КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жалпы біздің кенді атырапта үнсіздік деген феномен етегін кенге жайды. Сонымен қазіргі таңда Қарағанды қаласы мен оған іргелес елді мекендер орысша көше атауларына тұнып тұр. Қазақша атаулардың пайыздық көрсеткіші онға да жетпейді.
Украина тағдыры... Қасарысқан қарсылық. Славян тілді орыс пен украин халытары арасындағы төңкеріс жағдайы экономикалық мәселе емес, айналып келгенде тіл үшін күрес…
Әйтпесе екі елдің де экономикалық қуаты әжептәуір дамыған, ЖІӨ көрсеткіші жоғары. Десе де, Қырым түбегіндегі жағдай әлі де ушығып тұр. Қырымдағы жұрттың қыңқ еткен үні шыққанда тарпа бас салып тұншықтыруға дайын отырған орыс ағайындар өз жерлестеріне көмек қолын созамыз деп даурықты.
Ақыры референдум арқылы өз басымдықтарын алды. Қырымның жері Украиндерге тәуелді болса, орыс тілді көшелері мен ағайындары Ресейге тәуелді болып қалды.
Енді қазақтың ойлануы керек…
Баспасөзі орыс тілді, көшелері мен аялдамалары орыс тілді (Солтүстік, Шығыс, Орталық аймақтар), жарнамалары да орыс тілдіге тәуелді қазақтың тағдыры украиндерге ұқсамасын…
Әйтпесе, есемізді ғана емес, көшемізді де ала алмай жетімдіктің күйін кешерміз. Анығы қазір есеміз де көшемізді де ала алмай жүрміз. Тіл тағдыры орыстың емес, қазақтың тағдыры.
Егемендік алып, еңсемізді тіктеп, етек жеңімізді жинадық деп жар саламыз. 
Әрине, жар салғанымыз орынды. Бірақ, жетістігімізбен қатар әлі де болса әттеген-ай деп бас шайқап, бармақ тістейтін сәттерімізде жиі кездеседі. 
Әсіресе ұлт тағдырының алдындағы үлкен мәселе төңірегіне айналған қазақ тілінің мәртебесі. Бір ғана бүгінгі мақалаға арқау болып отырған Арқа өңіріндегі кенді атырап Қарағанды шаһары әлі де болса орыс тілдің басымдығын иеленіп келе жатқан аймақ.
Қазыналы аймағымыздың қазақылануға бет бұрыс жасайтын уақыты жетті. Бүгінгі Қарағандыдағы басылымдар орыс тілді, көше атаулары да орыс тілді, жарнамасы да әлі шала қазақша менмұндалап, қателіктерге бой ұрып тұр.
Әрине қаламыздың қазақшалана алмай жетім ботаның күйін кешуіне биліктегілердің де үлесі бар. Ендеше Қарағанды билігінде отырған шенеуніктерде орыс тілді ағайындар емес пе деген ой қорытамыз... 
Әсіресе шаһарымыздағы көше атаулары мен Қарағанды қаласының маңындағы елді мекендер атауы әлі де Жириновский мен Лимоновтың тілінде.
Енді мәселенің нақтысына тоқталсақ, осыдан бір жарым жыл бұрын қала орталығындағы көшелердің бірі «Кривогуз» көшесіне қазақтың біртуар ақыны, жерлесіміз Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын ескерткіші осы көшенің бойынан тұрғызылып, осы көшеге Қасым Аманжоловтың аты берілсін деген ұлтжанды жергілікті тұрғындардан әкімдікке ұсыныс түскен болатын.
Неге екені белгісіз сол кезде Қарағандыны мекендеп отырған көккөз ағайындарымыз өре түрегеліп еді. Тіпті орталық Бұқар жырау көшесінің бойында орналасқан күн көсемі Лениннің ескерткіші алынып тасталғанда да, осы көккөз ағайындар тағы да жарапазан айтып: «Ленин ескерткішін бұзбайсыңдар, сендер бізді қорлап жатырсыңдар, біздің намысымызды таптап жатырсыңдар!» -деп, бұқаралық ақпарат құралдарына жар салған еді.
Осыдан кейін ойға қалған қалалық әкімдік пен маслихат депутаттары бұл мәселені жылы жауып қоймай, ескерткішті қала шетіндегі Ленин кинотеатрының артына орналастырып еді.
Оған да сәл де қуанысты арқаның қазақы жұрты. Ал, маңағы Кривогуза көшесін өзгерту ұсыныстарынан ештеңе өнбесін білген аттөбеліндей азаматтардың тауы шағылдыма әлде күдері үзілдіме ақыры үнсіздік орнады.
Жалпы біздің кенді атырапта үнсіздік деген феномен етегін кенге жайды. Сонымен қазіргі таңда Қарағанды қаласы мен оған іргелес елді мекендер орысша көше атауларына тұнып тұр. Қазақша атаулардың пайыздық көрсеткіші онға да жетпейді. Тәуелсіздік алған жылы көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Жайық Бектұров атамыз көше атауларын қазақшаландыруда біраз шаруалар атқарып, соның арқасында бұрыңғы Дзержинский Ә.Ермеков, Киров С.Ерубаев, Советский Бұқар жырау болып өзгертіліп еді.
Сол кездегі қала әкімі Шаймерден Оразалинов те бұл шаруаға оң көзқараспен қарап еді. Ал, бүгіндері аймағымызда сол жылдардан қаншама әкім-қара ауыс түйіс жасаса да ешкімінің қолынан солардың ерлігі жасалмады. Шынтуайтына келгенде, билік бұл шараны қолына алар болса, байыбына әкелмей тынбайды.
Бүгіндері Астана мен Алматы, оңтүстік өңірдегі қалалар қазақылану науқанына жедел кірісіп, соның арқасында қаншама көше атаулары тар бұғаудан босалды.
Тіпті Елордамыздың қазақылануына айрықша еңбек еткен ұлт қайраткері, депутат Оразкүл Асанбайқызы апайымыз бір өзі ғана қаншама көше атаулары мен аялдамаларды қазақыландырған.
Нағыз қайраткер Жайық Бектұров ағамыз да кенді өлкені қазақыландырамын деп қаншама жыл күресті, аянбай еңбек етті.
Тәуелсіздік алған жылдары біршама жұмысты атқарған Жайық атамыздың, ерлігінен соң бүгіндері қаншама көше атауларын өзгерте алмадық.
Әттең, бүгінгі дәл осы уақытта Жакең атамыз болатын болса, Қарағанды 100 пайыз қазақыланған болар ма еді. Кім білсін...
Бірақ 100 пайыз демейін, Қасым Аманжолов, С.Сейфуллин, Әлихан Бөкейхан, Ақжан Әл Машани, Ақселеу Сейдімбектерге көше атауы үмітсіз берілер еді.
Бір өкініштісі Қасым мен Сәкен есімімен аталатын көшелерде, олардың ғұмырлары сияқты қып-қысқа немесе сол адамның атында деп айтуға ауыз бармайтын, болмаса да адам аяғы баспайтын жерлерде орналасқан.
Ал керісінше Ленин, Язев, Лободы секілді орыстың есімі берілген көшелер ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Алайда бұл адамдар қазақ тарихында бәлендей еңбек сіңірді деп ешбір тарихшы айта алмайды. Олардың Қарағанды қаласына да қатысы жоқ. Бұл тұлғаларды бізсіз өз Отандарында да құрметтейді.
Олардың орнына ұлтымыздың біртуар перзенттері Жайық Бектұров, Әлихан Бөкейханов, Нарманбет Орманбетұлы есімдерімен атаса ғажап емес пе?
Қашан да келешек жастарымыз бен ұл-қыздарымызды тәрбиелеуде жоғарыда аталған тұлғаларымыздың ғибратты ғұмыры дәріптеліп жатса, ұлт қамын ойлайтын ұрпақты өсіруге игі қадам жасалмақ. Сондықтан, өзіміз тұрып жатқан елдімекен мен қала көшелерінің атауы да тәрбиеге зор ықпалын тигізетіні хақ.
Сонымен, Қарағанды жерінде көшелер мен жер-су атауларын қазақшаландыруға не кедергі болуда деген сауалға келсек оның жауабы біреу-ақ. Бұл біздің билік басындағы азаматтарымыздың қазақ тарихы мен рухани мүддесіне салғырт қараудан туындап отырған өзекті мәселе.
Олар Республикада ономастикалық комиссия нысандарға атау беруге және оларды қайта атауға мораторий жарияланғанын алға тартады. «Әйтпесе, бұл іс баяғыда-ақ шешімін табар еді» деп ақталады. Осы орайда не ойлайды екен оқырман қауым. Жалпы біз қайда тұрып жатырмыз.

P.S. Қарағанды көше тағдырын ойлайтын қамқор ағалары болатын болса, биліктегі әкім-қаралар осы жағдайды көккөз ағайындар тарапынан емес, қара көзді қазақтың тағдырымен назар аударса, Ленин көшесіне көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Жайық Бектұров есімін, Октябрь ауданына алаш көсемі Әлихан Бөкейханов есімін беруді бірден шешіп берер еді. Ал, енді іске сәт, қамқоршы ағалар!

Ұлт ақпарат

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика