КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенін көріп тұрамыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі, ойлап қараса, біздің қазаққа мағлұмсыз емес. Бұл заманда не нәрсе машина ға айналады. Қазақ биыл 5 теңгеге сатқан нәрсесін келер жылы өзі 10 теңгеге қайта сатып алады. 10 – 11 сомға алып отырған былғары – былтырғы 4 – 5 сомға өзі сатқан терісі. Кезі 5 – 6 сомдық шұғалар, торқалар – қазақтың бір пұтына 3 – 4 сом алып сатқан малының жүні.
    Қазақтың осы күні сатып алмайтын нәрсесі жоқ, сол алған нәрселерінің бірін де қазақ өзі істеген емес. Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа – сайман, арба-шана, киім – кешек,ыдыс – аяқ – бәрі де завод, фабрикаларда істеліп шыққан. Бұл істеліп шыққан нәрсаелердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат. Бұлай болғанда, қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр. Мұнан 20 – 25 жыл бұрын қазақ Бұхар, Ташкентке түйемен кіре салып, қанша пайда қылушы еді! Темір жол түскен соң, ол пайда да қазақ қолынан кетті. Басқа жұрттарда өздерінің істеген нәрселері өз ішіне сатылып, жұмсалған ақша өз елдерінде қалып, шетке кетпейтін болса, оны жұртқа шығын есептемейді, тек бірінен – біріне ауысқанға санайды. Қазақ малының басқаларға кетпейтін орны жоқ. Жоғарыда айтылған шаруа туралы болсын, партияға мұбталла болсын, бәрінде де қазақ осы көлденең көк аттыларға түсіп, соларға жем болады. Қазақтың шаруасына бір жақтан надандығынан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдіктен, теңдіктен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат етіп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер – білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік. Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі де ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген ғылым.
    Дүнияның бір шеті мен бір шетінен шапшаң хабар алғызып тұрған ғылым, отарба, от кемелерді жүргізген ғылым. Осыларды істеп отырған жұрттың бәрі де сондай болмаған. Бұлар да басында біздей, құты, бізден де өнерсіз болған. Халық жүре, оқи, талаптана келе осыншаға жеткен. Әуелгі замандарда жұрт шаһар дегенді білмейді екен, далада аңша өсіп- өніп жүріпті, араларында «менікі-сенікі» болмапты, аңның терісін киім, етін тамақ, тарамысын жіп, сүйегін ине қылды, екі ағашты біріне – бірін үйкеп от шығарды. Жазу – сызуды көпке шейін білмеді, соңынан оны да ойлап тауып, басында аңның терісіне жазып жүріпті. Сөйткен жұрттар осы күні қандай тамаша іс қылып тұр. Енді біздің қазақта оқудың көп-азын мөлшерлеу үшін мынау есепті көрсетеміз: әр жердегі қазақтың өнер-білімі қарайлас, сол себепті бір облыс, яки бір уезд елдегі оқудың таралуын көрсетсек, күллі қазақтағы оқуды шамалауға болады. Торғай облысында 1912-ші жыл, бірінші ғинуарға шейін 570 мың 109 қазақ тұрған, қазаұ баласы оқитын 132 школ болған. Бұлай болғанда, әрбір 3 мың 561 кісіге бір школдан ғана келеді екен. Қостанай уезінде 1909 – шы жылғы есеп бойынша 60 мың 594 еркек, 52 мың 63 әйел – барлығы 112 мың 657 қазақ болған. Бұлардан қазақша оқыған (хат танитын) 690. Қазақша хат танитын әйел 379, орысша хат танитын 29. Бұл есеппен көрінеді: Қостанай уезінде қазақша хат танитын еркек әрбір жүз кісіден алтау, орысша хат танитын әрбір мың кісіден алтау. Қазақша хат танитын әйел әрбір үш жүз кісіден біреу, орысша хат танитын әрбір төрт мың кісіден біреу екен. Бұл цифрлар қазақта оқудың тіпті аздығын көрсетеді. Қостанай қазағынан кейбір жердің қазақтары кем де оқиды. Қазақта орысша болсын, қазақша болсын, оқу ісі жақсы тәртіпке қойылмаған. Қостанай уезіндегі 132 школдың 109 – ы ауылнай школ. Қай жерде болса да, қазақ үшін ашылған школдардың көбі ауылнай школ. Сонда оқыған балалар ілгері школдарға келіп оқымаса, тіршілікке пайдалы білім алып шыға алмайды. Азғантай үйренген орысша жазу – сызуынан қарайып, тілін тіпті ұмытып қалады. Қазақ баласы тәуірірек оқырлық школдарда қазыналық орын аз, өз күшімен оқытуға әркімнің шамасы келе бермейді. Екі класты школдар әр уезде бір-екеуден, оларға 30-дан артық қазақ баласын алмайды. Орта һәм жоғарғы школдарда қазыналық орын бұл кезде жоқтың қасында. Әр облыстың қазақтары үшін университет, институттерден 2-3-тен артық орын жоқ. Бұрынғы ашылған орындар әр түрлі сылтаумен кеміген. Сөйтіп, тәуірірек оқитын орындардың қазақ үшін есігі ьбекіп, жол жабылған. Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсізх көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді, тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жылы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық ақы жоқ, қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті етерлік жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғаллимн жоқ. Орысша һәм қазақша оқудың екеуінен де керегінше пайдалану үшін қазақ әуелі әр нәрсенің асылына түсініп іс істерге керек. Хүкімет қазаққа қазақша мектеп салып бермейді, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді. Сондықтан мектептерімізді тәртіпке қою, қазақша оқуды халыққа тарату өз міндетіміз. Жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын, орта һәм жоғарғы школдардан көбірек оқысын десек, қазақтан қазынаға деп жиылған ақшалардың нендей орынға, оның ішінде оқу жолына қанша жұмсалатынын, хүкіметтің осы күні қазақты оқытуға жұмсап отырғаны бізден жиылып, тұрған ақшадан артық па, кем бе – соны білу керек. Егер кем болса, кінәні хүкіметкеаудармай, кемін толтыру керек, ақшаны артық төлеп, пайдасын кем көретін болсақ, лайықты жолымен есептесіп, школдарды көбейттіріп һәм жоғарға школлдардан молырақ орын аштыру тиіс. Қазақ халқында бұл күндегі орысша һәм қазақша оқу жайы осы. Мұнан былай оқу һәм оқыту мәселесі «қазақта» түгел жазылып тұрмақшы.

1913ж.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



23/06/2017 17:20

Қазақ өкпесі
0 55018 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика