КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


 Қазақ КСР-інің «Тіл туралы заңының» IV тарауының 28 бабында халық атауларына, яғни ономастика проблемасына ерекше назар аударды. Ал Қазақ КСР Министрлер кабинеті қабылдаған Тіл туралы мемлекеттік бағдарламада да бұл проблеманы орынды шешудің нақты шаралары көзделіп отыр. Осы өзекті де маңызды мәселе жайлы жоғары үкімет орындары тарапынан жасалып жатқан игі шаруаның тағы бір айғағы – Қазақ КСР Министрлер кабинеті жанынан 1990 жылғы 20 сәуірде құрылған Мемлекеттік ономастикалық комиссия болып есептеледі. Бұл комиссияның іске кіріскеніне де жылға жуық мерзім болды. Осы мемлекеттік ономастикалық комиссияның қорытындылары негізінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы биылғы жылғы шілденің 5-інде 23 елдімекен мен аудан аттарын жаңадан қою, қалпына келтіру, өзгерту туралы қаулы алғаны жұртшылыққа мағлұм.

Мемлекеттік ономастикалық комиссия тарапынан қолға алынбақ осындай келелі мәселенің бірі – кісі есімдері мен аты-жөніміздің – фамилияны өз ата салтымызбен жазу, ретке келтіру.

Адамдардың аты-жөнін (өз аты, әке аты, ата аты) дұрыс қолданбау, қым-қиғаш қате жазумен байланысты ағаттықтар бізде де аз емес. Бұл күнде ұлттық есімдеріміздің көбіне ұмыт болып, оның орнына халықтық ұғым мен әдет-ғұрып, салт-санаға жат, табиғаты бөлек, бөгде есімдердің сан жағынан көбейіп бара жатқындығы екінің біріне айқын мәселе. Ол жөнінде айтылып, баспасөз беттерінде жария боп жүрген пікірлер де аз емес. Бұл ретте Нұрдәулет Ақышевтің «Есіміңіз дұрыс па?» (Социалистік Қазақстан», №200 (19675), 20 тамыз 1990 ж.). Данабике Байқадамқызының «Есім – елдік белгісі» («ЛЖ», №223 (11510), 21 қараша 1990 ж.), т.б. мақалаларда орынды мәселелер көтерілген.

Есімдер жайлы ауқымды да күрделі әңгіме өз алдына бір дүние. Қазіргі таңда көпшілік назарына ілініп, айрықша сөз болып жүрген маңызды мәселе аты-жөнімізді өз ата-салтымызбе жазу, әсіресе фамилиядағы «ов», «ев», «ин» қосымшаларын өзгерту төңірегінде болып отыр.

Аты-жөнімізді басқа жұрттың үлгісімен атамай, ата салтымен атап, жазу туралы бүгінгі қауымның талап-тілек, үміт-мүддесі осыдан 75 жыл бұрынғы қазақ баспасөз беттерінде жарық көрген ойшыл зиялылардың пікірлерімен ұштаста үндес жатыр. («Қазақ» газеті, №12, 15 сәуір 1915 жыл; «Темірқазық» №2, 1923 ж.).

Жер жүзі халықтарының тарихында фамилия мен әке атын иемдену өз ата-тегінің атымен аталу, жазылу салты әр алуан. Кейде ұқсастық та, алшақтық та кездеседі. Тіптен өз атымен аталу салтының да ерте замандардан сәйкес болғанын байқауға болады. Мәселен Жәнібек, Әбілқайыр, Абылай, Бұқар, Шалкиіз, Ағыбай, Қамбар, Қобыланды, Төле би, Қазбек, Әйтеке, т.б. болса, орыс халқында: Петр I, Александр, Павел, Николай, Екатерина, Елизавета; француздарда: Марат, Наполеон; басқа елдерде – Аристотель, Гомер, Кир, Цезарь т.б.

Ал әке атымен аталу дәстүр-салтының пайда болу жайы да әрбір халықтың тарихында түрліше сипатқа ие. Көптеген елдерде әке аты патроним (грекше патер, патра, «әке», оним, онома «есім», «ат», яғни әке аты) деген терминмен аталса, орысша отчество, бізде әке аты. Қазақ ғұрпында әлімсақтан-ақ «ұлы», «қызы», «баласы» тәрізді сөздер әке атына қосыла айтылып, баланың әкеге тәндігін, соның ұрпағы екенін білдірген. Бұлайша аталудың түпкі төркінін ықылым замандағы көне түркілерге тән Орхон-Енисей жазба ескерткішінен де көреміз. Мысалы: Байырқу улұғ Іркін, Байиа Санун оғлы, Кулуг Чир, Тінәсі оғлу, т.б.

Ерте замандардағы халық ауыз әдебиетінің нұсқалары – батырлық дастандар мен тұрмыстық салт-жырларда да әке атымен аталуға «ұлы», «қызы», «баласы» сөздерін тұрақты түрде еркін қолдану кеңінен өріс алып келгені мәлім. Мысалы: Базарбайдың Төлеген, Базарбай ұлы Төлеген, Сырлыбайдың қызы Жібек, Көктімнің қызы Құртқа, Сейілдің ұлы Қараман, Өмір ұлы Сыбан, Қарасай ұлы Көбен, Алшағыр ұлы Теген, т.б. солай аталған-ды.

XVI ғ. тән Қадырғали Жалаири еңбегі «Жами тауарихтан «ұлы», «оғлы» (ұғлы) сөзімен қоса, арбтың «бин» сөздерін қатар қолдану кездеседі.

Қазіргі кезде әке атын халық дәстүріне сай екі нұсқада жазуға бой ұру бағыты байқалып жүр. Мәселен, Мұқан Асанұлы, Жанат Жантуұлы, Ажар Бектайқызы, Жәмила Асанқызы; Жомарт Бекбай, Асқар Нұрбай, Гәуһар Жұмабай, Жібек Өтегелді, Сәуле Омар, т.б.

Республикалық баспасөз беттерінде жұртшылық тарапынан жиі айтылып та, жазылып та жүрген негізгі мәселе – фамилия, отчество (әке аты) қосымшаларынан (-ов, -ев, -ович, -евич, -овна, -евна) бас тарту, жалпы фамилия, отчество деген терминдерден арылу. Олардың орнына тегі, әулеті, ататегі, ұрпағы, әтектегі, жөн, аты-жөні, ата аты, әкесінің аты, немересі тәрізді сөздерді айтуды жөн көру басым. Кейбір пікір иелері -ов, -ев қосымшаларының орнына -дан, -нан, -ұлан, -ша, -ше, -н қосымшаларын қабылдауды ұсынады.

Бұл пікірлер мен ұсыныстардың ішінде көкейге қонымдыларымен қатар, талас тудырар жөнсіздері де баршылық. Жасырары жоқ, фамилия деген сөз де, ұғым да шын мәнінде 30-жылдары халықты паспорттандыру науқанымен қоса келіп, құлаққа үйір болды. Ал патша заманындағы оқыған білімді, зиялы адамдардың, көрнекті ғалымдар мен ақындарымыздың орыс үлгісіндегі фамилияны иемденгені баршаға мәлім. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев фамилиялары орыс халқына, одан асып жер жүзіне паш болды.

Демек біздің де өз халқымызға тән, ұлттық нышан, мәдени өре, халықтық салт-сана, дәстүрімізді танытып тұрар аты-жөніміздің (фамилиямыз) болуы әбден орынды. Көпшілік қауым тарапынан «фамилия сөзінің орнына ата тілімізге бейім сөздерді: «ататек», «ата аты», «жөн», «ныспы», т.б. балама ретінде ұсыну бар. Қалай да осы сөздердің бірі «фамилия» сөзінің орнын басары шүбәсіз. Біздіңше, бұл баламалардың ішіндегі «ата аты» сөзі ғана мән-мағынасы мен тұлғасы, әрі ықшамдығы жағынан тым бейім де сай келіп тұр. Өйткені мектеп жасындағы баладан «Атың кім?», «Әкеңнің аты кім», «Атаңның атын айтшы» - деп сұрағанда, мүдірмей бірден атасының атын айтып берері даусыз.

Әлемдегі халықтардың фамилия иемдену тәртібі мен жүйесі, оның қалыптасу, даму тарихына зер салатын болсақ, европалықтарда фамилия XI ғасырдан, ал Ресейде – XV-XVI ғасырлардан басталады екен.

Тарихқа көз жүгіртсек, күні бүгінге дейін қазақ фамилиясының бірнеше нұсқасы болғанын көреміз:

1 Рулық атаумен аталу дәстүрі: Мысалы: Қарақыпшақ Қобыланды, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, т.б. Мұндай жағдай басқа да халықтар тарихына тән құбылыс. Мәселен, римдіктердің рулық есімімен жиі аталғаны, дәлірек айтқанда ру атына «юс» қосымшасын жалғағаны (Бавис) мәлім.

2 Орта Азиялық -и қосымшасы арқылы ата атымен, не туған жерімен аталу үлгісі (Әл-Фараби, Қ.Жалайри, М.Дулати, М.Қашқари, т.б.).

3 Орыс фамилияларының үлгісі негізінде аталу (Айбасов, Айдаров, Жәмішев, Бастаубаева, т.б.).

Жоғарыда фамилиялық көрсеткіштердің, олардың нұсқаларының әртүрлі екенін көрдік. Олай болса, біздің аты-жөнімізді, өз ата-салт, халықтық дәстүрмен жазудың да, қолданудың да бірнеше үлгі-нұсқасы болғаны абзал.

Бұл ретте біз мына төмендегі бес түрлі үлгі нұсқаны ойтүрткі ретінде жұртшылық назарына ұсынамыз:

1 Әке атына «ұлы», «қызы» сөздерін қосып жазу арқылы аталу. Мәселен, Омар Мұқанұлы, Жәнібек Күнтуұлы, Мақфуза Жомартқызы, Жібек Асқарқызы, Жәмила Омарқызы, т.б.

2 Өз аты мен әкесінің атын қосымшасын қатар қойып атау. Бұл жағдайда алдымен кісі аты, одан соң әке аты келеді. Мысалы: Асыл Мұрат, Әбіл Жұман, Өскенбай Әнуарбек, Күләш Бекбай, Гүлнұр Сұлтанбек, Айжан Ақбай, т.б.

3 Өз аты, әкесінің аты, атасының атын қоса, үштік жүйемен аталу. Бұл үлгі бойынша, әке атына «ұлы», «қызы» сөздері қосылады да, ата аты қосымшасыз, атау тұлғада аталады. Мысалы: Жарас Қосайұлы Мұхамбет, Елжас Мұқтарұлы Байсары, Айгүл Ерболқызы Мұқан, Шолпан Жарасқызы Алтынбек, т.б.

4. Ата атына -лы, -ды, -ты, -ті жұрнақтарын қосу арқылы айту. Мысалы: Жомарт Қосайұлы Асанлы, Бекжан Сарбасұлы Жұмабайлы, Есен Бектайұлы Асылбекті, Жанат Бекжанқызы Мұқанбайлы, Айсұлу Нұрманқызы Есенбекті, т.б. Бұл жұрнақтар нәсілдік ата аттарының көрсеткіші ретінде кейбір түркі халықтарында, (әзірбайжан, түрікмен) кеңінен қолданыс табуда.

5 Орта Азия, Қазақстанның тұрғылықты халықтары өмірінде ежелден қолданыс тауып келген, - и қосымшасын ата аттарына немесе өскен жер, туған ел атауларына жалғау арқылы ата дәстүрі де кеңінен орын алған. Бұл тәсіл бойынша аталу сирек те болса қонданыс табуда. Мысалы: Ә.Тарази, С.Шәймердени, Ж.Түркістани, т.б. Олай болса бұл дәстүрлі тәсіл бойынша атала берудің, осы жұрнақты ата атының (фамилияның) көрсеткіші ретінде пайдаланудың еш әбестігі жоқ.

Аты-жөніміздің, әсіресе ата атымен аталудың нұсқалары мен үлгілерінің болашақта да сан жағынан артып, халық дәстүріне орай жіктеліп, жүйелене берері кәдік. Күні бүгінге дейін кеңінен қолданып та, айтылып та келген, құлағымызға әбден үйір болып кеткен фамилия сөзі және оған тән қосымшамен (-ов, -ев, -ин) қош айтысамыз, дегенмен зейін қойып, ескерер жайлар жоқ емес. Өйткені фамилиялары өз жерімізде ғана емес, берісі Одаққа, өрісі шартарапқа әйгілі ғалымдарымыз бен ақын-жазушы, қоғам, мемлекет қайраткерлерінің фамилияларын табан астында өзгерте қою қалай болар екен? Егер де Ш.Уәлихан, А.Құнанбай, Ы.Алтынсары, М.Әуез, Қ.Сәтбай нұсқалары бойынша жазып, қолданар болсақ, тарихымыз бен мәдени мұрамызға сөзсіз қиянат жасаған болар едік.

Жалпыхалықтық әрі қоғамдық мән-маңызы зор бұл шаруаның жедел іс жүзіне асуын қалың қауымның асыға күтіп отырғаны заңды да. Олай болса, фамилияны, есімді және әкенің атын өзгерту тәртібі туралы дәйекті тұжырымдама таяу арада жазылып, Мемлекеттік ономастика комиссиясының мәжілісінде қаралған соң баспасөз беттерінде жарияланып, содан кейін көпшілік пікірін ескере отырып, тиянақты шешімін табуы тиіс.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика