THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бұл
еңбекте авторлар қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселенің бірі орфографиялық
сөздіктің дұрыс жазу нормаларын айқындайды, жазылымда қиындық тудырып жүрген
сөздердің дұрыс жазылуын көрсетеді. Еңбекті жазу барысында авторлар басшылыққа 2005-2013
жылдары жазылған орфографиялық сөздікте кеткен біршама қателіктер мен
олқылықтардан көп мысалдар келтіре отырып талдау жасаған. Авторлар «Орфографиялық
сөздіктің» редакторы – профессор Нұргелді Уәли, академик Рабиға Сыздықтың
«Қазақ тілінің анықтағышында», 1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Ы.
Мамановтың «Орфографиялық сөздіктегі олқылықтар» және т.б еңбектерін салыстыра
отырып сілтеме жасаған.
Қазіргі
кезде орыс тілінен енген қолданыста жиі кездесетін біршама калька сөздердің
қазақша баламаларын көп естиміз. Атап айтсақ, орыстың текущий сөзі өкінішке
орай ағымдағы сөзімен айтылатыны көпке мәлім, мүмкін ол сөздің биылғы,
осы жыл деген балама сөздері бар екенін біле тұра, жазу барысында ескере
бермейтіні өкінішті. Сол сияқты, бизнес сыныбы сөзі де қате аударма деп
танылады, себебі сынып сөзі тек мектепке қатысты ғана қолданылады.
Қазіргі
кезде қазақша баламасы әбден тұрақтанып қалған сөздердің орыс тіліндегі
баламасы тілімізге тұтастай сіңіп кеткен кірме сөздер де жетерлік. Мысалы: абитуриентке,
абортты, админстраторлық, емдеу-профилактикасы, континеттік, архей эрасы,
аргументке, обсерваториялық және т.б. Дегенмен де, аталған сөздердің
қазақша баламасы да жоқ емес. Мысалы абитуриент – талапкер, аборт-түсік,
архипелаг -топарал, жираф -керік, аппендицит -соқырішек, планета-ғаламшар
және т.б деп тілімізде кеңінен қолданыста жүр.
Соңғы
жылдарда сөздікке енгізіліп жатқан өзгерістерге, әсіресе бұрын бөлек жазылған
сөздерді біріктіріп жазуға көпшіліктің қарсы болғандығын авторлар еңбекте
арнайы КҮРДЕЛІ СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ деген бөлімге сөзтізбектерді кестеге
сала отырып, өте нақты түсіндіріп өткен. Бұл бөлімде авторлар нақты
өзгерістерді сараптау үшін академик Рабиға Сыздықованың редакторлық еткен 1988
жылғы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» мен профессор Нұргелді Уәлидің
редакторлығымен 2013 жылы жарық көрген сөздіктерін салыстырады. Мысал ретінде
бірге жазылған сөзтізбектер кестеде жүйелі түрде тізбектеліп берілген.
Профессор Н.Уәлидің «Орфографиялық сөздігінде» көрсетілген біршама бірге
жазылған сөз тіркестеріндегі мысалдарды көрсете отыра, кестеде бірге, бөлек
жазуда жүйелілік сақталмағандығын аңғарған. Мысалы, жалаңаяқ; жалаңбас; жалаңбұт;
сөздері бірге жазылғанмен, жалаң қабат; жалаң сөз сияқты бірліктер әлі
бөлек жазылады. Мұның себебін жазарман да анықтай алмаған.
Осы
сияқты нақты берілген ережеге сәйкес ағаш күрек, сұрпы ет, ұл бала, мысық
мұрт, ала бұлт деген сөз тіркестердің алдыңғы сөзі анықтаушы болып, соңғысы
анықталушы болса бөлек жазылатындығы ережеде нақты айтылса да, беторамал,
қолорамал, асқасық, қолайна т.б сөзтіркестер бірге жазылатындығы да ереже
бойынша нақты жазылған. Біршама біріккен сөз тіркестерін салыстыра келе, кей
ережелердің бір-біріне қайшы келіп тұрғанын байқаймыз. Мысалы, ағаштарақ тарақтың
ағаштан жасалғанын, теміршар шардың темірден жасалған тегін білдіреді.
Ендеше, жез құман, темір күрек, темір қазық, қалайы қасық, күміс теңге
сияқты тіркестердің заттың неден жасалғандығы белгілі болса да, ережеге сай неге
бірге жазылмағандығы сұрақ тудырады. Бұдан шығатын қорытынды, сөздікке сүйеніп,
дұрыс жазғысы келетін оқушы түгілі, сөздік құрастырушылардың өздері де шатасқан
сыңайлы.
Тағы
да сөз құрастырушы мамандардың жіберген қателерін байқаған авторлар бұл еңбекте
жалқы есімдерге қатысты тілдік нормадағы қайшылықтарды анық көрсеткенін
байқадым. Атап айтсам, С.Торайғыров атындағы Көкшетау университетінің атауындағы
Сұлтанмахмұттың төртінші атасы, әділ би, жаудан қайтпаған батыр болған
Торайғырдың есіміндегі ы әрпін түсіріп тастамау керектігі жайында
арнаулы ескертпе керек екендігі айтылған. Себебі әу баста торы және айғыр
сөздерінің тіркесінен құралған бұл есімнен ы әрпін түсіріп тастаған
жағдайда торай (шошқаның төлі) сөзі пайда болады. Сондықтан да, Торыайғыр
есімін толық айтқан дұрыс делінген. Мысалы, Сарыарқа, Сарыалып, Сарыайғыр,
т.с.с жалқы есімдер ы әрпі түсірілмей жазылып жүр. Ал С.Д.Асфендияров
атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті атауындағы С.Д.Асфендияров
фамилиясын қазақ тілінде С.Аспандияров түрінде берілуі керек деп
ескерткен. Сол сияқты кісі есімдерін, аты-жөнін беруде де орыс тілінің үлгісі
басшылыққа алынғандығы жайлы айтылады, мысалы: Д.А.Қонаев атындағы
университет, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, С.Торайғыров
атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, т.т. сияқты кісінің аты-жөнін
қысқартып беруде қазақы менталитетке сәйкес әкесінің атын көрсетпей, орфографиялық
сөздікте берілген атауларда ұлттық ерекшелігіміз ескерілуі керек екендігі жазылған.
Қорытындылай
келе, 2005-2013 жылғы орфографиялық сөздікте кеткен олқылықтар тіліміздегі
біршама олқылықтардың жазу барысындағы қателіктерін айқындап беріп тұр. Әр
тілдің өзіндік заңдылықтары бар, оны басқа тілге қолдана беруге болмайды. Орыс
тілінің ықпалы А.Байтұрсынұлы айқындап берген ұстанымдарды, принциптерді
тілімізден өшірмеуі тиіс, біз орыс тілінің ықпалымен енген фонемалық принциптен
бас тартуымыз керектігін авторлар нақты оймен жеткізген. Қазақ тілі
сингармонизмге негізделген, жалғамалы тіл, сондықтан да қопармалы тілдегі
заңдылықтар біздің тіліміздің жүйесіне қайшы келеді.
Қолданылған
әдебиеттер:
1. ЖҰБАЙ О, САЛҚЫНБАЙ А,. ҚАПАЛБЕК Б. Қазақ тілі жүйесінің
орфографиялық сөздіктердегі көрінісі. – Алматы, 2023. – 216 б.
2. ОРФОГРАФИЯЛЫҚ
СӨЗДІК. /Алтыншы басылым. Құраст.: Н.Уәли, Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова,
Ж.Исаева, Н.Әміржанова, А.Әмірбекова. - Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. - 720
бет.
ПІКІР АЛМАСУ
18/03/2024 14:07
ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ОРФОГРАФИЯЛЫҚ СӨЗДІКТЕРГЕ ЖҮРГІЗГЕН ЗЕРТТЕУІНЕ ТАЛДАУ
|
ТЕКСТ