КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Немесе «Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының» көксегені не?

    Еліміздің мектептерінде ағылшын тілін қай сыныптан бастап оқыту керек деген мәселе ғалымдар мен сарапшылар, ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан көп талқыға түсіп келе жатқанына біршама уақыт өтті. Олардың арасында «бірінші сыныптан бастап оқытайық» дегендер де, «асықпайық, бала алдымен өзінің ана тілін меңгеріп алсын» дейтіндер де аз болған жоқ.
    Қоғамда, БАҚ беттерінде қызу талқыға түскен мәселеге жуық арада нүкте қойылғалы тұр. Ол нүкте қойылса, бұдан былай еліміздің жалпы білім беретін орта мектептерінде ағылшын тілі бірінші сыныптан бастап оқытыла бастамақ. Өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қоғам назарына ұсынылған «Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының» басты жаңалығы осындай. Жобаны әзірлеген – «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы. Жақында аталған жобаны талқылауға арналған жиын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаеваның қолдауымен өтті.
    ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова: «Орта білімді жаңарту бағдарламасына сәйкес, бұл стандарт 2015-2016 жылғы оқу жылында, яғни келесі жылы ендірілетін болады. Сондықтан уақыт аз қалды. Бізге бұл жобаның барлық оң және теріс жақтарын қарап шығу керек болады» десе, жобаны қорғаушылардың бірі Білім және ғылым вице-министрі Е.Иманғалиев 2003 жылдан бері жүргізілген тәжірибе-сынақтың нәтижесі «ағылшын тілін ерте жастан үйрету орынды» деген байлам жасауға мүмкіндік беретінін айтты. Алайда вице-министрдің бұл уәжіне жиынға келген ғалымдар мен сарапшылар қарсы ой білдірді. Мәселен, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Әмина Әмірова ана тілінде сауатты сөйлеуге және сауатты жазуға машықтанбаған баланың екінші, тіпті үшінші тілді қатар үйренуі оның психологиялық тұрғыдан дамуына және ой-өрісінің өсуіне кедергі келтіретінін айта келіп: «Бірінші сыныпта мемлекеттік тілге басымдық берген дұрыс деп ойлаймыз!» деп халықтың көкейінде жүрген ойды дөп басты. Пікірталас барысында сарапшылар өз көзқарастарын айқын білдірді. Көпшіліктің ойы мектеп табалдырығын енді аттаған оқушыға ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту – бала психологиясына теріс әсер етеді дегенге тоқайласты.
    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исімбаева аталған білім стандартының енгізілуі мемлекеттік тілдің дамуына оң ықпал етпейтінін жеткізді. Депутаттың айтуынша, жаңа білім стандарты енгізілсе, оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеруі тек 50 пайыз ғана болмақ. «Сонда қазақстандық оқушылардың 2020 жылға қарай тек 50 пайызының ғана қазақ тілін үйренуіне қол жеткіземіз бе?» деп орынды сауал тастады.
    Біздің айтпағымыз, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көзделген міндет бойынша, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Ал қазақ тіліне басымдық бермейтін мұндай білім стандартымен бұл межеге қалай жетеміз? Оның үстіне Білім және ғылым министрлігінің қазақ тілі пәніне деген ұстанымы да айқын болмай отыр, олар біресе сағат санын қысқартады, біресе қайтадан орнына келтіреді. Ал орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің оқытылу сапасы да көңіл көншітерліктей емес. Иә, әзірше жоба ретінде талқыланып жатқан жаңа білім стандарты қабылданып кетсе, еліміздің мектептеріндегі мемлекеттік тілдің жағдайы қалай болар екен деген көкейде үлкен сауал қалып тұр.

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика