THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазіргі таңда универстиетте білім жүйесін дамыту стратегиясының негізі мақсат-бағдары ұлттық білім моделін жасау. Бүгінгі күн талабы бойынша еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында “ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады. Әлемдік білім кеңістігіне толғымен кірігу білім жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап ететіні сөзсіз” деп айтылған. [19 наурыз 2004 жыл].
Қазіргі заман талабына сай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кәсіби дайындығы жоғары және игерген мамандығы болашақта үлкен сұраныс туғызатын студентті әзірлеу оқытушы үшін үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр.
Студенттің өздік жұмысы жоғары оқу орындарында оқыту процесінің маңызды бөлігі болып саналады. Ұлттық университетте кредиттік технология бойынша оқитындарға студенттің өздік жұмысын ұйымдастыруға кәсіби жоғары білім берудің оқу бағдарламасының талап ережесі бар.Енді алдымен өздік жұмысқа қатысты оның негізгі терминдері мен олардың анықтамаларына талдау жасаймыз.
Студенттердің өздік жұмысы дегеніміз (СӨЖ) – оқытушы белгілеген оқу-әдістемелік әдебиеттер тізімі бойынша білім алушылардың өз беттерімен ізденіп оқуы, тапсырманы орындауы және берілген тапсырманы тест, бақылау жұмысы, коллоквиум, реферат жаздырту арқылы тексеру, сондай-ақ, жазған шығармаларының түрлері мен жеке есебі бағаланатын жұмыс.
Студенттердің оқытушымен өздік жұмысы (СОӨЖ) – студент өздік жұмысының бір бөлігі ретінде саналатын білім алушының оқытушы басшылығымен бірге сабақ кестесі бойынша жұмыс істеуі.
Реферат – ғылыми еңбекке, кітапқа жекелеген мәселе (проблема) бойынша әдебиеттеріне міндетті түрде шолу жасалған немесе жан-жақты талдау жасалған жазбаша мазмұндама.
Коллоквиум – пән бойынша өтілген оқу материалдарын қалай меңгергендерін анықтау үшін әңгімелесу түрінде өткізілетін студенттің өздік жұмысын бақылаудың түрі.
Эссе – өзекті мәселелер бойынша студенттің өз пікірін түрлі жанрда: сын, көсемсөз т.б. жазбаша түрде орындауы.
Мақсатты тармақтар – берілген тапсырмалардан мәселені яғни проблеманы табудағы, қойған мақсаты мен оған жету үшін міндеттерді қалай орындағанын айқындау және жұмыс сапасын тексеру.
Презентация (Тұсау кесер) – слайдтар түрінде, видеороликтермен берілген тапсырманың негізгі тұстарын көрсету арқылы ауызша сөйлету.
Жағдаяттық тапсырмалар – түрлі жағдаяттарды сипаттау және соған тіркелген тапсырмалар.
Іскерлік ойындар – болашақ кәсіби іс-әрекетіне қатысты алдын‑ала дайындықты қажет ететін және өз бетімен аяқтай алатын кез келген жағдайларды ойын түрінде көрсету арқылы білім алушылардың бейімін қалыптастыру.
Топтық жоба – 3-5 студент тапсырма бойынша жоба дайындатып, оны қорғату.
Жеке жоба – білім деңгейі жоғары студенттер үшін өзекті тақырып бойынша зерттеу жобасын ұсыну.
Глоссарий – берілген тақырып бойынша пәндік ұғымдар мен терминдерге қысқаша түсінік беру.
Студентке білім берудің негізгі жолдарының ішіндегі тәжірибелік (практикалық) сабақ пен зертханалық сабақтан соң маңыздысы – өздік жұмыс. Сондықтан жоғарыда аталған өздік жұмыс түрлерін білім алушыларға орындату арқылы білім сапасын жоғарлатып, нәтижеге жетуге болады.
Кредиттік оқу жүйесі бойынша студенттердің танымдық, логикалық ойлау белсенділігін, зерттеу мүмкіндіктерін қалыптастыратын оқытушымен орындайтын өздік жұмысы (СОӨЖ), студенттің өздік жұмыстары (СӨЖ) жұмыстық бағдарламаға сай жасалатын силлабус мазмұнында анық көрінуі тиіс. Кредиттік оқу жүйесі бұрынғы СӨЖ қатарына тағы бір өздік жұмыс түрін студенттің оқытушымен бірге істейтін өздік жұмысын (СОӨЖ) қосты.
Кредиттік оқу жүйесі өздік жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру мен бақылауды талап етеді. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы пәні бойынша жұмыстық бағдарламада көрсетілгендей өздік жұмыс орындау жоспарланған.
Аталған өздік жұмыстардың тапсырмаларын орындау барысында ұқсастықтар мен айырмашылықтардың бар екені белгілі. Негізінде оқытушы үшін осы өздік жұмысты ұйымдастыру туралы әдістемелік сипатындағы көмекші құралдар жоқтың қасы. Әрбір оқытушы өз білім тәжірибесіне сүйеніп, оқыту процесінде нәтиже болтындай еңбектеніп жұмыс істейді. Бұрынғы 80-90 минуттық леция оқитын уақыт орнына қазір 50 минуттық лекцияда 2 сағатта игерілетін тақырып мазмұнының ең қажетті, күрделі тұстарын оқып, қалғанын студенттердің өздері меңгеретін тапсырмаларға жүктеуге тура келеді.
Біздіңше, СОӨЖ тапсырмалары лекцияда түгел қамтуға келмейтін, бірақ бағдарлама бойынша өтілуге тиіс студенттің оқытушымен бірге өз бетімен орындауына қиындық келтірмейтін материалдарды ұсынған дұрыс. СОӨЖ кеңес беру және бақылау шарттарын атқарады.СОӨЖ-ді негізгі және кәсіптік пәндер бойынша – академиялық топтарда, ал жалпы білім беретін пәндерде – ең кемі елу студентке өткізіледі.
Лексикология мен фразеология пәнінің силлабусында көрсетілгендей лекциядан кейінгі бөлімдеСОӨЖ тапсырмасы беріледі.
СОӨЖ-ді ұйымдастыруда мына мәселелер ескерілуі тиіс:
1. СОӨЖ-ге жасалған жоспарда алдымен өтілетін оқу материалының тақырыбы белгіленеді.
2. Алынған тақырып не үшін өздік жұмысқа ұсынылып отырған да айқын болуы тиіс.
3. СОӨЖ-ді өткізу тәртібі.
4. СОӨЖ тапсырмасы немесе сұрақтары.
5. СОӨЖ-ді орындау үшін ұсынылатын әдістемелік нұсқау
6. Ұсынылатын негізгі және қосымша әдебиет тізімі.
Студенттердің оқытушымен өздік жұмысыоқу сабағының кестесінен бөлек өткізілетіндіктен, бұл жерде СӨЖ тапсырмаларының барлық түрлеріне, семестрлік және бақылау жұмыстарына, есептерді жазуға, аралық бақылауды орындауға оқытушы кеңес береді.
Студенттердің оқытушымен өздік жұмысы деп аталған соң, оқу бағыты лекциядағыдай емес басқа бағытта өтіледі. Атап айтқанда:
- екі жақтың, оқытушы мен студенттің диалог сипатындағы пікір алысуы;
- іскерлік ойын түрлерінің тақырыптарын талдау;
- өз беттерімен жаттығулар әзірлеу;
- тренингті әзірлеу;
- модульдерге бөлінген лекцияда өтілген тақырыптарға орай, ізденіс жаттығуларын орындау;
- курс жұмысына материалдар іздеу;
- библиография жасау;
- дөңгелек стол, дискуссия, дебат т.б. жүзеге асырылады.
СОӨЖ сабағында бастан аяқ оқытушы белсенділігі болмау керек. Мүмкіндігінше студент белсенділігіне қолдау көрсеткен орынды. Студенттердің тапсырма орындау кезінде жеке және топтық жұмыс, мысалы, бір үлкен тақырыпты топпен бөлініп орындау сияқты үлгілері де қарастырылады.
Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясыпәнінің сипаттамасы төмендегідей.
Курс төрт модульден тұрады:
1. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясының жалпы теориялық негіздері. Қазақ тілі – ұлт тілі, ұлттық әдеби тіл және мемлекеттік тіл.
2. Қазіргі қазақ тілінің семасиологиялық сипаты. Ұғым, сөз, мағына. Лексика-семантикалық категориялар.
3. Қазіргі қазақ тілі лексикасының шығу арналары. Қазіргі қазақ лексикасының қолданылу сипаты. Сөздердің стильдік қызметі, түрлері.
4. Қазақ тілдінің фразеологиясы. Түрлері мен белгілері. Семантикалық категориялары. Тақырыптық топтары. Этнолингвистикалық сипаттары. Стильдік ерекшеліктері.
Мысалы, 1 модуль бойынша Қазіргі қазақ тілі лексикологиясының жалпы теориялық негіздері деген көлемді тақырыпта 4 СОӨЖ бар. Осылардың ішінде «Тіл туралы Қазақстан Республикасының заңдары»тапсырмасын ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап, осы кезге дейін қанадй заңдар қабылданғанын хронологиялық түрде кесе жасап, аса маңызды тұстарына түсініктеме жасап талдайды. Ал «Сөз фомаларының лексикографиялық сипаттары: лексикалық мағына, грамматикалық мағына, эмоциялық-экспрессивтік мағына, контекстік-стилистикалық мағына»туралы сөздікпен қоса, мағына туралы айтылған анықтамаларды да салыстырып жеке‑жеке түрлерін мысалдармен дәйектеу тапсырылады. Бұл тапсырмалардың мазмұны дәріс кезінде айтылмайды. Сағат жетпегендіктен, студенттер өз бетімен ізденіп дайындалады. Мәселен, «Сөз фомаларының лексикографиялық сипаттары» деген тақырып арқылы студенттер «Сөздік» түрлері, сөздік қалай жасалады, әсіресе, лингвистикалық, түсіндірме сөздіктерде сөз формалары қалай беріледі деген сұрақтарды талдап, жауап іздеп, тапсырма орындайды. Осы арада бір айта ететін жайт, СОӨЖ-ге берілетін тапсырмалардың нәтижесін практикалық сабақта семинар сұрақтары да қамтиды.
Дәрісханадан тыс өздік жұмыстар (СӨЖ) студенттер үшін көп ізденуді қажет етеді. Біздіңше, бұл жұмыстар студенттің іздену қабілетін ұштайды, білімін толықтыру мақсатында тер төгуді қажет етді. Көбінесе жазба жұмыстарының түрлері бағдарлама бойынша СӨЖ-ге жүктеледі. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы пәнінің төрт модульдік сипатына қарай, әр модульден соң өздік жұмысының тапсырмалары беріледі.
СӨЖ-ді ұйымдастыруда берілетін тапсырмалар:
1. Берілген тақырыптар бойынша реферат жазу.
2. Қазақ тіл біліміндегі жаңа зерттеу бағыттарының өтілетін теориялық материалдарға қатысына қарай, ғылыми еңбектерден конспект әзірлеу.
3. Лексикографиялық еңбектермен жұмыс істеу.
4. Тапсырма бойынша баяндамалар әзірлеу.
5. Тест сұрақтарына әзірлену, коллоквиум т.б.
Ал нақты тапсырма түрлеріне мысалдар:
СӨЖ №1
БАҚ-тағы жаңа қолданыстар
СӨЖ №2
Синонимдердің стильдік ерекшеліктері. (Таңдау бойынша көркем шығарма тіліне талдау жасау)
СӨЖ №3
Газет жарнамаларындағы терминдік тіркестер (Егемен Қазақстан газетінен)
СӨЖ №4
Фразеологиялық семантиканың фреймдік негіздері
Студенттер аралық бақылау кезінде үлгерім рейтингісін жоғарлатуға дұрыс балл алу үшін СӨЖ тапсырмаларын сапалы орындауға тырысады. Мәселен, жоғарыда көрсетілген ғылыми еңбектерден конспект әзірлеу, сөздіктермен жұмыс істеу, баяндама, реферат жазу студенттің танымдық білімін тереңдетуге бағытталады.(Фразеологиядан тереңдетілген тапрырманы бермеген себебіміз, бұл пәннен кейінгі курстарда бірнеше электив (таңдау) пәндері өткізіледі).
Жұмыс тәжірибесінен байқағанымыз СӨЖ-дің екінші кезеңін коллоквиумға арнаған дұрыс. Оның себебі 15 аптаға қарай өтілген материалдарды студенттің қалай меңгергенінен толық хабардар болу үшін тестке ыңғайланған сұрақтарға дайындалтып, ауызша қабылдау керек. Бұл семестр соңындағы емтиханға студенттің сапалы дайындалуын көздейді.
Сонымен, өздік жұмыс тапсырмаларының негізінде болашақ маманның кәсіби іскерлігін қалыптастыру мақсаты болу керек. Бұл ретте студенттің өз бетімен шығырмашылық ізденіске бейімділігі маңызды рөл атқарды.
Лексикология пәні тілдегі сөздердің тұтас жиынтығын қарастырады. Бұл ретте тілдік деңгейлердің ішінде ең өзгермелі сала осы лексикология болғандықтан, қазіргі білім алушылардың сөздік қорында көнерген сөздер қабаттары тым жұтаң, тіпті қарапайым түсінік те болмауы алаңдатады. Мәдени лексика қатарындағы күбі, саба, тулақ т.б. сөздерді әзірше тілдік қолданыста көнерген сөздер қатарына жатқызуға болмайды. Кейде осы сөздердің түсінігін сұрайтын студенттер де болады. Сондықтан болашақта тіл мен әдебиеттен маманданатын кәсіп иелері үшін лексика, фразеологиядан өз бетімен білім іздеу оқылатын дәріс мазмұнынан да жан‑жақты терең болуы тиіс. Ол үшін оқу үрдісінде пән бағдарламасына сай студенттердің өздік жұмысы мен студенттердің оқытушымен өздік жұмысы тапсырмаларын неғұрлым тиімді, нәтижелі мақсатқа жететіндей етіп жоспарлау керек.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ