онымен тыңғылықты айналысып, жаңадан партиатуралар жазып жатқан ешкiм жоқ. Ал, бұрыннан белгiлi нәрсеге жұрт қызықпайды. Оларды жаңа дүниелермен араластыра отырып қана орындап шығуға болады. Бұл мәселенi Мәдениет министрлiгi дұрыстап қолға алмайынша, шешiле қоймайды. Қазiр оркестрлерге арнап күй түсiрiп жатқан, партиатуралар жазып жатқан ешкiм байқалмайды. Оған арнайы қаржы бөлiнiп, қолға алынып отырмаған соң, солай болады да. Ал, Мәдениет министрлiгi тарапынан арнайы қолға алынып, қаржы бөлiнiп, байқаулар жарияланып жатса, әңгiме басқа. Әйтпесе, мұндай қажеттi дүниеге ешкiм көзiн ауыртып, басын қатырып жатпайды, қолда бар баяғы ескi шығармаларды орындап, тып-тыныш жүре беруге мәжбүр болады. Бiз қайтiп өсемiз? Қазақтың мың күйi бар деймiз, ол мың емес, бес мың, жетi мыңға жуық деп айтып жатамыз. Бiрақ, тыңқылдағанның бәрi күй емес қой. Оның үстiне, жеке орындауларға арналған күй болады, ол оркестрлердiң ыңғайына келе қоймайды. Оны зорлықпен өңдеп келтiрiп, қинап жасауға тағы болмайды. Оркестр деген – бояу, әртүрлi аспаптардың үнiн сәйкестендiрiп, ретiмен үндестiре, бiрiн-бiрi ашып, толықтырып шығып тұруы керек. Негiзi, фольклор деп, жөндi-жөнсiз артқа қарай кете беруге де болмайды. Бүгiнгi тыңдармандарға қандай бояу, қандай ырғақ (темп) жақынырақ, осының бәрiн елеп-ескеру қажет.
Бiзде бетке ұстар екi оркестрiмiз бар, бiрi – Құрманғазы атындағы мемлекеттiк академиялық халық аспаптары оркестрi, екiншiсi – «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрi. Бұл екеуi екi бағыттағы үлкен өнер ұжымы. Осыларды қолдап, үкiмет тарапынан айрықша көңiл бөлiп, репертуарын, жалпы өнерiн дамытып отыруымыз қажет қой. Бiздiң «Ақ жауын» мемлекеттiк камералық оркестрiмiз де осындай ұжым. Мұның да өзiндiк бағыт-бағдары, өз жолы бар. Осы үшеуiн үш бағытта дұрыс қолға алып, жандандырып отырсақ, ел мерейiнiң үстем болуына қосқан үлесiмiз болар едi, – деп, Секен бiраз ойланып алды.
– Батысқа елiктеу әлi де күшейiп тұр. Экономикада да, басқада да өлшемнiң биiк шыңы Батыс деген ұғым орнығып қалған сияқты. Әсiресе, жастар арасында басқаша байлам жасаудың өзi мүмкiн еместей көрiнедi. Өнер саласына келгенде, тiптi, солардың стилiнде Батыстың өзiнен озып кете жаздаймыз, – дедiм, қарап тұрмай, тағы бiр ойдың шетiн шығарып.
– Елiктеу деген нәрсе қайталау дегенмен бiрдей. Олардың өз өнерiн бiздiң қайталауымыз ешкiмге қажет емес. Шет елдерде болып, байқап, көрiп жүрмiз, олар үшiн бiздiң ұлттық дүниелерiмiз маңызды. Өз менталитетiмiзге сай, ұлттық қадiр-қасиетiмiздi бiлдiретiн дүниелерге үлкен ықыласпен қарайды. Сондықтан, жастар арасында, барлық ел iшiнде өзiмiздiң ұлттық өнерiмiздi кеңiнен насихаттай беруiмiз қажет. Өнердi өнер ғана жеңедi. Батыстық музыкадан бiздi құтқаратын да өзiмiздiң ұлттық ән-күйлерiмiз.
Осы уақытқа дейiн мешiт салып келдiк қой, екi мыңнан үстiне шыққан шығар мешiт. Ендiгi жерде дәл осылайша Мәдениет үйлерiн көтеретiн болсақ, дұрыс болар едi. Әрбiр ауданның орталығында 500-700 орындық, тiптi мың орындық залдары бар Мәдениет үйлерiн салатын заман келген сияқты. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының жаңа әкiмi Серiк Зинабекұлы Зайнулдинмен кездескенiмде осындай ойларымды жеткiзiп едiм, ол осы мәселе өзiнiң де ойында жүргенiн айтып, биылдан бастап жаңа Мәдениет үйiн салуды қолға алатынын айтты. Iскер азамат, айтса, орындайтын жiгiт.
Бiз өзiмiздiң мәдениетiмiзбен, өнерiмiзбен, спортымызбен өзiмiздi өзге елдерге танытып жатамыз. Осылар арқылы бiздiң халқымызды таниды. Ешбiр елге бiздiң экономикамыз қажет емес. Шет елге шыққанда, өнер ұжымы қандай репертуармен бара жатыр, не көрсетедi, осының бәрiн саралап, қарап, дұрыс бағыт-бағдар берiп отыратын арнайы орын болуы қажет. Өйткенi, ол елдiң атынан, тұтас бiр халықтың атынан барады ғой. Бұған ерекше мән беру керек.
Тағы бiр мәселе көңiлдi шымшылап тұрады. Шетелдiк өнер иелерiне олардың өз елдерi аздап қана, там-тұмдап қаржы бөлiп жатса, бiздiң елге келсе, оларға барын аямай, шашылып-төгiлiп жатады. Тiптi, өз елiмiздегi опера сияқты салаға да барынша көңiл аударып, көп қаржы бөлiп отырады. Мұнысы дұрыс та шығар, бiрақ ұлттық оркестрлерiмiзге де осындай ұстамды көзқарас неге болмайды? Халқымызға ұлттық өнерден гөрi шетелдiк өнер көбiрек қажет болып тұрғаны ма? Айта берсе, әңгiме көп, олардың жалақысының өзi бiздiң ұлттық өнерiмiздi насихаттап жүрген әншi-күйшiлерiмiзден он есе артық. Бұл не сонда, өз-өзiмiздi қорлау ма? Қорлау дегеннен ойға түседi-ау, – деген Секен одан әрi ашына сөйледi. – Таяуда ғана жақсы бiр жаңалық – «Астана-опера» театры М.Төлебаевтың «Бiржан-Сара» операсымен ашылды. Осыған қарап отырсаңыз, операда бес рет Бiржанды сабатады. Сабай берсiн дегiм келiп отырған жоқ, бiз осы арқылы өзiмiздiң халқымызды көрсетемiз. Айналасындағы азғантай топтың кесiрiнен тағдыры тәлкек болған тағдырлы Бiржан, қасiреттi Бiржан өстiп жүрiп талай дүниелер тудырған. «Қасiреттiден ғана қасиеттi өнер туады» деп, мен үнемi айтып жүремiн. Бiздiң күйлердiң өзiн қараңыз, Құрманғазының күйлерi «Кiсен ашқан», «Түрмеден қашқан» деп аталады. Тағы да, мiне, осы жол. Жылдар өтер, ғасырлар келер, «Е, бiз сорлы халық екенбiз ғой» деген әңгiме түбi бiр айтылатын әңгiме ғой. Түйсiгi жоқ, түсiнiгi жоқ, саңырау, керең болған халық па едiк. Абайды да сабатып тастадық. Осы нәрсе өзi дұрыс па? Бiрте-бiрте осындайлардан алшақтауымыз қажет сияқты. Әрине, олардың шығармалары бұрынғыдан да биiк тау болып қалады, ал жеке өмiрiне келгенде ойланған жөн-ау. Кинода, театрдағы көрiнiстерде осылар қажет емес деп ойлаймын. Оларды сабата берiп қайтемiз, осы уақытқа дейiн солардың арқасында күйлерiн орындап, әндерiн айтып, нан тауып жеп келемiз. Олардың жазығы бiзге шығармаларын қалдырғаны ма?
Тәттiмбеттiң де өмiрi сол. Оның бiр ғана «Саржайлауы» неге тұрады. Әлемге әйгiлi скрипкашы Коган: «Әлемдiк шығармалардың бәрiн орындадым, бiрақ дәл мына Тәттiмбеттiң «Саржайлауындай» шығарманы мен кездестiрмедiм» деген екен. Бұл сөзiнiң жаны бар. Неге десеңiз, күйдiң тактiлерi бөлек, ырғақ (ритм) сындырылып отырылады. Таңқалатын дүние. Бiздегi сол дәстүрдi сақтау керек. Мен «Жазда», «Боздақ» күйлерiмде осыны сақтағым келдi. «Саржайлауда», қазақша айтқанда, құйрығын ұстатпайтын тактiлер, бұлғақты ритмдер бар. Кейде телеарналар осы күй орындалып жатқанда, қазақтың жайлауын көрсете бастайды. Бұл дұрыс емес, Тәттiмбет ауырып, Омбыға барып тексерiлгенде, көзәйнектiң үстiнен қараған дәрiгер үнсiз басын шайқағаннан кейiн, өзiнiң айықпас дертке ұшырағанын ұғады. Елге келген соң, өзiнiң өмiрiнiң соңғы сәттерi қалғаны ойлантпай қоя ма, сөйтiп осы «Саржайлауды» шығарған. Күйдiң бойында солқылдаған өксiк, артта қалып бара жатқан, орындалмаған арман – бәрi бар. Қай күйдi алсаңыз да, солай. Құрманғазының «Адайын» сонша келiп қуалай тартамыз, бұл да екi есе жай жылдамдықпен тартылатын күй деп бiлемiн. Өйткенi, мұнда да бастан-аяқ тұнып тұрған қайғы-қасiрет бар. Күйлердiң iшiндегi шоқтығы биiк күйдiң бiрi – Құрманғазының «Серперi». Формасы жағынан да, қай қырынан алсаңыз да үлкен ерекшелiк байқалып тұрады. Әрине, «Сарыарқасының» жөнi бөлек. Осы «Сарыарқа», «Алатау» күйлерiнiң аты кейiннен барып, бергi жылдары өзгергендей болып тұрады. Бiр ғана батыстың аумағында қалып қоймай, диапазоны кең болу үшiн өте дұрыс жасалған шешiм деп ойлаймын.
Тыңдататын дүние көп
Секен бұл әңгiменi маған ғана айтып тұрған жоқ, мен соны ұқтым. Iште көптен жатқан, өзi бұрыннан айтып жүрген мәселелер едi бұл. Дина атындағы, Тәттiмбет атындағы оркестрлердi айтпағанда, республика көлемiнде басқа да қаншама оркестрлерiмiз бар, жақсы аспаптарымыз, құрал-жабдықтарымыз, техникаларымыз бар, әдемi костюмдер де жоқ емес. Ендеше, шынында да, неге репертуарларымызбен де жаңадан қамтамасыз етiп отырмаймыз? «Жұрт көруге бармайды, тыңдауға барады ғой, негiзгi қажетi сол – тыңдататын дүниелерiмiз емес пе. Тыңдайтын дүниелерiмiз болмаса, одан асқан қасiрет бар ма?» дейдi күйшi-композитор шын жүрегiмен күйiп-пiсiп.
Бұл жағынан келгенде, Секеннiң айтуға толық құқы бар. Өз-өзiне келгелi, мiне, жиырма жылдан астам уақыт өтiп барады, содан берi ойында жүрген тыңдататын дүниелердi сараптап, өңдеп, бiртiндеп жарыққа шығарып келедi. Сонау IХ ғасырдағы Қорқыт бабамыздың «Қоңырынан» бастап, Ықыластың «Жезкиiгi», Құрманғазының «Қайран шешемi», Дина апамыздың «Әсем қоңыры», Бейсенбiнiң күйi «Кеңес» – бәрi де оркестрге сұранып тұрған дүниелер өзi. Айта берсе, көп, бұрын өңделмеген Әшiмтайдың «Қоңыр қазы», Байжiгiттiкi деп те, халық күйi деп те айтылып жүрген «Бұлғын сусар», Жантөренiң күйi «Шалқыма», Кенжебек Күмiсбековтiң «Сағынышы», Әбдiразақ Әубәкiровтiң «Тоғас» күйi, Нұрғисаның «Бауырлаштарымы», Ахметбектiң«Жылқышы» күйi, т.б. Өзiнiң де барлық күйлерiн, мүмкiндiгiнше, халық композиторларының, соның өзiнде оркестрге сұранып тұрған дүниелердi сараптап, соларды өңдеп, шығаруға ниет етiп келедi, бiртiндеп шығарып та жатыр. Осыларды мүмкiндiктерiне қарай елге ұсынып та келедi. Ендi осылардың CD дискiсiн, фильмдерiнiң DVD дискiсiн шығаруды да ойға алып жүр. Бәрiнен бұрын, өздерi жасаған партиатураларын облыстардағы оркестрлерге таратып, байқау ұйымдастыруға бел буып отыр. Өзiнiң күйлерi мен басқа да күйлердi араластыра отырып қазылар сарабына салынатын, екi жылда бiр өткiзiлетiн конкурсты алдағы мамыр айында Семейде өткiзбек ойы бар. «Ақ жауын» оркестрiмiздiң аты ғой, бұл байқаудың атын, бәлкiм, «Көңiл толқыны» деп қоюға да болатын шығар деген ойдамын. Қазiр жарнамасыз тағы да болмайды ғой, әйтеуiр, елге «Көңiл толқынының» аты жақсы таныс болған соң, осы дұрыс шығар», – дейдi өзi.
Алтын октава
–Менiң Жәнiбек деген курстас досым сiз жайында «Күйшi» деген фильм түсiрдi. Оның алдында түсiрiлген «Секен-жүрек» деген фильмдi де көрген болатынмын. Екеуiнiң қайсысы көңiлiңiзден шықты? – деймiн, не дер екен деген оймен. Әдейi сұрап отырғанымды сездi ме, Секен бiр күлiмсiреп алды да: «Бұлар бiр-бiрiн қайталамайтын фильмдер ғой, екеуiнiң мақсаты екi басқа, – дедi. – Мен олардың маңызына, пайдасына мән бергендi дұрыс көрдiм. «Қазақфильм» қолға алған «Күйшi» деген деректi фильмге түсуге бiр жылдан астам уақытым кеттi. Қарап отырсаңыз, бұл да қажет дүние екен. Уақытты аяуға болмады. Осыдан жиырма жылдан астам бұрын белгiлi кинорежиссер Аяған Шәжiмбаев екеумiздiң емiн-еркiн әңгiмелесiп, өнер жайында сөз қозғап, сырласып отырғанымызда түсiрiлген кадрлар бар едi, соны осы фильмде пайдаландық. Ештеңеге айырбастауға болмайтын, ешқашан сатып ала алмайтын дүние едi бұл көрiнiстер. «Күйшi» деректi фильмiн түсiрген танымал кинорежиссер Жәнiбек (Жанабек) Жетiруов екеумiз ақылдасып, марқұм Аяған екеумiздiң осы сұхбатымызды орынды пайдалана алдық деп ойлаймын.
Мұның алдында режиссер Ұлжан Қолдауова «Секен-жүрек» фильмiн түсiрген болатын. Бұл деректi фильм дегеннен гөрi, музыкалық деректi фильмге жақындау болып шықты. Жоба бойынша фильм кейiпкерiн жақсы бiлетiн кiсiлер кейiпкер туралы ойларын айтуы керек болып, оның көп бөлiгi осыған арналған едi. Әсiресе, мектеп қабырғасындағы кезеңдерге көбiрек көңiл бөлiнген. Бұл фильм, шынын айтсақ, сынға да түстi. «Елге белгiлi тұлға емессiң бе, жаңа танымал болып келе жатқандай шыққаны несi?» деген тұрғыда ойлар айтылды. Дегенмен, фильм сәттi шыққан болатын, Астанада тұсаукесерi болып, табысты өттi. Менiңше, онда тұрған ештеңе жоқ, бәрiмiз де мектеп қабырғасынан шықтық, көбiрек көңiл бөлiнгенi орынды да сияқты. Таныстыру деңгейiнде шыққан болса, ол да қажет. Артымызда қаншама жастар өсiп келе жатыр, жан-жағына ендi ғана көз сала бастаған жасөспiрiмдер көрiп-бiлiп, тани жүрсiн. Менiң өзiм үшiн бұл фильмдердiң үлкен пайдасы тиiп жүр, көрген сайын өзiмнiң кемшiлiктерiмдi байқағандай боламын. Адам бұдан да сабақ алады екен».
«Ақ жауын» мемлекеттiк камералық оркестрiнiң көркемдiк жетекшiсi әрi бас дирижерi, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әртiсi, күйшi-композитор Секен Тұрысбек Алматыда аз ғана болды да, Астанаға аттанып кеттi. Онда жаңа маусымның қызықты күндерi күтiп тұр едi. Секеннiң өзi айтқандай, «қызығынан бұрын шыжығы көп, қарбалас күндерi» қайта басталады. Ал, маған Алматының ақ жауыны Астанаға ауып кеткендей болып жүр... ноталарға да бағына бермейтiн көңiлдегi алтын октава едi. Ол жауын ғана емес, сезiмнiң тамшылары болса керек... оны қалыпқа қалай сыйдырарсыз?
Кейiнгi кезде аспаннан кемпiрқосақ көре алмай жүрмiн, тек субұрқақтарда ойнап тұратын құбылмалы кемпiрқосақтар ғана көбейiп барады.
ПІКІР АЛМАСУ
01/06/2017 16:43
Орыс тілді мектептерде тіл дамыту жұмыстарының әдістемелік ерекшеліктері
|
ТЕКСТ