THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Елден ерек тұлға. Қ.Жұбанов мұраларының тағылымы мол
Авторы: Ш.Нұрсұлтанқызы
26/06/2017 12:05 0 57573 0
Кез келген ғылым саласының бастауында ғасырлар бойы маңыздылығын жоймайтын, уақыт өткен сайын, іздене үңілген сайын келер ұрпақ тың ой, терең пайымдау, жаңа білім табатын ғұмырлық еңбектер болатындығы белгілі. Мұндай еңбектердің қатарына ХХ ғасыр басында-ақ қазақ тіл білімінің негізін қалауға айрықша үлес қосқан аса көрнекті тілші-ғалым, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың зерттеулері жатқызылады.
Қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры Қ.Жұбанов 1937 жылдың қараша айында нақақтан-нақақ, «халық жауы» ретінде тұтқындалып, содан жыл өте, 38-ге енді шыққан кезінде ату жазасына кесілген болатын. Аз ғұмыр, қысқа уақыт ішінде қазақ филологиясына мол үлес қосып, қомақты мұра қалдырған талантты ғалымның еңбектері 1937 жылдан кейін жарық көрмей, 20 жыл бойы жұртшылық назарынан сырт қалып келген еді. Тек 1957 жылы Құдайберген Жұбановтың азаматтық құқығы қалпына келтіріліп, ғалымның қазақ тілі жөніндегі зерттеулерін оқырман қауымына ұсынуға мүмкіндік туды. Профессор Қ.Жұбановтың өмірі мен шығармашылығын тұңғыш зерттеген жұбановтанушы, академик Рәбиға Сыздықтың сөзімен айтсақ: «… өзінің табиғат берген бітімімен, Алла Тағала сыйлаған ақылды-парасаттылығымен, үлкен таланттылығымен, ата-анасы мен тәрбиесінен келген қабілеттілігімен, алған білім-танымымен елден ерек тұрған біртуар (феномен) тұлға» өзінің аз жасаған ғұмырында ғылым үшін баға жетпес классикалық зерттеулерін мирас етіп қалдырды.
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Халық ағарту комиссариаты коллегиясының, Ұлттық мәдениет институтының ғалымдар кеңесінің мүшесі, КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалы үлкен ғылыми кеңесі мен Президиумының мүшесі, Әдістеме, бағдарламалар мен оқулықтар секторының меңгерушісі, Халық комитетінің оқыту-әдістемелік кеңесінің КазФАН-ның тіл және әдебиет секторының жетекшісі, Республиканың Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының А.Байтұрсынұлынан кейінгі төрағасы, Бүкілодақтық жаңа әліпби орталық комитетінің мүшесі, Кеңестің бүкілодақтық XVI съезінің делегаты, КазЦИК мүшесі Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың осыншама ғылыми, мәдени-әлеуметтік маңызы зор міндеттер мен жауапты қызметті атқара жүріп, мұншама терең, іргелі зерттеулерді қатар жүргізіп отырғанына қайран қаласың, мақтан тұтасың, үлгі етесің.
Неміс, араб, парсы, моңғол, чуваш, коми, грузин, түркі тілдерін меңгерген полиглот, түркі тілдерінің тарихы бойынша өз зерттеулерінде руна жазулы, ескіұйғыр жазулы, араб жазулы ескерткіштерді, моңғол, тұңғыс-манжұр, қытай, жапон тілдері материалдарын, араб, парсы мәліметтерін, Еуропа тілдерінде жазылған әдебиеттерді молынан пайдаланған еуропалық деңгейдегі лингвист, профессор Қ.Жұбанов терең білімі мен зердесін, қажыр-қайратын, еңбегін қазақ тілінің сол кезеңдерде шешімін таппай тұрған жазу (әліпби және орфография), терминология, әдістеме, тілі білімінің фонетика, лексикология, грамматика (морфология және синтаксис) салаларының көкейтесті мәселелеріне арнады.
Қ.Жұбанов ғылым тезіне түсіп таразыланған тұңғыш грамматика оқулығы мен қазақ тілінің мемлекеттік бағдарламасын жасады, қазақ тілтанымы саласында академиялық сипаттағы алғашқы монографиялық зерттеудің авторы болды. Сондай-ақ ғалымның 1930 жылдардан басталған Қазақстандағы терминологиялық жұмыстарды ұйымдастырушы, қазақ терминологиясының Кеңес дәуіріндегі дамуының бағытын белгілеуші екендігін атап айтуымыз керек. Сонымен қатар ғалымның әдебиеттану, мәдениет пен өнер туралы жазған құнды зерттеулері мен пікірлері бір төбе.
Бірнеше ғылыми монографиялық еңбектердің, оқулықтар мен оқу құралдардың, мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалардың авторы, жаңа латын әліпбиінің негізгі авторларының бірі, кең ауқымды түркітанушы ғалым ретінде Қ.Жұбанов болашақ ұрпаққа зор ғылыми мұра қалдырды. Осы мол мұра ғалым есімі ақталғаннан кейін алғаш 1966 жылы 2400 данамен, екінші рет 1999 жылы туғанына 100 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдар кеңесінің ұйғарымымен қайта жаңғыртылып, толықтырылып, «Ғылым» баспасынан 600 данамен жарыққа шыққан болатын. Алайда бүгінде аталмыш туындылар кітапханалардың өзінде сирек ұшырасады. Өйткені мұндай еңбектердің әр басылымын қажетсініп, көздің қарашығындай сақтайтын өз оқырмандары бар. Сондықтан да Қ.Жұбановтың еңбектерін мүмкіндігінше толықтырып, дүркін-дүркін жұртшылыққа ұсынып отыруды дәстүрге айналдыру игілікті шаралардың бірі болмақ.
Осы мақсатпен «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деп аталатын еңбек ғалымдар, студенттер мен көпшілік қауым назарына 1999 жылғы жарық көрген кітап негізге алынып, ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың туғанына 110 жыл толуына арналып қайта ұсынылып отыр. Ғалымның зерттеу нысанына іліккен салалардың әралуандығы ескеріле отырып, кітапқа енгізілген еңбектерді орналастыруда хронологиялық тәртіп ұсталынбай, тақырыптық ұстаным басшылыққа алынып, материалдар тақырыбына қарай алты бөлімге бөлініп берілді, олардың алдыңғы төртеуі – қазақ тілінің фонетикасы, грамматикасы; әдебиет, мәдениет және өнер; әліпби, емле, терминология; оқу бағдарламалары мен әдістеме мәселелеріне арналған қазақ тіліндегі жарияланымдар да, ал соңғы екеуі – орыс тілінде жазылған еңбектер.
Шығарма мәтінін беруде, негізінен, сол кездегі автор қолданған орфографиялық және пунктуациялық рәсімделу сақталғанымен, қазіргі оқырманға, әсіресе жас буын зерттеушілерге түсінікті болуы үшін ішінара өзгерістер енгізілді. Кітаптағы мысалдар, көбінесе, қазіргі графикамен берілді, ал латын жазуы кезіндегі қазақ емлесі туралы жазылған мақалалардағы мысалдар мен жеке әріп-таңбалары мақсатты түрде латын қаріптерімен терілді.
Кітаптың соңында берілген «Қосымшада» филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің профессоры әрі кафедра меңгерушісі қызметін атқарған Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың «Қ.Жұбанов тартқан тілтану желілері» атты био-библиографиялық зерттемесі (педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Шамғали Харесұлы Сарыбаевпен сұхбаты); Қ. Жұбанов өмірінің негізгі кезеңдері туралы қысқаша мағлұмат (қазақша және орысша), ғалымның жарияланған еңбектерінің хронологиялық көрсеткіші және ғалым туралы, оның еңбектері жөнінен жарық көрген мақалалардың тізімі беріліп отыр. Бұл тізім профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың туғанына 100, 105, 110 жыл толуына орай республикамыздың түрлі қалаларында өткізілген халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда жасалған баяндамалар мен ғалымның қазақ және түркі тіл білімі салаларына қатысты зерттеулеріне арналған ғылыми мақалалармен толықтырылғандығын баса айтқымыз келеді. Сондай-ақ оқырманға ыңғайлы болу үшін кітапқа енгізілген тақырыптар басылым мазмұнында толық берілді.
1999 жылғы кітапты дайындауда, материалдарды іздеп табуда Қ.Жұбановтың балалары Ақырап пен Есет Жұбановтар тікелей қатысып көп еңбек сіңірсе, бұл кітапты шығаруға А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов бастамашы болды.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ