КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Қайбір ұлтты, халықты алмайық, бәрінің де өзіне лайық тілі бар. Халық өз тілін ең ардақты нәрсе деп санайды, сүйеді. Ана тілін сүймеген адам, қырғыз ақыны Б.Сарноғаевтың айтқанындай, халқын сүйіп те жарытпайды.
    Орыстың ұлы жазушылары, мысалы, В.Г. Короленко: «...Менің тілім өз балаларыма түсініксіз боп қалады-ау дегенді ойласам, жаным түршігеді», - депті. Сол сияқты барлық елдің ойшыл азаматтары өз ана тілінің тағдырына немқұрайды қарамайды. Жаны ашып, оның қамын жеп жүреді.
Біздің заманымызда ана тілінің қадірін бірінші болып Коммунистік партия жоғары бағалайды. Әрбір ұлт ішіндегі ең маңызды қарым-қатынас құралы, күрестің, дамудың құралы есебінде қарайды партия. Сондықтан да әрбір тілдің жетілуі, даму дәрежесі – сол халықтың я ұлттың мәдениетінің негізгі өлшеушісі, көрсеткіші я формасы. Мұны яки тілді жасаушы – халықтың өзі. Сондықтан да ол бүтіндей халыққа қызмет етеді. Ана тілін қадірлемеген халықтың халықтығында сән жоқ. Өйткені ана тілінсіз ұлт мәдениетінің қаймағы – ұлт әдебиеті жоқ. Әдебиет – мәдениет қаймағы деп қана қою жеткіліксіз. Ол – халықтың, ұлттың әрі көркі, әрі бүкіл ішкі, сыртқы дүниесінің сыры. Кемеңгер Ф.Энгельстің Бальзак туралы айтқаны естеріңде болар. Жақсы әдеби көркем шығарма бүкіл халықтың тарихын тамаша суреттеп бере алады.
    Ана тіліндегі әдебиетті оқымаған қазақ баласы өзін қазақпын деп айтуы бекер. Өз баласына ана тілін үйретпеген, үйретуге дұрыс әрекет етпеген ата-ананы кім деп айтарымды білмей тұрмын. Кейбір чиновниксымақ қазақтардың баласы ана тілін білмегенін мақтан көретінін қайтерсің?! Мұндайлар, әсіресе, қалада тұрғандардың ішінен шығады. Мұның, әрине, зор себебі бар. Біздің қалаларымызда қазақ үйлері аз. Ертедегі көшпеліліктің салдарынан осындай талай маңызды мәселелерде ақсауымыз мүмкін.
    Қаладағы кейбір семьялардың балалары өз ана тілін білмей қалушылығына қарап, кейбір жолдастар бүкіл қазақ ауылында да, барлық мектептерде де қазақ тілін жойып, тек орыс тілінде, оқытайық дейді. Бұлай деушілер де өзінше қазаққа жаны ашиды-мыс, орыс тілін білгенге ғана жоғарғы мектептердің есігі кең, ашылады-мыс. Сондықтан, дейді ондайлар, балаларды қор қылмай, тура орысша оқыту керек. Бұл сияқты пікір иелері үшін халық тілегінен, халық қамынан қара басының қамы артық.
    Қазақ баласы, меніңше, алдымен ана тілін жақсы білуі шарт, сонымен қатар олар орыс тілін де өте жақсы білуі керек. Орыс тілі – В.И.Ленин айтқандай, ұлы, қуатты тіл. Қазақ тілін жақсы білген бала орыс тілін тез және жақсы біліп алады. Біздегі қазіргі басты қауіп – қазақ тілін, ана тілін бағаламау деп білуіміз керек.
    Қазақстанда тұратын халықтар бірінің тілін бірі қадрлесін, онымен қатар қазақ тілін мемлекеттік тіл есебінде әркімнің білуіне дұрыс жағдай жасалсын. Орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларына қазақ тілі міндетті сабақтың бірі болсын. Оқыса еркі, оқымаса еркі дегеннен көрі ауызға алмаған жөн.
    Біз қазақ тілін дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі деп жүрміз. Бұл рас па? Оның растығын, алдымен, кемеңгер Абай дәлелдеген.
Ол Пушкин, Лермонтов, Крыловтардың шығармаларын аударып бір дәлелдесе, солардай етіп, сөздің майын тамызып өз жазуы арқылы екінші рет дәлелдеді.
    Қазір Абай заманы емес. Октябрь ревалюциясының арқасында қазақ тілі адам айтқысыз дамып, байып, жетілді. Нақты әдеби тіл жасалды. Орта мектептер үшін барлық пән орысшадан қазақшаға аударылып жүр.
    Бұлардан басқа, өздеріңізге мәлім, бұл күнде қазақ тілінде орыстың көркем сөз шеберлерінің, классиктерінің бай шығармалары аударылды, маркизм-ленинизм классиктерінің еңбектері аударылды, әлде де аударыла бермек. Марксизм классиктерінің шығармаларында философия, саяси экономика сияқты өте қиын ғылымдардың негіздері де бар. Міне, мұның бәрі қазақ тілінің бай тіл екенін, ол тілде не алуан ғылымға байланысты жаңа сөздер, терминдер, фразалар, пайда болғанын білдіреді.
    Қазақ тілі Қазақстандағылар үшін шет тілінен кем бағаланып жүруі де қате. Шет тілі ілуде біреуге ғылым үшін, дипломаттық іске керек, ал қазақ тілі күнделікті іске, шаруаға, мәдениетке керек.
    Қазақ тілінің бұл байлығы – қазақ халқының, қазақтың социалистік ұлтының байлығы. Осы байлықты біздің мұғалімдер қай дәрежеде біледі.     Әңгіме осы туралы да болуы керек.
    Бәрінен керегі – бұл істерге біздің мекемелеріміз, жауапты азаматтарымыз немқұрайлы қарамай, беталды жібермей, қатаң бақылауға алып отыруы қажет. 

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің республикалық 
кеңесінде ана тілінің маңызы туралы сөйлеген сөз,
1957 жыл, көкек 

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика